Өлең, жыр, ақындар

Тоғжанның түсі

Бүгінгі берілген тапсырма тышқандар жайлы болғандықтан, көне дағдысымен, оқығысы келмей, кітапты ысырып тастады. Артынан өз-өзіне «кім екен осы тышқандарды ойлап тапқан?...» — деп қойды күбірлеп. Соның арасы болған жоқ, Тоғжан бөлменің төр жақ бұрышындағы кішкентай тесіктен әлдекімдердің шіңкілдеп, таласа сөйлеген сөздерін естіді. Бұрын естімеген үнге еріксіз назары ауып, құлағын тосып, тыңдады. Артынша таяп барып, әлгі сөйлесіп жатқандардың тышқандар екенін көргенде, Тоғжанның таңғалғаны сонша, өзінің олардан қорқатынын ұмытып, тесікке қарай жақындай түсті. Сәлден соң тышқандар Тоғжанды елемей, індерінен шығып, әңгімелерін жалғастыра берді. Тоғжан олардың айтқан сөздерінен іштеріндегі ең үлкенінің анасы, ал қалған бесеуінің кішкентай балалары екенін білді.

— Апа, апа,— деді балалары асығып.

— Бұл жерден кетейікші! Мұнда ата жауымыз мысық бар ғой, қауіпсіз жерге көшейікші! Кең далаға барып, сонда тұрып, ғажайып әлемді тамашалап өмір сүрейік!

Бұл сөздері аналарына ұнай қоймады.

— Жоқ, балаларым! «Кең далаға барып өмір сүрейік» дегендерің дұрыс болғанмен, ол жақта өмір сүру әлдеқайда қауіпті, — деді қарсы жауап беріп.

— Ол жақта біздің аталас туыстарымыз күзен, суыр, бал пақ тағы басқалар тұрып жатыр. Күндері өлім мен өмірдің арасында өтуде. Оларға шыбыннан басқасының бәрі жау. Ұшқан құс: қырғи, лашын, үкі;  жортқан аң: қасқыр, түлкі, қарсақ; ең аяғы жорғалаған жылан, өрмелеген кесірткеге дейін маза бермейді. Жанын сақтау үшін Балпақ ағайынымыз өмірінің жартысын інінде, ұйқыда өткізеді. Балаларым, біз үшін нағыз ғажайып әлем осы ара. Бұл жерде сендердің жалғыз жауларың сары мысық қана. Ал ол далаға шығып кетсе, сен дер бірден осы маңның қожасына айналасыңдар. Жақсы емес пе! Сендерден осы үйдің еркесі Тоғжан да қорқады. Бұл жерде біздің тойып ішіп-жеп, бақытты өмір сүруімізге мүмкіндік мол. Бірақ, балаларым, соңғы кезде адамдар да бізге уланған бидай, жем, нан тастайтын болды. Осы жағын абайлаңдар!..

Әңгіме аяқтап үлгермеді:

— Мысық... мысық келе жатыр! Мысық! — деген үрейлі дауыс шықты әлдеқайдан.

Мұны естіген тышқандар дүрліге қашты да, бір демде індеріне кіріп, жоқ болды. Тоғжан оянып кетті. Қараса, бөлмесіне аяңдай басып өзінің жақсы көретін сары мысығы кіріп келеді екен. Ұйқысын бұзып, көріп жатқан ғажайып түсін ту-талақай еткен мысығын жақсы көрерін де, жек көрерін де білмей, отырып қалды.Тоғжан жаңағы көргенінің түсі не өңі екенін айыра алмай, аң-таң болып біраз отырды. Артынан тышқандардың да өз ғажайып әлемі болатынын түсініп, олар туралы түсінігін өзгертіп, сабағын оқуға кірісті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер