Ертеде бір қандықол қарақшы тәубе еткісі келеді. Ол Шайқы Бұрқы әулиеге келіп:
— Мен 40 жыл бойы қан төктім. Зұлымдықтан басқа іс жасамадым. Енді тәубеме келдім. Не амал жасасам, Құдай күнәмді кешеді? — деп сұрайды. Шайқы Бұрқы:
— Көп тәубе ет, мінезіңді жақсы жаққа бұр. Құлшылықтарыңды арттыр және жол шетіне жеміс ағашын ек. Өткен-кеткен жолаушылар саясына демалсын. Жемісін жесін, шөлін қандырсын, — дейді.
Қарақшы жолдың жиегіне көп ағаш егіп, баптайды. Арада бірнеше жыл өткенде ағашы жайқалып, бақшаға айналыпты. Жолаушы демалып, керуен ат шалдыратын шырайлы жерге айналады. Бір күні Шайқы Бұрқы жолаушылап келе жатып, қарақшының бақшасына кезігеді.
— Бұл кімнің бағы? — деп сұрайды.
— Бақтың иесі жоқ. Жергілікті жұрт «Қарақшының бағы» деп атайды. Қарақшының өзі он жыл бұрын дүниеден озыпты, — дейді.
Шайқы әулие бақтың жемісін жеп, сол жерде түнейді. Түсінде баяғы қарақшыны көреді. Ол жұмақтың бақшасында отыр екен. Төбесінен нұр тамшылап тұрады. Шайқы:
— Құдайым-ау, бұл не хикаят? Қарақшының төбесінен нұр не үшін тамшылап тұр? — деп сұрайды.
— Мұның еккен ағашының саясына сан адам келіп демалады. Жемісін жейді. Соның сауабы өзіне арғы дүниеде өшпес азыққа айналды, — дейді. Шайқы Бұрқы ұйқыдан көңілді ояныпты.
Содан бастап ел арасында «Ағаш ексең, күнәң жеңілдейді», — деп насихат айтыпты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі