Өлең, жыр, ақындар

Американдық психопат

Американдық психопат фильмі триллер элементтері бар философиялық драма. Фильм американдық жазушы Брет Истон Эллистың 1991 жылы жарық көрген «Американдық психопат» романына негізделіп 2000 жылы түсіріліп, көрерменге жол тартты. Фильм режиссері канадалық режиссер және киносыншы Мэрри Хэррон.

Фильм бізге Уолл Стритта «өмір сүретін» Патрик Бэйтмен атты кейіпкер жайлы баяндайды. Патриктың өміріне фильмнің басында қызыға да қызғана да қарауға болады. Себебі, Патрик бай. Банктағы шотында қомақты ақшасы бар, өзінің дене бітіміне күтініп қарайтын кейіпкер арқылы авторлар бұл фильмде тұтынушы қоғамды сынға алатыны сөзсіз.

Фильмде Патриктың екі жағы көрсетілген. Біріншісі – барлығымызға белгілі бай «ақ нәсілді» кеңсе қызметкерінің образы. Екіншісі – психикасында ауытқу бар, өз қоғамын жек көретін қылмыскер. Патрик сән қуып, мейрамханаларды аралап жүріп, өмірді сезінуді ұмытып қалған адам деп санасақ болады. Қоғам алдында мінсіз көрінетін образ жасап алған Патрик адамдарды өлтіру арқылы белгілі бір эмоция алғысы келеді. Бірақ бір қызығы Патриктың жасаған қылмыстары айналасындағыларға мүлдем қызықсыз және байқалмайды да. Бұл тұтынушы қоғамның картинасы. Патриктың қасындағылар да дәл өзі секілді киім мен үйдегі жиһаздардың қай брендке тиесілі екенін жаттаумен өмірлерін өткізуде. Патрик өзінің бойындағы екі тұлғаның арасындағы шекараны фильмнің соңына қарай жоғалтады. Кәсіпкер Патрик пен қылмыскер Патрик бір адамға айналып, Патрик жолда кездескен адамның бәрін өлтіріп, есінен адасады.

Фильмнің мақсаты неде? Фильм бізге адамдардың киетін бетпердесі жайлы айтпақ. Адамдар өзінің кім екенін жасырады. Жасыра келе өздерінің кім екендерін өздері ұмытады. Бұл қазіргі қоғам мен заманның бейнесі. Адамдардың бір-біріне деген немқұрайлылығы мен қызығушылық танытпауының көрінісі фильмде суреттелген.

Фильмді өзінің шеберлігімен әрлеген Кристиан Бэйл рөлді жоғары деңгейде алып шықты. Кристиан Бэйлдың эмоциялары арқылы Патриктың ішінде не болып жатқанын түсіну аса қатты кедергі тудырмайды.

Бұл фильм өз көрерменін әр буыннан табады. Фильмді тамашалағаннан кейін барлық көрермен «неге?» деген сұрақ қоятыны анық. Әр көрермен Патрикқа қарап өзінің киетін бетпердесі жайлы ойланады деген сенімдемін.

Әл Фараби атындағы ҚазҰУ Кино&Медиа мамандығының 1 курс студенті Елубай Ғайзат


Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз