(Көрініс)
(Орманда Түлкі мен Қонжық кездесіп, әңгімелесе бастайды.)
Түлкі:
— Сәлем, сен әлгі Қоңыр Аюдың қонжығы емессің бе?
Неткен көріксізсің өзің?! Жүнің — сабалақ, аяғың — маймақ, тырнағың — сояудай.
Қонжық:
— Сәлем, сұлу Түлкі! Расымен менің түрім ұсқынсыз ба?
Түлкі:
— Әрине! Сұлулық деген мына — мен! Маған қарашы? Тоным қандай әдемі? Көзім қандай әдемі?
Қонжық:
— Ия, сұлу екенсің!
Түлкі:
— Қой, Қонжық! Мен кеттім. Тым болмаса жуынып жүр.
Қонжық:
— Сау бол!
(Түлкі кетеді. Қонжық мұңайып отырып қалады. Сахнаға Аю шығады.)
Аю:
— Қонжығым, неге мұңайып отырсың?
Қонжық:
— Анашым, менің түрім ұсқынсыз ба?
Аю:
— Оны кім айтып жүр?
Қонжық:
— Түлкі айтты: «Аяғың - қисық, жүнің - сабалақ, кір-қожалақсың» - деді.
Аю:
— Керісінше, сен — сүйкімді, епті, ағашқа да өрмелей алатын, суға да жүзе алатын, жылдам жүгіре алатын аңсың.
Қонжық:
— Мен сенбеймін!
Аю:
— Онда жантанушы Жапалақтарға бар. Солар сендіре алар.
(Аю шығып кетеді. Қонжық сахнаның келесі жағына барып дыбыстайды.)
Қонжық:
— Кукку, пхпх!
(Сахнаға үш Жапалақ шығады.)
1-ші Жапалақ:
— Сәлем қоңыр Қонжық! Жәйша жүрсің бе?
Қонжық:
— Қайырлы күн, Жапалақ апайлар! Сіздерге бір шаруамен келіп отырмын. Айтыңыздаршы... Мен ұсқынсыз, маймақ, кір-қожалақ, сабалақ аңмын ба?
1-ші Жапалақ:
— Егер сен өзің жайлы солай ойласаң, алдымен жуынып кел! Ал «мен сүйкімдімін» - деп ойласаң, кейін жуын. Қазір сөйлесіп алайық?!
Қонжық:
Алдымен сөйлесіп алсақ..
2-ші Жапалақ:
— Жаратушы әу баста, адамдар мен түрлі аң-құстарды жаратқанда, асқан шеберлікпен, есеппен жаратқан. Егер біреу: «Мен өзгелерден артықпын» деп ойласа, қатты қателеседі. Ал басқа біреу: «Мен өзгелерден кем жаратылғанмын»-десе, ол да қателеседі.
Қонжық:
— Сонда мен сүйкімдімін бе?
2-ші Жапалақ:
— Әрине! Өте сүйкімдісің! Ал тырнақтарың қандай әдемі?! Сен олармен жеміс теріп жейсің. Қорғанасың. Ағашқа өрмелейсің.
Қонжық:
— Аяқтарым ше? Маймақ емес пе?
3-ші Жапалақ:
— Сен ірі аңсың. Саған бұдан өзге аяқ жарамайды. Аяғың жүгіруге де, жүзуге де, тауға өрмелеуге де ыңғайлы жаралған.
Қонжық:
— Рақмет сізге! Сабалақ жүндерім жайлы не айтасыз?
3-ші Жапалақ:
— Өзі түсіп қалады. Сосын өзгесі шығады.
Қонжық:
— Қандай ақылды едіңіздер?! Сіздерге алғысым шексіз! Мен қате ойлаппын..
1-ші Жапалақ:
— Қонжық, егер біреу сенің сыртқы бейнеңді жамандаса, оған бола қайғырма! Оны сен жаратқан жоқсың.
2-ші Жапалақ:
— Ал мінезіңді жамандаса, онда ойлан! Мінез — сенің туындың!
3-ші Жапалақ:
— Енді қайта берсең болады... Өзіңе берілген бейнеңе разы бол! Шүкірсіздік қылма!
Қонжық:
— Көп рақмет сіздерге! Мен барлығын түсіндім! Сау болыңыздар!
Жапалақтар:
— Сау бол! Бар бол!
1-Автор:
— Содан бері Қонжық өз-өзіне сенімді, бақытты аңға айналыпты. Бірде тәкаппар Түлкі қоңыр Қонжықпен қайта кездесіп қалады. Ол әдетінше Қонжықты ренжіте бастайды.
Түлкі:
— Қожалақ Қонжық! Сабалақ қонжық! Қайдан келесің?
Қонжық:
— Біріншіден, мен өте сүйкімді Қонжықпын! Екіншіден, мені ешкім ренжіте алмайды. «Мейірімге толы жан — айналасына нұрын шашады, махаббатқа мұқтаж жан — айналасына уын шашады!» Сау бол! (Қонжық кетіп қалады.)
Түлкі:
— Мына қожалақ Қонжық не деп кетті? Маған «у шашасың» - дей ме? Бұған мұндай сенімділік қайдан келген? (Осы кезде Жапалақ өтіп бара жатады. «Ааа» деп Түлкі күліп жібереді.)
— Ах, Жапалақтар! Сендер екенсіңдер ғой бәрін бүлдірген?!
4-Жапалақ:
— Біз не істедік Түке?
Түлкі:
— Қонжықты құтыртып жіберіпсіңдер?
5-Жапалақ:
— Құтыртпадық! Өз-өзін бағалауды үйреттік!
Түлкі:
— Маған да үйретсеңдерші?
Жапалақ:
— Саған «Өзгені бағалау» сабағына қатысу керек?! Қаласаң, кел!
Түлкі:
— Не қыламын өзгені бағалап?! Өзімді ғана жақсы көремін!
Жапалақ:
— Олай болса жалғыз қалдым дей бер! Сау бол! (Кетіп қалады.)
Түлкі:
— Неге жалғыз қалады екенмін..? Ей, Жапалақ? Тоқташы? (Артынан кетеді.)
2-Автор:
— Құрметті балақайлар! Сендердің де араларыңда өзгелерді жаратпайтын балалар болса, ойлансын?! Егер түрлерің айдай сұлу болса да, мінездерің нашар болса, айналаға сүйкімсіз көрінесіңдер. Ал мінездерің көркем, өзгеге мейірімді болсаңдар, сендерді елдің барлығы жақсы көретін болады. Мәселе түрде емес, мінезде...!
Гүлмекен Қасенбай
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі