Өлең, жыр, ақындар

Ұлттың бет-бейнесін айқындайтын негізгі құндылықтар көтерілді

Атырауда Президенттің төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші жиыны өткізілді. Биылғы құрылтайдың секциялары өз жұмысын 14 наурыз күні бастады. Ал негізгі жиын Президенттің  төрағалығымен 15 наурыз күні болып өтті. Осы ел өміріндегі айтулы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы өзгерістер туралы өз ойларымен бөлісіп қана қоймай, көптеген ұсыныстар мен бастамаларды ортаға салды.

Айта кетейік, Ұлттық құрылтай алғаш рет Ұлытау облысында 2022 жылы шақырылса, өткен жылы құрылтай мүшелері Түркістанда бас қосты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші жиынында ел тағдыры үшін өзекті мәселелерге тоқталды. Президент өз сөзін Атырау облысының тарихи мәні мен стратегиялық маңызын түсіндіруден бастады.

Президент Атыраудағы үшінші Ұлттық құрылтай отырысында Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақстандық батырларды еске алу туралы айтты. «Соғыс жылдарында бұрын-соңды болмаған әскери және еңбек ерліктерін көрсеткен жерлестерімізді еске алу мақсатында мемлекет тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәлік Ғабдуллин, Сабыр Рахимов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және тағы басқа батырлардың есімдері еліміздің түкпір-түкпіріндегі елді мекендердің, нысандардың, көшелердің атауларында мәңгілік сақталады» - деді ол.

Ұшу училищелері, авибазалар мен әуежайлар «қанатты» батырлардың есімімен аталады. Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты Талғат Бигелдиновтың есімімен аталады. Қарағанды әуе базасы Нұркен Әбдіровтің құрметіне аталды. Атыраудағы халықаралық әуежайға Хиуаз Доспанованың есімі берілді. Еліміздің ерлік шежіресіне талай жауынгердің есімі алтын әріппен жазылған.

«Бізде «Айбын» құрметті орденімен әскери қызметкерлер мен басқа да құқық қорғау органдарының қызметкерлері марапатталады. Сағадат Нұрмағамбетовтың, Бауыржан Момышұлының және Рахымжан Қошқарбаевтың есімдерін осы орденнің әртүрлі дәрежелеріне беруді дұрыс деп санаймын. Осылайша, біз тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге және жауынгерлеріміздің ерлігін мәңгілікке қалдыруға тағы бір маңызды қадам жасаймыз. Бұл шешім осы марапаттарды даңқты жерлестеріміздің ерлік рухымен толтырып, олардың иегерлерін Отанға аянбай қызмет етуге шабыттандырады деп сенемін», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы бұл алаңда ел үшін маңызды істер қолға алынып жатқанын атап өтті. Президент Елтаңбаны жаңарту мәселесін қарауды ұсынды. Сондай-ақ, ол ел тарихындағы олқылықтардың орнын толтыру жолындағы жұмыстар туралы айтып, Екінші дүниежүзілік соғыс алыстаған сайын бұл туралы тарихи және әскери мифтердің көбейіп бара жатқанын атап көрсетті. Сонымен бірге ол қазақстандықтарды ұлттық мүддені қорғауға және ел тәуелсіздігін қорғауға дайын болуға шақырды, Наурыз мейрамын тойлау туралы өз көзқарасын білдірді.

Қазақ тілінің қазіргі кездегі жағдайы және дамуы туралы мәслеге кеңінен тоқталды. Мемлекеттік саясаттың басты басымдығы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту болып қала бермек. Кәсіпкерлік, технология және ғылым тіліне айналып келе жатқан қазақ тіліне сұраныс жыл сайын артып келеді. Тілді одан әрі дамыту ағартушылық арқылы жүзеге асады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайда айтылған барлық пікірлер мен ұсыныстарды қорытындылай келе, ұлттың бет-бейнесін айқындайтын бірқатар негізгі құндылықтарды айқындап берді. Ал, ең алдымен, оның сөзімен айтқанда, бұл – тәуелсіздік пен патриотизм.

Әділетті Қазақстанды құру – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Осы үшінші Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы тарапынан көтерілген бастамалар мен ұсыныстарды жауапкершілікпен әрі уақтылы қамтамасыз ету барша жұрттың ат салысуымен ғана мүмкін болады. Біздің парызымыз - еліміздің ертеңі үшін аянбай адал еңбек ету. Президент өзінің мемлекет басшысы ретінде азаматтардың, әсіресе, жастардың көзі ашық, дүниетанымы кең болғанын қалайтынын жеткізген. Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алады.

Сабырхан Смағұлов,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (3)

Ертаев М.А.

Супер

Нуржанбаева Ж.О.

Маған қатты ұнады

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз