Әжесі ұршығының ұшын етегіне сүйкеп кеп қалғанда, от алған машинадай зыр қақты. Шүйкелеп, саусағына іліп алған жүні баланың басындай изеңдеп, иірілген жіпке қарап үңіледі. Әжесінің мойнындағы иір-қиыр тыртығы қалтақ-құлтақ етіп қозғалған сайын бүлкілдеп, шандыр болып қалған теріні тартқылайды. Кәрі ағаштың бұтағындай болған тамырлары адырайып-адырайып тозғанын аңғартады. Бір көрген, көзі үйренбеген бөтен бала әжесінен «бөжей ме» деп қорқып қалады. Алуа болса осы кірпігі кіржиіп жүретін әжесінің ішіне кіріп кете жаздайды. Бар еркелігін, бар тентектігін қыңқ демей көтеретін әжесін жақсы көрмегенде кімді жақсы көрсін.
— Әже, сенің мойныңдағы мына иір-қиыр жара неден болған? — Алуа тамтығы шыққан кедір-бұдыр теріні кішкентай алақанымен сипап өтті.
— Сенің әкең әскерге кеткенде мойныма бұршақ салып тілеу тілегенмін. Қылдан есілген ала жіп қиып кеткен ғой. Тәндегі жара не қылар дейсің, жазылады ғой, — әжесі немересінің желкесіндегі шұқырынан иіскеп, иіскеп қойып ақ пен қара жүнді араластырып қылдай етіп жібін иіріп отыра берді.
— Мойынға бұршақ салған деген не? — Алуа таңырқай сұрады.
— Ырым. Сенің әкең үйден кеткен соң, соның аман-есен оралуын тілеп, іштей ешкімнің ала жібін аттамауға, сөзбен де, іспен де қиянат жасамауға серт беріп, ұлым аман-есен келген күні шешемін деп мойныма ала жіп таққанмын. Серттесіп байлаған жіптің түйіні төтеннен бір нәрсе болса өзінен-өзі шешіліп кетеді деген бұрынғылардан қалған сөз бар. Мен де сертімді бұзбадым, ала жіп те өз ісін дұрыс атқарып, әкең Отан қорғау парызын аман-есен атқарып келді. Әкеңді күткен күндердің белгісіндей болып қалды ғой мойындағы сызаттар, — әжесі мейірлене жымиып ұршығын иіріп-иіріп жіберді.
— Алуа, бүгін ауылда той көп секілді. Туыстардың бірінің үйіне құда келіп, екіншісі немересінің тұсауын кеседі екен. Соған барамыз.
Алуа қуанып кетті. Тау ішінде киіз үйде жалғыз жүруден зеріккен. Атасы малдарын дәрі қосылған суға түсіруге айдап кеткенде, әке-шешесі Астанаға қыдырып келейік деп аттанған. Алуа мен әжесі өздерімен өздері қалғандарына алғашқыда қуанған. Енді іштері пыса бастады. Апасы ұршығын қойып, далаға шықты. Ала арқанды қораның айналасына керді.
— Апа, қораның мойнына бұршық салып жатырсың ба? — Алуа таңдана сұрады.
— Сөз ұққыш жарығым-ау, — деп әжесі айналып-толғанып алды, ала жіпті керіп қойсақ қораға қасқыр шаппайды. Тойда көңіліміз тыныш отырады.
Бұлар ауылға келгенде құда күтетін үй дайындығын аяқтап, құдалардың алдынан арқан керуге шығып келеді екен.
— О-о, әжесінің қызы келіпті ғой, — арқанның бір ұшын Алуа ұстасын, — деп жуан ала арқанның ұшын Алуаның қолына берді. Кіп-кішкентай алақанының уысына симайды екен. Екі қолдап, жерге түсіріп алмауға тырысты. Құдалар жолда керілген арқанды көріп, машиналарынан түсіп, мәз-мейрам болып дуылдасып жатыр. Әжесі секілді бір үлкен апа Алуаның бетінен сүйіп, қолына үлкен қуыршақ, түрлі-түсті суреті бар кітап ұстатты. Алуаның жүрегі лүпілдеп кетті. Тағы да той болса, тағы да арқан керіп кітап алсам ғой деп ойлады. Қуыршағы әп-әдемі, шашы ұзын екен. Қызығып кетіп, тас қып құшақтап алды. Әжесі екеуі аяңдап, тұсау кесер өткізіп жатқан үйге келген.
— Әже, неге тұсау кеседі, оны істемесе бөпе жүре алмай қала ма?
— Тек, ондай сөзді айтпа. Қазақта, «ала жіпті аттама» деген тәмсіл бар. Бала қаз тұрып, аяғын жерге басқан кезде тұсауы кесіледі, ала жіппен, тоқ ішекпен, көк шөппен, — деп әжесі Алуаға оның мәнін түсіндірді.
Бөпенің тұсауын әжесі кесті. Екі бала жүгіртіп, жорғалатып, ойнақтатып алып кетті. Бөпе жерге тық-тық тиген аяғына қарап мәз. Көктен әдемі нұр себелеп тұр. Жиналған жұрттың жүздері жарқын. Алуаның бойын да бір жылылық баурап алды.
Есік алдында әдемі текемет, көз жауын алардай болған құрақ көрпенің үстінде отырған үлкендер жағының дауыстары қаттырақ шығып, дабырласып қалды. Алуа да жалт қараған. Әжесі екі ақсақалға ала жіптің екі ұшынан ұстатып: «Болды, дау осымен бітті, шешілді» — деп үш рет айтып, ортасынан кесіп жіберіп еді, отырғандар тағы да дуылдаса күлісіп, дауыстары жарқын-жарқын шығып, айнала көңілділікке толып кетті.
Әжесі екеуі қайтып келе жатқанда:
— Апа, екі апаның да тұсауын кестіңіз бе? — деді.
— Олардың тұсауы кесілді ме, кесілмеді ме білмеймін, жүргенде сүрінбегендерімен, өмірде жүз шайысып, араздаса береді. Өкпелескен екі адам бұдан кейін тату жүрсін деп ала жіп ұстатып, мәмілеге келтіреді. Ақ пен қара араласқан өмірде енді адаспасын деген тілекпен, — деп әжесі Алуаны қолынан жетектей, тау қойнауындағы киіз үйлеріне аяңдады. Айнала тып-тыныш. Кеш батқан. Тек бір маса ызыңдап құлаққа тыныштық бермейді. Оның мынадай салқын жерге қалай тап болғанына әжесі де ойланып қалды.
— Әже, «Алтын сақадан» басқа ертегі айтыңызшы, — деді.
— «Алтын сақа» ұнамай ма?
— Ол жердегі мыстан кемпір жаман.
— Ой, күнім, қазір сен қорықпайтын ертегі айтамын. Алуа ертегі басталысымен көзіне ұйқы тығылып, маужырай бастады... Ерте, ерте ертеде аяқ, қол, көз, құлақ бөлек-бөлек өмір сүріпті. Бір күні аяқ аңға шығыпты, келе жатып қалды кездестіріп, екеуі бірге жүреді, жолда оларға көз ілеседі, енді үшеу болады, біраздан соң құлақ кездеседі. Кәдімгідей топ болады. Құлақ бір кезде көзге: «бір дыбыс естідім, айналаңа қарашы», — дейді. Көз алыста жайылып жүрген аңды көреді, аяққа оның қай жерде екенін көрсетеді, аяқ жанына жетіп барады, қол жібермей ұстайды. Енді төртеуі «аң менікі» деп таласады. Құлақ: «алғаш дыбысын мен естімесем білмес едіңдер», — десе, көз: «мен көрмесем сендер таба алмас едіңдер», — дейді, аяқ: «оу, тоқтаңдар, мен сол жерге апармасам не істер едіңдер», — десе, қол: «сендер құр далбасалап тұрсыңдар, мен болмасам ұстамас еді ғой дейді. Бұлардың дауларын бір маса естіп: «Осы тұстан онша алыс емес жерде бір данышпан тұрады, содан шешімін сұраңдар», — деп ақыл айтады. Төртеуі енді соған барады. Ақылгөй адам олардың әкелген аңын өздеріне түк татырмай түгелдей жеп қояды да: «Бөлек-бөлек дау айтып жүрсеңдер осылайша өзгеге жем боласыңдар, бұдан кейін бірігіңдер» деп олардың басын біріктіріпті. Құлақ масаның ызыңын естісе болды ыза болатыны, көз адасып қалмайын деп ізін аңдитыны, аяқ қуып жүріп, қол оны көрсе бас салып өлтіретіні содан екен» — деп әжесі ертегісін аяқтаған кезде, Алуа да көзі ілініп, тәтті ұйқы құшағына еніп бара жатқан. Тәп-тәтті түс көрді. Аспанмен таласқан ағаштың ұшар басына ала жіптің бір ұшы ілініпті, екінші ұшын бұл ұстап тұр. Ақсақалды қария: «Екі әлемді қосып тұрсың, балам», — дейді. Алуа түсінбесе де, жақсы мағынадағы сөз екенін біліп, атаға қарап күлімдеп бас иеді. Түстің әсері ме, қуанып оянды. Әжесі бауырына басып, күн сіңді шашынан иіскеп жатыр екен.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі