(Көрініс)
(Сахнаға екі қыз шығып, айна алдында тұрғандай көрермендерге қарап үсті-бастарын түзеп, шаштарын жөндей бастайды. Кенет Фатима екі бетін шапаттап):
— Сұлулық — беттің жылтырағанында емес, иман мен білімнің қатар жарқырағанында! Мен — иманды, ақылды, білімді, көркем мінез, сұлу қызбын! Мен — бақыттымын! Менде жаман мінез жоқ! Менде қызғаныш, көреалмаушылық, жеккөрушілік, реніш, мақтану, тәкаппарлану сезімдері жоқ! Мен — ақылды, бақытты, сұлу қызбын! - деп шабытпен айта бастайды.
(Бағанадан бері оған таңдана қарап тұрған Әмина):
— Психологиялық сабақтарды көп көріп қойған жоқсың ба? Қылығың біртүрлі ғой? - дейді кекетіп.
Фатима:
— А, Әмина! Бұл жаттығу «миды сендіру» немесе «миды алдау» деп аталады. Біздің өмірімізде мидың қызметі басты роль атқарады. Біз нені көп ойлаймыз, соны өмірімізге көбірек тартамыз! - дейді жанын сала түсіндіріп.
Әмина:
— Сонда «мен баймын», «мен баймын» - десем бай болып, «мен сұлумын», «мен сұлумын» - десем сұлу болып кетем бе?!
Фатима:
— Бірден емес! Бірақ ми сенген нәрсені өзіне тартады.
Әмина:
— Фатима, қиялданбай сабағыңды оқышы! Әйтпесе ертең химиядан тағы төмен балл алып қаласың! Құры аффермация ешнәрсені шешпейді! Еңбек ету керек, еңбек!
(Фатима көзін жұмып, күбірлеп, әлденелерді айтып, сахнадан шығып кетеді. Оның соңынан көз алмай қараған Әмина):
— «Мен баймын», «мен бақыттымын!» «Мен ақылдымын», «мен сұлумын» - (деп Фатиманы қайталап, беті-аузын қисаңдата қайталап, тырқылдап бір күліп алып, кітабын қолына алады. Осы кезде телефонның даусын барынша шығарып, бизнес тренинг тыңдаған Мариям сахнаға шығады.
Қарап қалған Әмина):
— Сен Бизнеспен ауырып, Фатима психологиямен ауырып жүр екен. Басқа қыздар немен ауырып жүр? - деп сұрайды.
Мариям:
— А, Әмина, сәлем! Бұл — заман талабы. Елдің бәрі осылай ақша тауып жүр. Мен де үйреніп жүрмін. Одан да кел, бірге тыңдайық?! - деп жақындай түседі.
Әмина:
— Жо-жоқ! Рақмет! Керек емес! - деп ыршып түседі.
Мариям:
— Оқымысты құрбым! Айтшы, андағы кітаптан саған қандай пайда бар?
Әмина:
— Егер мен сабағымды жақсы оқысам, онда ҰБТ-дан жоғары балл жинаймын. Жоғары балл жинасам, қалаған оқуыма түсемін! Қалаған маман иесі боламын!
Мариям:
— Қиялисың құрбым! Мектеп бағдарламасы қазіргі заманда маңызды емес. Заман өзгерген қазір.
Әмина:
— Қателесесің Мариям! Ғылым — қашан да маңызды. Қашан да өзекті!
Мариям:
— Жарайды құрбым! Сенікі дұрыс! Оқи бер! Ал мен бизнес жолын таңдадым. Қазіргі заман оқығандардыкі емес, сауданың көзін тапқандардыкі! Екеуміздің жолымыз екі басқа екен құрбым! (Вебинарын қайта қосқан Мариям, даңғырлатып сахнадан қайта шығып кетеді.)
Әмина:
— Не болып кетті өзі..?! Біреуі — психолог, біреуі — бизнесмен, біреуі — ютубер, біреуі — вайнер! Сонда кім мұғалім, кім дәрігер болады?! Барлығы ақша қуып, баюды көздеп кетсе, ғылым саласы не болмақ?! Осы Абай атамыз: «Дүние де өзі мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» - демеп пе еді?! Мейлі, елде шаруам жоқ! «Алты Алаштың баласы бас қосқанда, төрдегі орын мұғалімдікі»- деп, Ахмет атамыз тегін айтпаған болар. Мен — ұстаздық жолын таңдадым! Көп оқып, көп үйреніп, бар білгенімді шәкірттеріме үйретемін- деп шештім! (Сахнадан кетеді.)
13.04.2023
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
- Шоқан Уәлиханов
- Рәбиға Сыздықова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі