Орта жүз Арғын, Сырым, Малайсары батырдың әкесі Тоқтауыл батыр заманында «батыр» атанған кісі екен.
Тоқтауыл батырдың ауылы бір қопалы көлге қонып: «оттасын, жайылсын!» — деп, бұйдасын түріп, бос жіберген түйелері қопаның ну қамысына шөгіп, бет-бетімен аралап кіріп кетіпті.
Не екенін білмейді, бір нәрсе түйелерді лақтырып: «әуп! әуп!» деген дауыс естілген соң: «дәу де болса, бұл жолбарыс шығар!» деп, жұрт ду көтеріле шапқанда, Малайсары бір шұбар тайға мініп, олай-былай шапқылап жүрген бала жұрттан бұрын абайсыз жолбарысқа барып қалғанда, жолбарыс шұбар тайдың құйрығынан алып, «әуп!» деп, аспанға атқанда, бала таймен бірге кетпепті. Жолбарыстың үстінде мойнынан құшақтап, ұйқы-тұйқы болып жүргеннің үстіне Тоқтауыл батыр барып қалып, жолбарысты жарып, баласын аман айырып алыпты.
Осы Малайсары заманында ептейсіз ірі батырдың есепті бірі болған.
Абылайдың мінгені Айғайсары,
Айғайласып келгенде, жердің тары.
Абылайды сан қалмақ қамап жатыр,
Туыңды ала, шаба гөр, Малайсары!
Абылай хан атақты, әруақты, бақты хан болған күнінде уақ Сары Баянсыз, Балтакерей Тұрсынбайсыз, Шанышқылы Бердіқожа, Көкжарлы көкжал Барақ, Сырым Малайсарысыз жорыққа аттанбайды екен.
Сырым Малайсары батыр қара қалмақ Қатысыбанның ханы Қоңтажының қолына тұтқындыққа түсіпті. Қалмақтың ханы ақбоз үйге кіргізіп, құда, күйеуше сыйлап күтіп: «Сірә, мұнымен елдеспей, бізге тыным-тыныштық болмас!» — деп:
— Сені біз осы сыйлаған бетімізбен сыйлап аттандырайық. Сен тұңғышың Тілеуқабылды бізге «ақ үйліге» бер! Ақ мылтықтың ауызын жаласып, анттасайық. Бір-бірімізге жау болмасқа сенімді уәдеміз осы болсын!» — десіп, бұл баласы Тілеуқабылды қалмаққа «ақ үйліге» бермек болып, ақ мылтықтың ауызын жаласып, анттасып қайтқан екен. Сонан үйіне келіп, жаңа «уе» (уф) деп, демін алып отырған үстіне қалмаққа қосын жасап, ту тігіп, Абылай хан келіп қалыпты:
— Отырма! Атқа мін, жүр! — дейді ғой. Малайсары:
— Мені қой, мен бармаймын! «Қалмақпен жауласпаймын!» — деп, ақ мылтықтың ауызын жаласып, анттасып қайтып едім. Антқа ұшырап қалармын! — дейді.
— Қалмақ шіркіннің анты не қылар дейсің?! Жүр, сен бармасаң, болмайды! — деп, еркіне қоймай, ертіп алып, аттанып, қалмаққа барған екен. Барса, қалмақ күн бұрын естіп, күтініп, дүние дүние болғалы, жер, су болғалы жау беттеп кіріп, бұзып ала алмайтұғын бір берік қорғандары болады екен, тас-түйін болып соған қамалған екен.
Сонда Абылай хан төрт батырды жіберіпті:
— Қорғанды айналып [айланып] болжап келіңдер, бұзып кірер жері бар ма екен? — деп.
Сонда Уақ Сары Баян жоғары ұмтылып, қорғанның үстінен үңіліп, ішіне қарай бергенде, дулығаның қақ маңдайынан оқ тиіп, дулығаның артына қарай қай-қайып қалғанын көріп: «жығылды ғой» деп, калмақтың мергендері қорғанның үстіне шығып, көре сала батырлар жалт беріп қашқанда, арт жағынан оқты жаңбырдай жаудырыпты.
Сонда Абылай хан:
— Бір қанды ауыз мылтықтың ауызы Малайсарыға дөп келді-ау! Құдай-ай, сақтай кер! — дегенше болмай, Малайсарының сауытының жырық жігінен шонданайдан оқ тиген екен. Жүремете сол қалмақ үш атыпты. Өзгелері дін есен, неше оқ болса Малайсарыға тиіпті. Батырлар аман келгеніне өзгелері қуанысқан екен, Абылай хан:
— Малайсары аман емес, аты кереңдеп қалды! — депті. Айтса, айтқандай, Малайсарының белін оқ қиратып тастаған екен.
Қосына ап келіп түсіріп, жатқызыпты. Абылай хан:
— Өзге тамақты бұған бере беріңдер! Жалғыз-ақ ескі қатқан сүр ет бермеңдер! Шегі аман. Қатқан сүр ет берсендер, шегі жыртылады. Онан соң үйірге қосылмайды! — депті.
Малайсарыны бақыршысы бағып, қоста жата береді. Өзгелері күнде аттанып қорғанға бара береді.
Бұрынғы хандар мұндай зор соғысқа барғанда, қосынды үш бөлек қылады екен. Бір бөлегін: «кезуілші» деп, оқшау бөлек алдында жүргізеді екен. Бір бөлегін: «тосқауылшы» деп, ханды ортасына алып, орта буында жүреді екен. Бір бөлегін: «салықшы» деп, запас баққан аттарымен кейін арттарына тастайды екен. Олжабай бұрын есепке кіріп, қатарға қосылмаған күні болса керек. Әйтеуір сол жорықта бар, бірақ «салықшылардың» ішінде екен.
Олжабай — ат жайған көп қазақтың бірі. Атын жайып, көйлек-дамбалын шешіп, қаннен-қаперсіз [каннан-қабарсыз] қарап отырса, бір кек шолақ атты, кек шекпенді біреу екі етегі жалп-жалп етіп, далақтап, екі көзі алақтап, атын басқа-көзге төпелеп [төбелеп], із өкшесі елсіз даладан шығып, дәнемемен ісі жоқ, Олжабайдың қақ қасынан шауып өте бергенде, Олжабай:
— «Немене, немене» деп асығып-үсігіп қайда барасың? — деді. онда ол:
— Он сан орта жүзге ұран болған Олжабай алтын қақпаны дал-дал қылып бұзып, жұртқа олжа үлестіріп жатқанда, олжадан құр қалайын ба? — деп шаба жөнеліпті.
Олжабай батыр отыра алмай, ұшып тұра келіп:
— Уау, мына қалмақтың дал-дал болуы, мына қақпаның бұзылуы менің қолымнан болмақ екен-ау, — деп, тұра киініп, аттанып:
— Олжабай! Олжабай! — деп, шауып, жолында тұрған Абылайдың ала туын жұлып ала жөнеліп, қорғанға қорғаламастан қасқиып жетіп барғанда, бір қалмақ туды көздеп атқанда, қалмақтың ту ұстаған қолының қоспасынан тиіп, оны бір тікенек қадалған құрлы көрмей, ала туды Абылайдың өзіне бере салып, аттан түсе қалып, дарбазаны [даруазаны] шапқылағанда, қалайы-қорғасын құйып жасаған дарбаза саз балшықтай иленіп, қамалып жүрген қазақ сорлы, несін сұрайсың, қарқ олжаға батып, мәре-сәре болыпты.
— Олжабай, Олжабай! — деп, тұсынан шауып өте бергенде, қозғала алмай жатқан Малайсары белін оратып таңдырып:
— Мына жауды Олжабай мұқатып алып, абырой әруақ Олжабайда қалатұғын болды. Мен құр қалам ба? — деп, атқа үш мініп, үш түскен екен. Осы хабар Шүршіт патшасына естіліп:
— Сол қақпа бұзған батырын маған жіберсін, көремін! — депті.
Барған соң құлжаның қос басындай оқтың үңірейтіп тесіп кеткенін көріп:
— Мына қолыңды оқ мынадай үңірейтіп кеткенде, қақпаны қалай шапқылап жүрсің? — депті.
— Мен оқтың тигенін де, оның не қылып, не қойып жүргенін білдім бе екен? — депті.
Сонда Шүршіт патшасы сары ала ту, сауыт-сайман, дулыға, қалқан, сауытты ат мінгізіп, құшақтасып, дос болып, бұрынғы Олжабай емес, басқа бөлек Олжабай болып қайтыпты.
Малайсары батырдың бір сөзі қала беріпті. Ол не сөз десең, Абылай хан айтты ғой: «Қатқан сүр ет бере көрмеңдер» деп. Қалмақ қорғанда қамалып жатыр, бұлар елсіз-күнсіз далада қамалып жатыр. Түсте бірін, кешке бірін сойып тұратұғын қой-қозы бар ма? Қызыл турам ет жұртқа жерік асындай болып, Малайсары бақыршысын шақырып:
— Қызыл турам етке тісімді тигізбесең, басынды шауып тастармын! — деп, қаһарланыпты. — Ала қоржын қайда? Алып кел! Соның түбінен қызыл турам ет табылмаса, менің кұрығаным ғой, қараң суалғаным ғой! — деген соң, ала қоржынды алып келсе, ақтарып қараса, бір қазы жатыр екен. Ортасынан тұтамдай кестіріп алып, астырып жепті.
Абылай хан келген соң көрсе, бұзылып, келіспей қалғанын көріп:
— Ұрған екенсіндер ғой! Сұр ет бердіңдер ме? — дегенде:
— Қазының ортасын беріп едік, — десіпті.
— Енді болмады, жалғыз-ақ ілініп тұрғандығы шектің бүтіндігі еді. Ай, бәрекелді-ай, келіспеді-ау! — депті.
Сонда Малайсары батыр айтқан екен:
— «Әзірейіл, шіркін, бұл қайда жүр өзі?» — дей беруші едім. Ала қоржынның түбінде бұғып жата берген екен. Сөйтіп амалын тауып, айласын асырып алмаса, біздей кісіге бадырайып келуге оған да жан керек қой! — деген екен.
Сол сапарда демі таусылып, сүйегін елге алып келіп қойыпты.
Оқуға кеңес береміз:
Сүйіндік Олжабай батыр ертегісі
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі