Өлең, жыр, ақындар

Әлем халқының саны 8 млрд адамға жетті

Былтырғы қарашада Біріккен Ұлттар Ұйымы әлем халқының саны 8 миллиардқа жетті деп хабарлады. Бұған дейінгі межеге — 7 млрд адамға 2011 жылы жеткен болатын. Яғни соңғы 11 жылда дүние жүзінің халқы 1 млрд көбейді. Көрсеткішті Азиядағы демографиялық өсім көтерген. Африкадағы халық санына тағы 400 миллионға жуық адам қосылған. Халық саны артқан елдердің көшін Үндістан бастап тұр. Үндістан халық саны 177 млн адамға көбейген. Қытайға 73 млн адам қосылған, болашақта олардың саны азаймақ. Үшінші орында — Нигерия. Әлем халқы санының артуына Еуропаның үлесі тым аз екені көрсетілген. Тіпті «Кәрі құрлықта» халық саны азайып жатыр. 2037 жылға қарай жер бетінде тоғыз миллиард адам, 2058 жылы 10 млрд адам болады деген болжам бар. Біріккен Ұлттар Ұйымы әлем халқының ең жоғары шегі 2080-2100 жылдар аралығында шамамен 10,4 млрд-қа жетеді деп отыр.

Жалпы, БҰҰ сарапшыларының мәліметтеріне сәйкес, былтыр қараша айында әлем халқының саны 8 млрд адамнан асқанына қарамастан, соңғы уақытта өсім біртіндеп баяулап қалғаны байқалады. Мәселен, 2019 жылы халық өсімі 76 млн адамды құраса, 2021 жылы 68 млн адам болды. Сонымен қатар, 2050 жылға қарай халықтың болжамды өсімінің жартысынан көбі (1,8 млрд адам) тек сегіз елде шоғырланатын болады: Үндістан (253 млн), Нигерия (159 млн), Пәкістан (132 млн), Конго Демократиялық Республикасы (118 млн), Эфиопия (91 млн), Танзания (64 млн), Египет (49 млн), Филиппин (42 млн). БҰҰ мәліметтері бойынша, биыл Қытай халық саны бойынша Үндістанға жол берді. Болжам бойынша 2030 жылға қарай үнділер саны 1 миллиард 515 миллион адамды құрайды, ал Қытайда 1 миллиард 416 миллион адам болады, яғни үнділер саны қытайлардан 100 миллион адамға асып түседі. 2050 жылға қарай Үндістан халқының саны 1,7 млрд адамға жетеді, Қытай — 1,3 млрд адамға дейін азаяды. 2050 жылға қарай әлемдегі халық саны бойынша үшінші ел Нигерия болады. Ондағы халық саны 2050 жылы 377 миллион адамға жетуі тиіс (2022 жылы 218 миллион адам тұрады), АҚШ төртінші орынға түседі, 2050 жылы ондағы халық саны 375 миллион адам болады (2022 жылы 339 миллион адам), халық саны бойынша бесінші ел Пәкістан болады, ондағы халық 368 миллион адамға жетеді (қазір 236 миллион адам), ал алтыншы — Индонезияда 2050 жылы 317 млн тұрғыны болады (қазір 275 миллион адам).

Оқуға кеңес береміз:

Халық санының динамикасы

Халқы жойылып кету қаупі бар 10 ел


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз