Өлең, жыр, ақындар

Бала балабақшаға барғысы келмесе...

Күнделікті балабақшаға бару да балаға өзінше қиын. Балаға үйде ығыр болғандытан, өзінен құтылу үшін, жүйке шаршағандықтан немесе басқа да маңызды бір жұмыстар шығып қалғандықтан балабақшаға беріп жатырмыз деп айтудан аулақ болыңыз. «Сен балабақшада көп достар табасың, қызық ойындар ойнайсың» деп ұғындырған жөн.

Балаңыз балабақшаға тез үйренсін десеңіз ең бірінші өзіңізді сабырлы ұстаңыз. Ешқашан оны күштеп балабақшаға қарай сүйремеңіз, «жылауыңды қоймасаң, кешке үйге алып кетпеймін» деп те қорқытушы болмаңыз. Бала үшін балабақша «психологиялық соққы» болмауы керек, керісінше ондағы бөбектер, тәрбиешілер, ойыншықтар, ойындар – бәрі-бәрі қуанышты жайтқа айналуы керек. Сондықтан балабақшаға баланы алдын-ала дайындағаныңыз абзал.

Сіздің жұмысқа барғаныңыз секілді оның да балабақшаға баратынын, енді естияр болғанын, соған мақтанатыныңызды міндетті түрде айтыңыз. Бақшада оны ешкім ренжітпейтінін түсіндірсеңіз, ол үйдегідей ойыншықтарды емін-еркін алып үйренетін болады. Таңертең балаңызды балабақшаға асығыс-үсігіс қалдырып кетуші болмаңыз. Қасында бөгеліп, асықпай шешіндіріңіз. Оның қалғысы келетіндей қызықты нарселерді көрсетіңіз. Көпке дейін үйренісе алмай жылай беретін, тәрбиешілерді көрсе қашатын балалар да бар. Мұның себебін білу үшін балаңызбен ашық сөйлесіңіз, бәлкім тәрбиешілер дұрыс қарамайтын шығар не басқа балалар өкпелеткен болуы мүмкін.

Балалардың ылғи да жүгіріп ойнағысы келетіні белгілі. Сол себепті де олар жиі құлайды, үсті басын бүлдіреді. Оған бола жекіріп, жазалай берудің қажеті жоқ. Бала тек сіздің айтқаныңызды орындап, орындықта ертелі-кеш қақиып отыратын болса, оның ой-өрісі дамымайды, басы жиі ауырады және өз қатарынан қалып өседі.

Балаңыз құлап қалса, денесін бірдеңеге соғып болар-болмас тізесін жарақаттап алса, шошынып қалғанда «көзіңе неге қарамайсың?» деп ұрыса жөнелмеңіз. Дұрысы тыныштандырыңыз, алдандырыңыз, жарасын таңыңыз. «Ештеңе етпейді, әлі-ақ жазылып кетеді» деп жылы сөзбен жұбатыңыз.

Қандай жағдай болсын, баланы қасқыр, жалмауыз кемпір тағы басқа жағымсыз қорқынышты кемпірлермен қорқытуға болмайды. Тосыннан үрейлену, шошып қалу олардың нәзік жүйкесіне қатты әсер етеді. Одан кейін бала қараңғылықтан, қатты дауыстан, бос бөлмелерден қорқатын болады. Бұл бала психикасының дамуын кешеуілдетеді. Кейбір ақпараттар баланың ұғымына, түсінігіне ауыр болғандықтан, оны түсінбеген бала мазасызданып жылайды. Мысалы, баланы тыныштандыру үшін «қасқыр сені жеп қояды» деп даусымызды тым зорайтып, бет жүзімізді сұсты етіп үрейлендіруге тырысамыз. Бала қасқырды көрмесе де, бойын қорқыныш билеп, жиырыла бастайды. Екінші күні «қасқыр» деген сөзді естігеннен, жылауға көшеді. Мұндайда баланы сөзге тартыңыз, неге жылағанын біліңіз. Не болмаса әлгіндегі зообақтан көргендерінен қандай әсер алды, не ұнады, не қызық болды? Ал түсінбей қалған тұстарды өзі ұға алатындай етіп түсіндіріп беріңіз.

Бала үй мен аула арасы, балабақша қабырғасымен шектелгендіктен, бейтаныс адамдарды жатырқап жылайды. Ондай баланың бойында  туылғаннан жүйке жүйесі әлсіз болып жаралатын балалар бар. Балаңызға үнемі зекірсеңіз, дауыс көтерсеңіз, бұйырсаңыз, жаза қолдансаңыз, онда психологиялық ауруға ұшырайды.

Кейде бала зерігіп те жылай береді. Ондай кезде ойын ойнатыңыз, түрлі-түсті суреттері бар (қоян, тиін, түлкі, борсықтың суреттері болсын, болмаса шың-құздардың, тау-тастың, ағып жатқан өзеннің т.б.) кітапшаларды бірге парақтаңыз. Қолым бос емес деп кеудесінен итеретін болсаңыз, бала тұйықталып қалады және сізге сенбей өседі. Танымал психолог Вириджиния Сатир баланы күніне бірнеше рет құшағыңызға қысып аялауды ұсынған. Оның пікірінше, бала түгілілі әрбір ересек адамның өзі күніне төрт рет жылы құшақты қажетсінеді екен, сіз үшін өміріңіздегі қымбат жан екенін жиі-жиі айтып, қанаттандырып отырыңыз. Егер сөзбен айтпасаңыз, жылы қабағыңызбен білдіріңіз.

Ең бастысы, ата-анаға керегі – төзімділік.

Баланың жан-дүниесі әлсіз. Әлсізге көмектесу, мейіріммен қарау, кең жүректі болу – адамдық қасиет және адамның адамдық сапасын көрсетеді! Қалай десе де, баланың жылағаны сізбен сөйлескісі келгені, әлденені түсінгісі немесе түсіндіргісі келгені. Соны біле тұрып, саңырау адамның кейпін танытпаңыз. Тіпті сәбиін қатты жақсы көретін ата-аналар да өмірдің кейбір келеңсіз тұстарынан сүйікті перзентін қорғай алмай қалатын кездері болады. Әрине өмір бойы баланы алақанға салып отыру мүмкін емес. Дегенмен, оған дер кезінде көмекке келгенңіз дұрыс, алға талпындырыңыз, бағалаңыз, үлкен үміт артыңыз! Міне, балаңыз осының барлығын түйсініп, мейлінше зердесіне құйып өскен абзал.

Балалардың әлеуметтенуі қашан, қайда басталады? Әрине бірінші отбасында және балабақшаға келгенде. Балабақшада таныс емес үлкен адамдармен, балалармен танысады, мінез-құлық ережелері мен нормаларын меңгереді. Жаңа жағдайға бала қалай үйренеді? Өкінішке орай балабақшаға бейімделу көбінесе қиын және ауыр өтеді. Бала тамақ ішпейді, ұйықтамайды, балалармен және үлкен адамдармен араласудан бас тартады да, қоршаған ортаға деген қызығушылығы төмендейді, ойыншықтарды ойынға қатыстырмайды.

Баланың балабақшаға қиын бейімделу себептері:

— Басқа адамдармен бұрын қалып көрмегендіктен;

— Дәретке өзі отырып үйренбегендіктен;

— Кейбір тағамдарды жеу дағдысы жоқ, мысалы қызылша,орамжапырақ, қатты тамақты шайнап үйренбеген (картоп, нан).

Балабақшаға келген алғашқы күндері бала 2 сағатқа қалу керек. Көбінесе ата-аналар жұмыс тәртібін айтып, баланы күні бойы балабақшада қалдырады. Осының нәтижесінде күрделі және созылмалы мәселелер пайда болады.

Балаңызбен үйде сөйлесесіз бе, оны мақтайсыз ба, оны жақсы көретініңіз туралы айттыңыз ба? Ата-аналардың балаға эмоцияналдық әсері көбінесе жағдайды қиындатады. Әр отбасында бейімделу әр түрлі және ұзақ түрде өтуі де мүмкін.

Бейімделудің үш түрі бар:

— Жеңіл түрі – баланың мінез – құлығы 10 – 15 күнде қалпына келеді;

— Орташа ауырлық бейімделу – 1 айдың ішінде;

— Ауыр бейімделу – 2 айдан 6 айға дейін өтеді.

Қобалжулары қатты ата-аналардың балалары да балабақшаға қиын бейімделеді, өйткені ата-анасының қобалжуын көріп, баланың қорқынышы ұлғая бастайды. Осы кезде ата-аналар балаға көмек беруі керек.

Ертеңгелік қоштасуды жеңілдету тәсілдері:

— Баламен тез қоштасып үйреніңіз. Қоштасуды созбаңыз. Бала сіздің қобалжығанызды көріп, тыныштануы ұзаққа созылады.

— Балаңызға ұнайтын қоштасу рәсімін ойлап табыңыз және соны қатал ұстаныңыз.

— Балабақшаға барғаны үшін жаңа ойыншық сатып алып, балаңызды алдамаңыз.

— Балаға анық түсінік беру керек. Бір рет болсын баланың дегенін істесеңіз әрі қарай баланы көндіру өте қиынға түседі.

Ата-аналардың алдында баланы 1,5 жасқа толғаннан кейін балабақшаға орналастыру туралы сұрақ туады. Психологиялық тұрғыдан қарастыратын болсақ, мұндай батыл талап осы жастағы балаларға қолайлы кезең емес. Бұл жастағы балалар анасына ерекше жақын болады, анасының жоқтығы оған қатты әсер етеді. Балабақшадағы тәрбиешілердің қолына барғанда, олар өзіне жақсы қамқорлық жасалғанның өзінде мазасыздықты сезінеді. Баланың алғашқы белсенділігі біраз уақыттан кейін эмоционалдық және танымдық процестің тоқтап қалуына ауысады, яғни баланың психологиялық дамуы болып табылады.

Адамның белсенділігі және эмоцияналдық жағдайы ерте сәбилік кезіндегі тәрбие жағдайына байланысты анықталады. Ондай балалар кейін талаптылығын және белсенділігін көрсете алмайды. Эмоцияналдық жағынан қарағанда үлкен алаңдаушылыққа әкеледі, ол тез үрейленгіш, көнбіс іс-әрекет және басқа жүйке белгілерімен анықталады. Сонымен өзінің тұрмыстық жағдайларын шешкен ата-аналар басқа психологиялық жағдайларға ұрынуы мүмкін.

Баланы мектепке дейінгі мекемеге орналастыру психологиялық жағынан қарағанда өткір пікірталасты болып табылады. Жалпы тәрбие туралы ой тудырушылар бұрыннан байқаған, балаға сәбилік шақта отбасындағы тәрбие өте маңызды. Отбасында балаға ешқандай тәрбиемен теңестірілмейтін тәрбие беріледі. Балалар психологиясы мамандары да осындай көзқараста. Тәжірбие мектепке дейінгі жалпы тәрбиеге алаңдатушылық туғызатынын көрсетеді.

Сәби жастағы балалардың көпшілігі өзінің өміріндегі мұндай өзгеріске нашар бейімделеді. Көптеген балалар алғашқы күндері үйренбеген ортаға келгенде мазасызданып, сонан соң сылбыр және көп сөйлемейтін жағдайда болады. Бұл анасынан бөліну, таныс емес адамдармен кездесуі, өміріндегі барлық іс-әрекеттің өзгеруі кезіндегі өткір эмоционалдық жағдайдың негізінде болады. Балаларда аурулардың жиі болуы байқалады. Бұл ортаның ауысқанымен түсіндіріледі. Ал негізгі себеп – ағзаның қорғаныс қабілетін тез төмендететін эмоциялық жағдай.

Отбасы жағдайы баланы ясли-балабақшаға орналастыру керектігін айтса, онда баланы екі жасқа толған соң ясли балабақшаға орналастыру керек. Екі жастағы балада анасына тәуелділік сақталмаған, ал таныс емес үлкендерді жатсынбайды. Сондықтан балабақшада бейімделу кезеңі шиеленіссіз өтеді. Бірақ ол физиологиялық және әлсіреген балаларға қатысты емес. Ондай балаларды ясли-балабақшаға орналастыру қажет емес.

Балабақшаға баланың үш жастан орналасқаны дұрыс емес деп есептелінеді. Балаға бұл жағдай кері әсер етеді. Бұл мектеп жасына дейінгі баланың психологиялық дамуының ерекшеліктерімен түсіндіріледі. Ерте сәбилік шақтағы балалар құрдастарымен қарым қатынаста болу қажеттілігі әлі қалыптаспаған немесе әлсіз білінеді. Тіпті бірнеше бала бір уақытта ойнаған кезде де, ойын әрекеттерін бала жеке орындағанды ұнатады, яғни бұл «топпен ойын» емес, «жеке» ойын.

Құрбыларымен біріккен іс-әрекетті қажет ететін мектеп жасына дейінгі баланың басты іс-әрекетінің маңыздысы сюжеттік – рөлдік ойын болып табылады. Отбасындағы тәрбие жағдайында баланың құрбыларымен қарым-қатынас жасауы шектеулі. Балабақшада бала әрқашан құрбыларының ортасында болғандықтан ол олармен ойнайды, қарым – қатынаста болады және бұл оның дамуына тікелей әсер етеді. Сонымен бірге балабақшада балалардың мектепке дайындығын қалыптастыратын үздіксіз дамыту сабақтары өткізіледі. Бұл сабақтардың негізгі маңыздылығының рөлі ата – ананың баланың танымдық дамуына аса көңіл бөлмегендігіне байланысты.

Сондықтан шешім қабылдай келе қоғамдық немесе отбасылық тәрбиені мектеп жасына дейінгі бала ала алады. Ата-аналар қандай жағдайда болмасын осы немесе басқа нұсқаның жағымды және жағымсыз жағдайын сезінуі керек.

Дүйсенбай Салтанат Турсынғалиқызы
Педагог-психолог
КМКҚ «№45 бөбекжай-балабақшасы»


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз