Қайырлы күн, құрметті оқырман! Күндеріңіз жақсы өтсін! Ал мен сізге өз басымнан өткен қызық оқиғаны айтып берейін, құлақ қойып тыңдай отырыңыз. Бар ынтаммен жазуға тырысамын! Әңгіменің басын былай бастағанды жөн көрдім.
Қыс… қаңтар айының 4-ші жұлдызы. Әдеттегідей күн емес, туған күнім еді. Әр жыл сайын туған күннің өзіндік ерекшеліктері мен қызығы болатын. Туған күн деген керемет емес пе иә?! Құттықтаулар мен сыйлыққа толы күнді ешкім естен шығармас, сірә! Күнім солай құттықтаулардан басталды. Ең бірінші ата-анам құттықтады. Олардың тілектеріне не жетсін! Түн ұйқысын төрт бөлген анаң мен асыл тәрбиесін бойыңа дарытқан әкең балаларының ержеткенін көргенде ет жүректері елжіремей тұрмас. Еріксіз көзге қуаныштан жас алып, маңдайымнан сүйгендері әлі есімнен кетпейді. Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің дейді. Бізге де сол күн бұйырып қалар. Сөйтіп, мен сүйінші сұрағандай, сыйлығым қайда демесім бар ма? Менде қызықпын ау! Олар үнсіз тұрды. Менде түсінгендей кейіп танытып, қалжыңға айналдырып, өз бөлмеме кетудің жолын таптым. Онда барып ойланып қалдым. Сондағы ойым “ақшадан қысылған болар” деген еді.
Ажар алдында не күтіп тұрғанын білмеді. Осы жерін кейін айтып берермін. Содан не керек, күнің қандай көңіл-күйден басталса, солай аяқталады демекші, керемет көңіл-күймен мектепке асыға жөнелдім. Ішімнен сезгендей-ақ сыныптастарым тосын сый дайындап қойыпты. Сол кезде достарымның көптігін және бауырмашылдығын, маған деген құрметін сезгендей-ақпын. Күні бойы туған күн бітпесе екен, бітпесе екен деп тілеп те жүргенім бар. Түрлі құттықтаулар естіп, сыйлықтар алдым. Сол кездегі сезімдерімді айтып жеткізе алмаспын, сірә! Сол күнгі сабақтарда жақсы өтіп, мұғалімдерден жақсы сөздер естідім. Сабақ түскі уақытта басталып, кеш боларда бітетін. Ақыры сабағым аяқталды.
Үйге бақытты болып бара жаттым. Менің достарымнан үйіме жақын тұратындар жоқ еді. Содан жалғыз қайтуға тура келді. Қыс мезгілі мүлде бөлек кез ғой. Аспаннан нұр төгілгендей жапалақтап қар жауа бастады. Мен жылы күртешемді киіп алып, үйге қарай асықтым. Үйге жеткенге дейін өзіммен сөйлесетін әдетім бар еді. Бүгінгі күн туралы айтып келе жаттым. Айналамда ешкім жоқ, тас қараңғы. Мен бала болсам да аса үрейленбейтінмін.
Қызықтың көкесі енді басталмақ. Сөйтіп не керек, қуанып келе жатсам, кенеттен бір азулы, түрі қорқынышты, бір ит тап бермесі бар ма? Сол кезде не істерімді білмей сасып қалдым. Оны айтып жеткізе алмаспын енді. Жүрегім қақ айырылды. Басында шайтан ба деп те ойладым. Қаншама қорқынышты фильмдерді көріп алып, осындай жағдай болса қорықпаушы едім деп ойлайтынмын. Басыңа түссе қол аяғың байланып қалады екен. Сол орында тастай қатып қалдым. Барынша демалмауға, артық қимыл жасамауға тырыстым. Ең қиыны бетіне тік қарау еді. “Жалғыз жүріп, итке тап болсаң, қорқынышқа боялдырмай, сабырлық сақта” - деп атам айтқан. Ит тап береді деп ойыма да алмаппын. Ішімнен ұялы телефоныма ешкім хабарласпаса екен деп тілеп тұрдым. Оғаш дыбыс естісе ит шошиды деп ойладым. Ашуға толы көздеріне қарап, демалғанын естігенде, көзімнен жас мөлкілдеп аға кетті. Тірі қалмаспын деп те ойладым. Ол да қатып тұрып қалды. Бірақ ашулы, түрі де сұсты хайуан. Жүрегім дүрсілдеп, аяқ-қолым дірілдеп, не істерімді білмей қалдым. Ал сіз тас қараңғыда итке тап болсаңыз не істер едіңіз? Ойланып көріңізші.
Сонымен не керек, алыстан бір әйел кісінің дауысы шықты. Сол кезде ғана өмірімнің мәнін түсінгендеймін. Қанша бақытты болсаң да, саған осындай кішкентай сынақтар өмірді мәнін ұғындырады екен. Әлгі әйел адам иттің үргенін сезіп, жерде бар тастарды ала жөнелді. Бейне бір батыр сияқты, маған қауіп төнгенін сезгендей-ақ. Иттен құтылғаныма қуанып, әлгі кісіге ризашылығымды білдірдім. Ары қарай ол кетіп қалды ма жоқ па мүлде есімде жоқ. Тіпті әйел адамның түр келбетінде қарап үлгермеппін. Өзім де түсінбедім, бәлкім менің періштем болды ма? - деп те ойлап қоямын. Сондағы түйін Аллаға сенім. Осындай кезде жаратушыға деген құрмет шексіз болары сөзсіз. Алдыңнан не күтіп тұрғанын білмейсің. Мүмкін сол кісі болмағанда менің жағдайым не болушы еді? Ойлауға да батылым бармады. Осыдан кейін иттерден қорқатын болып кеттім. Мысықтардан да қорқатыным бар еді. Сөйтіп әлі сол үреймен үйге әрең жеттім.
Жеткеніме жан ұшыра қуандым. Кейде менің өмірім неге осындай қызық деп қоямын. Бейне бір кино сияқты, шытырманға толы. Үйге жеткенім сол еді, үйдің ашық екенін көрдім. Бірақ, жарықтар өшірулі тұрды. Тағы не болып қалды деген ой болды. Арасында бұл түс пе деп қоямын. Бәрінің үйіне болмаса да, бірінің үйіне ұрлыққа адамдар түседі емес пе? Сол жағдай басымыздан өткен. Оны тарқатып айтпай-ақ қойсам…. Сол қорқыныш өз басымызда болған. Үйге кіруге жүрегім дауаламады. Ұзақ ойланып, кіруге шешім қабылдадым. Не болса да Алла қорғайды деген оймен есікті үреймен қолым дірілдеп ұстап, ақырын аштым. Қазір біреу тап берсе ше? - деген қорқыныш басым болды. Өзімше үйде ұры болса ұстап аламын деп қоямын. Не дегенмен бала едім ғой. Аяқ киімімді шешуді де ойламаппын. Кіріп, бар күшімді жинап сақтанып тұрдым. Кенет жарықты біреу қоспасы бар ма? Шошығанымды көрсеңіздер ғой. Елестетіп көріңізші өзіңіз. Жарықты қосқан кезде айғайлай бастадым. Бағанағы батыл Ажар жоғалып кеткендей. Менің дауысымнан бәрі қорықты.
Сөйтсем, маған тосын сый жасамақшы болған отбасым екен. Ай, қызық болды. Әбден тоқтаусыз күліп алдым. Онысымен қоймай отшашуды бетіме шашқанын айтсаңыздаршы! Үй жарылып кетті ме деп ойладым. Өте қызық күн болды. Отбасыңнан сыйлық алған бөлек сезім ғой, шіркін! Сыйлықтың қызығы қалмады. Бүгінгі күніме күлкім келіп, жылағым да келді. Әр жылы түрлі шытырман оқиға болатынына көзім жетті. Бөлмеме келіп, бір қызық сезімде отырдым. Мүлде бөлек. Жаңа әлем, жаңа өмір басталғанының белгісі болар. Ең бастысы жақындарыңыз жаныңызда болса болды. Одан асқан бақыттың өлшемі жоқ. Менің оқиғам осылай сәтті аяқталды. Назарыңызға рақмет, оқырман!
Апшерхан Бұлбұл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Арайлым
қызық