Өлең, жыр, ақындар

Баспа ісінің бүгінгі хал-ахуалы

Адамзаттың рухани әлемінің игілігіне айналған баспа кітаптың қай кезеңде болсын әлеуметтік маңызы зор. Осы себептен де, бүгінде дүние жүзінде баспа саласын қарқынды дамыту мен баспагер мамандарға тиісті жағдай жасау қолға алынған. Әлем елдерінде баспа өндірісі саласын көркейту мақсатында түрлі ассоциациялар мен қоғамдық ұйымдар да құрылған.

Қазақстанның баспа саласы да жаhандық даму көшіне ілесе отырып, нарықтық бәсекеге қабілетті болуға ұмтылуда. Алайда елде кітап шығару және тарату жүйесі тәуелсіздік алғалы ақсаңдап тұр. Бүгінде ұлттық бизнестің дамуына баспагерге салынатын 12 пайыз ҚҚС салығы, пошталық тарифтің қымбаттауы, бағаның тұрақсыздығы сынды мәселелер кедергі келтіруде. Сонымен қатар, республика аумағындағы кітап дүкендерінің аздығы да — басты мәселелердің бірі.

Елдегі бүгінгі баспа саласының хал-ахуалын Социалистік қоғам жүйесімен салыстырсақ, КСРО кезінде мемлекет баспаларға тақырыптық жоспар бекітетін, бұл жүйенің ерекшелігі — бір баспа екінші баспаның басылымын қайталай алмайтын, әр баспа өз жоспарымен жұмыс жасайтын.

Келесі мәселе — баспа өндірісінің дизайны. Қазақстанда бүгінгі күні баспа дизайнының деңгейі төмен. Кітап дизайны мемлекеттік стандарттарға байланысты жасалатын болғасын, бүгінде баспалар классикалық үлгідегі дизайннан аса алмай отыр. Осы мәселеге байланысты «Атамұра» баспасының редакторы және дизайнері Р. Райбаева «Шет елдің дизайн үлгілерін қазақ менталитеті әлі қабылдауға дайын емес» дегені есімде. Осы тұрғыда, әлем жаңа технологиялық бағыттарда жұмыс істеп жатқанда, қазақ баспа ісінің бір деңгейден аса алмай отырғаны көңілге қаяу түсіреді.

Аталған мәселелерге байланысты мынадай ұсыныстар күн тәртібіне қойылса деймін:

1. Өнім бағасының аспандап кетуіне себепкер болып отырған ҚҚС салығын жойып, пошталық тарифті арзандату;

2. Кітап дизайнының жаңа әлемдік үлгілерін қолдану;

3. Еліміздегі кітап бағасын тұрақтандыруды жолға қою.

Мысалы, Францияда кітаптың бағасы бүкіл елде бірдей болу үшін 1891 жылы «Ланг заңы» қабылданған. Заң бойынша, әр жеке басылымға сату бағасын баспагер белгілейді, ал дистрибьютерлердің кітаптарды сату бағасынан 5 пайыздан асырып, яки төмен сатуға құқығы жоқ. Бұл заң нарықтағы тұрақтылықты сақтайды және бәсекелестік баға саясатында емес, көрсетілетін қызметтердің сапасында көрініс табады. Біздің елде де баға мәселесіне байланысты осы секілді шара қолданылса, дайын кітап өнімінің үстінен бағаны 2-3 есе асырып қоятын дүкеншілерге тыйым болар еді.

Әмина Өнербай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультеті 2-курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз