Өлең, жыр, ақындар

Жұлдыздар неге жылайды?

ЛИРИКАЛЫҚ ПОВЕСТЬ

Қайыры жоқ қауымның түксиген қабағынан түрткi көрген қайыршыдай жүдеу тартқан жылауық күз соңғы күндерi құшағындағы бауыры — қара жердi өкпеге оқша қадалған қара суығымен ықтырып, қытымыр қылық танатып алған. Шәлкес күздiң шылауындағы сұр аспан да жуық арада жадырап, жылы шырай, жұмсақ мiнез аңғартар сыңайы жоқ.

Жол шетiне оқшау өскен шеңгелдiң селдiр сылдырмағы тау жақтан соққан өкпек желдiң өтiнде безек қағып, тыншу таппай қанкөбелек ойнайды. Осы сәтте ол да дәл түбiмен жанай өткен сыла жол үстiмен iлби басып кетiп бара жатқан жүдеу өңдi жасөспiрiм балаға өзiнiң жайын айтып қалғысы келгендей, зарлы бiр ызыңмен бебеу қағады. Мекен еткен тұрағынан ажырап қалар қаупi бардай, өкпек желдiң өзеуреген дүр мiнез-қылығынан араша тiлеп, жан-жағынан жалбарына жанашырлық күтетiндей. Төмен қарай иiр бiткен тырбық бұтағы дүлей дауылда жандалбаса қылып, көзi шалған қараны құтқарушы құдайдай көрген сыңайда. Тоң тонын кие қоймаған жердiң жұқанасына таласа жармасып, тұяқ iлер тiрек iздеп кеткендей әрi-сәрi халде. Тамырына тұтқа боп, арашашы анадай болған жердiң бетiн аяусыз арсалап, әжiмдi айғыз салып тастапты.

Шеңгел тұсқа аз аял жасаған бала оның осы бiр оқшау қимылын қызықтағандай ойлы күйде бiраз тұрды.

Арсын-күрсiн мiнездi осынау ызғарлы шақта ауылдан жырақ, оңаша кеткен оқшау мiнездi осы баланың өң-жүзi соншалықты мұңды. Зердесi бар бөгде көз жапырағын жаңа жайып, тiрлiктiң жаңа өрiсiне қоныс тепкен жас шынардың суыққа ерте бой алдырған сиқын аңғарғандай болар едi.

Әрлi-берлi орағытып, төбе жаққа анда-санда тұмсық көтерiп, кiдiрiстей иiс салған қызыл қасқа төбет те әлгiнде үйден шыққандағы ширақтығын жоғалтып, иесiнiң алдын орай келiп, шоқия отырды.

Ол ерекше бiр естi пiшiнде қасындағы баланың жүзiне жаутаң-жаутаң етiп, мойнын жиi бұрып, қайырыла қарай бередi. Серiгiнiң өзiне деген көктем шуағындай жылы ықыласының, еркелеткiш ойнақы қылығының соңғы уақытта iс-түзсiз жоғалғанына шектен тыс таңданулы.

Шаншыма жел тiптен зәрленiп кеттi.

Төбет iшiн тарта қыңсылап, оның ығына келiп, сүйене тұрды. Жылы ұяға керi қайтсақ қайтедi дегендей иесiне жаутаңдап қарап қойды.

Жүдеу өңдi жас иесiнiң бойында қызыл қасқа төбеттiң iшкi тiлегiн тереңдеп ұғар елгезек сезiм тап қазiргi сәтте жоқ та едi. Ол орнынан баяу қозғалып, өзiнiң дiттеген тұсына қарай бет алды.

Соңғы күндерi ауыл сыртындағы нар түйенiң өркешiндей осы бiр төбешiкке ол күн сайын болмаса да, күн аралатып келудi әдетке айналдырғандай едi. Қаралы үйде көп қалғысы келмей, жадау көңiлi өзгеше бiр тiлекпен осынау төбешiкке қарай тартатын да тұратын. Оның сырына өзi де толық түсiне алмайтын.

Өзге жұрттай тiршiлiк базарына емiн-еркiн араласып, тiлек-ойын тiлiмен жеткiзетiн үлкен сыйды табиғаттың өзi тартып алғалы, мiне аттай сегiз жыл.

Сызды көктемнiң сол бiр сәтсiз күнi басталған кесел мұны аз-ақ күнде тұралатып тастаған. Дәрiгер жоқ. Молда, қожаға қаратқан болды, бiрақ одан оңалып, орнына келген дәнеңе болмады.

Қағына тиген кесел бұған жүйемелете тигенi сонша, Тайжанды күзетiскен әйелдер бұдан мүлдем күдер үзiсiп, оны өмiрмен бiржолата қоштастырып та қойған-ды.

Аурудың бетi қайтып, бала берi қарағанда, бала-шағаның базарлы қылығын қатты сағынып, жүдеп жүрген жұтаң ауылдың кәрi-жасы риясыз қуанысып, Тайжанның ағасы мен шешесiне ақ тiлек, ақ батаны мол айтысып едi. Бiрақ бұл қуаныш баянды болмады.

Қолды-аяққа тұрмай, сайрап жүрген жетi жасар Тайжанның тiл мен құлақтан бiржола айырылып шыққаны ел құлағына жай оғындай жат хабар болып жеткен. Жас кiндiктi саусақпен санаған, әр ошақтың басынан қара болып қалқиып, қант қаққан жасты ертеңгi күннiң үмiтiндей қөрiп жүрген тiлекшiл, түтiнi тiк шыққан тату мiнездi дүйiм жұрттың шынымен-ақ салы суға кетiп, жүдеп қалып едi.

Үркердей ұйлығып, бiр-бiрiмен ұялас балапандай тату-тәттi өскен ауыл балаларының ортасына аурудан соң алғаш келгенде, Тайжан өзiнiң шын кемтар, мүскiн болып қалғанын ендi сезiнгендей еңiрей жылап, үйiне қарай қашып едi…

Естi бала сол бiр күндерi өзi мен өзге жұрттың арасында көзге шалынып, көрiнбейтiн бiр кеселдi шекараның кесе-көлденең тартылғанын түйсiнiп едi. Тiл ұшына үйiрiлiп, лықсып келе қалған әлденелер өз-өзiнен тұншығып, торға түскен торғайдай тыпыршып қала беретiндей. Айнала дүниенiң даңғаза, мол шуы Тайжан үшiн ендi мүлдем жат болып қалған. Ұшар қанаты қайырылған құстай қос қымбатынан айырылған Тайжанның ендiгi иек артар медеуi — жарық дүниенiң сан өзгерiп, сан құбылар бояуын ажыратып, аңғарар асылы — көз жанары мен өз-өзiнен ым-қимылға ерiксiз сұранған қолдары ғана. Естi тiрлiк иесiнiң есту, түсiну, сөйлеу сынды асыл қасиеттерi өз салмағын ендi осы екеуiне артқан. Тiптен соңғы кездерде адамдардың ажарындағы көңiлдiң алуан түрлi күйiнiң құбылмалы бояуларын ерекше жiтi қабылдап, тым сезiмтал, сергек болып алғандай. Бiрақ ашық аспанын тосыннан торлаған безер бұлт оның бұрынғы көпшiл, елгезек мiнезiн тұйық етiп, қаракет-қимылына адым аттатпас шiдерлi тұсау салғандай тым сүлесоқ, сылбыр етiп кеткен.

Оның толасы жоқ тiршiлiктiң қым-қиғаш шарпысып жататын толқынды теңiзiнен жағаға лақтырылған жаралы балықтай жырақталып қалғанын сезiнiп те жүрген сәттерi болды. Сағынысқан серiктерiмен емiн-еркiн қосылып, өзге дүниенiң барлығын ұмыта бiр айқайлап, асыр салғысы-ақ келедi. Әттең…

Кешегi күнi күлiсiп ойнап, жұлысып төбелескен балалардың барлығы мұны көргенде өңдерi өзгерiп сала бередi. Сәбилiктiң сары уызынан аршылмаған ажарлары табан асты құбыла өзгерiп, шуақты көктемнiң шырайын бұзар, мезi мiнездi ақ сiлбi жауынындай аяушылық пен мүсiркеушiлiкке ауысады. Бiрақ адам бәрiне де көндiгедi екен, бәрiне де үйренедi екен.

Тайжан төбешiкке тақалып қалды.

Осы бiр оқшау бiткен жалғыз төбе ауыл балаларының ойнақ салар ордасындай болған аяулы орын едi. Қыс түсiп, қар қалың жатса, қолдан жасаған шанаға, шылапшын мен жалпақ күрекке жайдақ мiнген балалар ойға қарай құлдырап, өзге дүниенi естен кетiрiп зырлар едi. Қызығы мен қиқуы бiр тынбайтын ойыншыл төбе бүгiн кiрпияз тартып, айналасына өкпесi бардай, салыңқы қабақпен состиып тұрыпты. Тiптi төбе басына еркелене, сылаң қағып шығатын жалғыз аяқ сүрлеудiң өзi бүгiн тоң-торыс жатыр.

Осылай беттеген екеуi соқпақпен iлби жылжып, төбеге көтерiлiп келе жатты…

Шоқының ұшар басына шыққанда, айнала алақандағыдай көрiндi. Сонау алыстан бұраңдап келiп, бергi сайға құлайтын жолдың ақшулан бозамық тартқан қос табаны көзге бұлдырай шалынады. Жүдеу жолдың жүлгесi әрi қарай ұзай түскен сайын көз ұшында тұманытып, бұлдыр шалынған Ақжонның асуына өрмелей шығып, әрi аунап түседi.

Аңғары ашық, кенерi жатаған сайдың қақ ортасымен бұралаң ағып Шолпы жатыр.

Тайжанның жүдеу ажарын қоңыр күз шуағындай сезiм самалы желпiп сала бергендей болды. Жып-жылы бiр нұрлы ағын тал бойын жуып өткендей. Сұлу Шолпының жасыл жағасымен өтетiн қос өрiм қасқа соқпақ анау арқар тұмсығына ұқсас жақпар тасқа дейiн жарыса ойнап барып, жатаған, жуас беткейдiң бауырымен қиялай өрмелеп, қиянға шығып кетiп барады.

Оның көз алдына биылғы мамырдағы бiр шуақты күн келдi. Естен кетпес сол бiр тамаша күн де сағымды түстей жалт етiп өте шыққан екен-ау. Тiптi шындық екенiне сенгiсi де келмейтiн сияқты.

Ауылдың бас көтерер үлкендерiмен бiрге Тайжан да, өзi құралпы балалар да шығып колхоздың тоқымдай жерiн кетпендесiп, тұқымын сеуiп, малаласып, көп септiктерiн тигiзiскен. Апасы да сол көптiң бiрi болып, аз күндiк науқанда бел шеше қимылдап, қайрат қылысып жүрген едi. Алайда Тайжан соңғы күндерi өз анасының көппен онша сөйлеспей, сәл салыңқы кейiпте, жүдеу тартып жүргенiн жиi байқаған.

Тайжан қабақ астымен анасының әр қимылын бағатын бiр әдет шығарып алғанын өзi де аңғармап едi. Тек өрмекшi торына түсiп, бебеу қаққан шыбындай шыжбалақтаған елбек ой бұған iштей тыншу бермейдi. «Апыр-ау, не болды?»

Кейде үйге оралғанда шешесiнiң аса бiр мұңайған күйде маңдайын күйе жалап, қап-қара болған қазандық пешке тесiлген күйi ұзақ, үнсiз кiрпiк қақпай қадала қарап отырғанын көретiн. Кей сәтте ол өз баласының мұңлы бiр пiшiнде өзiне тесiле қарап отырғанын сезгенде, бұған кiнәлы бiр жандай жаутаңдап қарар едi.

Шешесi соңғы күндерi әйнегi жарық, төрт көз бәкене терезе алдынан сирек өткен әлдекiмдерге қатты елеңдеп, сырт жаққа мойнын созып, мазасыздана қарағыштайтынын Тайжан жиi байқаған.

Киiзбен қаптаған қоңыр есiк шалқасынан ашылды да, iшке шолақ қолды тапал бойлы кiсi келе жатты. Екi езуi екi құлағында. Шешесi шапшаң қимылмен орнынан атып тұрды.

Шолақ қол кiсi оң иығына асқан қоңыр қызыл сөмкесiн терезе алдына қойды да, iшiнен үш бұрыш қағазды алып шықты. Оның үстiне түсiп кете жаздап, тыпыршып, тыным таппай тұрған шешесi әлгi қағазды шолақ кiсiнiң қолынан жұлып алып, кеудесiне басты. Көзiнен ытып-ытып жас шықты. Әлгi кiсi жас балаша мәз болып, оң қолымен кiшкене сүйiрше мұртын ширатып қойып, төрге шыға бердi. Апасы үш бұрыш қағазды Тайжанға ұстата салды да, текшеленiп жиналған көрпенiң ең астынан өңiне қылау түспеген қоңыр шибарқыт ұзынша қөрпешенi төрт бүктеп, төрге салды. Көзiнiң жасын жаулығының ұшымен сүртiп тастап жүр. Оқта-кетте болмаса көп ашыла бермейтiн, бет сыры көмескi тартқан кебеженiң де аузы ашылып қалды. Аузы түюлi ақ қалта да жарыққа шығып, шыжымдалып шарт түйiлген бауынан босанды.

Қылта тамақтың тiлекшiл тәбетiнен жырымдалап, көз талдыра күттiрген қадiрмен қонағына арналған асыл сый-базарлық сынды ақша қардай аяулы құрт та, тау сарғалдағындай көз жауын алған сап-сары iрiмшiк те, тiл үйiрiп, дәмi түсiңе кiрiп шығатын бес-алты түйiр қант та дiрiлдi қолдың саусақтарымен iлесiп, төмен аунап түсiп жатты. Жүдеу дастарқанда жетiмсiреп жатқан екi-үш кесiм нан мен қолдан жонған ағаш тостағанның түбiндегi бiр уыс қуырған бидай да көптен сағынысқан құт-берекелi қоңсыларымен қайта табысып, шырайланып қалғандай.

Шолақ кiсi көзiн сығырайтып үш бұрышынан жазылып, кең жайылған қос парақ қағаздағы жұмбақ иректердiң бойын қуалай, анда-санда бұларға жымың етiп көз салып қойып, баппен оқып отыр. Қағаздың алғашқы бетiнен ауысып, келесi бетiне көшкен кезде шолақ кiсi сәл қабақ шытып, басын шайқап қойды. Шешесiнiң көзiнде үрей сынды әлдебiр ұшқын жалт ете қалғандай болды. Бiрақ сәлден кейiн әлгi кiсiнiң түйiлген қабағы жадырап, қарсысындағы екеуiне жымың еттi да, ажары алғашқы, сабырлы қалпына қайта түстi.

Қасындағы анасын бiр қуантып, бiр сәтке үрейлендiрген, ара-тұра бiр- бiрiне қатты ұқсай, қатарласа жарысқан ғажайып иректердiң құпиясына Тайжан бiршама таңданғандай халде отыр едi. Әлгiнде ғана қуқыл тартып, көз шарасын үрей өртi шалған анасының жүзi қайта жадырап, кеуде кере тыныс алды. Еңкiш тартып, қимылсыз қалған денесi белгiсiз бiр бұғаудан босанғандай қайта түзеле бердi. Жұмсақ бiр дiрiлмен жаулық ұшына жармасқан саусақтары да саябыр тапқандай.

Тар терезеден мол шуақ тiккен күн сәулесi анасының жүзiне түсiптi. Оның қуанышпен ұшқындаған жанарының айналасы мөлтек жасқа шып-шып толып, тұнып тұра қалыпты.

Қызық! Ендi бiр сәтте Тайжанның көз алдына Шолпының жағасында өсетiн созалаң, сида пiшiндi, iркiс-тiркiс бунағы мол шашыратқы келе қалды. Апасының көзiндегi жас тамшылары таңғы шақта, өзенге жуынуға барғанда шуаққа шомылған шашыратқының ұлпа көк, үлбiрген гүлдерiне iлiнiп, iркiлiп тұратын неше алуан бояулы шықтарына тым-ақ ұқсайды екен. Не деген әдемi тамшылар едi!

Ол әлдененiң тамағына жұмсақ түйiн болып кептелiп, тал бойын шым еткiзген бiр шарпынды сезгендей. Астыңғы ернiн құшырлана тiстеп, тамағына дiр-дiр етiп тұра қалған толқынды тежеп, керi қайырды. Қарыс қадам жерде отырған анасының тоқсан тарау толқуы мұның сезiмтал жүрегiнiң бiр нәзiк қылын қозғап өткендей болды. Ең жақын жанының жан дүниесiндегi сан алуан көп күйлердiң бұған естiлмес үнiнен ол ешқашан бейхабар қалған емес. Сондықтан да арасында айырым жолағы бар жақсы мен жаманның, қуаныш пен қайғының, күлкi мен көз жасының көп сырлары Тайжан үшiн тiптен жат, таңсық емес-тi. Тымырсық теңiз астының жұмбақ тiрлiгiн оның бетiне, толқынына қарап барлау жасаған бiлгiр жанның қасиетiндей бiр күй Тайжан сезiмiн ерекше ұштап, өткiр еткен. Осыдан да болар, ол өзi көрген құбылыстың болмысына бойлай қарап, кездескен, ымдасқан жанының бет-ажарын бағып, олардың әрбiр қимылына мән бере қарайды.

Тайжан шолақ кiсiнiң дiр-дiр еткен қолында ақ көгершiндей елп етiп ұшып кеткелi тұрған қағаздағы қазқатар жазуларға бiр қарайды, анасының жүзiне бiр қарайды… Мұртты кiсiнiң аузының қимылы бiр түрлi қызық. Тегi, айтар сөзiн асықпай, баппен айтатын сынды. Анда-санда күлiм қаққан көз қиығымен Тайжанның шешесiне қиғаштап қарап қояды.

Тайжан жеңiл күрсiндi. Ол ағасының жазуын айнытпай танып отыр. Сол бүйiрге қарай сәл қиғаштап, iрiректеу етiп жазушы едi. Анау үшкiлдiң ортасынан төменiректеу тұстан керген арқандай қылып, кесе сызыпты. Онысы несi екен?

Тал бойымен қунақ ойнақ салған қуаныш үстiндегi оған шолақ кiсiнiң қазiргi шақтағы келбет-көркi ерекше жақын, әрi сүйкiмдi көрiнедi.

Анасы дiр-дiр еткен қолымен сарғыш сырлы ағаш жәшiктiң iшiнен бүктеуi жазылмаған ақ матаны шолақ кiсiнiң алдына қойды. Ол алмаймын деген раймен, басын шұғыл шайқап, орнынан тұра берген. Бiрақ апасы қоярда- қоймай, оның оң иығына асқан қызыл сөмкесiнiң iшiне ерiксiзден сүңгiтiп жiбердi.

Апасы қасында жымия күлiп тұрып қалған Тайжанға әлдене деп сөйлей, мойнынан құшақтап, маңдайынан, бетiнен құшырлана сүйiп-сүйiп алды да, далаға атыла шықты. Ол да қосыла жүгiрiп, сыртқа апасымен бiрге шықты.

Шешесi анадай жерде көне сары самаурынды үйге алып кiргелi бара жатқан көршi үйдiң әйелiне әлгi үш бұрышты қағазды алып жүгiрiп бара жатты…

Оның көз алдына өткен күндердiң сол бiр көрiнiстерi сол қалпында, сол еш өшпеген, көмескiленбеген қалпымен келiп, ақ қанат балапандардай тiзiлiп тұра қалды.

Сол күнi жас Тайжанның бала жүрегi осы үйге қуаныштың ақ желкендi кемесi келiп, тұмсық тiрерiн айқын сезген. Көптен берi көрiнбей кеткен ағасы — үш бұрыштың сыртындағы сол бүйiрге қарай қиғаштандыра жазу жазатын ағасы — келуге тиiс. Ол осыны анық сездi.

Кешке қарай үйдiң шаңы түгел қағылып, талайдан берi күн көрмеген көрпе-төсек сiлкiлендi. Анау терезе тұстағы бұрышта белiнен қынай буылып тұрған домбыра да жарыққа шығып, өзiнiң ашық ажарымен төр тұсына iлiндi.

Алақандай аз ғана ауылдың адамдарының үйге бас сұқпағаны жоқ. Тiптi өзiмен бiрге осы төбе басында асыр салып ойнайтын, көзi қулана күлiмдеп тұратын қалқан құлақ бала да шешесiмен iлесе келiп, дастарқандағы домалақ тәттiнiң үш-төртеуiн ышқырына жымқырып кеттi.

Ересектердiң көпшiлiгi шешесiмен қос қолдасып амандасып, бас шұлғысып жатты. Кейбiр көңiлi бостары көздерiне келген жастарын қол сыртымен сүртiп тастап, Тайжанды арқаға қағып, ашық көңiлмен жарқ-жұрқ етедi.

Елдiң бәрiнен кешiрек келген екеу болды. Көзi ылғи да шуақ күлкi шашып, күлiмдеп тұратын, ашық маңдайлы, әдемiше, дөңгелек беттi ақ құба қыз шешесiмен бiрге келiп, отырғандармен амандасты. Қыздың үстiне қынама бел қызыл бешпентi бар. Басынан қызыл орамалын тастамайтын. Бұл жолы да сол қызыл ормалымен келдi.

Тайжанның шешесi әлгi қыз келгенде жүзi балбұл жанып, қолымен төрдi нұсқап жатты. Бiрақ қыз, неге екенi белгiсiз, өзiнен-өзi тым ұяң тартып, шегiншектеп тұрды. Екi бетiнiң ұшы үлбiрей қызарып кеттi. Күлiмдеп тұратын көзiнiң шуақ шашқан күлкiсi бетiнiң ұшындағы үлбiрек, ұлпа қызылдың астарына ұялап, тығылып қалатын сияқты. Тек төменгi ернiн қымқырып, ұяң жымыңдайды.

Бiрде қырман басында Тайжанның ағасының домбырамен өлең айтқаны бар. Сонда осы қызыл орамалды, қынама бел қызыл бешпеттi қыздың тап осындай күйде болғаны Тайжанның есiнде тасқа таңба басқандай сақталыпты…

Сол күнгi айлы кештiң әдемiсiн-ай! Тайжанның үйiне келген ауыл балалары да ақсүйектi армансыз ойнады. Шолпы жағасындағы қашпа доп ойнайтын жазаңда ат ойынды салған балалардың сақ-сақ күлген күлкiсiн Тайжан құлағымен болмаса да көңiлiмен естiдi. өзi де бiрнеше рет қалың топтан озғандай шауып, мәреге бiрнеше рет сүйек олжасын әкелiп салды.

«Пай-пай, Шолпының ғажабын-ай десейшi! Мынау кең дүниеде Шолпыдай сұлу, Шолпыдай аяулы, Шолпыдай тұнық сулы өзен бар ма екен, ә?! Әй, қайдам-ау, жоқ шығар! Ананы қараңдаршы… Сонау алқара көк аспаннан ақтарылып түскен сан жетпес сынық жұлдыздар әр толқынның жалына еркелей жабысып алып, алысқа ұзап кетiп жатыр, кетiп жатыр. Неткен ғажайып көрiнiс, не деген сұлулық!»

Тайжанның тiлсiз тiлi осылай деп айқайлады. Көмекейден сыртқа еш тоқтаусыз ақтарылған ашық күлкiсi айналасына осылай жар салып тұрғандай болды.

Қызыл қасқа ит те бiр асырды салды дейсiң. Ол да тiлмен айтып жеткiзе алмайтын үлкен қуаныштың болатынын сездi ғой. Секiрiп келiп Тайжанның мойнына асылып тұра қалады да, өзен суын кеше-меше көктұйғындай бiр құтырына ызғиды дейсiң. Ит аяғының астынан аспанға мөлдiр моншақ болып, шашылып төгiлген тамшылар болар тойдың, келер қуаныштың күн iлгерi шашылған ақ шашуы, алтын шашуы секiлдi…

Тайжан төбенiң жатаған етегiнен әрiректе бұрала ағып жатқан Шолпыға ұзақ, тесiле қарап отырды. Көз алдына өзеннiң сол түнгi естен кетпес ғажайып бейнесi, өз жүрегiнiң сондағы толқынысы, қуанышы келдi.

Иә, ағасы анау Шолпы жағасындағы жолмен келiп едi-ау. Аудан орталығынан тұқым алып қайтатын арба Ақжоннан берi құлағанда, Тайжан өз-өзiнен елегiзiп, тыным таппаған. Әсiресе соңғы үш-төрт күннiң беделiнде ол өз бойынан бөлекше мазасыздық табын аңғарды. Кеудесiндегi кiшкене жүрегi тыншу таппай дүрсiлдеп, лүпи соғып, алабұртумен болды. Әлдеқандай бiр беймәлiм күш оны осынау төбеге жетектеп, жан дүние, бар жүрегiмен күткен, асыға күткен қуаныштың сонау жақтан келерiн түйсiнгендей-дi. Ақжонның иығына асылған қасқа жол осы бiр аяда түтiн түтетiп, ұйлығып отырған кiшкене ауылды бұл көрмеген, бiлмеген үлкен де қасиеттi құпиясы бар жұмбақ өлкемен байланыстыратын жол екенiн жүрегiмен, жанымен бiр кiсiдей-ақ сезiнетiн.

Бергi жақпар тасты еңiске құлай берген арба үстiндегiнiң бiрi өзiнiң ағасы екендiгiн айнытпай таныған Тайжан төбеден төмен қарай «аттың басын» қоя берген. Кiшкене жүрегi кеудесiне сыймай бара жатты. Ылдидан төмен қарай құлдырағанда қос қолы желге қарсы ұшқан ақ шағала қанатындай қалқып, көкке әуелей көтерiлiп кеттi. Артына шапшаң қайырылып, көз қиығын тастап едi, өзiмен төбе басында бiрге жүрген серiктерi де дүмей шауып келедi екен.

Қасқа жолдың жалпақ табанына түсiсiмен-ақ құландай жортып алып бiр кеттi дейсiң. Екi аяғы оның өз еркiнен тiптен тыс қимылдайтын сияқты. Айнала дүниенiң бәрi: «Алақай, алақай, алақай!» — деп, шыркөбелек айналып, айқайлайтын сияқты. Шамадан тыс бiр күшпен булыға айқайлап, ол да өзiнше бiр қуаныш аралас дыбыстар шығарып келедi.

Құлдырап, құстай ұшып барған күйi ағасының құшағына қойды да кеттi. Алыстан, қалың топтың алдында келе жатқан iнiсiн ағасы танып, арбадан түсiп, алға шыға берiп едi.

Көзден аққан жасын тыя алмай, ағасының мойнына асылған күйi солқ- солқ етiп жылады. Ағасының көзiнен де бiр тамшы жас тамып түстi. Арба үстiнде отырған шоқша сақалды шүйкедей арбакеш қарт терiс айналып кетiптi. Иығы бүлк-бүлқ етедi.

Тайжаннан көп соң жеткен кiшкене балалардың бәрi келген бетте оның ағасын балалық, бауырмалдық бiр халде құшақтай алып, оған сатпақ беттерiнен бiр-бiр сүйгiзiп жатыр. Тайжан ендi аңғарды, ағасының қолында ұстар сабы иiр мүйiздей, қоңырқай сарғыш жолақты таяқ бар екен. Сол сәтте оның жүрегi ине шаншығандай шым ете қалған...

Ол ағасымен кездескен жолдың кезеңiне қарады. Бәрi тап кешегiдей көз алдында. Анау жол шетiндегi жасыл, бұйра жыңғылдың бастары қызғыш рең аралас түске енiптi. Ол да бiр түрлi жабырқау, жүдеу тартқан екен. Тайжанның жанарына дiр етiп жас оралды.

Ағасы келген күнi ауылдың үлкен-кiшiсi бас қосысып, бiр масайрап қалды. Сол бiр думанды шақта өзi құрбыластардың да, өзiнен кiшiлердiң де Тайжанға қызыға да, қызғана да қараған сәттерi оның есiнен кетер емес. Бiрi мұңая, бiрi жайраңдай қарап, осындай бiр сәттi күннiң қашан келетiнiн арман етiсiп, елестетiсiп кеткен сынды. Осы үйдiң ошағының басында бас қосқан үлкендi-кiшiлi қауым, топ тәттi қиял толқындатқан теңiздiң ортасындағы үмiт деген, арман деген ақ аралдың аясына әр бөлек жолмен саяхат жасап кетiскендей…

Тайжан ертегiдегi шалқалай түсiп, ұзақ ұйқыға кеткен батырдай керiле жатқан Ақжон асуына көз салды. Түкси қабақ, кiсi алатын қара бурадай түсi суық қалың бұлт батыстан баяу көтерiлiп, Ақжонның етегiне аяқ салды. Оның еңселi биiгi зiл батпан, дүр салмаққа шыдас бере алмай қайқаң қағып, қыспақтан құтылғысы келгендей бұлың-бұлың етедi. Ауаға қалың ызғар араласып, бұзылуға бет алғандай бейiм байқатты. Бетке бүрке тиген дым табы дененi тiтiрентедi.

Ол ауыл шетiндегi дөңге, оның үстiне салынған ат қораға көз тоқтатты. Оны өткен ай аяғында ғана ауыл болып жабылып, кiрпiшiн қалап, сылап, жауып бiтiрiп едi. Сонда Тайжанның ағасы да, өзi де сонда iстеген.

Үйде бiраз жатып тыныққаннан кейiн-ақ ағасы колхоздың жұмысына көппен бiрге араласып кеткен. Қолындағы қоңырқай сарғыш жолақты иiр басты таяғын аз күннен кейiн-ақ тастаған болатын. Ауылдың таза ауасы ма әлде сағынған ел-жұртын көрiп жаны жадырады ма, бозғыл тартқан реңi шамалы уақыттан кейiн қызыл күрең тартып, жүдеу жағы толысып, ажарлы бiр райға енген едi. Аяғын сәл ғана сылтып басқаны болмаса, басқадай бөтен кемiстiгi байқалмайды.

Кiндiкке дейiн денесiн жалаңаштап тастап, кетпендi бiр сiлтегенде, сабан араласқан балшық сағызша иленiп, шелектiң iшiне түсiп жатады. Жас балалар мен қыздар қос-құлаштай қазықшаны шелектiң тұтқасының астынан лып еткiзiп, жас қабырғалары майыса, асты тесiк үлкен құйма қалыптың жанында тұрған әйелдерге жүгiре лай тасысады. Олар да жедел қимылдап, келген шелектi лып еткiзiп аударып ала қояды да, сары майдай жылпысқы лайдың бетiн қолдарымен тегiстейдi. Содан кейiн қалыпты тұтқасынан қос қолдай ұстап көтередi. Бабымен ақырындап көтерiлген қалыптың астынан бүйiр бетi жылтырай, сом тұлғалы кесектiң сұлбасы көрiнiп келе жатады.

Мiне, осылай таң атқаннан күн ұясына батқанға дейiн бала-шаға, кемпiр- шал жабылып iстеген тiрлiктiң бар азабын Тайжан да, оның өзi құралпы серiктерi де көппен бiрге көтерiсiп, өз әлдерiнше тер төгiскен. Олардың өйтпеске лаждары да жоқ едi-ау.

Ағасының шапшаң қимыл, атпал қайратына сол ортадағы жандардың барлығы шын сүйсiнiп, шын ризашылықтарын бiлдiрiскен. Оны Тайжан айнала жұрттың ажар-қабағынан танып, кәдiмгiдей-ақ масаттанып жүрдi.

Бұл күнде қоңырқай тартып, қола түстi рең алған қапсағай денесi қатты қимыл үстiнде термен шыланып, күнмен шағылыса жалт-жұлт етедi.

Бұлтылдай ойнаған бiтiмi кесек бұлшық еттерi жұқа терiнi жыртып жiберердей бiлемдене түйiлiп, сырт көздi ерiксiз сүйсiндiргендей. Көптен көрмей, сағынған жұртының ортасына түсiп, олардың иықтарына түскен салмақтың бiр шетiн белi қайыспай көтергенiне де күлiсiп, жарқын сөйлеседi. Ағасының сол бiр дарқан мiнезi сол маңда жүргендердiң бәрiнiң қозғалыс- қимылдарына бөлекше жiгер, көңiлдерiне қанат бiтiретiн тәрiздi.

Ағасы әңгiме айта бастаса болғаны, кейбiр күлегеш балалар iшiн басқан күйi жерге домалай аунап, көздерiнен жас аққанша күлiсiп жатады. Ол бiр қызық қимылдар жасап, балаларға көрсеткенi есiнде.

Балалар жұмыс аралығында өзгеше бiр қызық ойын ойнап кетедi. Қолдарына таяқ ұстап, таса-тасаға тығылып, бiрiн-бiрi қалт жiбермей аңдысады. Кейде бiрiн-бiрi ұстап алып, қолын артына қайыра байлап тастайды. Немесе қос қолын жоғары көтерiп, мұның ағасының алдына дедектетiп айдап келедi. Айдап әкелушiлер бұларды жиi-жиi таяқ ұшымен нұқи түртiп, түстерiн кәдiмгiдей-ақ суытып алады. Қол көтергендердiң жүздерiнде мүсәпiрсiген, момақан хал тұрады. Елдiң бәрi мәз-майрам болып күлiсiп жатады. Сөйткен ағасы кей түндерi ұйықтай алмай, мезгiлсiз уақытта тоқсан аунақшып, дөңбекшiп шығатын. Аузына нан жапсырған бiлте шамның соқыр жарығында көзiн үрей билеген анасы оны айналақтап, көпке дейiн жатпай, түрегеп отырады. Ол оған жалынғандай бiрдеңеледi қайта- қайта айтып жатады. Ағасы жай ғана езу тартып, мөлтек, мейiрiм толы, ойлы көзiмен анасының жүзiне жымия қарап, бас шайқайтын.

Таң ата түндегi тынышсыздық та ұмытылады. Апасы шөпке кетедi. Тайжан мен ағасы екеуi бiреуi шелегiн, бiреуi кетпенiн ұстап, ауыл сыртына қарай аяңдайды.

Тайжан да мұндай шақта өзiн көңiлдi сезiнедi. Оған бар дүние соншама әсем, сұлу қалпымен көрiнетiн. Анау Қызылқырқаның жатаған жонынан шуағын төгiп, көтерiлiп келе жатқан аяулы күннiң келбетi, қабағында титтей кiрбiңi жоқ мөлдiр көк аспан, бұта басынан тыным таппай, шоршып ұшқан торғай, көкке тойынып, секiрген қозы-лақ — бәрi мұның жанына жақын. Әсiресе Шолпы жағасында жамырап өсiп, күлiмдеген көгiлдiр аспанға, күнге төсiн төсеген шашыратқының нәзiк гүлдерiне соншама бiр iңкәрлiкпен ынтықты. Ол осынау тыныш көрiнген дүниенiң сонау алыстағы бiр түкпiрiнде гүл тапталып, күн көзiн өртенген үйдiң жалыны жалап, жаралап жатқанын бiлмейтiн едi…

Әне, ана өзен жақтағы шеткi үйден сұңғақ денесiн тiк ұстап, қызыл орамалды қыз шықты. Асықпай, аяңмен басып, жұмыс басына қарай беттеп бара жатыр. Жүрiсi қандай әдемi едi өзiнiң. Көзi шуақ күлкi шашып, әдемiше, дөңгелек, ақ құба бетiнiң үстiндегi жұқа қызылы үлбiреп келе жатқан шығар- ау.

Тайжан сол қызды көрген мезеттегi ағасының бойында жай көзге онша сыр алдыра бермес бiр құбылысты байқай қояды. Ол белiндегi қайыс белдiгiн қынай тартып, бойын бұрынғыдан да тiк ұстайды. Аяғының әлсiз сылтуы да iзiм-қайым бiлiнбей кететiндей.

Осы мезетте оның көз айналасына жып-жылы бiр шұғыла ұйып тұра қалады да, езуiмен жүйткiп өткен ұшқыр күлкiсiнiң шуағын шашып өтедi. Маңындағы балаларға тiл қатып, жымың етiп көз қысып, арқа-бастарынан үп-үлкен күс алақанымен еркелете сипап қояды.

Тайжан қызыл орамалды қызға тағы да қарайды. Жүрiсi қандай әдемi едi өзiнiң! Қызыл орамалының күнмен иiндескен тұстары бiресе көз қарықтырар алқызыл түске, бiресе алтындай сарыға боялады.

Қыз да бұлар келе жатқан жаққа ара-тұра мойнын қиғаштай бұрып, назар салып қоятынын Тайжан аңғармай қалған емес.

Осындай бiр кездерде Тайжанның тал бойы шым-шым етiп, тәттi бiр сезiм жетегiнде кете баратын. Оның кең даланы бар дауысымен жаңғыртып айқайлап жүгiргiсi келетiн. Айналасын қоршаған мынау кең дүниеге бойындағы бар мейiрiн шаша сақылдай күлгiсi келетiн.

Олар кешке жұмыстан әбден титықтап, шаршап қайтады. Үй жанындағы көтерме сәкi үстiне киiздi жайып тастап, кешкi тымықта жадырай отырып, қоңыр шайды бабымен сораптап отырған да бiр ләззат екен-ау. Кейде көршi әйелдер, қариялар келiп, әңгiме-дүкен құрысады. Әр пiшiндi, әрқалай мiнездi, әр жастағы адамдардың ажарларындағы алуан құбылыстарға қарап отыру — Тайжан үшiн бiр рақатты шақ. Осындайда ағасы қабырғада сүйеулi тұрған домбыраны алып, ақырын шертетiн. Көрер көзге жуантық, икемсiздеу көрiнетiн саусақтары домбыраның қыл мойнына тиiсiмен-ақ, құтырына ойнап, тiзгiнiн босатқан сәйгүлiктей жұтынып шыға бередi. Отырғандардың бәрiнiң ықылас-назары бұндай шақта ағасына ауады. Олардың әлгiнде ғана әрқалай құбылып отырған жүздерi салмақтылыққа алмасады. Шоқша сақалды, ақ шашты көршiсiнiң көзi оған бiрде тiптi жасаурағандай болып та көрiнген…

«Шiркiн-ай, мыналарда да арман бар ма екен?» Тайжан төмен қарап мұңайып, бiр түрлi көңiлi босап, жылағысы келiп кеттi. Басын тамның қотыр қабырғасына сүйеп, көкке қарады. Ол сонау шеттегi ұялшақ мiнез жас сәбидей именшек тартып тұрған жеке жұлдызға жанарын салды. Шашыратқының көгiлдiр гүлiнде мөлт-мөлт етiп тұратын шықтарға ұқсайтын сынды. Жұлдыздың жабырқаулы жүзiнен бiрнеше тамшы жас төмен қарай тамып-тамып кеткен сияқты көрiндi. О, ғажап, жұлдыздар да жылайды екен ғой!

Тайжан бетiнiң ұшына жып-жылы бiрдеңенiң суси сырғып барып, дiр-дiр ете кiлкiп тұра қалғанын ендi аңғарды.

…Ақ қанатын құлаштай қағып, жоғарыға қарай заулай ұшып көтерiлiп барады, көтерiлiп барады. Төменде өзi талай ойнақ салған ойыншыл төбе де, асырды бiрге салысқан балалар да бұған қарап қол бұлғап, қалып бара жатқан секiлдi. Бiр шетте апасы мен ағасы да сүйсiне мәз болып, қол бұлғап жатыр екен. Мұның аузында көлденең тiстеген шашыратқының көз жауын алған көгiлдiр гүлдi бұтағы бар. Таудай-таудай болып үйiлген бұйра-бұйра ақша бұлттың арасына кiргенде, төмендегiлер көзден тасаланды. Ол айналасына барлай, зерлей қарады. Iздеген ынтығы жым-жылас жоғалып, iзiм-ғайым құрып кеткендей. Апыр-ау, қайда кеткен? Қайда, қайда-а-а-а! Ол шыңғыра айқайлады. Бiрақ жылаған жұлдыз ең болмаса жылт етiп, жұмбақ аспанның жалпақ төрiнен бой көрсетер емес.

Тайжанның ақ сүт көңiлi сол бiр жылаған жұлдызды жұбатып, еркелеткiсi- ақ келедi.

Қолында қыса ұстаған көгiлдiр аспан реңдес шашыратқы гүлiнiң көзесiнде көзiнен күлкi ұшқыны өшпейтiн қызыл орамалды қыздың мойнындағы әдемi моншақтай мөп-мөлдiр шық тұнып тұрыпты. Ол дiр-дiр еткен сайын көздi арбайтын қызылды-жасылды өткiр сәулелер шашыратады.

Сол бiр сүйкiмдi, көгiлдiр гүл мұңды жұлдыздың жабырқау көңiлiн жұбатып, жанына демеу болатын сияқты. Апырау, қайда кеткен, қайда, а? Айтыңдаршы, қайда-а кеткен сол жұлдыз?!

Ол селк етiп, оянып кеттi. Булыға терлеп, тынысы тiптен жиiлеп кеткен екен. Шекесiнен сұп-суық тер шып-шып шығыпты. Маңдайын сүрттi. Тынысы да ендi-ендi  қалыпқа келе бастағандай.

Ай Қызылқырқадан құлаш бойы көтерiлiп, ақырын қалқып кеп, аңғарға өрмелеп бара жатыр екен. Жыпырласқан жұлдыздар да маңғазданған айдың алдында тағзым етiсе, кейiн қарай үркiңкiреп кетiптi.

Тайжан қатарындағы төсекке қарады. Қасында ағасы жоқ! Ол шектен тыс таңданды. Кәдiмгiдей елегiзiп, айналасына аңтарыла қарады. «Апыр-ау, ол қайда кеткен сонда?» Анау сарғыш жастығының арғы жағында сүйеулi тұрған домбырасы қабырғаға бедерлi көлеңке тастап, айлы түннiң ақ саумал сәулесiне бетiн аймалатып тұр екен.

Апасы оң жағында, бейжай күйде ұйқыда жатыр.

Тайжан орнынан ақырын тұрып, Шолпы жаққа көз салды. Арғы жағадағы жарлауыт қабақ, қою көлеңкесiн түйiлтiп, тым түнерiп кеткен екен.

Шоқ талдың түбiнен әлдебiр сурет елбең етiп, ағараңдағандай болды. Айқынырақ зер салып, барлай қарап едi, талдың ұзынша көлеңкесiнiң шетiн ала қараңдап, ақырын аяңдап келе жатқан екi адамның бейнесiн ажыратты.

Бiрiнiң бойы биiк, екiншiсi сәл аласалау. Олар өзеннiң жағасына келiп тұрды. Сәлден соң қатарласа отырды. Ай жарығының аппақ сәулесiне шомылған Шолпы иық түйiстiре отырған екеудiң бейнесiн ерекше айқындап, ажарлап көрсетедi. Кенет бiреуi әлдене лақтырған тәрiздi болды да, өзен бетiнен жолақ жалын лап етiп көтерiлiп, бұршақтай-бұршақтай отты ұшқындар әуеге шашырады.

Тайжанның көзiне жұлдыздар елестедi.

Көзi ай жарығына үйренiп, көз жетер жердегi бейнелердiң сырт сұлбасының бояуы да емiс-емiс екшелiп, айқындала бастады. Иығы төмендеу отырған жанның басындағысы қызыл түстi орамал сияқты…

Ақ ызғардың айбалтасын майырып, ақ бәйшешегiн әкелуге асыққан алтын күректей жып-жылы леп Тайжанның тамыр-тамырын қуалап, тұла бойымен жосып өттi. Иә, ұзағынан сүйiндiргей… Оның көз алдына көзi ылғи да шуақ күлкi шашып тұратын, ақ құба, әдемiше қыз келдi. Жүрегiнiң тым жиiлене дүк-дүк соққанын сезiндi…

Ағасы ақырын сылти басып, қатарына келiп жата бергенде, Тайжан көзiн жұмып ала қойды. Ол бұған тақалып келiп, маңдайын иiскеп, сәл ашылып қалған кеудесiн қымтай жапты. Ағасының ауызынан шашыратқының таныс, қышқылтым кермек иiсi бұрқырап, мұның мұрнын қытықтады.

Содан соң Тайжан көзiн сығырайта ашып, ағасына назар салды. Ол шешiнбеген күйi қос қолын басынан асыра айқастырып, шалқалай жатыр екен.

Бiраз уақыт өткен соң, ол орнынан ақырын көтерiлiп, сүйеулi домбырасын қолына алды. Күңгiр еткiзiп бiр шерттi де, бұларды оятып алмайын дегендей, орнына қайта қойды.

Арада аптаға жуық уақыт өткен-дi.

Түс кезi болатын. Тайжан көршi үйдiң баласы екеуi там көлеңкесiнде асық ойнап жүр едi. Шаршауды ұмытып, ойынның құмарына берiлiп кеткен екеуiне әлгi баланың iнiсi жүгiрiп келдi. Кiп-кiшкене танауы елеуреп, үрейлi бiр кейiпте екеуiне алма-кезек қарап, қолын сермей сөйлеп жатты. Қалды бет бала қаз-қатар тiгiлiп тұрған асықтардың үстiнен аттай өтiп, көше жақ бетке атылып шықты. Кетiп бара жатып, мағыналы бiр белгiмен Тайжанды нұқып кеттi.

Көше ортасында ақ қалпақ киген, ақ сақалы алдын жапқан қарияны осы ауылдың бас көтерер адамдары қоршап тұр екен. Жеңiлаяқ бiрдi-екiлi жас әйел көше бойын қуалап, әр үйдiң есiгiне бас сұғып, ызғып жүр. Жолыққан жандармен қысқа сөйлесiп, қысқа жауаптасатындай. Олардың соңын ала жаулық, кимешегiн жүре түзеп, белбеулерiн жүре буып, асыға басқан кемпiрлер көше ортасына үйiрiлiп қалған шағын топқа қарай домаласып келедi. Жүрiстерi тым асығыс. Әлдебiр тосын жайсыздықтың жат иiсiн сезгендей барлығы да ақсақалды шалдың аузына аңтарыла қарап, содан шығар лебiздi шыдамсыздана күтiп тұрғандығы бiрден аңғарылады. өңдерi үрей аралас бiр күймен өзгерiп, көз аңғалақтарын қорқыныштың қара қанаты жанап өткен сынды. Үлкендердiң маңына тайсақтай тақанған балалардың жүздерi де сұрапыл дауыл соғып өткен жас өскiндей қапалы бiр күйге бой алдырыпты. Екi-үш әйел көздерiне жас алып, терiс айналған күйi жаулықтарының ұшымен көздерiн сүртiсiп жатыр.

Адамдар жиналып болды-ау деген кезде, әлгi мазаң топ көше басына қарай қозғала бердi. Ақ қалпақты, ақ сақалы алдын жапқан қария өзiне тетелес төрт-бес қариямен әлгi шоғырдан бөлiнiп шыға бердi де, еркек, әйел аралас топқа кiдiрiстей тұрыңдар дегендей ишара еттi, өздерi озғындап алға түстi.

Балалардың барлығы үлкендердiң соңынан үрейлене қарап, ұйлығысып тұр. Анда-санда бiр-бiрiмен қысқа қайырып тiлдесiп қояды. Кейде бас шайқасып, өкiнiш еткен шырай танытады.

Ақ сақалы алдын жапқан ақ таяқты қария Шолпының бергi бетiндегi, өзенмен iргелес тұрған қос түп терегi алыстан көзге андағайлап, шалынып, назар тартатын үйге соңындағы шағын тобын ертiп, кiрiп бара жатты. Қалған адамдар үйдiң бергi бетiне кiдiрiстеп, шоқтай үйiрiлiп тұрып қалды.

Тайжанның жүрегi жайсызданып, қасындағы қалды бет баладан не болғанын ымдап сұрап едi. Ол көзiн бағжаң еткiздi де, тiлiн бiр жағына қарай салақтата берiп, қолының қырымен мойнын бауыздап белгi жасады. Содан соң көзiн тарс жұмып, мойнын бiр жағына қарай кисайта салды.

Жас жүрек ине сұққандай шым ете қалды.

Көзi ылғи да шуақ күлкi шашып тұратын ашық маңдайлы, ақ құба, дөңгелек беттi, қызыл орамалды қыз сол қос терегi көкке әуелеген үйден шығушы едi ғой.

Қасқырдан үрiккен қойдай болып, үрпиiсiп-үрпиiсiп тұрып қалған балалардың қатарына Тайжанның ағасымен бiрге бiресе егiс басына, бiресе мал жаққа, бiресе салынып жатқан қора маңына жиi барып-келiп, азаннан кешке дейiн бiр тыным таппайтын, мұртты, қара кiсi келдi. Бас киiмiн сол қолына алып, қызғыш реңдi жылмағай саусақтары жоқ молтақ қолының сыртымен маңдай терiн сүрткен қалпы анау үйге енгелi бара жатқан соңғы қалың топтың сыртынан тесiле қарап қалыпты. Тайжан молтақ қолдың сол бүйiрiндегi шолақ бас бармағының дiр-дiр етiп, тыншусыз тұрған қалпын көзi шалып қалды.

Тайжан назарын мұртты, қара кiсiнiң жүзiне аударды.

Ол осы кiсiнi өзiне тым жақын көрiп, шын пейiлмен ұнататын. Оның себебiн өзi де толық түсiне бермеушi едi. Әлгi кiсiнiң өзi де балаларға тым үйiрсек, кейде жұмыс басында балаларды күрестiрiп, думандатып кететiнi тағы бар.

Мұртты қара кiсi анда-санда шаң басқан қонышынан сурет, жазуы бар көлемi үлкен қағазды алып, жиылған елдiң алдында оқитын. Ол оқып тұрған уақытта адамдардың бәрiнiң жүздерi салмақтанып, жанарларында не болар екен дегендей жеңiл үрей ұйып тұра қалатын.

Мұндай кезде әлгi мұртты, қара кiсi айналасын сабырмен барлап алады. Сол суреттерi бар, майда-iрi жазуы араласып отыратын қағазды оқып тұрып, сәлден кейiн көзi күлiмдей, қолын жiгерлi бiр екпiнмен сiлкiп-сiлкiп қоятын. Оның кеудесiндегi қоңыр қызыл жарқылдаған дөңгелектерi де осы кезде жiгерлi қимылмен қозғалақтап қалатын. Айнала алқалай тұрған жұрт көзiндегi жеңiл үрей де көктемнiң ұлпа тұманындай тез сейiлiп, езулерiмен ерке күлкi жүйiткiп өтедi.

Кей тұстарда мұртты, қара кiсi жазуы көп қағазды оқып тұрып, молтақ қолын көкке көтере, құшырлана түйiп-түйiп қоятыны бар. Осы кезде оның көзi от шашып, әлдекiмдерге қатты ызаланып тұрғандай болатын. Бас бармағы белiнен жоқ, бүрiсе бiткен молтақ қолдың қызғыш реңдi суретi оның көз алдынан көпке дейiн кетпей тұрып алатын.

Мұртты қара кiсi жазуы бар, суреттерi көп сол бiр қағазды отырғандарға бередi. Әлгi сөздiң шындығына көздерiн жеткiзгiсi келгендей үлкендi-кiшiлi барлығы сол үлкен қағазға үңiледi.

Тайжан сол қағаздың бетiнен небiр қызық суреттердi кездестiретiн. Олардың кейбiрiндегi адамдардың бейнесiн ағасына қатты ұқсатып жүрдi. Қоңыр қызыл сөмкелi шолақ кiсi мен өз ағасының кеудесiндегiдей, бедерлi, iлгешектi дөңгелекшелерi бар адамдардың суреттерiн ол әлгi мұртты, қара кiсi әкелетiн қағаздан жиi жолықтыратын. Мұндай қағаздарды қоңыр қызыл сөмкелi, шолақ кiсi де үйдi-үйге таратып берiп тұратын. Тiптi алғашқы бетiнiң бас жағындағы жазуының өзi әрi қысқа, әрi анық, әрi көрнектi болып, көзге ерек шалынатын-ды. Сол қағаздың бетiнен ол кеуделерiнiң иыққа таман тұсына оқшау қадаған тiк төрт бұрышқа, әдемiше жиекке жалғасқан бес бұрышты сүйiр бiтiмдi белгiлердi жиi ұшырататын. Әлгiдей бес бұрышшаларды ол қалды бет көршi баланың кiтабының алғашқы бетiнен көрiп едi. Бiрақ олар кеудеге емес, үлкен-үлкен әдемi үйлердiң ортасынан ерек, биiк көтерiлген қырлы үшкiрдiң төбесiне қондырылып, жан-жаққа тарам-тарам сәуле шашып тұратын едi.

Жұмыс басындағылар осындай белгiлерi бар адамдардың суреттерiн асықпай қарап, оларға ризашылығы мол кейiпте көз салып, өзара қызу сөйлесiп жатады. Әсiресе балалар жағы көздерi ұшқындап, беттерiнiң ұшы алабұртып, олардың кеудесiндегi белгiлердi саусақтарымен нұсқап, тамсанысып жатқаны. Сондағы адамдардың бас киiмдерi де өзгеше. Кенерi сәл қайқыланып, төбесi дөңгеленiп, жалпағынан жатқан жарты қарбызды көзге елестетедi.

Жас сананы таңдандырып, таңырқатарлықтай кейбiр суреттер — Тайжан үшiн тiптен беймәлiм, жұмбақ дүниелер. Әсiресе өңешiн өзеурей алға созысқан әлденелер Тайжанды кәдiмгiдей-ақ ойландырып тастайды. Қос дөңгелегi арбаның дөңгелегiнен бiтiмi тым бөлек әрi жұп-жұмыр жуан. Маңына топталған адамдардың бiрi қолындағы ұшы сүйiрше, жұмыр затты бұға көтерiп, саршұнақ iнiнiң аузындай тесiкке тыққалы жатыр. Берiректе аузы ашылып қалған шағын жәшiктiң iшiнде әлгiндей сүйiрше, жұмыр заттың бiрнешеуi қаз-қатар тiзiлiп жатыр.

Ендi бiр суреттерде жер бауырлай жатқан адамдардың қолдарында ағасының құс ататын мылтығы сияқты заттары бар. Бiрақ одан тұрқы қысқалау, алға ұмсынған мойны үпiр-шүпiр бiркелкi тесiктерге толы. Бауырына кәрлен кесенiң аузындай дөңгелек зат бекiтiлген. Олардың барлығының дорбашалары, тағы басқа бөлшек-салтақтары көзге ерек шалынады.

Алдарындағы төбешiктiң жанынан аспанға шаншыла шапшыған қап-қара бiрдеңе көрiнедi. Сыртқы порымы ауылда, әсiресе шiлде жазда жиi болатын қояншық құйынға қатты ұқсас. Қара түс пен ақ түстiң түйiскен шекарасынан жан-жаққа шашыраған түйiр-түйiр заттар, сынған ағаш жаңқасы, жентектелген топырақ сияқты заттар көрiнедi. Одан әрiректе әредiк-әредiк қарауытып, тап бiр тасбақалар сияқты бiрдеңелер назарға шалынады. Бiрақ бастары жiп-жiңiшке. Сорайып, сұсты көрiнедi екен. Арт жағын ала қаптап келе жатқан адамдар. Кейбiреулерi жерге етпеттей, ебедейсiз құлап қалған.

Басқа бiр суреттен аспанды айналып ұшатын қара құстар сияқты бейнелер көрiнедi. өздерi мазасыз бiр қимыл үстiнде секiлдi. Бiреуi қыстың тымық күнiнде пеш мұржасынан шыққан түтiндей тiп-тiк. Қап-қара жолақ iз қалдырып, төмен қарай құлдилап барады. Ендi қасқағым сәтте-ақ бозамық жиектi көтерiп тұрған қара жерге тұмсығымен шаншыла құлайтындай.

Осы бiр майда жазулы, суреттi қағаздар Тайжанға ғажайыпқа толы қызығы мол, тiлсiз шежiредей әсер әкелушi едi. Сол көп суреттердiң iшiнен мұның санасына тасқа басқан таңбадай iз қалдырған екеуi бар едi. Ол бұл суреттi бiр-ақ рет көрсе де, бiр сәт те есiнен шығарған емес. Мұртты, қара кiсi әлгi үлкен қағазды қонышынан алып оқи бастаса-ақ сол бiр әдемi, жас қыздың күлiмдеп тұрған бейнесi көз алдына келiп тұра қалады. Шашы қандай әдемi едi десейшi. Ойлы, сабырлы жанарындағы ерекше мейiр адамды өзiне ерiксiз тартады. Соның астына басылған екiншi суреттiң сұрқы адамды шын шошытқандай едi. Ол сонда биiк, аспа ағаштағы жiңiшке арқанға мойнынан iлiнген қызды көрген. Шашы ретсiз жайылып кеткен оның жүзi адам танып болмастай өзгерген екен. Құлақ, самай тұстарына, мойынына қар ұялап қалыпты. Мойынына iленген төрт бұрышты тақта сияқты затқа үлкен етiп жазу жазылған.

Тайжан кей кезде әлгi қыздың қинала жұмылған көзi мен қисая ашылып қалған аузын елестетсе, тұла бойы түршiгiп сала беретiн. Неге екенi белгiсiз, тап осы мезетте ол көзi ылғи да шуақ күлкi шашып тұратын қызыл орамалды қызды ойлайтын. Ақырын ғана қыз отырған тұсқа ұрлана көз тастап қоятыны бар. Содан кейiн ғана еркiн тыныс ала, жеңiл күрсiнiп қоюшы едi.

Ол ылғи да қара мұртты, қолы молтақ кiсiнiң жұмыс басына келуiн тағатсыздана күтiп, соның қонышынан қылтиып көрiнiп тұратын қағаз өз қолына тиiп, анықтап көргенше асығатын…

Көзi ылғи да шуақ күлкi шашып тұратын ашық маңдайлы, ақ құба, әдемiше, дөңгелек беттi, қызыл орамалды қыз содан көп күнге дейiн жұмыс басына келмедi. Бұл күндерi Тайжан өзiнiң ең бiр қимас затын жоғалтып алғандай сезiнiп жүрдi. Көбiне әлденеге елегiзiп ауыл шетiндегi оқшау бой көтерген қос терек жаққа қадала қарап қалатынын өзi де байқамайтын. Сол қос теректiң арғы тасасынан мұның күткен жаны күлiм қағып, қол бұлғап шыға келетiндей болып жүрдi.

Ағасының бойында да өзгеше өзгерiс табы бар. Оның барлық қимылын көзге көрiнбес тұсаудың тар құрсауы шырмап алғандай. Қалаған кесектерi кейде қисық кетiп, оларды қайта алып қалап жатқанын Тайжан екi-үш рет байқап қалды. Қалтасындағы сырма бауы бар қоңырқай жасыл тартқан дорбашасын жиi-жиi алып, ескi қағазға бiр сарғыш түйiршiктердi баппен салып, асықпай орайды. Содан соң ойлана отырып, ұзақ тартады. Ешкiмге көз тоқтатып та қарамайды. Көзiн сонау Ақжонның жұмыр жотасына асылған қасқа жолға қадаған күйi өзгеге жұмбақ, өзiне мәлiм бiр сонар ойдың соңында отырады. Аузынан будақ-будақ шыққан түтiн тарғыл мысықтың жон арқасындай шұбарланған түспен шұбатылып, әуеге бұлдырай сiңiп кетiп жатады. Түтiннiң тарғыл тұмшасының астынан түйiле түскен қабағы мен тұнжыраңқы көзi оның шытырманы көп шиыр ойдың орманында жүргендiгiнiң айқын айғағындай.

Ат қора шөп басы сарғая қаланып бiткен-дi. Бiткен күннiң ертеңiне-ақ етек-жеңi кең, көзге ерен биiк қорғаны бар ауыл — бала-шаға, бау- шарбағымен жабыла сылауды қолға алып, үш-ақ күннiң iшiнде аяқтап едi. Тiптi мұртты, қара кiсiнiң өзi бас болып, балтырын түрiп тастап, балшық илестi. Алты қанат үйдiң орнындай алаңдағы тiзеден келетiн сабан аралас қою батпақты айдасқан көп баланың iшiнде Тайжан да жүрдi. Тiптi көптен берi қабағынан кiрбiң кетпей жүрген қызыл орамалды қыз да көзiнен күлкi шуағын шаша күлiп, қабырғаға сүйкiмдi қолымен жып-жып еткiзiп лай ұрады да, алақанын суға жалатып алып, тез-тез сылайды. Кей тұста жiңiшке, сүйрiк саусақтарының оймышты өрнек секiлдi iздерi қалып жатыр. Анда-санда қызыл орамалды қыз ағасы жаққа мойын бұрып, күлiмдей қарайды. Ағасы да өзiндiк бiр салмақпен жымия қарап, жеңiл ғана иек қағады. Тiптi бiр рет қатар тұрып, қабырға сыласқанда, бiр-бiрiне тура қараудан тайсақтайтындай көрiнген. Қабырғадағы қолдары еркелесе тақалып, саусақ сүйiстiрiп өтедi…

Бiр күнi Тайжан түс әлетiнде ауыл адамдары маңдайында ағашқа бекiткен қызыл туы бар үйдiң алдына жиналап жатқанын көрдi. Қолтықтарында бөктерген қапшық, олды-пұлды бөлек-салақтары бар. Жиналған топтың ортасында мұртты, қара кiсi тұр екен. Ол молтақ қолын сермей сөйлеп, мазасызданғандай бiр халде көше басына қайта-қайта қарағыштап, төс қалтасындағы шынжыр баулы сағатын қайта-қайта алып жиi көз салады. өзiн алқалай қоршап тұрғандармен қысқа жауаптасатын тәрiздi.

Ақ үйдiң алдындағы қара талдың майда бұтақтарынан айқастыра өрiп, бүгiнде жантайып құлауға шақ тұрған шарбаққа бiрнеше балта, қос сапты ара қатарласып қалыпты. Жүздерi әбден қайралып, шыңдалғандығы алыстан аңғарылады. Жүзiңе шағылып, жан-жаққа шашыраған өткiр сәуле көздi қарықтырады.

Мазасыз сонадай ызыңдаған бiр ой оның көңiлiне бөлекше бiр күдiктiң күлiн сеуiп өткендей. Анау балтаның жарқ-жарқ ете қылпыған жүзi оның күдiгiн тiптен ұлғайтып жiбердi.

Көршi үйдегi қалды бет баланың кiтабынан көрген қызық сурет оның есiне сарт етiп орала кеттi. Қатты арпалысты қимыл үстiндегi адамдардың көздерi шектен тыс шатынап, қабақ түйiскен сұсты бейнелерi көз алдына келе қалды. Белдерiн шарт түйiнiп алған сол сұсты жүздi адамдардың иықтарына асып алған ұзын сапты балталары бар едi. Қызық сурет көп сол бiр кiтаптың келесi бетiнен тап сол сияқты балталы адамдарды тағы да жолықтырған. Бұл жолы олардың басындағы киiмi өзгеше пiшiндi, шошақша үшкiр екен. Олар үстерiндегi киiмдерi әдеттегiден тым өзге, түймесi жоқ, аяқ, бет, кеуденi тұтас тұмшалай жапқан киiмдi адамдармен айқасып жатыр. Әлгi тұтас кеуделi адам ат үстiнде. Ол ұзын сапты, қайқы балтасын көтере ұмтылған ұзын шапанды бiреудi үшкiр басының алқымына үкi сияқты бiрдеңе байланған оқтаудай жiңiшке, бақандай ұзын затпен кеудесiнен шаншыпты. Сонда ол осы суреттi көрiп отырғанда, көзi шатынап, бет-аузы адам шошынарлық кейптегi жанның жанталасты ащы айқайын өз құлағымен естiгендей әсерде болған. Соның қатарындағы аттылының астында тапталып жатқан адамның түрi де тым қорқынышты. Қос қолымен шынтақтай, кеудесiн көтере берген күйi темiр тұяқтың тұтқынынан құтылуға далбаса қылғандай мүсәпiр халде. Айқыш-ұйқыш айқасқан қалың топтың арғы жағынан екi-үш жерден будақ-будақ шыққан қара түтiннiң бұралаң, қою сұлбасы көрiнедi. Сол суреттiң бiр бұрышында балталы адамның қос қолымен құлаштай ұрған соққысынан тұтас кеуделi адам шалқалай құлап бара жатыр едi. Соққының қаттылығы сонша — оның басындағы үшкiр бас киiмi жел ұшырған қанбақтай қалбалақтап, әуеде айналып тұрып қалыпты.

Тайжанның көз алдына сол бiр сұмдық қорқынышты сурет санадан өшпес бедерiмен айқындығымен келiп тұра қалды. Қайқы жүздi, иiр балтаның тұтас кеуделiнiң төсiне кiрш етiп қадалған көрiнiсiн ойға алғанда, Тайжанның денесi ине шаншығандай дiр еттi. «Не болып қалды, апыр-ау?» Ол тоқыма тал шарбаққа сүйеулi тұрған балталарға қорқа көз тастады. Қиялай түскен күнге шағылысып, өткiр, суық сәулемен жарқ етiп, бөтен ниетке бет бұрғысы келiп тұр дерсiң. Тайжан тынысы жиiлеп, мұртты қара кiсiнiң мазақ жүзiне жауатаңдап қарай бердi.

Бiр кезде мұртты, қара кiсiнiң жүзiне күлкi жүгiрдi. Молтақ қолын көше басына қарай нұсқап, топ ортасынан алға озып шыға бердi. Сонадай жерде бiрiнiң соңынан бiрi шұбатылып, жолды шаңытып үш өгiз арба келе жатыр екен. Ол алдыңғы арбадан ағасын таныды. Арбалар бұлардың қатарына келiп тоқтасымен-ақ, жиылып тұрғандар арбаларға бөлiне мiндi. Yш арбаға да ескiлеу киiз үйдiң керек-жарақтары тең бөлiнiп салынған екен. Арбаға мiнгендер жаңағы балта, араларды да арбаның артындағы бөлек құрым киiзге орап, таңып тастады.

«Сонда бұлар қайда бара жатыр?» Мазасыз ой жетегiндегi Тайжан арбаға мiнгендердiң жүзiне барлай қарайды. Ағасы жымың етiп, бұған иек қақты. Мұртты, қара кiсi де әлгiндегiдей емес, жан-жағындағылармен жылы сөйлесiп, ара-тұра шалқалай берiп, қатты күлiп қояды.

«Осыдан екi жыл бұрын жаз ортасында талай жiгiттердi, ер адамдарды ауыл болып, Ақжон жаққа қарап жылап-сықтап шығарысып салғаны оның тап бүгiнгiдей есiнде. Былтыр да, түнеугүнi де бiрталай адамды ауыл болып, ұзақ жолға шығарып салғандағы жалпы елдiң көңiл күйi бүгiнгiден тым басқа едi. Бiрақ онда олардың ешқайсысы да анау құрым киiз арасына оралған жүзi сұсты, өткiр балталар әкеткен жоқ едi ғой».

Алғашқы қобалжу, қорқыныш тұманы сейiле бастағандай. Ағасы бұған тағы да жымың етiп, иек қақты. Мұртты, қара кiсi Тайжанның ағасының арқасынан салып қалып iшiн баса күледi. Айнала тұрғандар да, арбадағылар да мәз-мейрам. Көпке iлесе Тайжан да күлдi. Иығынан ауыр жүк аунап түскендей жеңiлейiп қалды. «Уњ» деп еркiн, кеуде кере дем алды. Ол қасына тақалып қайда баратынын сұрады.

Бiрге ойнап, Тайжанның көп қылығын, ым-белгiсiн бiр адамдай ұғынып үйренген серiгi оның сауалының сырын тез түсiнiп, тез жауап бердi. Ауыл сыртындағы атқораны нұсқады да, қос қолының ұшын тiктей түйiстiрiп көрсеттi. Содан кейiн оң қолының қырымен сол қолынын шынтақтан жоғары тұсын қиғаштай ұрып, әлдененi шапқан секiлдi қимылдың белгiсiн жасады.

Тайжан ақырын қозғалып, қатарынан өтiп бара жатқан арбалыларға көңiлi тола көз салды. Барлығының жүзiнен бейбiт тiрлiктiң жайма-шуақ шапағы, қуанышы есiп бара жатыр.

Ол бейбiт сапарға аттанып бара жатқан жандардың соңынан тәттi бiр қимастықпен көз салып, ұзақ тұрды. Арба айдаған ағасы қолдарын әрлi-берлi сермескен адамдардың арасынан ағараң-ағараң етiп көрiнiп қояды.

«Шiркiн, менiң ағамның қазiр қайда бара жатқанын көзi ылғи да шуақ күлкi шашып тұратынын қызыл орамалды қыз көрсе ғой».

Арбалылар қос теректi үйдiң қатарынан өте бердi, бiрақ үйден ешкiм шықпады. Тайжан iштей ренжiп, көңiлi бiр түрлi құлазып қалды.

«Қайда кеткен? Неге көрiнбейдi? Арбалылар өзенге құлар сайға тақалып қалды. Апырым-ау, расымен шықпағаны ма?» Жүрегi шым етiп шаншып, кәдiмгiдей-ақ қобалжи бастады. Күткеннiң көңiлден, ойдан шықпағанына тiптен-ақ сенгiсi келмегендей.

Арғы сайдан қылт етiп қызыл орамал көрiндi. Тайжанның көзiнен қос тамшы ытып кеттi. Көкiрегiн шым етiп, жағымды жұмсақ жалын жалап өттi. өзеннен иiн ағашпен су алып келе жатыр екен. Сайдың бергi кенерiндегi дөңеске шелектерiн қойып, тыныс алды. өтiп бара жатқандарға жеңiл ғана бас изеп, амандасқандай болды. Көзi шуақ күлкi шашып, ақ құба, әдемiше дөңгелек бетiнiң ұшына үлбiрек қызыл ойнап шыға келген шығар-ау.

Тайжан қасындағы қалды бет баланы арқасынан салып қалып, үйге қарай жүгiре жөнелдi. Қуанғанынан көкке қарай екi-үш рет орғи секiрiп, ойнақ салып бара жатты.

Арбамен аттанған ауыл адамдарының барар жерi — Бестоғай бұл арадан жиырма шақырымдай жерде. өзендi өрлей жатқан Бестоғай — Шолпының қос арнасының түйiсiп, қосыла ағар жерiндегi ағашты алып. Ара, балта жүзi батып тимеген Бестоғайдың қалың, ну орманы — Шолпы бойында шоқ-шоқ болып қоныстанған көп ауылдардың ырыс-несiбесiндей аяулы аймақ. Жаңа қоныс теуiп орныға бастаған жұрттың тұрмысына қажет арқалық, тiреу, сырғауыл, белағаш, бақан сияқты керектерiн осы өңiрден табысатын.

Тайжан үйдiң төбесiне шығып, сонау көгiлдiр тартқан қос өркеш тауды бетке алып, өзеннiң шығыс қабағымен тiзiлген тырнадай болып кетiп бара жатқан арбаларға қарады. Алдыңғы арбадан ағараңдап, ағасының қапсағай денесi көзге ерек көрiнедi. Ендi сәлден соң олар сонау көгiлдiр сағымдай көз ұшында бұлдырай көрiнiп бара жатқан кiшкене-кiшкене ноқаттарға айналады.

Сағыныш сынды бiр сезiм Тайжанның тал бойымен жүгiрiп өттi. Қос терекке қарады. өзге талдардан еңсесiн биiк көтерген екеуiнiң жасыл жамылғысын ұяң басып келген күз сарғыш бояуымен сүйкеп-ақ өтiптi. Қызыл орамалды қыз да терекке сүйенiп, қос өркеш көгiлдiр тау жаққа қарап тұр екен.

Тайжан да сол Бестоғайға кеткендердi шығарысып салғаннан соң, ауылдағы етек-жеңi тез арада жиналып, бiте қоймайтын тынымы жоқ тiрлiктiң ортасында қалды. Күнде ауылдың солтүстiгiндегi Қарақоғаға жаяу қатынап, шөп шабысады, кепкен шөптi баулайды. Қабырғасы қайыса жүрiп, оны өгiз арбаға тиеп, маяға апарып түсiредi. Анасы да сол шөпшiлермен бiрге.

Жаз бойы суда жатып, ендi құрғап, шөп машинасына жүрiс берген осы бiр құйқалы атшаптырым аумақ — қолхоздың жыл сайынғы бар күшiн сарқып, жан терiн сығып алатын ауыр жер.

Әсiресе соңғы екi күн әдеттен тыс суытып, арты жаңбырға ұласты. Батыстан соққан ызғар лебi жаңбырмен араласып, күндi тiптен зәрлендiрiп жiбердi. Беймезгiл келген сүйкiмсiз, жат меймандай жедел жеткен бұл ұрма суық, ауылдың апшысын қуырып-ақ жiбергендей. Жеңiл-желең киiмдерiн сылып тастап, барлы-жоқты жылысын әркiмдер-ақ киiнiп алған-ды.

Бұл күндерi Тайжан шешесiнiң бойынан қобалжығандай бiр мазасыз күйдiң ұшығын жиi байқады. Тар терезе алдында отырып, тоқыған жүн қолғабы мандымай-ақ қойды. өткенде мұртты, қара кiсiге апарып өткiзген қолғабын жұмыс арасында, соқыр шам жарығында отырып тоқыса да тез аяқтап едi.

Жаңбыр шайған әйнектен қайта-қайта сығалап, далаға қарайды. Сыртқа да дамылсыз шығып, тынши алмай жүр. Сiлбi жаңбыр түс кезiнде толас алса да, аспан ашылар емес.

Шешесi ағасының жалтырақ түймесi бар ұзынша сұр киiмiн маңдайында туы бар аласа ақ үйге апара жатыр екен. Аяқ алысы тым шапшаң. Бiр жерге сүрiнiп құлап та қала жаздады. Оның алдынан қоңыр қызыл сөмке алып жүретiн қолы шолақ кiсi кездесе кеттi. Тайжан оның астындағы ақ боз аттың мұртты, қара кiсiнiкi екенiн таныды. Бiрақ бүгiн оның мойнындағы сөмкесi жоқ екен. Артына теңдеген бiр топ жылы киiмдерi бар. Әлгiге анасынан бұрын арғы көше беттен жеткен бiр әйел қолтығындағы киiмiн берiп жатты…

Арада екi күн өткен-дi. Бiр күнi жұмыстан шаршап кеш қайтқан Тайжан шешесi екеуi кешкi шайды алдарына алып отыра бергендерi сол едi. Ақырын ашылған есiктен үйге мұртты, қара кiсi кiрiп келе жатты. Басындағы көнетоз, жасыл күн қағарын қолтығына қысқан күйi есiк алдында состиып тұрып қалды да, ернiнiң ұшымен ғана амандасты. Күн қағып, әжiм сайы тереңдеген қабағында күздiң алғашқы қырауындай кiрбiң бар. Бестоғайға кеткенiне аптаға жуық уақыт болған мұртты, қара кiсiнiң беймезгiл шақта жан шошынтқандай жүдеу қалыпта оралуы дастарқан басындағы екеудi қатты-ақ шошынтып тастап едi.

Ол түрегеп тұрған күйi мұның анасына қарап бiрдеңелердi қысқа ғана айтты. Бейне бiр кiнәсы бар жандай тiктеп қарап сөйлеуден тайсақтап, көзiн төменшiктете бердi.

Тайжан анасының көз шарасының шектен тыс ұлғайып бара жатқанын көрдi. Орнынан қолын екi-үш рет тiреп барып, қалталақтай әрең көтерiлдi. Үй ортасында не iстерiн бiлмей дал болған адамша сенделектеп, тiреуге иығын соғып алды. Тiреудегi шегеге iлулi тұрған соқыр бiлте шам лып етiп сөнгендей болды да, шалқи барып, қайта жанды. Тайжанның көзiне қошқыл қызылданып жанған бiлтенiң сумаң-сумаң еткен жiп-жiңiшке қара жалыны тiреу бойымен ирелеңдей, жоғары өрлеп бара жатқан қара жыланға ұқсап көрiндi.

Шешесi дiр-дiр еткен қолымен төр алдына қалыңдап көрпе салып жатты. Есiк алдында әрi-сәрi халде тұрып қалған мұртты, қара кiсi бiр уақытта шарасыздық шырғалаңында, үй iшiне айналдыра көз салып, сыртқа жылыстап шыға берды.

Тайжан қалың жауыннан қорғалап, болымсызды пана еткен балапандай бұрышта бүрiсiп тұрып қалды. Оқ жыландай зу етiп өте шыққан бiр түйсiк тұла бойын қылпыған ұстарадай тiлiп өттi. Тарылған тыныс тұншығып барып, «ањ» дегенде аузынан ыстық жалын бұрқ ете қалды. «Не сұмдық болды, не болды тағы да?!»

Есiк шалқасынан ашылды. Шам шалқи берiп, шайқала барып түзелдi. Есiктен алғашқы кiрген кiсiнiң жұлығы тесiк етiгi, содан соң басы көрiндi. Түнеугүнi ағасын арбамен әкелетiн шоқша сақалды шүйкедей шал екен. Бестоғайға арба айдап кеткендердiң бiрi осы кiсi болатын. Осыдан үш күн бұрын қораға қажет қамыс орнына қолданатын сәмбi талдың майда, жапырақты шыбықтарын түсiрiп кеткенiн Тайжан көрiп едi. Ендiгi келiсiнiң түрi мынау: бiреудi iшке сүйемелдеп кiргiзiп келе жатыр. Ағасы екен. өңi сақарға салған сүйектей аппақ. Көз аңғалағы iшiне түсiп, салмақты жүзi сұмдық бiр кейiпке енiптi. Екi иiнiнен деп алып, кеудесi зорығып жығылған құланның бүйiрiндей бiр басылып, бiр көтерiлiп, шыдай алмай тұр. Мұртты қара кiсi күштей демеп, оны төрдегi төсекке жатқызуға ыңғайлай бердi…

…Ауылдан оқшау, еңселi көрiнген ат қора көзден ұзап, артта қалып бара жатты. Жақында ғана бүкiл ауыл болып, жабыла жауып, аяқтап едi. Тайжан кеше сонда барып, қораның маңында ұзақ жүрiп қайтқан.

Қолмен сыланған қораның қабырғаларынан жоқ қараған жандай-ақ ағасының саусақ iздерiн шұқшия iздедi… Әне бiреуi кiшкене баланың ойнап басқан алақанының iзi. Қандай сүйкiмдi едi! Мына бiр жерiнде кiтаптағы таңбалардай қаз-қатар тiзiлiп, бiркелкi бой түзептi.

Осы бiр оймышты өрнек секiлдi саусақ iздерi оның көзiне жылы ұшырай кеттi. «Көзi ылғи да шуақ күлкi шашып тұратын қызыл орамалды қыздың сылаған тұсы ғой. Иә, дәл сылаған тұсы. Ой, алақай, ағамның да саусақ iздерi осы маңнан табылуы тиiс. Иә, сөз жоқ, осы тұстан табылады». Оның жүрегi дүiрс-дүрс соғып, көз алды тұмантып, жасаурап кеттi. Ол көптен көрмей кеткен қымбаттысымен қайта кезiгетiн жанша қатты қуанды. Оймышты өрнек секiлдi саусақ iздерiнiң маңын тiнте қарады.

Тайжан көзiнiң жасын сығып-сығып алды.

Айқын ажарын айқара ашқан қабырғаның ана бiр тұсында нәзiк саусақ iзiмен сүйкенiсе ағасының саусақ iзi түсiптi. «Иә, дәл менiң ағамның саусағының iзi! Құдай-ау, қандай iрi, қандай ғажайып едi десейшi! Ондай саусақ ешкiмде де жоқ!»

Ол суық қабырғадағы сүйкенiсiп, бiр-бiрiне еркелескен саусақтардың суық бедерлi iздерiне бетiн басып, өксiп-өксiп ұзақ жылады. Көптен берi iште шемен болып, шер болып қатқан өксiгi сыртқа көз жасымен ақтарылып жатты.

Қалың ой жетегiндегi Тайжан iлби басып, Шолпы жағасындағы шоқ талға беттедi. Жолда қоңыр қызыл сөмкесiн оң иығына iлген шолақ кiсi колхоздың кеңсесiнен шығып, үйiне қарай аяңдап барады екен. Тайжанның қатарынан өте берiп, сәл кiдiре түстi де, оған жылы ұшырай езу тартып, қол алысып есендестi. Содан кейiн арқасынан еркелете қағып, қамқор көзбен оның жүзiне ойлана қарап, аз тұрады да, қоштасқандай ыңғайда бас изеп, үйiне беттедi. Қара жолда көп жүрiп, шаңсоқты болған қоңыр қызыл сөмке шолақ кiсiнiң иығын тұқшита басып, төмен қарай тұқыртып бара жатқандай. Ұядай ұйысқан ауылдың қуанышы мен қайғысын күн санап арқалап, қызметi тым ауыр тигендiктен бе, әлде анау Ақжоннан асып, ауылға келе жатқанда көп үйдiң көз талдырып күткен үмiтiн орнына келтiре алмай жүргендiктен бе, әйтеуiр, қоңыр қызыл сөмкелi шолақ кiсiнiң оң қолтығының астына сұқ көзден таса болғысы келгендей тығыла түсiптi.

Ауадағы ызғырық лебi уақыт озған сайын күшейе түсiп келе жатты. Сұрғылт аспанның сұсты ажарында титтей де мейiр жоқтай. Тiптi қай қылыққа болса да тайынбай баратын қаныпезер жандай қатал қабақ танытып тұр.

Ол өзен жағасындағы шоқ талдың шеткi бiреуiне сүйенiп тұрды. Шолпыға ойлана қарап, оның мөлдiр түбiнен алақандағыдай көрiнiп, сан құбыла бұлың-бұлың ойнаған алуан түстi жұмырша, қаймақ тастарды бiр сәтке қызықтап кеттi. Су түбiндегi тастардан назарын тез аударып, өзен бойын жағалай түп-түп болып, ұйлығып өскен шашыратқыларға қарады. Бәрi де сонау шуақты жаздағы ажарынан жұрдай болыпты. «Шiркiн-ай, басында ең болмағанда бiр тал гүлдiң қалмағанын қарасайшы!..»

Тайжан терең күрсiндi.

…Ол ағасының екi өкпесiнен дем алып, алқынып, қатты қиналып жатқанын көргенде, алма-кезек күзетiскен кiшкене ауылдың қамқор адамдарының салыңқы қабақтарына, анасының әбден жүдеп , ақ шөлмектей бозарған жүзiне жабыға қарап, кiшкене жанын қоярға жер таппаған. Сол күнi ол түн жарымына дейiн кiрпiк iлмей дөңбекшiп, жата алмай қойды.

«Жатсайшы, сорлы-ау», — дегендей аяушылық жүзбен қараған анасының қымтай жапқан көрпесiнiң астынан ағасы жатқан тұсқа қайта-қайта сығалап жатты. Бiлте шамның күңгiрт, қоңырқай сәулесi ағасының аз-ақ күнде етi қашып, әрi кеткен бетiнiң көлеңкесiн тiптен қоюландырып, қорқынышты етiп жiбердi. Әсiресе көз аңғалағының айналасында ұйыған қара түндей қоюлық оған тiптен үрейлi көрiнiп кеттi.

Ағасы сәлден кейiн көзiн ашып алды да, кеудесiн көтере берiп, әлдекiмдердi iздегендей, айналасына барлап қарай бастады. Кенет қабырғада iлулi тұрған өзiнiң суретiне жаңа көргендей тесiле қарады.

Апасының қолы шолақ кiсiге апарған жалтырақ түймесi көп, ұзынша сұр киiмiмен түскен суретiн ағасы өзiмен бiрге ала келiп едi. Айналасын ағашпен жиектеп, бетiне әйнек салып, төрге iлгенде, апасы мен Тайжанның мәз болып қуанғандары есiнде. Тайжан әрдайым есiктен кiргенде, топ ағаштың түбiнде өзiне қарай ашық, жарқын жүзбен күле қарап тұрған ағасын көрушi едi.

Ағасы қабырғадағы суреттен әлi көз алар емес. Қос жанары шырадай жанып, тесiле ұзақ қарады. Бiр кезде жымиып, езу тартып күлгендей болды. Содан соң мойнын ақырын бұрып, өзiн қоршай отырғандарды күлкi ұшқындаған көзiмен сүзiп өттi. Қусырылып кеткен танауы қалпына келiп, байыз тапқандай. Көкке алып-ұшып, жұлқынып жатқан кеудесi тыншулы қылыпқа ауысып, саябыр тартқандай көрiндi.

Тайжанның жан жүйесi бiр түрлi жеңiлейiп сала бердi. Ағасы жымың- жымың етiп, нұрлы жанарымен бұған да қарады.

Зiл қара бұлттың зынданынан жалт етiп, жарқ ете қалған жайсаң күндей бiр сезiм Тайжанның көзiне ойнап шыға келдi. Оның жанарының алды жымың-жымың күлiсiп, жан-жаққа жарқ-жұрқ етiп жарыса шабысқан үпiр- шүпiр жұлдыздарға толып сала бердi…

…Бұл iздеген сол бiр жарық жұлдыз сонау алыстан мұны көрiсiмен алдынан күле шығып, ақ қанатына еркелей сүйкенiп, қатарласып тұра қалды. Жұп-жұмсақ, жып-жылы жүзiн еркелей құбылтып, ойнағысы келгендей ыңғай танытады. Демiнен жып-жылы леп есiп, тек жұлдыздарға тән жұмбақ үнмен мұның құлағына ақырын сыбырлайды: «Тайжан, Тай-ж-ж-а-аан, шашыратқының шық тұнған көгiлдiр гүлi қайда? Әлде жоғалтып алып жүрсiң бе? Сұлу Шолпының жағасына неге бармай жүрсiң? Сонда бар да, сол гүлдi тауып ал! Жарай ма?! Сол шық тұнған шашыратқы гүлiн көзi ылғи да шуақ күлкi шашып тұратын, ашық маңдайлы, ақ құба, әдемiше, дөңгелек бет, қызыл орамалды қызға апарып бер. Ол қыз ағаңа апарып берсiн. Сонда ағаң ауруынан құлан таза айығып кетедi. Ал ендi қош болып тұр. Тайжан, қош, қо- оо-шш!» Жарық жұлдыз жоғарылап, қалқи ұшып кете барды. Тайжан ақ қанатын бiр толғап тастап, қара көк барқын аспанды айналып, жерге қарай қалқып түсе бердi. Төменде жарқырап Шолпы көрiндi. Оның сан жетпес толқынына сан жетпес жұлдыз жабысып алып, көз жетпес алысқа кетiп жатыр, кетiп жатыр.

Әлден уақытта Шолпы көзден тасалана бердi. Үйген маядай қара сұр бұлт Тайжанның аяғының астына қарай қалқи жүзiп келе жатты. Салқын леп бетiн желпiдi. Бұлт бұйрасына аяғы тие беруi мұң екен, үшкiр найзадай қос жолақ қызыл от көз қарықтыра жарқ еттi. Көздi ашып-жұмғанша, ақ қанат қос топшыдан қырқылып түстi.

Тайжан әуеде оқтай зулап келе жатты. Ақ қанат… аппақ қанат… Зу еткен қызыл от… Қиғаштай қадалған iстiк зат…

Ол Шолпының ортасына шолп ете қалды…

Тайжан шошына селк еттi де, орнынан шорши атып тұрды. Көзiн уқалай ашып алғанда, ақ қалпақты, ақ сақалы алдын жапқан қария ағасының бетiн ақ шаршы орамалмен жауып жатыр екен.

Ол бар мен жоқтың арасындай бiр сәттiк есеңгiреген халде отырып қалды. Көз алдында қарайғандардың барлығы түссiз, ақ қоймалжыңға айналып жүре бердi. Кенет құлындағы дауысы құраққа шыға шар ете қалды да, екi әйелдiң демеуiнде талықсып бара жатқан анасының аяғын құшып құлай кеттi…

Екi иығынан қара тастай жаныша басқан зiлдi ой жас Тайжанды тұралатып тастағандай. Сүйенiп тұрған қара тал зор салмаққа шыдай алмай майысып, иiлiп бара жатқан секiлдi…

Қызыл қасқа итi елең артына қайрылды. Тайжан да жалт қарады.

Келе жатқан көзi ылғи да шуақ күлкi шашып тұратын, қызыл орамалды қыз екен. Бiрақ бұл жолы басына қалың қара орамал байлапты. Көзiнде күлкiнiң iзi де жоқ. Құшағына қысқан құшақ отыны бар.

Ол Тайжанды көрген бойда адымын баяулатып, аңтарылып аз тұрды. Құшағындағы отыны жерге сау етiп шашылып кеттi. Оған әрi шошынғандай, әрi таңданғандай әрi-сәрi халде тесiле қарады.

Ол кенет жүгiре басып келдi де, Тайжанды бауырына тартып құшақтай алып, еңiрей жылады. Жұрт алдында айта алмаған ащы күйiк, зар арманын бар даусымен Тайжанға ақтарды. Тайжан да қыздың көкiрегiне басын қойған күйi iшi-бауыры езiле, егiле жылады. Арқасынан аялай сипаған жұмсақ, қамқор мiнездi алақан оның көкiрек түпкiрiне қыстыға ұялаған көп шердiң көзiн ашқандай. Ақ киiзге ораған ағасын анау қоңыр төбенiң басына арбамен апарып келген күннен соңғы, көз жасына, көңiл зарына барынша ерiк бергенi осы сәт едi. Ол осы жолы өзiне тым жақын, жақын да болса алыс жанның шын зарын, көңiл зарын құлағымен естiмесе де, ет жүрегiмен сездi.

Қылаулаған қиыршық қар сұйқылтым, ақ селдiр бояуын қара жерге сүйкей бастады.

Қылауы қапалаққа ауысқан қар әулекi мiнез жел еркiмен ұйытқып, колсозым жердегi қарайып көрiнген ауылды тұмшалай тасалап, қалыңымен тұншықтырғысы келгендей екiлене түстi.

Әудем жерден көзге әлсiз шалынған шағын ауыл осындай бiр қатал қыстың, қатал тағдырдың тағы бiр қањарын қарсы алуға iштей бел байлап, бекем жатты.

Кiшкене жүрегi алақандай ауылдың жүрегiмен бiр соғып, бiрге қуанысып, бiрге қайғырысқан, көз талдыра күткен сол бiр шуақты мерекемен жүздескенше шашыратқының әлi екi рет гүлдеуi керек едi…

Тайжан он үште болатын.

1978 жыл.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Сара

Авторы кім?

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз