Өлең, жыр, ақындар

Жігітке елу үйден тыйым, қызға қырық үйден бостандық

Бүгінде феминизм тақырыбы қоғамда белең орын алуда. Феминизм — әйелдердің құқықтарын кеңейтуге бағытталған идеология. Әлем бойынша феминизм — әйелдер мен еркектерге тең мүмкіншілік орнатумен айналысуда. Ал Қазақстанға және қазақ менталитетіне феминизм қаншалықты керек? Феминизмге бүгінгі күннің өзінде мұқтажбыз. Оны мынадай көрсеткіштер арқылы біле аламыз:

Tengri news статистикасы бойынша: жыл сайын зорлық-зомбылықтан 80-нен кем емес әйел қаза табады. Ал, 2023 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 900-ге жуық адам қайтыс болған.

Ал НеМолчи.kz фондының статистикасы бойынша Карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша әйелдер тарапынан түскен арыз саны: 15 наурыз-15 ақпан ай аралығында 10121, одан кейін, 15 наурыз- 16 сәуір аралығында 13518 арыз түскен. Яғни, бір айда арыз саны 23.5 пайызға өскен.

Онымен қоса, 18- ге толмаған жасөспірім қыздар да, ерлер тарапынан жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырауда. 2022 жылдың статистикасы бойынша 719 жасөспірім қыздар зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. Жыныстық зорлық-зомбылықтан түскен арыздың тек 1%-і сотқа жетеді. Ал ең басты мәселе: Қазақстандықтардың тең жартысы алып қашуды қылмыс санамайды.

Көптеген ер адамдар зорлық-зомбылықты қылмыс деп ойламайды. Олар үшін ашық киінген қыздар, өздеріне жасалған зорлыққа әбден лайық. Ондай пікірдегі ер адамдарды қоғам да қолдайды. Себебі, еркек адамдар әйелдердің ашық киінгені үшін сынға алады. Бірақ, ашық киінгені үшін зорлау сананың таяздығы. Мұндай жағдайда, жәбірлеушіні емес жәбірленушіні кінәлі санап, қысым көрсетеді. Өзін-өзі ұстай алмау-жалпы адамға жат нәрсе. Мәселен, қыздың өзі «провокация» жасап тұр деп жәбірлеуші өзін ақтап алады. Проблема қыздың ашық киінгендігінде емес, проблема жігіттің «зорлаушы» ретінде ойлауы!

Бүгінгі күн — ертеңгі тарих демекші, тарихқа үңілсек қазақ қыздары ешқашанда феминизмге мұқтаж болмаған. Себебі, Шығыс әйелдерінің ішінде ерлермен тең соғысқа аттанған- қазақ қыздары. Қазақ қыздары — Орталық Азиядағы хандықтар мен империяларды басқарған жалғыз ұлт.

Бірақ осы факторлардың бәріне қарама-қайшылық тудырған ел арасында тараған мақал- мәтелдер бар. Мысалы: «Баланы жастан, қатынды бастан», «Қатын бастаған көш оңбас» немесе «Астыңдағы атыңа сенбе, Қойныңдағы қатыныға сенбе»-сынды мақал-мәтелдерден көрсек болады. Сонда қоғамда әйел адамның орны жоғары болса, бұл сөздер қайдан шықты деген сауалға: мәдениеттанушы, қазақ мифологиясын зерттеуші, философия ғылымдарының кандидаты, жазушы — Зира Наурызбай жауап беріп көрді.

— «Астыңдағы атыңа сенбе, қойныңдағы қатыныңа сенбе. Дәстүрлі мәдениет үшін батырдың арғымағы оның екінші жартысы. Тұлпар оның жан досы, жолдасы. Тіпті батырлар туралы жазылған эпостарда тұлпар батырға қиын жағдайда көмектеседі, зынданнан алып шыққан кездері де болған. Ал мақалға келетін болсақ, кез-келген адам мақалды құрастыра алады. Әсіресе, қазақтар суырыпсалма, сөзді тамаша игерген халық. Бұл мақал «астыңдағы атыңа сенбе» — деп өз-өзін әшкерелейді. Өйткені, қазақтардың тұлпарға деген көзқарасы ерекше. Тіпті, ертеде түркілер қайтыс болған адамды оның тұлпарымен бірге жерлеген. Оны мифология тұрғысыдан қарастырсақ, тұлпар өз иесін о дүниедеде тасып жүреді деген ниетпен, қайтыс болған адамның жылында тұлпарын құрбандықа шалып, кейін сүйегімен бірге жерлеген. Осындай аңыздарды біле отырып, қазақтардың тұлпарға қарым-қатынасы мақалда айтылғандай болмағанын және «қойныңдағы қатыныңа сенбе» — деген сөзді айтпай-ақ, бұл мақал қазақ менталитетіне жат екенін түсінуге болады.

Қазіргі кезде гуманитарлық әлемдік ғылымда: гендерлік археология, феминистік археология сынды ғылымдар дамуда. Осы ғылымдардың негізінде қарайтын болсақ, расыменде-ақ түркі тарихында әйел адамның маңызы зор болғанын көреміз. Түркі тарихынан түркілік қоғам патриархалды болмағанын байқаймыз.

Америкалық профессор-Джек Уэзерфордтың «The Secret History of the Mongol Queen's»- атты кітабында Шыңғысхан әйелдерді өте қатты құрметтегені туралы айтылады. Әйелдерді құрметтеу Шыңғысхан шыққан Бөржігін тайпаның мәдениеті мен салт-дәстүрі. Ол кездері Бөржігін тайпасында «қалың мал» болмаған. Ал, ер адамдар ұнатқан қызын алу үшін, қыздың әкесінің үйінде бірнеше жыл жұмыс істеуі қажет болған. Біздің менталитетімізде әйелінің үйінде тұратын еркекті «күшік күйеу» деп атайды. Алайда, бұл сөз тарихшылардың айтуынша «күш күйеу» сөзінен шыққан екен. Яғни, күйеу бала қызды алу үшін қайын атасына еңбегімен, күшімен өтейді. Шыңғысхан осы дәстүрді ауыстыруға үзілді-кесілді қарсы болды. Негізі тарихқа сүйенсек, Шыңғысханның мұрагер ұлдары әлсіз, ойынқұмар және ішімдікке салынған болған деседі. Сол үшін Шыңғысхан өзінің қыздары мен келіндеріне арқау сүйеген. Ол тақ мұрагерлігіне қыздарырың біреуін сайлағысы келген. Бірақ, мұндай шешім қабылдауға бел бумады, бәрібір де қоғам патриархалды болмақтығын түсінді. Өкінішке орай Шыңғысхан қайтыс болғаннан кейін, оның ұлдары қыздарын биліктен алшақтатып, көздерін жойды.

Біздің «түркі дәстүрлері» санатына жататын бір қызық дәстүр бар. Ол дәстүр бойынша: ұнатқан қызды алу үшін, ол қызды жекпе-жекте жеңу керек. Жеңсе ғана, ол қызды алуға құқылы. Бірақ, қызды шайқаста жеңе алмай, басқа батыр қыздан, ұнатқан қызды жеңіп беруін сұрайды. Бұдан біз түркі қыздарының әрқашан батыр және жауынгерлік қасиеті бар болғанын түсінеміз. Мысалы, «Қобыланды»- эпосында манағы айтқан образға Қарлығаны жатқызсақ болады. Қарлыға- Қобыланды батырдың қас дұшпанының қызы. Алайда, Қарлыға Қобыландыға ғашық болып, алдымен әкесін, кейін інісін сатып махаббатына қосылмақшы болады. Бірақ, Қарлыға Қобыландыға ренжіп, оны жекпе-жекте жеңеді. Міне сол Қарлыға сол дәстүрдің бір бөлшегі. Тек ескере кететін жайт, Қарлыға- жағымсыз кейіпкер.

Әйел дәрежесіне әсер еткен тағы бір фактор: ислам діні. Діннің арқасында әйел мәртебесі, еркектен бір саты төмен түсті. Соған қарамастан, ислам өз кезінде өте прогрессивті болды. Ислам — әйелдің әлеуметтік экономикалық құқығын қорғады. Көптеген Еуропалық елдерде әйелдер, 6-7 ғасырда шариғатта көрсетілген құқықтықтарды 20-шы ғасырдың екінші жартысында алды. Бірақ қазақ халқында көптеген еркек адамдар шариғаттың өзіне керек, пайдалы жағын алып, ал әйелге пайдалысын елемейді.»

Ал үйге түскен келінге — құл ретінде қарау туралы сауалға:

« —Бұл мәселеге қазақ-жоңғар соғысы қатты әсер етті. Өйткені, оған дейін қазақ қызын қалыңдық қылып алу өте қиын әрі қымбат болды. Сол себепті де, көп ер адамдар 40-50 жаста үйленген. Қазақ қызын жүздеген жылқы беріп, өте үлкен қалың малға алатын болған. Осыдан кейін, оңайлықпен келмеген әйелін қалай жұмысқа салады? Келіннің мақсаты — жұмыс істеу емес, сол рудың ұрпағын жалғастырып, ер жігітке серік болу. Келін түскен отбасы, келінді аса қатты құрметтеген. Келінді ренжітсе, кек алуға дайын тұрған өз ауылы да бар.Алайда, қалмақпен соғыс кезінде тұтқынға көптеген қалмақ қыздары түскен. Оларға тоқал ретінде немесе қазақ қызына қалың мал төлей алмаған жігіттер үйленген. Қалмақ келіндеріне қазақ қыздарына қарағандай құрмет көрсеткен жоқ. Бірақ, олар заңды әйел және олардан туған бала заңды мұрагер ретінде қабылданды.

Бұл біздің менталитетімізге үлкен әсерін тигізді. Тағы Кеңес кезінде де кеңестік идеология қазақтарды дөрекі, жабайы салтты және әйелдерді сыйлаған жоқ деген нәрселерді санамызға сіңірді. Одан кейін, 90-шы жылдары мәдениетімізді қайта қалпына келтірген кезде, Кеңес билігі көрсеткен дәстүрді қалпына келтірдік.» — деп жауап берді

Расында да біз — бізге жат дәстүрлерді қалпына келтірдік. Соның бірі — алып қашу дәстүрі. Бұл дәстүр қазақ мәдениетінде мүлде болмады деп айтуға келмейді. Алайда, мағынасы басқа жағынан ашылған. Егер екі жас бір-бірін сүйіп тұрып, ата-аналары қарсы болған жағдайда жігіт қызды алып қашқан. Бірақ, бұл үрдіс тек қыздың келісімімен болған! Ал екінші жағдайда: егер балаларын бала күнінде атастырып қойып, екі жақ бір-біріне «бел құда»бола тұрып, қыз жақ қыздарын беруден бас тартса, жігіт жақ қызды алып қашуға құқылы.

Ал қазір ше? Бұл дәстүр ғасырлар бойы сарқыттай сақталып, өз мазмұнын жоғалтпады ма? Біздің берер жауабымыз — «Жоқ». Өйткені, қазақ бір көрген — біліс, екі көрген — таныс деп кез-келген қызды алып қашпаған! Бұл өткен заманда болсын, қазіргі заманда болсын — Заң бұзушылық. Егер біз Тәуке ханның жеті жарғы заңдар жинағына қарайтын болсақ, бір ер адамның құны — 1000 қой, бір әйел адамның құны — 500 қой. Яғни, абайсызда немесе қасақана кісі өлтірген жағдайда, осынша мал құнын төлеуге міндетті деп есептелді. Ал қыз алып қашқаны үшін өлім жазасына кесілетін болған. Егерде қыз жақ бейбіт келісімге келіп жатса, жігіт 200 жылқының құнын өтеуге міндетті болған. Ал бұл дәстүрді қазіргі заман адамдары қате түсініп, дәстүрді басқалай қалыптастырды. Қызды келісімінсіз алып қашу — жабайылық! Бұл дәстүрді қазіргі заманда қолданудың керегі жоқ деп ойлаймын. Дәстүрді қор қылмайық!

Қанша жерден өткенге үңілгенімізден ештеңе шығар емес. Қазақ әйелдерінің құқығы қай жағынан болсын қорғалғанымен, зорлық-зомбылық көбеюде. Мұның бірден-бір себебі: әйелді ұрса, адам қылмыстық емес, әкімшілік жазаға тартылады. «Әйел мен еркектің құқығы бір»- дейтін ер адамдар, бұл жағдайда қыздардың не сезінетінін білмейді. Ал ең қызығы «әйелге» байланысты барлық мәселелерді Сенатта болсын Мәжілісте болсын әйел емес еркек шешеді. Олар өзге жыныстан қысым көрмегендіктен, феминизмге байланысты ештеңе де білмейді! Бізде әйелдердің құқығы қорғалған дейді. Бірақ, қайдағы құқық?! Егерде Конституцияда «Әйелдерге қатысты кемсiтушiлiктiң барлық нысандарын жою туралы конвенция» болса. Бұл нағыз жыныстық бөлінушілік. Неге заң бір субъективті тұлғаны адами құндылықтарға арқау сүйеп, құқығын қорғамайды? Неге әйел, еркек деп бөледі? Біріншіден әйел адам біреудің — қызы, қарындасы, анасы, досы емес! Әйел ол — адам! Барлық азаматтардың құқығы тең болса, әйелді ұру, зорлық көрсету факторларын жасаған адамды лайықты түрде неге жазаламайды?

Қызды қырық үйден тия бергенше, неге жігітке елу үйден тыйымды айтпайды? Ұятта болсын айтайын, көп жігіт мұның тіпті не екенін білмейді. Солардың назарына әдейі «Жігітке елу үйден тию»-ды ұсынамын:

1. Құмар ойнауға.

2. Дінді өз мүддесіне сай өзгертуге.

3. Жалған намысқа салуға.

4. Біреудің жеке өміріне араласуға.

5. Ата-бабасымен ғана мақтана беріп, өзі әрекет етпеуге.

6. Ауызға келгенді бөсіп сөйлей беруге.

7. Сұрамаған адамға ақыл айтуға.

8. Еріншек, жалқау болуға.

9. Өз ісіне жауапкершілік алудан қашуға.

10. Екі сөйлеп, екі жүзді болуға.

11. Өтірік айтуға.

12. Қызға қол көтеруге.

13. Қызға тіл тигізуге.

14. Ерсі күлуге.

15. Жарына еркіндік бермей, дамуына жағдай жасамауға.

16. Қайтара алмайтынын біліп, қарыз алуға.

17. Зина жасауға.

18. Өсек-аяң тасуға.

19. Білімге ұмтылмауға.

20. Әлімжеттік көрсетуге.

21. Жігерсіз, ынжық, ез болуға.

22. Мақтаншақ болуға.

23. Қоршаған ортасына жаны ашымауға.

24. Ішімдік пен шегімдікке салынуға.

25. Баласына тәрбие беруден қашуға.

26. Өзі табыс таппай, әйелінің не әке-шешесінің мойнына асылып алуға.

27. Жұмыссыз жүруге.

28. Ысырапшылдыққа жол беруге.

29. Қатыгез болуға.

30. Қара басының ғана қамын ойлауға.

31. Тек дәстүрге ғана жатып алып, жаңашылдықтан безуге.

32. Тәкаппар болуға.

33. Нәпсіқұмарлыққа.

34. Жағымпаздануға.

35. Әсіредіншіл болуға

36. Кісіні қорлауға.

37. Қоғамдық жұмыстан қашуға.

38. Жеңіл ақшаға үйір болуға.

39. Көреалмаушылық пен

Қызғанышқа салынуға.

40. Тұлғалық дамудан қашуға.

41. Ксенофобия, сексизм, эйджизмге жол беруге.

42. Жемқорлыққа жол беруге.

43. Болашаққа үңілуге тырыспай, өткенмен өмір сүре беруге.

44. Дүниеге байлануға.

45. Өзгенің пікірін құрметтемеуге.

46. Мәдениетсіз болуға.

47. Қызды еркіне қайшы алып қашуға.

48. Ұрлық жасауға.

49. Сыртқа шығып, ел көруге талпынбауға.

50. Шектен тыс той тойлауға.

Ескере кететін маңызды жайт, феминизм — ер адамдарды жек көруге шақыратын бағыт емес. Ол тікелей әйел адамның құқығын корғауға бағытталған идеология. Сондықтан, феминизмді қолдауда жыныстық кемсітушілік болмауы керек! Ер адам да, әйелде қоғамда тең. Феминизмді қолдауда асыра сілтеу мен қақтығыстар орнамауы қажет. 

Нұрлан Инабат


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (3)

Менің ойым

Дұрыс жазылған

Жанайым

Сырты әдемі кәпмит, іші боқ. Кез келген сектаның заңы.

MirkemelAynur

Өте жақсы жазылған. Қаламыңыз ұштала берсін!

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз