Өлең, жыр, ақындар

“Қазақстан пионері” (“Ұлан”) газеті

Қанша жылдық тарихы бар балалар басылымы “Ұлан” газеті дарынды, ұшқыр ойлы жастарға тәрбие беруде. Газеттің тұңғыш жарық көрген күні 14 наурыз. Балалар мен жасөспірімдерге арналған бұл газет ең алғаш “Жас Алаш” газетінің беттерінде таныла бастаған. Ол кездегі басылым атауы “Пионер” болды.

Басылым әр оқырманның жүрегінен орын алып, оларға шығармашыл әрі рухани орта қалыптастыра білді. Газеттің құрылуына белгілі жазушылар мен қоғам қайраткерлері Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, С.Сейфуллин, Б.Соқпақбаев, С.Есова, І.Жансүгіров атсалысты. 

Кейіннен газет атауы “Октябрь балалары”, “Қазақстан пионері” болып өзгертілді. Ал 1990 жылдан бастап газет атауы “Қазақстан пионерінен” “Ұлан” болып өзгерді. Басылым атауы белгілі бір себептерге байланысты өзгеріп отырса да, ешқашан өз мақсатын ұмытқан емес. Әрдайым балаларды жаңа айдарларымен таңғалдырып әрі қызықтырып отырды. Газеттің алғашқы беті Алақай айдарымен басталып, онда жас жеткіншектердің жетістіктері жарияланып отырды. Бұл жас қаламгерлерді шабыттандырып тұрды. “Ұлан” газеті заман талабына сай ерекше айдарларымен оқырмандардың жүрегін жаулап келеді.

Бұл – балаларға арналған газет болғанымен, өте түйінді баспасөз. Оның ішінде мәдениет, өнер, ұлттық және халықаралық мерекелер, көрмелер, еліміздің мәдени шаралары талқыға салынады.

Ұлан газетінің жас тілшілері мақала жазуға машықтанып, ауқымды тақырыптарда қалам тербеп жүр. Атап айтар болсам, Айгерім Есімхан, Айнұр Аңламасова, Аяулым Абаева сынды жас тілшілер. Аяулым Абаеваның мақаласын алып қарастыратын болсақ, ол өз мақаласында қазақтан шыққан тұңғыш журналистер жайында сөз қозғаған. Жәй журналист емес, дәрігер-журналист Аққағаз Досжанованың медицина саласында білім алып, тек осы салада жұмыс жасап қана қоймай, баспасөз арқылы да халықтың көзін ашуға талпынғанын ашып көрсетеді. Аяулым Абаеваның бұл мақаласынан қазақтан шыққан тұңғыш журналист қыз Нәзипа Құлжанова болса, денсаулық жайында және түрлі аурулар туралы ақпаратты ең алғаш ұсынған тұңғыш дәрігер-журналист Аққағаз Досжанова туралы біле аламыз. (18.04.2023)

Бүгінде елдің сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген “Ұлан” газетінің балаларға қызмет етіп келе жатқанына 90 жылдан астам уақыт болды. Бұл газет тек оқырмандарына ақпарат таратып қана қоймай, сонымен қатар жас қаламгерлердің журналистика саласына деген махаббатының оянуына да себепкер болған. Қазіргі таңда газеттің бас редакторы – Жадыра Нармаханованың арқасында басылым өз жұмысын табысты жалғастыруда.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Аллаберген Қырықбай, Нұсқабайұлы Жарылқасын, Оразай Файзолла. Қазақ журналистикасының тарихы (1870-2008 жылдар). /Қ. Аллаберген, Ж. Нұсқабайұлы, Ф. Оразаев. – Алматы: Білім, 2010. – 308 бет.

БАЛҒАБЕК Қарлығаш
Журналистика факультетінің
1-курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар