Дүниеде адам күлетін, адам жылайтын, адам ұялатын, адам жиіркенетін, адам лағынет айтатын қылықтар, іс-әрекеттер жасалып жатыр. Бұл әрекеттердің әр жағында мейірімге, махаббатқа, жылылыққа зәру адам тұр.
Алу үшін беру керек. Бұл - заңдылық. Тек ала беру адамды жалмауыз етеді. Эгосын ғана тойдыра берген адамнан қасиет кете бастайды. Сосын оның орнын ештеңемен толтыра алмайсың. Ең сүйікті дүние де, биік орындық та, әдемі киім де, атақ та, басқа да уақытша жұбаныш.
Неге адамдар тапқан таянғанына киім ала береді, неге дүние жинай береді, неге үнемі дүкен аралап жүреді, жоқ болғаннан емес, көбі эгосын қанағаттандыру үшін. Ол қуаныш та ұзаққа созылмай, бітіп қала береді. Сосын тағы керек, керек болмаса да керек. Кейде неге бұлай екенін адамның өзі де түсінбейді. Себебі, рухани әлемдегі жыртық жамалмай тұр. Бос тұр. Қуыс әлем тек өз дүниесімен толуы керек. Оны басқамен толтырып, алдай алмайсың.
Адамның қолынан бәрі келсе де, өзіне әлі келе бермейтін жаратылыс. Адамдардың пендешілігін байқағанда, осы жасқа дейін түк бітірмегеніне, санасын өсіре алмағанына қынжыласың. Себебі, миды көп тыңдайды. Эгоның айтқанымен жүреді. Жүректі, Жаратқанды қиналғанда ғана еске алады. Эгоизмнің шырмауына түсіп, маталып, буынып, “өлейін” деп жатқанда жүректің, мейірімнің бар екенін еске алады. Жаратқанға жалбарынады. Көп жағдайда есегі судан өткен соң бұрынғы “таз” қалпына қайта түседі. Мұндай шеңберден шығу үшін сананы ояту керек, жүректің көзін ашу қажет. Қасиеттерге оралу керек. Құлдықтан босап, тынысты ашу қажет.
Өзін жақсы көрмеген адам бар жауапкершілікті өзгенің мойнына ілгенді жақсы көреді. Құдай жауапты, тағдыр жауапты, басқа адамдар, тек сіз емес. Хауа ананы азғырған жылан жауапты. Жауапкершілікті өзгеге ілу деген үлкен жауапсыздық. Жауапкершіліктен қашу адамның жеке тұлға болып қалыптасуына кереғар әсер етеді. Адам жауапкершілікке өзін жақсы көре білген кезде келеді. Әр адам өз жауапкершілігіне қуанып, соған сай өмір сүреді. Жауапкершілікті өзгеге арту уақыт жоғалту. Еркіндігіңді ұрлату. Өзгенің тәуелділігіне түсу. Жауапты болу адамға қуат-күш сыйлайды. Адамның тамырын тереңге тартуға мүмкіндік береді. Жауапкершілікті алудың қайнар бұлағы өзіңді жақсы көруден басталады.
Сананың ең биігіне жеткен адам - өзін жеңген жан. Мықты адам деп соны айтады. Қалған жетістік деп жүргеніміз - бәрінің қолынан келетін дүние.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі