Өлең, жыр, ақындар

Отанды сүю – иманнан

Еліміздің өніп, өркендеуінің басты қозғалтқышы болатындай маңызды факторлардың бірі халықтың бойында еліне, отанына деген патриоттық сезімнің болуы. Пайғамбарымыз «Отанды сүю – иманнан» деген екен. Еліміздің әрбір азаматы отанын, тілін, дінін қастерлеп құрметтеуі, отанының гүлденуі үшін ат салысуы қажет. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Туған жеріңнің тарихын, ана тіліңді, өз тегіңді білмей тұрып, нағыз патриот бола алмайсың. Қазақстандықтардың туып-өскен жері бар, бұл біздің Отанымыз. Еліміздің тарихы туралы барлық мәліметті жүйелендіріп, оның біртұтас нұсқасын әзірлеу қажет.» деген. Қандай да бір халықтың әдет-ғұрпын, әсіресе тарихын ұмыттыру – оларды құрдымға жіберудің, әлем сахнасынан жоюдың оңай жолы. Ұлттық құндылықтарынан, елдік тәжірибелерінен мақрұм қалған халық, болашағын құру үшін мықты негіз таба алмай, жойылуға бейім болады. Мұның мысалын өз түбін, өз тілін жоғалтып басқа ұлттарға сіңісіп кеткен қаншама мәдениеттерден көруге болады. Сондықтан сан-ғасырлық тарихымызды, түбімізді, әдебиетімізді, тарихи тұлғаларымызды, патшаларымыз,  шешендеріміз, көсемдеріміз, билеріміз бен батырларымызды, мәдениетімізді, әдет-ғұрпымызды біліп, келешек буынның санасына сіңіре жүру қажет. Әрбір отандасымыздың, әр қазақтың өз елінің, ата-бабаларының алдын­дағы жауапкершілікті терең сезіне білуі, осы жолда етене еңбектене білуі, күресе білуі керек. Әсі­ресе, оқу орындарындағы оқу-тәрбие жұмыстарына жауапты адамдардың да мұны терең түсінгендері жөн. Жас өспірімдерді ақылды, парасатты, рухани ойлау дәрежесі биік, ар- ожданы мол, еңбекқор, іскер, талғамы жоғары және бойында т.б. ізгі қасиеттері бар патриот азамат етіп тәрбиелеуді негізге алу керек.  

Ата-бабамыздың сегіз қырлы бір сырлы тәрбие беруді жөн санаған. Қанша көп тілді білсек артық етпейді. Алайда ана тілін назардан тыс қалдыру әдепке де ар-ұжданға да жат тірлік. Қадір Мырзалиев ағамыздың: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деген даналық сөзі есте болуы тиіс. Алматы қаласындағы бірнеше мұғалімнің мына айтқандары жадымызда қалып қойды: «Қазақ мектебінде сабақ береміз. Оқушылар өз араларында орысша сөйлейді. Сабақ айтқанда қазақшаны әзер сөйлеп, ойын дұрыс жеткізе алмайды.» Бұл орайда мұғалімдер мен қоса, ата-аналардың да негізгі рөлі басым. Ата-аналар, жалпы халық ана тілін білмеудің ұят екендігін жас-өспірімдердің бойына сіңіріп, аңыз-ертегілерін, тарихын жаңғыртып, жастардың отанына деген махаббатын оятуы, отансүйетін патриот етіп өсуіне күш жұмылдыруы тиіс.  

Отаншылдық – елжандылық туған отбасына, туып-өскен ортаға, туған топырағы мен табиғатына деген құрметтен басталады. Сондықтан отаншылдықтың қайнар көзі адамгершілік қасиеттер болмақ. Отансүйгіштік, тіл, дін, ұлттық сана-сезім, мәдениеті мен тарихын, өнерін сүю, өзге ұлттармен бейбіт қатынаста өмір сүру әрбір азаматтың басты ұстанымына айналуы тиіс. Өз ұлтын, отанын сүйіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын азамат қана отаншыл, патриот болады.   

Жер асты, жер үсті байлықтарына қанық, климаты зор, суы мол, жері кеңбайтақ отанымыз Қазақстанның бұдан әрі де көркеюі, дамуы үшін шынайы отансүйер патриоттарға мұқтаж. Шынайы отансүйерлер бірлік пен ынтымақты тиек етіп, бір-бірін құрметтеп, қолдап, қорғап, жік-жікке бөлуге тырысып, іріткі салып, бір-біріне айдап салуға тырысатын сыртқы дұшпандардың ойынына алданбай, табанды еңбек етіп, жиырма бірінші ғасырдың озық технологияларын иемденіп, тіпті оны асып өтіп қасиетті отанымызды лайықты дәрежеде көтеруге күш салуы тиіс.


Пікірлер (1)

Азиз Макпал

Ешкім түсінбесе де - шындықты айт.
Ешкім бағаламаса да - жақсылық жаса.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз