Өлең, жыр, ақындар

Піл мен маймыл

Ну орманды мекендеп, бірімен-бірі сыбайлас боп қатар жүрген піл мен маймыл бір күні өз бойларындағы артықшылықтарын айтысып отырып, дауласып қалыпты.

– Менің бойым таудай. Күшім де көп, – деп мақтаныпты піл. – Ашулансам бар ғой, қандай жуан ағашты болса да тамырымен қопарып тастаймын. Ондай қайрат сенде жоқ!

– Ал мен ептімін, ештеңе бөгет бола алмайды, – деп, таласыпты маймыл. – Ағаштан-ағашқа ырғып, ну жыныстың арасымен сырғанап жүре беремін.

Осылайша піл мен маймыл өз бойларындағы артықшылықтарын айтып, ұзақ таласыпты. Бірінің айтқанына бірі көнбепті. Өздері бір бітімге келісе алмапты. Сонан соң бұл даулары туралы біреудің билігін естігілері келеді. Сөйтіп, екеуі жуан емен дінінің қуысында отырған үкіге барыпты:

– О, орманның ақылгөйі, – депті, піл ұзын тұмсығын жоғары созып тұрып. – Мына маймыл екеуіміздің таласымызға өзің төрелік айтшы!

– Не жайында таласып жүрсіңдер? – деп сұрапты үкі.

Сол кезде жыпылдаған маймыл сөзді іліп әкетеді:

– О, біздің ақылгөйіміз! Анығын айырып берші, күш-қайрат үстем бе, немесе епшілдік үстем бе?

Мұны естігеннен кейін үкі енді піл мен маймылдың не себепті таласқандарының сырын түсінеді де ойланып қалады. Піл де күжілдей өтінеді:

– Соны айырып бер бізге!

– Мұны менің іс үстінде сынап көруім керек. Кесімін содан кейін айтамын, – депті үкі.

– Қалай сынамақсың? – деп сұрасады.

Үкі екеуін кезек-кезек қарайды да аздан соң қалай сынайтын шартын түсіндіреді:

– Мына өзеннің арғы бетіне өтіңдер. Қалың ағаштың арасында биік өскен бір түп алма ағашы бар. Қазір жемісі уылжып пісіп тұр. Екеуің де өзеннен өтіп барып, сол алма ағашының алмасынан алып келіңдер. Мен сол алмаға қарап отырып, өздерің қалаған төрелікті айтамын.

Піл мен маймыл алма алып келу үшін өзенге қарай беттейді. Келсе, өзен арнасына сыймай, лықы толып, астаң-кестең боп ағып жатыр екен. Өзеннен өте алмайтын болған соң, маймыл мұңайып, қасірет шегеді. Сол кезде:

– Кел менің жотама мініп ал, – депті піл. – Мен таудан үлкенмін. Күшім де мол. Өзеннің ағысы мені ағызып кете алмайды.

Маймыл қуанып кетіп, пілдің жотасына өрмелеп шығып алады. Піл өзенді қақ жарып, ешбір қиналмастан арғы жағаға өте шығады. Содан кейін екеуі үкі айтқан алма ағашын іздеп табады.

Қараса, алма ағашы зәулім биік екен. Жемістің бәрі мойын жетпейтін биікке өсіпті. Қанша созса да пілдің тұмсығына бірде-бір алма іліге қоймапты. Өзінің алма ала алмайтынын білген піл мұңайып, мөлиіп тұрған. Сол кезде маймыл:

– Мұңайма, – депті, пілді жұбатып. – Қазір мен алма ағашына өрмелеп шығамын да басындағы жемістерді жерге түсіремін. Сен жинай бер.

Маймыл бұтақтан-бұтаққа секіріп, алма ағашының басына өрмелеп шығады да алмаларды үзіп, жерге тастай беріпті. Піл алмаларды теріп, бір жерге үйіп қойыпты.

Сөйтіп, алмаларды алып болған соң, екеуі кері қайтыпты. Өзенге келген маймыл алған алмаларын құшағына қысып, тағы да пілдің жотасына мініп алыпты. Піл өзенді қақ жарып, балпаңдай басып, қамсыз өте шығады.

Екеуі алып келген алмаларын үкінің алдына төгіп қойыпты да қандай төрелік айтатынын тосыпты. Сонда үкі:

– Маймыл, сен мына ағыны қатты өзеннен қалай өттің? – деп сұрайды. Маймыл шынын айтыпты:

– Мені піл жотасына мінгізіп алды.

– Дұрыс. Өйткені оның бойы таудай. Күші де мығым. Өзен ағызып кете алмайды. Ал, піл, сен айтшы, биік ағаштың басындағы жеміске бойың қалай жетті?

– Менің бойым жетпеген соң, – депті, піл де шынын айтып, – маймыл ағаштың басына өрмелеп шықты да алмаларды үзіп, жерге түсірді. Мен жинап тұрдым.

– Міне, ұқтыңдар ма? – деп, үкі өзінен төрелік сұрап тұрған піл мен маймылға түсіндіре бастапты. – Күштен де, епшілдіктен де үстем нәрсе – біріңе-біріңнің көмегің. Селбесіп мақсаттарыңа жеттіңдер. Тек қана күштен немесе жалаң епшілдіктен пайда аз. Біріңе-бірің жәрдемдеспегенде, екеуің де мына алманы алып келе алмас едіңдер. Демек, күш пен епшілдік қабысқанда ғана жарасып тұрады. Күшің болғанмен, ебің болмаса, ебің болғанмен, күшің болмаса, бәрі де бос әурешілік, еңбегің зая.

– Дұрыс, дұрыс! – деп, піл мен маймыл өздеріне айтқан үкінің төрелігіне бас шұлғысыпты. Сонда үкі:

– Піл, сен күшіңе сеніп даурықпа! Маймыл, сен епшілмін деп бөспе!

Әрқашан біріңе-бірің осылай жәрдемдесіп жүріңдер! – деп өсиет айтыпты.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Нуржамал

Оте тамаша! Балаларыма окып бердим және озиме де катты унады!

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз