Бойдақтар компаниясында өткен көңілді кешкі астан соң маған ескі танысым:
— Елисей алаңымен серуендеп қайтсақ қайтеді? — деді.
Сонымен екеуміз жай басып, екі қапталын жапырақтары селдіреп қалған сидиған ағаштар көмкерген ұзын аллеяның бойымен жүріп келеміз. Айналадан мынау Париж қозғалысының мәңгілік тұншығыңқы гуілінен өзге шу естілмейді. Бетімізді кешкі самал өбеді.Тұнжыр аспан бетінде алтын түстес сансыз көп жұлдыз шаңытып жатыр.
Жолдасым сөйлеп келеді:
— Неге екенін қайдам, түнде осында келсем болды, тынысым кеңіп, қиялым қиянға самғап жүре береді. Кейде ақыл-ойымды бір жарық сәуле көктей өткендей болады, сол сәтте мен мынау тылсым жаратылыстың бар құпиясын аша алатындай көрінем.
Кей — кейде ағаштардың арасынан қосарласқан жұптар қылаң береді. Міне, сәкіде отырған осындай жұп бізден жасырынғысы келгендей бір біріне жабыса қалды. Жолдасым тағы сөйлеп кетті:
— Бейшаралар ! Бұндайлар менің бойымда жеккөрушілік емес, керісінше соншалық бір аяушылық сезімін туғызады. Адам өмірінің сансыз құпияларының маған біреуі ғана мәлім: бізді Жаратушы жалғыздықпен жапа шектіріп қойған, біздің бүткіл тіршілігіміз содан құтылудың қамынан өзге дәнеңе емес. Әне, анау сәкіде ашық аспан астында бір-біріне жабыса қалған сүйіскен жұп та біз секілді, бүткіл тіршілік иелері тәрізді қас-қағым сәтке болса да жалғыздықтан құтылу үшін жанталасып бағуда, бірақ олар да, біз де мәңгілік жападан-жалғыз қалпымызда қала бермекпіз. Біреулер мұны айқын, біреулер әлсіздеу сезінеді, бар айырмашылық осында ғана.
Біраздан бері мен аяусыз азапқа түстім, өйткені мен өзімнің жалғыз екенімді ұқтым. Түсінесің бе, одан құтылудың ешқандай жолы жоқ! Біздің бүткіл талпыныстарымыз, алқынған жүректеріміз, тәтті сөздеріміз, айқасқан құшақтарымыз бұдан құтқара алмайды, біз әрдайым жападан-жалғыз болып қала береміз.
Мен сені осы серуенге үйіме жалғыз қайтқым келмегендіктен ертіп шықтым, мені қазір өз пәтерімдегі оңашалық қинайтын болып жүр. Бірақ бұның да пайдасы шамалы. Мен қазір сөйлеп келем, сен тыңдайсың, екеуміз қатарласып бірге келеміз, алайда біздің әрқайсымыз бәрібір жалғызбыз. Сен мені түсінесің бе? «Рухы кедейлер бақытты» дейді Қасиетті жазуда. Олар — бақыттың елесін жоғалтпағандар. Олар біз секілді жалғыздықтан жапа шекпейді, олар мен секілді өздерінің менменшіл сезімін қанағаттандыру үшін біреулермен иық түйістіріп, қатар жүру үшін жанталаспайды, олардың мұрнына мәңгілік жалғыздық дегеннің не екенінің иісі де кіріп, шықпайды.
Сен мені есінен адасқан біреу деп ойлап келе жатқан шығарсың. Солай емес пе? Бірақ сен мені дұрыстап тыңда. Мен өзімнің жападан — жалғыз екенімді сезінген күннен бастап күн өткен сайын бір шеті де, шегі де жоқ, жарыққа шығу ешқандай мүмкін емес жер астының қараңғы қапасына түсіп бара жатқан сияқтымын. Мен сол қапастың ішімен жүріп келем, жанымда тірі жан иесі жоқ. Бұл қапас — біздің өміріміз. Кейде мен әлдеқандай шуды, дауыстарды, айқайларды есітем… Мен сол жаққа жеткенше асығам. Алайда, олардың қайдан шығып жатқанын ешқашан біле алмайтын болармын, сондықтан өзімді құшағына алған қараңғы қапастан менің өзге жанды кездестіруім мүмкін емес тәрізді. Енді түсіндің бе?
Осы бір жантүршігерлік жайды аңғарған жандар болған өмірде. Мюссе былайша аһ ұрады:
— Келе жатқан кім? Шақырған кім мені?
— Ешкім де. Бұрынғыша жападан — жалғызбын, әне, менің де сағатым соқты. О, жалғыздық! О, қайыршы тірлік!
Бірақ бұл оның қас — қағым сәттік сезімі ғана, менікі секілді өмірлік қағидасы емес. Ол өмірді елестермен, қиялдармен байытқан ақын болатын. Сондықтан ол жалғыздық жапасын мен секілді шеккен жоқ.Әлемдегі ең ұлы көріпкелдердің бірі болғандықтан мынау қу тіршіліктен бақытын ұшырата алмаған Гюстав Флобер өзінің ашына әйеліне: «Біздің бәріміз де құладүз қумекендеміз, сондықтан біреуді біреу түсінбейді» деп жазған болатын. Иә, ешкімді ешкім түсінбейді, біз не десек те, не ойласақ та, не істесек те, біреуді біреудің ұқпайтынын жоққа шығара алмайсың.
Бізден өте алыста жатқандықтан өзіміз оның болымсыз ғана бөлігін көре алатын, қалған сансыз көп шоғырлары шетсіздік пен шексіздікке сіңіп кеткен мынау жарқыраған дәндер секілді жұлдыздар әлемінде не болып жатқанын жер біле ме? Мүмкін жұлдыздар бәрі жиналып жалғыз денені құрайтын бір тәннің бойындағы молекулалар секілді бір біріне тым жақын орналасқан болар?
Жердің жұлдыздар әлемінде не болып жатқанын білмейтіні секілді пенде де келесі пенденің бойында қандай құбылыстар жүріп жатқанын біле алмақ емес. Біздің бір бірімізбен арамыз осынау аспан шырақтарының араларынан гөрі алыс, өйткені біздің ойымыз түпсіз тұңғиық.
Біз бір-бірімізді өліп-өшіп сүйеміз және қолымызды бір-бірімізге қанша созсақ та, бәрібір тұтасып кете алмаймыз. Тұтасуға, сіңісуге деген ұмтылыс біздің жанымызды жегідей жейді, алайда, бұл ниеттен түк те шықпайды: қызуымыз — жалынсыз, құшағымыз — қауқарсыз, аймаласуымыз — адыра. Біздің бір бірімізге сіңіп кеткіміз келеді, алайда, осыған қанша тырыссақ та, бір-біріміз соғысқаннан өзгеге шамамыз жоқ. Мен біреуді сүйген кезде басымдағы жалғыздықты одан сайын сезіне түсем, ондай кезде басқа жанмен сіңісудің, тұтасып кетудің мүмкін еместігі бұрынғыдан да айқындала түседі.
— Міне, мына кісі, — деді ол маған шырадай жанған көздерін қадап, — мені мұқият тыңдауда. Бірақ ол не жайлы ойлап келеді? Иә, ол не ойлайды? Менің жанымды осы сұрақ жегідей жейді. Сен бұл азаптың мәнін түсінесің бе? Мүмкін ол мені жек көріп, іштей мазақтап келе жатқан шығар? Мүмкін ол менің айтқандарымды өз ақыл безбеніне сала келе, мені келекелеп, өзі бір есуас, ақымақ біреу екен деп, іштей күліп келе жатқан болар? Оның не ойлап келе жатқанын қалай білуге болады? Оның мені, менің оны жақсы көретінім секілді жақсы көретінін, не көрмейтінін, оның домаланған кішкентай шақша басында не болып, не қойып жатқанын қалай білуге болады? Осы бір біз ешқашан білуге де, бағыттауға да, ауыздықтауға да, жеңуге де болмайтын, басқа біреудің миындағы әрі жұмбақ, әрі асау ой неткен сұмдық құпияға толы десеңізші!
Ал мен ше? Мен де біреуге қанша берілгім келіп, оған жанымның бүткіл терезелерін айқара ашпақ боп, қанша ұмтылсам да, қолымнан ештеңе келмейді. Әрқашан ойымның менен басқа ешкім бойлай алмайтын ең терең түкпірлерінде бәрібір мендік құпия қалып қояды. Оны менен өзге ешкімнің аша алуы мүмкін емес, өйткені ешкім маған ұқсамайды, сондықтан ешкімді ешкім ұға алмайды. Ең болмаса осы минуттарда сен мені түсіндің бе? Жоқ. Сен мені есуасқа санайсың! Сен менен қазір ат-тоныңды ала қашуға дайынсың! Сен «Бұған не болған?» деп ойлайсың. Егер бір кезде менің жабырқаған жанымды ұғар болсаң, маған келіп: «Мен сені түсіндім!» дегейсің, мен сонда ең болмаса бір сәтке болса да бақытқа бөленейін.
Әсіресе әйелдер менің жалғыздығымды айқын ұқтырады. О, Жаратқан! Олардың мені қаншалықты азапқа салғанын білсең ғой! Олар мені еркектерден гөрі алдамшы үмітпен көбірек еліктірген болатын.
Жүрегіңе махаббат келіп ұя салғанда, сен рахатқа батып, өзіңді өрісің кеңейгендей сезінесің. Мұның неліктен екенін білесің бе? Мұндай көл-көсір бақыттың неден болатынын түсінемісің? Бұл тек қана енді сенің жалғыз еместігіңді сезінгеннен. Саған енді адамзаттан алыстау мен жалғыздықтың азабы келмеске кеткендей көрінеді. Неткен адасу десеңізші!
Әйел адам біздің жүрегімізді кеміріп жатқан жалғыздық жапасын бізден де гөрі өткір сезінеді, жалпы, арманның алдамшылығының себептері де осы әйелдер.Бір қарағанының өзі біздің есімізді тандыратын осы бір ұзын шашты, таңғажайып жаратылыс иесімен оңаша, бетпе-бет қалған ғажайып сәттер саған да таныс болар. Ессіз таңырқау менің ақылымды тұманытып жібереді! Жанымды тәтті алданыш баурап алады! Әне-міне дегенше ол екеуміз енді бір-бірімізге сіңіп кететіндейміз. Бірақ мұның бәрі бос әуре, арадағы күтумен, үмітпен, алдамшы қуанышпен өткен бір аптадан соң мен өзімнің жалғыздығымды бұрыңғыдан да гөрі терең сезіне түсем.Әрбір сүйісуден, әрбір аймаласудан кейін жалғыздық сезімі күшейе түседі. Неткен қорқынышты, неткен азапты құбылыс! Ақын Сюлли Прюдом былай дейді: «Аймаласудың баршасы түкке тұрмайтын махаббаттың ессіз құмарлығы ғана, Тәндердің одағы арқылы жандар табыса алмақ емес»
Кейін қоштасуға тура келеді. Осымен бәрі бітті дей бер! Біз бір сәтке өзімізге бұ дүниенің бүткіл қызығындай боп көрінген әйелдің жан аңсарын ешқашан түсіне де, біле де алмаймыз. Тіпті тәндеріміз бен жандарымыз бір біріне сіңіп, құпия аймаласқан сол бір балдай тәтті минуттарда біз оның жанының ең терең түкпірлеріне бойлағандай болып көрінгенімізбен, оның аузынан абайсызда шығып кеткен бір ауыз сөз біздің осы бір алдамшы үмітімізді тас-талқан етіп, оны мен сенің араңдағы терең құзды қараңғы түнде жарқ еткен найзағайдай осып өтеді. Дегенмен өзінің жаратылыста бар болуымен ғана сені бақытқа бөлейтін, сүйген әйеліңмен өткізген осы бір үнсіз кештерден артық ештеңе жоқ бұл жалғанда. Осыдан артықты дәметудің қажеті жоқ, өйткені екі жаратылыс иесі ешқашан бір бүтінге айнала алмайды!
Егер маған келетін болсақ, мен қазір жұрттың бәрінен жанымды бөлектеп алғам. Мен өзімнің неменеге сенетінімді, не жайында ойлайтынымды, не нәрсені жақсы көретінімді ешкімге де айтпаймын. Өзімнің жалғыздық жапасына таңылып қалғандығымды білгендіктен мен дүниеге бей — жай қараймын және ештеңеге пікір қоспаймын. Менің өзгелердің көз қарастарында, ұрыс — керістерінде, рахаттары мен сенімдерінде не жұмысым бар. Жұртпен бөлісетін ештеңем болмағандықтан да мен бұл дүниеге салғырт қараймын. Менің құпия ойларым танылмаған күйінде қалады. Сондықтан менің кәдуәлгі сауалдарға беретін қарапайым жаттанды жауаптарым мен өп-өтірік күлкім бар.
Сен мені түсінесің бе?
Біз ұзын аллеяны жүріп өтіп, Салтанат аркасына жеттік. Жұлдыздар Келісім алаңына қарай ауыпты. Ол жаймен сөйлеп келе жатып бұдан басқа да менің есімде қалмаған көп жайларды баян етті. Ақырында ол Париж көпірін бойлаған гранит ескерткіштердің бірінің жанына келіп тоқтады. Кенет менің танысым әлгі ескерткішті қолымен нұсқап, қатты дауыстап жіберді:
— Біздің бәріміз мына тас сияқтымыз!
Бұдан соң ол басқа ләм-мим деместен жөніне кетті. Ол мас па, әпенді ме, әлде кемеңгер ме — бұған осы кезге дейін ақылым жетпейді. Кейде ол маған өте шыншыл жан секілді елестесе, кейде есуас болып көрінеді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі