Өлең, жыр, ақындар

Чернобыль апаты

Адамзат тарихындағы ең сұмдық техногендік апаттардың бірі — Чернобыль апаты. Сондағы атом электр станциясында жарылыс алған кезде Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен мыңдаған адам апаттың зардабын жоюға аттанған. Олардың арасында 1000-ға жуық Қазақстандықтар да болды.

Үш эшалон жеке-жеке Астанадан, Аршалыдан (бұрынғы Вишневка), Бабатай (Астанадан 20 шақырым) ауылынан жөнетілген және Оңтүстік Қазақстан өңірінен де аттанды.

Чернобыль апаты — Украинадағы Чернобыль атом электр станциясында, 1986 ж. сәуір айында АЭС-тің 4-энергоблогында болған апат. Чернобыль апатының нәтижесінде Украинаның елеулі аумағы мен Ресейдің Брянск және Калуга облыстарының аумағы радиоактивтік ластануға ұшырап, адамдар өміріне қауіп төнді. АЭС-тен радиусы 30 км. жерде тұратын халық басқа жерлерге көшірілді. 1986 жылдың қараша айына дейін апатқа ұшыраған блок залалсыздандырылып, оғашталды.

Радиоактивті түтін аймақтан асып, 10-нан аса мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым жерін ластады, кем дегенде 5 миллион халық зардап шекті. Оның зардабы қаншалықты ұзаққа баратыны әлі белгісіз қалып отыр.

26 сәуірдегі апатты тек екі күннен кейін ғана "Правда" газеті қатардағы жағдай ретінде көрсетіп, екі-ақ адамның өлгенін жазған-ды. Шын мәнінде бірінші күні-ақ мыңдаған адам қаза болған.

Апат ошағы Киевтен 157 шақырым қашықтықта еді. Соған қарамастан мұнда 1 мамыр мерекесі де аталып өтіпті. Тек келесі күннен бастап апатты аймақтан халықты көшіруді бастаған. Алайда, алдын-ала дайындықтың жоқтығынан, психологиялық көмек көрсетілмегендіктен апатты аймақтарды қамтыған Киевтен миллионнан астам тұрғын өз беттерімен қашып, көшкен.

1986 жылғы апаттан кейін де Чернобыльдегі атом-электр стансасы жұмысын тоқтатқан жоқ. Сол жылы стансаның 1, 2-і блоктары жұмыс істеп тұрды. 1987 жылы 3-і блок іске қосылды. Тек 4-і блокті толық бекітуге күш салды.

1991 жылы 2-і блокта өрт болып, сөндірілген. 1996 жылдан бастап 3-і блок қана жұмыс істеп тұрды.

2000 жылы 5-і маусымда Украина президенті Леонид Кучма Чернобыль Атом Электр Стансасының ресми жабылғанын жариялады. Алайда тоқтатылған реакторлар мен ядролық отындарды бір жайлы ету үшін өте үлкен қаржы мен күш керек екені белгілі.

Мұнда әлі балаларын таза аймаққа жіберіп, өздері кетпей қалған қарттар тұрады. Олардың өз өмірі мен шаруашылықтары да бар.

Ядролық радиацияның зардабын басынан өткізген және әлі де өткізіп келе жатқан қазақ халқы чернобыльдіктерді жақсы түсінді.

Әлемдегі ең үлкен атом бомбасын сынаған, ядролық сынақ алаңы болған Семейде 456 рет жарылыс болды. Оның қуаты Чернобыльдегідей 119 апатпен тең. Алайда, адам өмірі мен қоршаған ортаға тигізген зияны туралы әлемдік қауымдастық әлі ештеңе білмейді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз