Өлең, жыр, ақындар

Әр ата-ана оқыса деймін

Үлкен ізденіс пен ілімді қажет ететін аударма кітаптардың қай ғасырда болмасын дәрежесі жоғары. Аудармашы автордың да мақсаты – өзге тілді меңгеріп, аудара салу емес, автордың күйін жеткізгісі келген ойды сезіне білу.  Ең бастысы, автордың ойынан алыстамай, толқында жүзген, бір қайықта екенін ұмытпау.  

Аудармашы – жауапкершілікті қажет ететін үлкен маман деп білемін. Ал мен білетін аудармашылар саны осы жолы жазушы, журналист Серік Әбдірайымұлымен толықты.  

Жақында Серік Әбдірайымұлының «Махаббат пен мансап» атты кітабы қолыма түсті. Ғашықтар жайлы оқымағалы біраз болды деп  іштей мәзбін. Алайда кітап түрлі шетел авторларының ең ең деген әңгіме-жинақтарының аудармасы екен. Маған мүлдем таңсық шетел авторларының әңгімелерін неліктен ең ең деп мақтады дейтін шығарсыз? Серік Әбдірайымұлының түрік жазушысы Әзиз Несиннен аударған «Күлесің бе, жылайсың ба?» атты әңгімесі бірден көзіме түсіп, оқып шықтым. Әңгімедегі оқиға ата-аналар жиналысымен басталып, жиналысқа келген ата-аналар шағымдарымен өрбиді. Ал сізді ата-ана ретінде жиналысқа шақырса, қандай мәселе бойынша сөйлесіп, ұстаздармен не жайында ақылдасар едіңіз? 

Мектеп – тек білім ордасы ғана емес, баланың өсіп, жетілуіне әсер ететін орта екені шындық. Ал әңгімедегі ата-аналарды не алаңдатты, оқиғаға көз жүгіртсек: «Оның сөзін бөлген бір оқушының анасы:

– Қыздарға жібек ұйық киюге тыйым салуға тиіс, – деді киіп-жарып, — және қыздарға ғана емес, кексе әйелдер де кимейтін болсын” [1. 14-бет].

Ал бірі: 

– Бізде одан да маңызды зат бар, төрт көзіміз түгел кезде талқылауға тиіспіз! – даусыжарықшақтана шықты.  

– Шұлық – сөз етуге тұрмайтын дүние. Бәрінен бұрын біз шет тілдерін оқыту мәселесін шешуіміз керек. Менің ойымша, барлық пән неміс тілінде жүргізілуі қажет. Мен ұзақ жыл Германияда тұрдым. Онда балалар барлық пәнді тек немісше оқиды [1. 15-бет].

Бір сәтте: 

– Бәрінен бұрын мектепте футбол ойнауға тыйым салыну керек, – деді залдан егде тартқан бір кісі.  – Аяқкиім шақ келмейтін болды! Ай сайын су жаңасын аламыз…» [1. 15-бет].

Баланың дұрыс киініп, өзге де тілдерді  игергені жақсы, бірақ, маңыздысы, оның, шын мәнінде, неге алаңдап, не ойлап жүргені емес пе?! Қазіргі кезде ең ауқымды мәселелердің бірі – ата-ана мен бала арасындағы қарым қатынас. Негедесеңіз, дүние есігін ашқан сәттен бастап, ананың жылы құшағы сені үлкен өмірге жетелейді. Кішкентайыңнан әке, анашым деп еркелеп өскен әр перзент үшін ата-ана махаббатынан асқан керемет жоқ. Гүлді уақытылы суғармау – оның солып қалуына апарады. Сол секілді, ата-ана махаббаты да – бала үшін керек дәрумен. Дәруменін белгілі мөлшерімен беріп отырмасаң, оның әлсіреп, тіпті жоқ болып кетуі ғажап емес. Менің пікірімше, адамның қанша перзенті бары маңызды емес, маңыздысы, барлық перзентіне бірдей көңіл бөліп, қарауы. Тұла бойын жарып шыққан перзентін жақсы көрмейтін ата-ана жоқ,бірақ дұрыс тәрбие мен махаббатын бере алмайтын ата-ана көп. Ата-ана махаббатын сезіну– бір бөлек, ал көрсету – бір бөлек. Бастысы,қарны тоқ, жақсы мектепте білім алуда деген оймен шектелу – ата-ана үшін үлкен қате. Бала тәрбиесі оны қамтамасыз етуден бөлек, оның ішкі әлемімен сырласу, сана сезіміне әсер етумен толығады.

Әңгімеде жаңағы ата-аналар қатарынан тағы бір кісі шығып:

«Сіздер жағдайы төмен оқушыларға көмек береміз деп ақша жинатады екенсіздер, қызым түрлі сылтаумен бірдеңкеге ақша сұраумен келеді.  «Бермейді екенсіңдер – мектептке бармаймын. Құрбыларымның алдында жерге қарағым келмейді» деп табандап отырып алады. Әр нәрсенің шегі бар. Ынсап керек. Ай сайын берілетін ақшаның мөлшерін белгілеген жөн және оның неге жұмсалғанын тексеріп отырмай болмайды.  

– Сіздің қызыңыздың аты кім? – деп сұрады.

– Гюльтен Яшоба!

Бурыл шашты әйел:

– Үшінші «Б» жүз қырық бірінші нөмірлі Гюльтен Яшоба ғой? Сіздің қызыңыз каникулдан кейін мектепке бар-жоғы бір апта ғана келді. Сосын ұшты-күйлі жоғалып кетті. Ол жөнінде біз жазбаша түрде хабарлағанбыз, – деп картасын жайып салды.  

– Қараңыз, үйге де келуді қойды. Қайда қаңғып жүр? Әкесі екеуміз ажырасып кеткенбіз. Ол сонда тұрып жатқан болды ғой…» [1. 18-бет]

Отбасы ішіндегі кикілжің бала санасының өсуіне қатты әсер ететіні белгілі. Бала үшін ана мен әке мейірімі – бір-бірін алмастыра алмайтын үлкен махаббат. Шығармада өз баласының неліктен ақша сұрап жүргенін білемін деп келген ана, тіпті қызының қайда екенін білмейтіні – ауыр жағдай. Бұл тек әңгімеде емес, қазіргі қоғамда орын алып жатқан үлкен мәселе. Балаңыздың қайда, кіммен жүргенін білу – сіздің міндетіңіз. Ал егер ақша сұрап, келеңсіз іс-әрекеттерін байқасаңыз, балаңызбен жеке ашық түрде сөйлесіп, мән-жайды шешуіңіз қажет. Баламен сөйлесу көп отбасыларда ұрыс сөзімен алмасып кетеді. Қаталдық пен түсіністік, менің ойымша,тең жүруі тиіс, ал біз үшін баламен ашық түрде тілдесіп, мәселені шешу – ұят әрекет саналады.  Кітап ішіндегі әңгімелерден  болашақ өмірде кәдеме жарар деп біраз ақпарат алдым. Әлде ата-ана болмаған соң, маған айту оңай болған шығар,сірә. Ал осындай керек дүниені бізге аударып жеткізген Серік Әбдірайымұлын мен өзге қырынынан таныдым. Әдебиет әлемінде әңгіме деген өте көп қой, біз, яғни өскелең ұрпақ үшін мағыналы әңгімелерді аударып, кітап етіп шығару – үлкен ғанибет. Бұл пәниде бала  ғана емес, ата-анада болатынымызды ұмытпайық.  Тағылымы мол, берері көп Серік Әбдірайымұлының дәл осы аудармасын, әр ата-ана оқыса деймін.  

Серік Әбдірайымұлы «Мансап пен махаббат» көркем аударма. Алматы — «Санат», 2007, 288-бет.

Аяулым Қорғанбай

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистика факультеті, 

Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 3 курс студенті

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер