Мұғалімдік – ізгілікке құрылған интеллектуал мамандық. Еліміздің келешегінің кемел болуы білімді де іскер адамдардың бәсекеге қабілеттілігіне тікелей байланысты. Қарымды қабілетке ие жастар бүгінгі мектептің қабырғасында қалыптасуы шарт. “Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін – білім” – деген екен қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов.
Кез-келген ұлтты өркениетке апарар жолдың бастауында мектеп тұрады. Мектеп табысты болса, жарқын болашағымыздың кепілі. Себебі болашақта сол елге ие болып, тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушысы. Ал табысты білім ордасынан қанат қаққан қай шәкірт болсын дүние кірпішінің кетігін тауып қалануға машықтанган, тек биіктерге жол бастайтын тұлға болып қалыптасатыны анық.
Осы орайда шалғайдағы Зинеден ауылындағы шағын ғана білім ұясының табысты мектеп биігінен танылуына тер төгіп жүрген Айсұлу Қалимоллақызымен болған онлайн сұхбатты назарларыңызға ұсынамын.
Айсұлу Қалимоллақызы, қазіргі білім ордасы қандай болуы қажет?
– Жаңа заман талабына сай бүгінгі мектеп тек оқу-тәрбие ошағы ғана емес, адам қалыптастырушы шеберхана,мемлекет пен қоғамды сапалы адами ресурспен қамтамасыз ететін интеллектуалды орта деуге болады. Білім мазмұнының жаңаруы жаһандық құбылыстардың әсерінен туындаған қажеттілік болды. Оқыту мен оқу әрекетінде оқылым, айтылым, жазылым, тыңдалым деген негізгі төрт дағдыны кешенді түрде қалыптастыру талабы енгізілді. Жаңартылған білім мазмұнының тағы бір ерекшелігі тәрбиелік компонент білімнің мазмұнына кіріктірілген. Демек, оқу мен тәрбие біртұтас ұғым ретінде қарастырылады. Білім алушы оқу барысында зерттейді, шығармашылық тұрғыда дамиды, жаңа идеяны жобалайды, іске асырады және игерген білімін бағалайды. Оқушыға бұл жолда қолдаушы орта бар, олар – сыныптастары, мұғалімдер, ересектер, ақпараттық және техникалық ресурстар. Ұл-қыздарымыз бастауыш сыныптан бастап коллаборативті ортада әрекет етеді, креативті ойлайды, сыни көзқарас білдіреді, коммуникацияға түседі. Іскер, білікті, сауатты адамға қажетті негізгі дағдылар бекемделеді. Меніңше, бүгінгі білім ұясының бітімі мен болмысы дәл осындай болуы қажет.
Заманауи мектеп директорының портреттік бет бейнесін қалай сомдауға болады?
– Заманауи адам қандай болса, директор да сондай. Заманауи мектеп басшысы – стратег, аналитик, психолог, педагог, салқынқанды оратор, мотиватор. Білім саласындағы менеджерлер үшін IQ мен EQ өте маңызды. Оларда кәсіпкерлік дағдылар да болуы тиіс. Оқушыға қандай қабілеттер мен дағдыларды қалыптастыру керек болса, соның барлығы мектеп директоры үшін де маңызды.
Күш-жігер, талабымның арқасында көш басында жүруді және үнемі үш қасиетті бойыма сақтауды мақсат еттім.
Олар: талап, еңбек, терең ой…
Талабым дұрыс шешім қабылдауға, еңбекқор болуым басшылыққа алып келді, терең ой жаңашыл болуға үйретті. Өзіңіз жетекшілік жасайтын ұстаздар ұжымында корпоративті мәдениет қалыптастыра алдыңыз ба? Дамуды қалай бағалайсыз?
– Менің директорлық тәжірибеме биыл бес жыл. Осынша уақыт аралығында өзімді дамытудамын және осы білім шаңырағын әріптестеріммен бірге дамытып келе жатырмын деуге болатын шығар. Корпоративті мәдениет дейміз бе, ынтымақтастық орта дейміз бе, ортақ мақсат дейміз бе….
Өзім осы жақсы жағдайды тұтас ұжымыммен бірге сеземін және соған қуанамын. Парасатты педагогтардың бір ұстанымға біріге алуы, жаңа міндеттерді шешудегі сенімді серіктесуі, өзара жанашырлығы мені ілгері жетелейді.
Біздің басты мақсатымыз оқу мен оқытуды қолдау арқылы мектеп әлеуетін қадамды жұмыстармен табысты ету, сол арқылы үздіксіз даму баспалдағымен табысты мектеп моделін құру болып табылады.
Мектептің тиімді даму тұсын мониторинг өткізу арқылы анықтап, мектепті басқару жұмысының тактикасын қайта қарастыру жөнінде әдістемелік ұсыныстарға назар аудардық, даму үдерісі толыққанды жүруіне мектептегі менторлық, тренерлік қызметті белсенді іске қостық. Оқу мен оқытуды қолдау Lesson Study сабақтарынан көрініс тауып жатты. Мәселе шешімі мектептің «Шұғыла» желілік қоғамдастығының бастамасымен даму командасының құрылып, оған деңгейлік курстан өткен барлық мұғалімдер, сондай-ақ тәлімгерлер мен тәліптердің бірдей уақытта өзара ынтымақтаса отырып, ортақ мүддеге жұмылуының арқасында да нәтижелі еңбектен көріне бастады.
ЖаҺандық дәуір – жылдам өзгерістерге толы озық технологиялар заманы. Сондықтан, бүгінгі ұстаздар қауымының алдында сол құбылмалы құбылыстардың ағымына ілесе алатын жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастыру міндеті тұр. Әлеуеті жоғары ұстаздар қатары көбейіп келеді. Авторлық еңбегін сәтті қорғап, ұстаздық тағылым тамшылары жинақталған кітабын жариялап, облыс көлемінде озат тәжірибесі таратылған, өзінің қолөнер туындылары арқылы оқушыларға пәндік тұрғыда білім берумен қатар әдемілікке, сұлулықты көре білуге тәрбиелеп және эстетикалық талғамын, ортаға деген көзқарасын қалыптастыра отыра ұлттық мәдениеттің дамуына ықпал жасап отырған,аудандық, облыстық республикалық педагогикалық оқуларда білім берудегі тың тәжірибесімен танылған, оқушылары республика көлемінде ғылыми жоба жұмысында топ жарған мықты ұстаздар бар.
Мектеп менеджментінде оқушылар мен ата-аналарға орын бар ма?
– Әрине. Мектепті басқаруда ішкі аудитпен қатар сыртқы ортаның пікірі, қызметімізді тұтынушылармен кері байланыстың мәні мен маңызы ерекше.
Мен үшін әрбір шәкірттің көзқарасы – құнды ақпарат көзі. Жас буын өкілдерінің идеялары керемет, олар біз байқамай жүрген кемшіліктерді көреді және оңтайлы шешудің алуан нұсқаларын ашық айтады. Осыған орай, оқушылардың өзін-өзі басқаруына мүмкіндік берудеміз. Өрендердің бастамасымен «Мектеп толқыны» мектеп радиосы ашылып, «Оқушы үні » жобасы енгізілді.Шалғайдағы шағын ауыл дегенмен біздің оқушыларымыз шешендік сөздің шұрайына қаныққан, облыстық,республикалық мәнерлеп оқу, ақындық өнер сайыстарының жүлде бермес дүлдүлдері ,грек рим күресінен халықаралық мәрелер жеңімпаздары, шахматтан, футболдан,пәндік, спорттық олимпиадалардан оза шапқан талант шабандоздары. Ақыл ой мен дене күшін аямай жұмсайтын жарыс жеңімпаздарын тәрбиелей білу де біздің көрсеткіш дер едім. Ата-аналар үшін де әрдайым ашықпыз. Үш жылдан бері тұрақты үрдіске айналған басқосуға қатысатын ересектердің белсенділігі өте жоғары. Шаралардың барлығы ата-аналарды мектеп ісіне қатыстыру, бірлесе тәрбиелеу бағытындағы тағылымды тәжірибемізді құрайды.
Ұстаз білгенін баланың санасына сіңіреді, директор жинаған тәжірибесін ұжымындағы педагогтармен бөліседі. Ал, өзіңіз кімнен және қалай үйренесіз?
– Мен жан-жағымдағы әр адамнан үйренемін. Оқушыдан, педагогтан, ата-анадан, әріптестен… Өз жұмысымда кіммен әңгімелессем, кіммен кездессем содан өзіме қажетті тағылым жинаймын. Жақсы жақтары болса, әрине жан дүниемді байыту үшін қуана қабылдаймын. Жағымсыз қылықтарды көрсем осы кемшілікті өзім қайталамауым үшін қарсы әрекеттерді қабылдаймын. Директордың дамуы-ұжымның тұтастай дамуының кепілі. Сондықтан, көп оқуға, үнемі ізденуге ынталымын. Тұлғалық және кәсіби дамуды үздіксіз процесске айналдырдым. Қай жерде жаңалық, ноу-хау (know how) болса, соны көруге, жүйелі зерттеуге мүдделімін. Басқарма, министрлік тарапынан ұйымдастырылатын курс, тренингтермен қоса өзім іздеп жүріп баратын оқуларым да аз емес. Оның барлығы менің жұмысымды жетілдіруге қызмет етіп келеді.Атырау қаласындағы ПШО дан бірінші деңгейлік, Орал қаласындағы басшылар даярлайтын тоғыз айлық курстар бағдарламаларын меңгеріп, сертификатын иелендім. Қызметкерді қолдау, ата-анамен тиімді коммуникация орнатуда осы курстар бағдарламаның көмегі зор. Кәсіби әдебиеттермен қатар, тұлғалық дамуға қажетті мотивациялық кітаптар мен фильмдер де менің басты назарымда.
Сіз басқаратын мектепті «табысты мектеп» деуге бола ма? Жалпы білім ордасының жетістігін қандай негіздер бойынша өлшеуге болады?
– Мен қазір өзім басқаратын мектепті «табысты» деп бағаласам дамуды тоқтатып, ізденісті үзгенім болар еді. Бұл тоқмейілсіген «тежегіш» ұжымдағы педагогтарға да кері әсер етеді. Сондықтан, бір белестен кейін бір белесті бағындыруға, мектептегі басты объект-оқушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге шығаруға ұмтыла берген дұрыс. Мектептің табыстылығын әр оқушыға жасалған жайлы жағдаймен, жеке даму көрсеткішімен өлшеу керек шығар деп ойлаймын және атқарылатын қызметтер осы бағыттардан ауытқымағаны жөн. Мектептегі оқыту сапасын арттыру үшін іс-әрекетті зерттеу (Actoin research), сабақты зерттеу (Lesson study), өзара тәлімгерлік іске асырылуда. Бұл әдістемелік жобалар арқылы мұғалімдер бірлесе зерттейді, ортақ бақылайды, қауымдаса түзетеді, яғни нақты мақсатқа бірге ұмтылады. Мектепте тірі табиғат мүйісі,кітапхана,ақпараттық техникалық тұрғыда жабдықталған пәндік кабинеттер де оқушыларды дамытуға қажетті ғылыми-танымдық орталықтар болып отыр.
Тұлғаны қоғамға дайындау мектеп қабырғасынан басталады. Ал қоғамдағы құбылыстар үздіксіз өзгеруде, олай болса адамдар да сол өзгеріске дайын болуы тиіс. Қазіргі мектепке енгізіліп отырған өзгерістердің өзі бізден осыны талап етіп отыр. Осылайша біз мектептің дәстүрлі жұмыс түрлерін жаңа мазмұндағы жұмыстармен толықтыруда үйлесімділік табу жолындағы жүйелілікті сақтай отырып, Сингапур тәжірибесіндегі Майкл Фулланның «Жетістіктің үшбұрышында» атап көрсеткен «Табысты мектеп жүйесін құруда «Мектеп басшылығы, Жүйелілік және Тереңдетілген педагогика» ең маңызды үш факторын өз тәжірибемізге арқау еттік.
Мұнда ұжымдық үздіксіз рефлексия циклының маңызды құндылықтары «оқушы үні», «ата-аналар пікірі», «мұғалімдер ұстанымы» әрдайым ескерілетін болады.
Біріншіден, мұнда біз мектепті басқарудың барлық қызметтерін зерделей отырып, бөлінген көшбасшылық идеясын корпоративтік басқарумен үндестіру арқылы мектептің даму жоспарын жүзеге асыруды басты мақсат ретінде қараймыз.
Екіншіден, деңгейлік бағдарламалар идеяларының жаңаша сипаттағы көшбасшылық қырларына барынша маңыздылық беруді алға қоямыз .
Үшіншіден, мектептің интеллектуалды әлеуетін дамыту арқылы оқу үдерісіндегі жүйелілікті сақтаймыз. Мектептің басқару жүйесіндегі алғашқы қадамымның өзі өзгеріске толы болғандықтан ұжым болып саралаған табысты мектептің он көрсеткіші бойынша:
1. Мектеп ахуалын негізгі назарда ұстаған,
2. Қарым-қатынас «оқушы ата ана ұстаз» үштік одақ ынтымақтастығында орнаған,
3. Сынып ахуалы қолайлы қалыптасқан,
4. Оқуды қолдау арқылытоқушыны қолдаған,
5. Оқытуды қолдау үшін ұстазы шабыттанған,
6. Уақыт пен ресурстарды тиімді пайдаланған,
7. Ұйымдастыру мен өзара әрекет тең дәрежеде жүзеге асқан,
8. Теңдік пен әділдікті ту еткен,
9. Жетістікті танып, марапаттаған,
10. Мектеп пен отбасы арасындағы байланысты жүйелі жолға қоя білген мектеп ұжымы бола алдық. Осы он көрсеткіш арқылы «Табысты білім беру ұйымының заманауи моделі» құра алдық деген ойдамын.Алдымызда сол биікті тұғырлы ету мақсаты тұр.
Қазақтың талантты ақыны Мағжан Жұмабаев «Адам жаңашыл: жаңа үстіне жаңа тілейді, жаңадан жаңаға құмар келеді. Адам әсемшіл: әсемнен әсем, сұлудан сұлу таңдайды», дейді. Бұл құнды ой арқылы жаһандану заманында адамзат ескі сүрлеумен жүре бермей ілгерілеуге, өзгеруге ұмтылуы қажеттігін айтқан. Себебі, бұл – заман талабы. Осы жаңашылдық негізгі жұмысқа, білім беру ісіне сыни көзқараспен басқа бір қырынан қарауға ынталандырады. Қазіргі уақыт ұстаз төзімі мен білікгі таразыға тартылып тұрған сын уақыт.Жұмыс жолында кездескен қандай кедергі де біздің ұстаздар ұжымының жігерін жасыта алмайды, керісінше жоғары талап пен жауапкершілік жүгі ілгері дамудың келесі баспалдағына жетелейді. Әрі ерен еңбекке соны серпін сыйлайтыны даусыз.
Ашық әңгімеңізге рахмет. Сізге және барша қазақстандық педагогтарға ізгі лебізімізді білдіреміз!
Сұхбаттасқан Нұркен Мағриденұлы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі