Биылдан бастап мектеп формасы қалай өзгереді

Алматы қалалық білім басқармасының өкілдері 2023 жылы мектеп формасы қалай өзгеретінін айтты. 2022 жылғы 30 желтоқсанда Оқу-ағарту министрі қол қойған бұйрық 5-ші қаңтардан бастап күшіне енді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн брифингінде Алматы қалалық білім басқармасының Рухани-адамгершілік тәрбие бөлімінің басшысы Нұргүл Тау қыздар мен ұлдар үшін мектеп формасына түйме немесе сыдырмасы бар трикотаж күрте (кардиган), поло жейде немесе тенниска қосылғанын мәлімдеді.

Ер балаларға арналған мектеп формасы:

— пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте (кардиган), поло жейде немесе тенниска (қыс мезгілінде: трикотаж жилет, водолазка). Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

Қыз балаларға арналған мектеп формасы:

— пиджак, жилет, белдемше, шалбар, классикалық жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте (кардиган), поло жейде немесе тенниска (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

Мерекелік формаға (ұлдарға ақ көйлек, қыздарға ақ блузка) қойылатын талап алынып тасталды. Сондай-ақ, галстук тағу енді міндетті элемент емес.

Нұргүл Таудың айтуынша, Алматыда түсіндіру жұмыстары басталған.

«Бізде қазір оқу жылының ортасы болды. Жаңа оқу жылынан бастап әр мектептің қамқорлық кеңесі ата-аналармен кеңесіп, оларға қажетті стильді таңдайды», — деді ол.

Бұл ретте ол бала қазір поло немесе жилет кигісі келсе, онда оған құқылы екенін айтты.

Ол сондай-ақ бала тиісті мектеп формасын кимесе, кімнің жауапты болатынын жеткізді.

«Бұған сынып жетекшісі жауапты емес, бірақ ол оқушылармен, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оқушының мектептегі киім үлгісіне ата-анасы жауапты екенін жеткізуі керек. Егер бала мектеп формасын кимесе, онда Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне хат жолданады, онда тиісті жұмыстар жүргізіледі», — деді ол.

Алматы қаласы білім басқармасының әкімшілік-құқықтық бөлім басшысының міндетін атқарушы Ілияс Оралбаев юбканың түсі, стилі, ұзындығын орта білім беру ұйымы және мектептің ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітілген Қоғамдық кеңес белгілейтінін айтты.

Жаңа ережеге сәйкес, мектеп формасына орта білім беру ұйымының ерекшелік белгілері: эмблема, тігіспе, шеврон орналастыруға рұқсат етіледі.

Мектеп формасына арналған маталар — сапасы жақсартылған, тез тозбайтын, бактерия, микробқа қарсы және антистатикалық қасиеттері бар жартылай жүн және мақта маталар болғаны жөн. Бұрын бұл міндетті талап болатын.


WhatsApp Telegram

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Басқа да жазбалар