Өлең, жыр, ақындар

Цифрлық медиадағы журналист шеберлігі

Заманауи әлемде өмірді БАҚ-сыз елестету мүмкін емес. Қазіргі әлемде жаңалықтарды берудің, тыңдаудың және көрудің көптеген жолдары бар. Адамзат ақпаратқа тәуелді. Қоғам қандай ақпарат алғысы келетіні туралы ойландыратын – журналистика. Басқаша айтқанда, журналистика – қоғамға, қоғам – медиаға бағытталған.

Журналист – жаңалықтар жазу үшін репортаж, сұхбат және зерттеуді қолданатын кәсіпқой маман. Табысты журналист көбінесе көптеген тапсырманы тиімді орындауға көмектесетін бірқатар дағдыларға ие болады. Бүгінде цифрлық медиа заманауи медианың әлемін өзгертті.  Журналистерде ақпаратты бұқараға ерекше беруге жаңа мүмкіндік пайда болды. Мысалы, бір ғана ұялы телефон – шегі жоқ ақпарат алу құралы. Әсіресе, әлеуметтік желілерде ақпарат ұсынудың әртүрлі тәсілдерін қолдануға болады. Оған Нартай Аралбайұлы, Мақсат Толықбай, Аман Тасыған, Нұрбек Бекбау сынды журналистердің контенті дәлел. Дәстүрлі газет-журнал, теле және радио цифрлық медианы тиімді қолданып отыр. Мысалы, «Егемен Қазақстан», Қазақ радиосы мен мемлекеттік арналар әлеуметтік желінің төрінен орын алып, қалың бұқараға ақпарат берудің ыңғайлы, әрі тез жолын пайдаланып отыр. Сондықтан, БАҚ қызметкерлерінен жоғары деңгейдегі кәсібилік пен шеберлік талап етіледі.

Журналистік шеберлік – журналистің өз саласында үздік атануына мүмкіндік беретін қабілет. Бүгінгі таңда төртінші билік өкілдері әртүрлі онлайн платформалардағы аудиториямен байланысу үшін цифрлық әңгімелеу құралдарын пайдалана білуі керек. Жаңа аудитория жинау үшін олармен әлеуметтік желі арқылы немесе деректерді талдау негізінде байланысу жеткіліксіз. Аудиторияның мінез-құлқын, қалауын болжай біліп, сапалы, мазмұнды контентпен қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар, ақпаратты сараптап, талдай білу де маңызды дағдылардың бірі.
Журналистер кез келген форматтағы ақпаратты өз бетінше тексеріп, халыққа дұрыс күйінде жеткізу керек. Қоғамның сеніміне ие болу жолы — әрқашан этиканы сақтау.  Яғни, шындыққа, дәлдікке, әділдікке, жан-жақтылыққа, сөз бостандығына берілу. Халық пен билік арасында көпір болып, мансап биігіне шығу үшін жоғарыда айтылған талаптар әр журналистің ісінде көрініс табуы тиіс.

Жұлдыз ЖАМЕНКИНА

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2 курс студенті


Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер