Өлең, жыр, ақындар

Жеті ата

Жеті ата — қазақ халқының дәстүрлі салт-санасындағы адамның ата жағынан тегі таратылуының нақтылы жүйесі. Бала өзінен бастап әкесі, атасы, бабасы, т.б., жеті атасының нақтылы есімдерін кішкентайынан жаттап өседі. Бұлардан тараған ұрпақтар бір атаның балалары саналады. Ал екінші жағынан баладан тарайтын ұрпақ әкеден төмен қарай жалғаса береді. Ағайындықтары Жеті атаға толмай жақын-жуықтар бір-бірінен қыз алыспайды.

Жеті атаға толғаннан кейінгі күннің өзінде, бір рудың жастары некелесетін жағдай туса, ру ақсақалдары бір пәтуаға келіп, боз биені сойып, баталасып барып рұқсат ететін болған. Ататек атаулары: ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене. Бұдан әрі туыстық атаулар: жүрежат, туажат, жұрағат, жат жұрағат, жегжат, жамағайын болып кете береді. Соңғы түйіндеуші буын, әдетте, ру есіміне тіреледі. Немесе, керісінше, руынан бастап сатылап өз әкесіне яки өзіне дейін таратылады. Өз ата-бабасын, жеті атасына дейін білу әрбір азамат үшін міндет болған және сол білігі арқылы ол өз халқының дәстүрін жалғастырып отырған. Мұның өзі қазақтардың этникалық ерекшеліктерін танытады, әрі оның қиын-қыстау кезеңдерде тегінен көз жазып қалмауына және басқа халықтармен ассимиляцияға түсіп кетпеуіне себепші болған. Жеті ата мен ру шежіресін білу көшпелі қоғамда өмір сүрген қазақтар үшін өмірлік қажеттілік болды.

Жеті атадан Үш жүзге дейінгі біртұтас туысқандық бітім бірнеше ғасырлар бойы “қазақ халқы — бір атаның баласы, бір тамырдан тараған” деген ұстанымды орнықтырған. Жеті ата — қазақ халқының дәстүрлі салт-санасындағы адамның ата жағынан тегі таратылуының нақтылы жүйесі. Бала өзінен бастап әкесі, атасы, бабасы, т.б., жеті атасының нақтылы есімдерін кішкентайынан жаттап өседі. Бұлардан тараған ұрпақтар бір атаның балалары саналады. Ал екінші жағынан баладан тарайтын ұрпақ әкеден төмен қарай жалғаса береді. Жеті атасын тарата білу арқылы әркім көрші рулармен байланысын білген, сөйтіп бүкіл қазақтың біте қайнасқан туыстығына көзі жеткен. Сөйтіп Жеті аталық ұстаным қазақ халқының этнобиологиялық, этномәдени, жалпы рухани тұтастығын табиғи түрде қамтамасыз еткен. Жеті аталық ұстанымға негізделген туыстық байланыс институты әрбір казақтың білмекке деген ынтасын оятқан. Жеті атасын, руы мен жүзін білген соң, қазақтар туған жерінің кез келген шалғайында өзін туысқандарының ортасында жүрген алып бір жанұяның мүшесіндей сезінген. Нәтижесінде біртұтас жанұя секілді ұлттың біртұтас зердесі қалыптасып, жер басып жүргендер ғана емес, жадта сақталған баяғы ата-бабалар да тірілердің санасында тірлігін жалғастырған.

Халықтың мұндай зердесі әрбір қатардағы далалықтың тарихты айқын елестетіп, жан-жүрегімен сезінуіне себепші болған. Жеті аталық ұстаным әрбір қазақтың, бүкіл халықтың құлағына күн сайын бабалары туралы тек жақсылықты құйып, рухани тектілікті дәріптеп, ұлттық сенімін орнықтырған. Бабалар рухы — аруақтың күн сайын желеп-жебеп отыратындығы туралы сенімін тудырған. Сөйтіп Жеті ата институты қазақ халқының өткеннен болашаққа деген сенімін мың сан ұрпақтар арқылы сабақтастырып отыратын тетік ретінде танылған. Жеті аталық ұстаным бабалар рухы алдында әрбір қазақ пен бүкіл халықтың іштей жауапкершілік сезімін оятқан. Осы ұстаным аясында қазақ өмірінің моральдік кодексі, салт-дәстүрі мен тыйым-жораларының негізі қаланған. Сөйтіп туыстық қарым-қатынас қалыптары күнделікті моральдік санаттан бірте-бірте заңдық мәртебеге ұласқан. Мұндай құқықтар мен міндеттер жүйесі біртұтас әдеп деңгейінде көрініс тапқан. Әдепті бұзғандар қатал жазаланып, ең ақыры туған жерінен қуылған, яғни гипержанұядан аластатылған. Дені дұрыс адам үшін мұнан ауыр, масқара жаза болмаған. Жеті ата ұстанымы бүкіл халықтың бойында еш мәжбүрлеусіз мейлінше тегеурінді рухани бірлік сезімін терең сіңірді. Ол этникалық тұтастықтың қуатты арқауы, темірқазығы болды.

Немере

Немере — туыстық атау. Ер адамның баласынан тараған ұл мен қыз. Ағайынды кісінің балалары туыстық жақындығы жағынан Немере аға, Немере іні, Немере қарындас, сол сияқты ағайынды кісінің қыздары да Немере апа, Немере сіңлі болып аталады.

Шөбере

Шөбере — туыстық атау. Атадан санағанда немереден өрбіген ұрпақ. Дәстүрлі қазақ қоғамында Шөбере немереден таралған ұл-қыздардан құралады.

Шөпшек

Шөпшек — туыстық атау. Атадан тараған төртінші ұрпақ. Немере мен шөбереден туғандар туыстық жағынан қашықтай бастайды. Шөпшекті кейбір жерлерде туажат деп те атайды

Немене

Немене — туыстық атау. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы жеті ата жүйесі бойынша таратылатын жетінші ұрпақ.

Жүрежат

Жүрежат — алыс туысқандықты білдіретін атау, яғни туажаттан туған бала. Жүрежат — адамның өзінен санағанда жетінші буыннан қосылатын туысы. Қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрпы бойынша Жүрежаттың балалары бір-бірімен қыз алысып, құдандалы бола алады.

Туажат

Туажат — дәстүрлі қазақ қоғамындағы туыстық атау, немененің баласы. Туажат адамның өзінен бастап санағанда алтыншы буын. Ол туыстық қатынас жағынан бір атаның баласы саналғанымен, одан кейінгі ұрпақтардың іргесі бөлініп, туыстық қарым-қатынасы алшақтай бастайды.

Жұрағат

Жұрағат — алыс туыстықты білдіретін ұғым. Жеті атасынан туысқандар үлкені кішісін Жұрағат дейді. Әдетте, бір рудан тараған адамдар да бірін бірі Жұрағат дей береді.

Жекжат

Жекжат, жамағайын, жамағат — бір-біріне құдандалық, т.б. жақындығы бар адамдар. Жегжат атауы қандас туыстарға қатысты қолданылмайды. Жекжат — туыстығы жоқ, бірақ құданың құдасы, нағашының бөлесі, жиеннің балдызы сияқты туыстық қатысы бар адамдар арасындағы жақындықты білдіретін атау. Олар құда, нағашы, жиен сияқты туыстық, жақындық құқықтарды талап ете алмайды.

Жалпы кесте

Жеті ата, ұрпақ

1. Бала
2. Немере
3. Шөбере
4. Шөпшек
5. Немене
6. Туажат (кейде некеге рұқсат берген)
7. Жүрежат (некеге рұқсат)

Жеті ата, ата-баба

1. Жеті ата
2. Түп ата
3. Тек ата
4. Баба
5. Арғы ата
6. Ата
7. Әке

Басқа терминдер

1. Жұрағат — алыс туыстар, руластар
2. Жекжат, құда-жекжат — құдалар, қандас емес.

Жеті әже, әже-баба

1. Жеті әже
2. Түп әже
3. Тек әже
4. Баба әже
5. Арғы әже
6. Нағашы әже
7. Шеше, ана

Оқуға кеңес береміз:

Өз ұрпағына жеті атасын үйрету


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз