Өлең, жыр, ақындар

Қазақстандық жас миллионер

«Кедейлік кеткенде жақсы, байлық келгенде жақсы» дейді халқымыз. Бүгінгі қоғамда тамыр­-таныссыз, ешқандай заңға қарсы келмей-ақ адал еңбекпен баюға болады. Оған дәлел көп. «Forbes» журналында отандық миллионерлер тізімінде еліміздің ең жас кәсіпкері Марат Әбиевтің есімі жарияланды. Ақтөбелік жиырма төрт жастағы бизнесменнің байлығы 11 млн долларға жеткен.

Алғашқы сауда

Маратқа миллиондаған доллар аспаннан салбырап түскен жоқ. Осындай деңгейге жету үшін 13 жыл жұмыс істеді. Ең алғаш ақшаны он жасында тапты. Кезінде ел-жұрт айлығын ала алмай, жұмыс орындары жабылғаны белгілі. Тоқырау Әбиевтердің де отбасын айналып өтпеді. Аяқ астынан күнде «макарон» жейтін күндер басталған тұста он жастағы Марат анасына келіп, «Неге еті жоқ тамақ жеп жүрміз?» деп сұрайды. Анасы бала демей, елдегі жағ­дай­ды байыппен түсіндіреді. Тек бұл отбасы ғана емес, көршілерінің де, таныс­тарының да, туған-туыстарының да жайы осындай екенін айтады.

Мара Әбиев

Сол кезде өзімен қатарлас балалар Ақтө­­бе­­нің «Шығыс» базарында көлік жуып, ақша табатын. Ол сол топқа қосы­лады. Күніне бірнеше машина жуып, алғашқы табысын алғанда үйіне азық-түлік әкеледі. Отбасына әжептәуір көмек болғанымен кәсібі көпке созыл­ма­ды. Аяқ астынан «крыша» деген бәле шығады. Оған күнделікті тапқан табысының тең жартысын өткізу керек екен. Әйтпесе, көлік жудырмайды. Мұн­дай талапқа шыдамаған Марат ақша табу­дың басқа жолын іздейді.

Оқу жылы аяқталарда барлық оқушылар кітаптарын реттейді. Ол кезде скотч – таптырмас құрал. Марат ойланбастан 2000 теңгеге жақын дүкендердегі скотчтардың бірін қалдырмай сатып алады. Мектепке келгеннен кейін, сыныптастарына әр бетін 5 теңгеге жабыстырып береді. Бірі күледі, бірі таң қалады. Оған мән беретін Марат жоқ. Осылайша жеті мың теңге тапқанына қуанады.

Одан кейін елімізге енді ғана таралып жатқан желілік маркетингпен айналысады. Әйелдер қолданатын түрлі косметикалық тауарларды жарнамалауда алдына жан салмайды. Кейіннен бұл кәсіп еркекке тән емес екенін түсініп, тастап кетеді.

14 жасында ақтөбелік рэп-топтардың продюсері болады. Достарымен бірлесіп «Life» атты топ құрып, әншілердің кон­цер­тін ұйымдастырып, ақша тапқан. «Супер стар KZ» жобасының жеңімпазы Қайрат Түнтековтің, «Бақай»тобының кон­цертіне қалай билет сатқаны әлі есін­де. Бұл жастағы балалардың қыздарға ұнау­ды ойлайтыны белгілі. Марат та әдемі қыздарға тегін билет таратады. Оны көріп, жолдастары да солай істейді. Соңында бұл кәсіп те сәтсіздікпен аяқталады.
 
Тәуекелділік табыс әкелді

Марат Әбиев мектепті тәмамдаған соң Ақтөбе кооперативтік техникумын «Ақпа­рат­ты өңдеу мен басқарудың автомат­тан­ды­рылған жүйелері» мамандығы бойынша бітірген. Мұнан соң компьютерлік қызмет көрсетумен айналысып, интернет сайттарын жасап, арнаулы студия ашады. Досымен бірлесіп ашқан фирмасы едәуір табыс әкеледі. Ал, 19 жасқа толғанда көлік құрал­дарына спутниктік мониторинг жүргі­зе­тін «Евромобайл Қазақстан» ЖШС-нің негізін қалайды. Әрине, оны құру Маратқа оңай болмаған. Ресейлік компания бастапқыда Маратқа сенбей, тауар ақысы үшін 80 мың долларды алдын ала төлеуді талап еткен. Ұзақ ойлана келе тым болмаса фирманың брендін өзінің ЖШС-ның атауына тегін пайдалануды сұрайды. Алған бетінен қайтпаған ол, осылайша тауар өткізуде аталмыш брендтің маңызды екенін айтып, оларды сендіреді. «Азамат­тар мен ұйымдарға қызмет түрлерін ұсын­ған­да, түріме қарап көбі директор екені­ме сенімісіздік білдірді. Сондықтан 40 жастағы әйелді директор етіп қойып, өзімді менеджер ретінде таныстырдым» дейді ол. Марат ресейлік GPS-датчиктерін орнатушы алғашқы дистрибьютер болғаннан кейін, кәсібі өрге домалады. Нарықта бәсе­ке­ге қабілетті фирманы кейіннен аталмыш ком­панияның өзіне бір миллион долларға сатып жібереді.

Бизнесін одан әрі жандандыру үшін 2011 жылы «KSP Steel» ЖШС-ін құрды. Мұнай-газ саласындағы кәсіпорындар мен жер қойнауын пайдаланушыларға арнал­ған жоғары сапалы болат құбырлар шыға­ра­тын жалғыз өндірушінің өнімін өткізуді ұлғайту мақсатында «KSP Steel Сауда үйін» де ашты. Өзінің айтуынша, жиналған ақшаның басым бөлігін шетелден тапқан. Атап айтқанда, Ираннан. «Парсы жерінде шиеленіс орын алып жаста да сол жақпен байланыстым. Елді экономикалық санкция буып, әлемнің көптеген елдері өз азаматтарын алып кетіп жатқанда, тәуе­кел деп Тегеранға тарттым. Мұндағы биз­не­сім­ді алдымен азық-түлік тауарларын жет­кі­зу­ден бастадым. Одан кейін ол ақшаға бірнеше шетелдік компаниялармен бірге тағы да тәуекелге бел байлап танкер сатып алдым. Осы танкер арқылы Қытайға мұнай тасыдық. Алғашқы миллиондар осылай келді» дейді жас кәсіпкер.

Марат былтыр «Қазақстан тауар өндіру­ші­лерінің қауымдастығын» құруға бастамашы болды. Бүгінде Лондонда, Мәскеуде және тағы басқа елдерде қазақстандық тауарларды өткізумен айналысатын компаниялардың құрылтайшысы болып табылады.
 
Ұлттық менталитетті ұмытпаған жөн

Марат Әбиевтің Қазақстанда қалай баюға болатыны жөнінде жазған «Қазақстандық арман» кітабы шықты. Журналист Ақмарал Май­кө­зо­вамен бірлесіп жазған кітапта беделді адамдармен байланыспай-ақ, ата­-ана­ның байлығына жүгінбей-ақ, адал еңбек­пен миллион доллар табудың жолын жазады.

«Кейбір достарым менен қарызға ақша сұрайды. Қиналып тұрған соң беремін. Алайда көбі қайтаруға асықпады. Сұрасам, «сенде ақша көп қой» деген жауап аламын. Рас, менде ақша бар. Бірақ, оның бәрі адал еңбекпен келген. «Адамға балық берме, балық аулайтын қармақ бер» дегендей, ақша адамды бүлдіреді. Сондықтан оларға ақша табуға мүмкіндік берген дұрыс деп­ ойладым. Мүмкіндік олардың да баюына жол ашады. Өз тәжірибемнен түй­ге­нім,­­ ақша табу – қажырлы еңбек. Мен 10 жа­­сым­­нан 23 жасыма дейін еңбек еттім. Бұл кітапта жинаған тәжірибеммен бөлістім. Оны оқыған жастардың көбі шабыт­танып, текке жүрмеуге тырысады деген үмітім бар. Сонымен қатар, кез келген бизнес бастаманың табысты болуы қазақ менталитеті мен психологиясын білуге байланысты. Іштей биязы болып, қазақтың тілін, салт-дәстүрі мен мәдениетін құрметтеу керек» дейді Марат Әбиев. Марат өзінің байлығын «Forbes» басы­лы­мына жариялаудың өзіндік себебі барын айтады. Қаршадайынан табыс тапқанымен, жасының кішкентайлығы алдынан талай кедергі келтірген. Соған қарамастан тығы­рық­тан шығудың жолын тауып, алдына қойған мақсатына жетті. Маңдай терімен тапқан байлығын паш ету арқылы еліміздегі жастардың мүмкіндігі мол екенін дәлелдеді.

Жас болса да, бас бола білген қарапайым қазақтың баласы халыққа қайырымдылық жасауды да ұмытқан емес. Алайда, оны жариялауды жаны сүймейді. Кәсіпкер болғысы келетіндерге арналған кітаптың тиражы 7777 дана екен. Марат Әбиев кітап­тан түскен барлық қаржыны қатерлі ісікпен ауыратын балалардың еміне жұм­сай­тынын айтты.

Дерек көз: www.astana-akshamy.kz


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (5)

Жарайсың Марат, тіл көзден аман болсын!

Қазақ тіліндегі кітабына тапсырыс беруге бола ма?

Анара

керемет сөз жоқ

Ғазиза Оспанова

Кез-келген жетістік адамға еңбекпен келеді Еңбектін жеңісі деп билемін Тек саттілік

Бибігүл

Марат Әбиевтің кітабын қалай ,қайдан сатып алуға бодады?

Салтанат

Жарайсың Қазақ деген жүрегіңнен айналайын. Әрбір қазақ байысы қуанамын. Осы бетіңнен тайма

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер