Тосын сый (көрініс)

(Сахнаға әпкелі-сіңлілі екі қыз шығады.)

Айша:

— Айым, әкеге тосын сый жасайықшы? Біздің әкеміз ең керемет әке болғаны үшін!

Айым:

— Айша, сен расында біздің әкемізді «ең керемет әке» - деп ойлайсың ба? Біздің үйіміз де, көлігіміз де, тіпті ақшамыз да жоқ қой?!

Айша:

— Солай-ақ болсын! Бұл уақытша ғой? Есесіне бізде әлемдегі ең мейірімді, ең тақуа, ең еңбексүйгіш әке бар емес пе?

Айым:

— Ия.. Енді ол жағы рас. Бірақ...

Айша:

— Ешқандай «бірағы жоқ». Сабыр етсек бізде әлі сен армандаған нәрсенің барлығы болғанын көресің! Біз жоқ нәрселерге емес, бар нәрселерге назар аударайықшы..?! Санайықшы бізде не бар?

Айым:

— Әкеміз бен анамыз бар!

Айша:

— Денсаулығымыз бар!

Айым:

— Үйде татулық, тыныштық, мейірім бар!

Айша:

— Ата-анамыздың жұмысы бар!

Айым:

— Жейтін асымыз, таза, мөп-мөлдір суымыз, паналайтын үйіміз, тұрмыстық заттарымыз бар.

Біз қазір санай берсек, кешке дейін отырамыз. Одан да әкеге қандай тосын сый жасамақшы едің? Сол туралы айтшы?

Айша:

— Мен әкеме арнап өлең шығардым. Қазір келгенде оқып берейік? Соны айтқым келген...

Айым:

— Керемет! Әкелші, оқып көрейін..?

(Айша ұялып қағазға жазылған өлеңді береді. Айым жылдам оқып шығып, сіңлісін құшақтайды.)

Айым:

— Айша, сен қандай мейірімді, ақылды қызсың! Мен сені мақтан тұтам!

Айша:

— Рақмет, әпке! Мен де сізді жақсы көрем, мақтан тұтам! (Есік жаққа қарап):

— Әкем келе жатыр! Ас дайындайық? - деп, стол үстіндегі беті сүлгімен жабылған шыны-шәйнектерді ашып, қасықтарды қоя бастайды.

(Осы кезде сахнаға әкесі шығады.)

Әкесі:

— Ассаляму алейкум! Қалайсыңдар қыздарым? Аналарың әлі келмеген бе?

Қыздар:

— Уағалейкумуссалям әкетайым! Анашым жұмыстан енді шығыпты. Шаршамай келдіңіз бе? — деп, Айша әкесінің қолындағы заттарын алады. Айым леген мен құман әкеліп, әкесінің қолына су құяды. Қолын жуып, Айымның берген сүлгісіне қолын сүрткен әкесі:

— Бақытты бол! Көп жасаңдар, алтын қыздарым менің! - деп,  екеуінің маңдайларынан сүйеді.

Айым әкесіне шай құйып береді. Айша ақырын әкесінің жанына келіп:

— Әкешім, біз сізге арнап өлең шығардық! Оқып берейік пе?- деп, еркелей қарайды.

Әкесі:

— Мәссаған, менің құлыншақтарым тек ақылды, аналарына көмекші ғана емес, әрі талантты, дарынды қыздар екен ғой...?!  Қане,  балапаным! Оқи ғойшы..?

Айша:

— Екеуміз кезекпен оқиық әпке?  Мен жаттап алдым.  (қағазды Айымға береді)

Айым:

— Баста! — деп Айшаға қарайды.

Айша:

— Әке, сізді жақсы көрем..
Мен үшін сіз ғажапсыз!
Мен туғалы еркелетіп,
Барын берген жомартсыз!

Айым:

— Не айтсам да орындайтын,
Берекенің көзісіз..
Әлі күнге арқалайтын,
Алып жанның өзісіз!

Айша:

— Ассақ-тағы тоғыз жастан,
«Бөбегім» деп ойлайсыз.
Әлемдегі бар жақсыны,
Бізге ғана сыйлайсыз!

Айым:

— Әке, сізді, жақсы көрем,
Мейірімдісіз нұр жүзді.
Тәтті әкеліп қуандырған,
Ұмытпаспын әр күнді.

Айша:

— Бізге қылған жақсылығың,
Мың есе боп қайтса екен.
Ұлы арманым: ізгі ұрпақ боп,
Жемісімді жегізсем...

Айым:

— Әке сіздің атыңызды,
Танытып кең әлемге.
Қуандырсам шаттандырып,
Болып елге өнеге!

Айша:

— Бізді ылғи мақтан тұтып,
«Құлыным» — деп жүресіз.
Біз үшін сіз әлемдегі —
Қымбат жансыз, білсеңіз...?!!

(Әкесі толқып,  көзіне жас алып отырып қалады. Қыздары қасына жүгіріп келіп:

Айша:

— Әке, ұнамай қалды ма? Неге жылайсыз?

Айым:

— Әкешім, дұрыс емес бір сөз айтып қойдық па?

Әкесі қыздарын құшақтап, кезекпен маңдайларынан иіскеп:

— Жоқ,  күндерім! Мен қуаныштан, бақыттан жылап отырмын. Жаратқанның маған сендер секілді ең жақсы ботақандарды сыйға тартқанына қуанып жылап отырмын!- дейді.

(Қыздар қуанып, күліп жібереді)

Айша:

— Әкетайым,  анашым екеуіңіз аман болсаңыздар болды. Басқасы өз уақытымен бола береді. Біз сіздердің осы тату-тәтті қарым-қатынастарыңыздың мәңгі болғанын қалаймыз!

Айым:

— Әкешім, мен бүгін еңбек сабағынан керемет үй жасадым. Жүріңізші.. көрсетейін?! Әкелейін десем, әлі кеппеді, — дейді. 

Әкесі:

— Жаным сол! Шебер қызым менің! Қане, ендеше көрсете ғой? Қандай ғажап екенін көрейік... — деп, екі қызын құшақтап, сахнадан шығып кетеді.

(Өзге оқушылар столды алып кетеді. Сосын барлығы қол ұстасып бірге шығып, көрермендерге ілтипат білдіріп, бастарын сәл изеп, қайта кетеді.)


WhatsApp Telegram

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз