Бабыр шах (1483-1530) – Үндістандағы ең үлкен мұсылман мемлекеті Бабыр Империясының құрушысы. Есімі Заһируддин Мұхаммед Бабыр. Әкесі Әмір Темірдің ұрпағынан Омар Шәйх, анасы Шағатай ханның шөбересі Құтлық Нигар Ханым.
Бабыр жас кезінен әскери тәлім тәрбиені жетік меңгеріп, жорықтарға қатысып, қолбасшылық қасиеттерін дамытты. 1494 ж әкесінің қайтыс болуынан кейін Ферғананың әмірі болды. 1498-1500 жылдары арасында Шайбанилердің басқыншылығы кезінде Самарқанд пен Әндіжанды алып қалуға тырысады. Бірақ сәтсіздікке ұшырап барлық иелігінен айрылады. Ташкентте нағашысының жанында болып әскер жинайды. Кейін Гиндикуш тауларын асып Кабулды қан төкпей басып алады. 1504 ж Гиндикуштан Ғазнаға дейінгі жерлерді иемденді. Парсы, түрік, татар, үнді, пешту тілдерінде сөйлейтін халқын әділеттікпен басқарды. Исламның таралу жолында көп еңбек етті. Барған жерлерінде Ислам шариғатын орнатты. 1519 ж Индус өзенінен өтіп Пенжабты қолға түсірді. Пұтқа және отқа табынатын раджалардың зұлымдығындағы Үндістанға Исламды үйретуді мақсат тұтты. Үндістанды жаулау үшін батыстағы ең үлкен Түрік-Ислам мемлекеті Осман империясынан зеңбірек жасайтын ұсталар алдырды. Жақсы дайындықпен 1526 ж Дели, Агра, Ханпур қалаларын басып алды.
Аграны астана етіп 1526 ж Бабыр империясының құрылу жылы деп жариялады. Бабыр шах Гималайдан Гувалиар және Амудариядан Бенгалға дейінгі жерлерге иелік етті. Соңғы отыз жылдық өмірі соғыспен өтіп қажыған Бабыр шах 1530 ж қайтыс болды. Алдымен Аграда жерленіп кейін қабірі Кабулға көшірілді. Немерелерінен Шах Жихан 1646 ж қабіріне көрікті кесене салдырды. Британдықтар жаулап алғанға дейін империя салтанаты 340 жыл жалғасты.
Бабыр шах сонымен қатар дарынды ақын, әдебиетші еді. Өмірін өзі жазды. Бабыр шахтың Тузук, Бабури және Бабырнама деп аталатын кітаптары сол дәуірдегі Орта Азия, Ауғанстан және Үндістан тарихы үшін құн жетпес дерек болып табылады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі