Сонау Шыңғыс ханның заманында елдің шетінде үлкен бір дау туындайды. Қаған дауды қылыштың жүзімен емес, ақылдың нұрымен шешетін адам іздейді.
Даудың жарасын бітістіріп, елдің бетін бері қаратып, тігісін жатқызатын адамды сенімді серіктерінің арасынан қарастырады. Соғыстың өршіп тұрған тұсы болса керек. Сенімді адамдарының бірі жорықта, бірі жолда, бірі соғыста болыпты. Жұмсайтын сенімді адам қат болғасын, таңдау жалайыр Мұқылайдың туған бауырына түсіпті. Мұқылайдың бауыры талай соғыста ерлігімен көзге түскен, көзсіз батыр екен.
Қабы да бір, сабы да бір, бір омырауды тел емген бауырығой, марқасқа Мұқылай ағасының ақылы інісіне жұғысты болған шығар деген ханның үміті болыпты. Себебі бұл даудың қан төгіссіз бейбіт шешілгені Шыңғыс ханға ауадай қажет екен.
Сенім ақталмайды. Қағанның сенімді серігіне айналған ақылман Мұқылайдың бауыры даудың үстінде, сөз көтере алмай он адамды жер жастандырып, қылышын қанға малыпты. Дау онан сайын ушығады. Халық Шыңғыс ханнан бет бұрады. Келген бақты кері тепкен батырдың басын ордаға әкеліп шабуға бүйрық береді ашулы хан.
Бауырының басына қара бұлт төнгенін естіген Мұқылай сонау Қытайдан Алтын ордаға дейінгі апталық жолды қос ат жегіп екі күнде жүріп өтеді. Бауырынан сүт пісірім уақыт бұрын жеткен Мұқылай ханның шатырына баса көктеп кіріп барады.
Кірген бойда: “Уа хан ием, Ұлы Қаған, бауырымның жанына жауға сұраймын. Бауырымның басын бүгін алсаң, ертең анамның бетіне қалай қараймын. Оның кінәсі жоқ қой. Жауға салар батырды дауға салған өзіңсің хан ием” – деп ханның алдында оң тізесін бүкті дейді Мұқылай.
“Жатыры бір жақының еді, ақылың да жұғысты болды ма деп едім, алжасыппын. Рас айтасың, кінә өзімнен екен. Аталы сөзге тоқтамаған ханға сын. Сөз ұқпаған жанға мін. Бердім бауырыңның жанына сауға”, деп үкімін шорт кесіпті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі