Өлең, жыр, ақындар

«Гарри Поттер және философиялық тас» фильміне рецензия

«Гарри Поттер және философиялық тас» фильмі бізге бала кездегі армандарымызды , жақсылық әрқашан зұлымдықты жеңетінін, достық көптеген дүниеден жоғары тұратынын және адам ешқашан өзіне деген сенімділігін жоғалтпауы керектігін көрсетеді. 

Фильм сюжетіне зер салар болсақ, фильм нағашыларының қолында өзінің шынайы шығу тегін білмейтін жетім баланың сиқыршы екенін тек 11-ші туған күнінде білгендігін баяндайды . Ал Гарридің балалық шағы өткен әлем мүлдем өзіне тиесілі емес еді. Енді ол Хогвартс деп аталатын мекеннің ең жоғары сиқыршылық мектебіне баруы керек болады. Ол өзі сияқты сиқыршылардың арасында өмір сүретін жерде, жақын достар табады және батыл болуды үйренеді , тіпті ата-анасының өлімінің үлкен құпиясын ашады.

Ол осы мектепте үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, өз есімін ерекше әлемде таныта бастайды.Сондай-ақ , бұл фильмде айта кететіні көрермен құлағының құрышын қандырған ерекше саундтрек нағыз әсер сыйлап, айрықша күйге бөлейді. Қарама-қарсы әлем бейнесін түсірілімде көрсетуде декорациялар мен таңғалдырарлық пейзаждардың, түрлі эффектпен көрнектелген картиналардың және фильмде үлкен рөл ойнаған нағыз сыпыртқылардың маңызы зор болды.

Бәріміз білетіндей, кез келген фильмнің жоғары деңгейде танылуына себеп бұл - актерлық құрамның сюжетке сай таңдалуы. Яғни, фильмнің басты тартымдылығы-актерлық құрамды таңдау. «Гарри Поттер және философиялық тас» фильмінің басты кейіпкерлері: Дэниел Редклифф, Эмма Уотсон және Руперт Гринт . Бұл фильмдегі актерлық құрам өздеріне берілген рөлді ойдағыдан да жоғары дәрежеде алып шықты. Олардың өз рөлдеріне деген махаббаты фильмді әлем деңгейінде танымал етті десек те болады . 

Туындының әрбір сөзінде жатқан мән-мағына экранға мызғымас дәлдікпен жеткізіледі. Мұндағы атмосфера көрерменін фильмдегі болып жатқан барлық сиқырды сезінуге шақырады. Сөйлейтін суреттер , өздігінен жоғары көтерілетін баспалдақтары мен жоғалған бөлмелер ертегіні еске түсіргенімен, қиялға қанат серметіп, сізге бар мәселеңізді ұмытып, тек осы сюжетке берілуге мүмкіндік жасайды.152 минутқа созылған бұл фильм отбасыңызбен бірге тамашалауға арналған ең жақсы таңдау болып саналады.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар