Қазақтың текті қыраны, жеті қат көкте жаумен қисапсыз жағаласқанда жүрегі әсте шайлығып көрмеген, ел бағына туған қаһарман ұланы Талғат Бигелдинов Кеңес одағы батыры атағын екі мәрте алған қазақ халқының мақтанышы.
Әскери әуе жолдарын бағындырған, аспан адамы атағына ие болған қаһарман атамыздың есімі әлдеқашан-ақ сол аспан биігіне дейін шарықтап кетті. Анталаған жауға тұтқиылдан соққы беріп, есеңгіреткен есіл ер өз өмірінде 305 рет көкке көтерілген екен.
Бұрынғы Ақмола - Қараөткел төңірегіндегі атақоныс, қазіргі Астана әуежайының орнындағы ескі Майбалық ауылында, Бигелді қарттың әулетінде қазақтың болашақ даңқты ұшқышы Талғат Бигелдинов дүниеге келген.
Бигелді атасының 101 жасап қайтқан қарындасы – Қадиша әжесі кішкентай Талғатты керемет жақсы көрді, бар мейірімін төге тәрбиеледі. Әкелері 1931-1932 жылдардағы ашаршылық қысыңқыраған уақыттарда еттірілік танытып, колхоздан жалға жер алып, тау жақтағы ай далада пияз, жүгері екті. Үй іші алты ай жаз бойы тайлы-тұяғымен түгелдей егістік басында болады. Сонда әжесімен бірге қалып, үйді қарайтын, бие мен сиырды бағып, сауатын да Талғат еді. Осылай еңбекке, елгезектікке баулынды. Қара жұмысқа қаршадайдан қатып-пісіп шынықты.
Әуелі Саратовтың арнайы барлаушылық ұшқыштар авиамектебіне оқуға жіберілді. Оны бітірген соң, Чкаловтағы 3-ші бомбалаушы және 1-ші жойғыш авиациялық ұшқыштар мектептерінде аспан қыраны мамандығының қыры мен сырын тәптіштеп меңгерді. Одан соң, ИЛ-2 шабылдаушы ұшағында ұшуға үйренуден өтті. Осының бәріне ұзын-ырғасы екі жарым жыл шамасында уақыт кетті. Тек содан кейін ғана, 1942 жылғы желтоқсан айында Талғат Бигелдинов кейіннен 144-гвардиялық деп аталған алғы шептегі 800-шабылдаушы авиаполкке келіп қосылып, соның құрамында соғыстың соңғы күндеріне дейінгі бүкіл от-жалынды бастан өткере кешіп өтті.
Үш жүз бес рет жауынгерлік тапсырмамен ұшып, ұрыс салып майдандасты деп айтуға ғана оңай. Басты гәп жан алып, жан берісе жағаласқан сол жанталастарда жеңіп шығу болса, Талғат Жақыпбекұлы соғыста 305 рет жеңіске жетті, жауынан мерейін 305 рет үстем етті. Ерліктің мақсаты әрдайым жеңіске жетіп отыру болса, сол қасиетті мақсат биігіне Бигелдинов мәрттікпен көтеріле білді. Ол жер жастандырған жау саны, талқандаған техника мен жабдық-жарақ, дұшпанды ойрандатқан шығын молая берді. Бір өзі алғашқы он ұшу жорығында-ақ, дұшпанның Демьян тобындағы 10 автомәшинесін, 2 зеңбірек, 4 дзотын, 100 шақты гитлершіл мен бір жойғыш-қырғиын құртып жіберген. Сол ерлігі үшін ең алғаш рет Екінші дәрежелі Отан соғысы орденін алды.
Соғыс өрті сейілген бейбіт жылдары Талғат Жақыпбекұлы азаматтық авиацияны басқарды. Мәскеудегі құрылыс институтын бітіріп, зәулім ғимараттарды тұрғызуға атсалысты.
1. Талғат Бигелдинов көш кезінде түйеге тіркелген үлкен екі доңғалақты арбада дүниеге келген.
2. Бішкекте жүргенде өгей шешесі дұрыс қарамай, ашқұрсақ қалып, амал жоқ таудан кесіртке, жылан аулап жүрек жалғаған кезі болған.
3. Бала күнінде үйде бие мен сиырды бағып, оны кейін сауатын Талғат болған.
4. 23 жасында Кеңес Одағының екі мәрте батыры атағын алған жалғыз қазақ.
5. Авиация генерал-майоры
6. Жасы ұлғайған шағында омарташылықпен айналысты.
7. Фашистер Бигелдиновтың ұшағына «Қара өлім» деген лақап ат берген. Ал әріптестері оны «Қазақтың қыраны» деп еркелеткен. Айтпақшы, оның ұшағының нөмірі 13 болған.
8. Майдан командирі Иван Конев оны «Бақырауық» (Крикун) деп еркелеткен. Себебі, Бигелдиновтың негізгі міндеті барлаушылық еді. Содан оның радиостансасы қуатты. Ол сөйлегенде басқа радиостанса тоқтап қалады екен.
9. 200 ұшақпен аспанға көтерілген сайын әжесі үйреткен «Ләә хаула уә ләә қууата иллә билләәһил ъалийл ъазиим. Машаа алллаһу кәәна уә мәә ләм яша’ ләм укян. Әл-имәәну иқрарун бил-лисаани уә тасдииқун бил қалби, би мәә жәә-а биһи мин ъиндилләәһи. Мухаммадун расулуллаһ саллаллааһу әлайһи уә салам» дұғасын оқыған.
10. Соғыс кезінде барлығы 500 сағаттай аспанда ұшып, жеке өзі жаудың 7 ұшағын атып түсірген.
Назар аудар:
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі