Өлең, жыр, ақындар

Жасөспірімдерге арналған кітаптар

Кітап оқу – тек уақыт өткізу ғана емес, сонымен қатар тұлғалық қасиеттерді дамытудың маңызды құралы. Жаңадан аяқ басып, қалыптасып келе жатқан жасөспірімдер үшін кітап құндылығы мен оны таңдай білу аса маңызды рөл атқарады, сана қалыптасуына жол ашады. Бұл мақалада біз жасөспірімдер көзқарасын кеңейтуге, шығармашылық ойды дамытуға және үлкен өмір мәселелерін шешуді үйренуге көмектесетін пайдалы кітаптарды ұсынамыз.

1. “Аманат өмір” Эрих Мария

Бұл даналықтың, ақыл-ойдың қазынасы іспеттес туынды. Оқырманды бейжай қалдырмайды, терең ойға жетелейді. Тек өмір жайлы ғана емес, достық, махаббат, өлім туралы да ой салады. Өзімізге аманат етілген өмірде тіршілігімізді жасаймыз, алайда оның орнына не береміз? Жарық дүниенің қайтарымы не болмақ? Міне, шығарманың түйіні де осыған тіреледі.

Рас, біз айналамыздағы сұлулықты байқамаймыз, зулап өтіп жатқан әрбір күнімізді бағалай білмейміз. Өмірдегі ең басты қажеттілікті ақша мен билік деп қана түсінеміз. Ал шығарма өз өміріңді, денсаулығыңды, жақындарыңды бағалауға мәжбүрлейді.

2. “Көкектің ұясы” Кен Кизи

Қорқыныш пен ессіздік жағдайында да адамдық қалпыңды сақтап қалуға, шындық пен қиял біте қайнасып кеткен кезде де өзіңді жоғалтып алмай, құлшыныспен өмір сүруге болатынын көрсететін роман. Сондай-ақ “Мен кіммін?” деген ең маңызды сұраққа жауап беретін туынды.

3.“Күн түспейтін терезе” Қуаныш Жиенбай

Жағалаудағы жерлестерінің сан қилы тағдыры, олардың қайсар мінезі және арпалысқа толы сезімдері аса дәлдікпен суреттелген. Автор шағын әңгімелері арқылы-ақ адам психологиясын ашуға толықтай мүмкіндік барын дәлелдеп, ешкімге ұқсамайтын өз қолтаңбасын анық аңғартады.

4. “Кішкентай әйелдер” Луиза Мэй Алкотт

Бұл кітап көктемнің таңғы шапағы, бұлақтың сыңғыры іспеттес. Одан даршын мен балалық шақтың иісі аңқиды, күлімсіреп еске алатын көптеген оқиғаларды көз алдыңа әкеледі. Отбасылық құндылықтар мен достықты бағалауды үйретеді.

5. “Будденборктар” Томас Манн

Шығармада өмір — күрес екені түрлі оқиғалармен баяндалып, байлық, бәсеке, атақ және кіршіксіз өнер көркем суреттелген. Қилы-қилы тағдырларды суреттеген шығарманың түйіні қандай жағдай болмасын адам болып қалуға үндейді. 

 6. “Таудағы жаңғырық” Халед Хоссейни

Адам мінезінің сан қыры, өзін-өзі бағалауы, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы, ана тілің мен түп-тамырыңды білудің маңызды екенін тағы бір еске салған терең мағыналы туынды.

7. “Ерік-жігер. Қалай шыңдауға болады?” Келли Макгонигал

Ерік-жігер - біздің физикалық және психологиялық саулығымызға, қаржылық жағдайымызға, өзгелермен қарым-қатынасымызға тікелей әсер ететін фактор. Ерік-жігеріміздің әлсіздігінен шаруамызды ертеңге қалдырамыз, қаламаған тәттімізді жеп өкінеміз, артық ақша жұмсап қоямыз. Бұлай мезеттік ләззатқа бола өзімізден жеңілуді қалай тоқтатуға болады? Ерік-жігерді шыңдаудың жолы бар ма?

Психолог-профессор Келли Макгонигал 10 жыл бойы ерік-жігер бойынша ашық курс жүргізді. Сондағы студенттердің нәтижесімен бөлісе отырып, өзімізге ұнамайтын әдеттен біржола құтылудың, салауатты өмір салтын ұстанудың, маңызды істі ертеңге қалдырмаудың, қарыздан құтылудың нақты қадамдарын ұсынады.

Бақыт Нұрай

Дереккөздер "Фолиант" баспасынан


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Бекзат

Рахмет!!!

Инкар

Эрих Мария мықты жазушы! ♡☆

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз