Өлең, жыр, ақындар

Сарыауыздың саяхаты

(Ертегі-хикаят)

Ақгүлдің айтқаны

Лыпылдап ойнап ұшқан Ақгүл су ішуге арыққа барыпты. Күн ыстық. Анадай жерде торғай шоқиып отырыпты. Тұмсығын бір малып, бір шығарып, су ішуге кірісіпті. Ақгүл кішкентай ғой, әрі әдепті. Басын иіп амандасады:

— Торғай апа, сәлеметсіз бе?

Ол амандаспады. Жақсы естімейтін шығар деп, ойлаған Ақгүл күшеніп, бар даусымен: 

— Торғай апа-а, сәлеметсіз бе? — деп айғайлап кеп жіберсін. Ол селк етіп, суға шашалып қалды да, дүрсе қоя берді: 

— Неге шыңғырасың?! Сені мұнда кім шақырды? Кет, бар!

— Кешіріңіз, апа, сізге амандасып тұрмын.

— Иә саған!  Сен мені қорқытқың келді. Көрсетейін мен саған! 

Ашулана бұрылып, тұра ұмтылғанда, Ақгүлдің зәресі ұшты. Қашқаннан қашып отырып, лып етіп, жапырақтың астына жабыса кеткені содан. Төңкерілген жапырақтың астына тығылса, байқамай өтіп кететін шығар деп ойлаған. «Бірақ ол өте жылдам екен. Көп ұзатпай-ақ жетіп қалды, оны өздерің де көрдіңдер. Сендер құтқармағанда, мені жеп қоятын еді. Бұл жақсылықтарыңды ешуақытта ұмытпаймын. Көп рақмет!» — деді

Ақгүл.

Сарыауыз таңданды:

— Арық деген не?

Көбелек теңселіп, қанаттарын көтеріп-көтеріп қойды:

— Әлі білмейсің бе? Адамдар жерді была-ай ұзы-ын ғып қазады. Су ағатындай етіп. Кішкене өзен сияқты су ағып жатады. Соны арық дейді. Бірақ онда балық жоқ. Сол арықта аққан сумен бақшаны суғарады.

Сарыауыз орнында тыныш тұра алмай, тыпыршып кетті:

— Мен оларды ешқашан көрген жоқпын. Ақгүл, көрсетші маған...

— Мен талай көргем, — деді Қоңырша. — Ал сен әлі кішкентайсың. Кітап оқи алмайсың. Сондықтан саяхатқа шығу керек. Көп көрсең, көп білесің. Бірақ сен жалғыз барма, адасып кетесің. 

— Үшеуміз бірге барайық. — Сергіген Ақгүл қанаттарын қағып жіберді. — Қайтып келген соң, оқуды үйренеміз.

— Алақ-а-ай! — Қуанған Сарыауыз секіріп-секіріп алды.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз