Өлең, жыр, ақындар

Индиго

Түн ішінде қалың ұйқыдан телефон шырылы оятты. «Бітті, өртенді, құрыдық, құртты сіздің балаңыз» — деген сөз ес таптырмады. Мектептегі жалғыз компьютер өртеніпті. Қол-аяғым дірілдеп, қалбалақтап жеттім. Темір құрал жанып кеткен. Жерде бұрқыраған қағаздар. Қағазда жыпырлаған сандар. Балам қолына бір қағаздан кейін бір қағазды алып қарайды да күледі.  Біздің бес тал шашымызды жұлып, жүрек талмамыз ұстап жатқанымен шаруасы жоқ.

— Ой, жүгермек, бізді күйдіріп қойып есерленіп тұрғаның не ей, сенің? — Менің аузымнан қолым шапшаң. Шапалақпен тартып-тартып жібердім. Ішім ызадан жарылып бара жатса, қайтпекпін. Балам да қызуқанды, тырсылдап, шытынап тұрады. Бұл жолы менің айтқаным да, ашуым да мыңғырына дыңғыр етпеді. Қайта әлденеге қуанатын секілді. Ыржақтап, бетіме күле қарайды.

— Төлеймін. Мен өзім табамын, — дейді ақшасына бола долданып тұрсыз ба дегендей жайбарақаттанып.

— Басыма ақ тас пен көк тас қояды деп тудым ба екен сені, қит етсе Шұғайып, кит етсе Шұғайып, пәлелі жерде жүретінің не, ей, сенің, қаның мен тегің  нашар-ау, елдің баласы жүр ғой тып-тыныш, — тіл ұшына келген сөзді бұрқыратып жатырмын.

— Ол өзін-өзі өлтірген. Маған хат жазып кетіпті. — Ал долданбай көр. Есі дұрыс адамның сөзі ма мынау. Темірдің өзін-өзі өлтіргенін, оған қоса хат жазып кеткенін қай атаңнан көріп ең. «Өлтірем сені» деп ызаның долдығымен қылқындырғым-ақ келіп тұр. Бірақ аузымды тиып қалдым. Өткен жолы осындай бір сөз айтқанымда, «оны сенің көмегіңсіз-ақ атқара салу қиын емес» деп бетіме қасқайып қараған. Тфу-тфу, оның бетін ары қылсын.

Ертесі түске дейін дәл осындай компьютер әкеліп орнына қойсақ, у-шудың беті жабылып, дау-дамай сыртқа тарамайтын болды. Сәл болса да тынысым кеңіп, жаным тынышталды. Енді өзім туған балаға өзім жалтақтай қарап, қалай болғанын айтшы дегендей бетіне жуаси қарадым. Адамның ішкі толғанысы, сезімі бетіне теуіп тұрады емес пе, оның үстіне осы бір ішкі әлемнің бояуы, реңі болады  дегенге қатты сенемін, баламның жүзі албырап, алаулап тұр. — Тәте-ау, ол қызғаныштан өлді ғой. Бірақ адамдардан айырмашылығы, кек сақтамады, қиянат жасамады. Мен сүйген қызды ол да сүйді, бірақ жеңілді.

«Тағы басталды. Өстіп лағып сөйлеп кететіні бар.  Бір қарасаң данадай, оның қиялына ілесе алмайсың, бір қарасаң.... шошынасың. Сау адамға лайық ой айтпайды. Бәрін еңбектеп жүрген кезінде жерден шеге тауып алып, оны электр қосқыштың тесігіне тығып, өртеніп қала жаздағанынан көремін. Жаны әзер қалған. Құдайдан 40 күн, 40 түн тілеуін тілеп, «осы бала аман қалса бетіне келмеспін» деген уәдемді қазір жиі бұзамын. Қылықтары сондай сойқан. Тып-тыныш тұрған дүниені көзді ашып-жұмғанша астын үстіне түсіріп жібереді.

— Сен не айтып тұрғаныңа мән беріп тұрсың ба? —  жәймен, жанына тиіп алмайыншы деген сақтықпен сұрадым.

— Тәте, сен компьютерден түк қақпайсың ғой. Сондықтан менің сөзім сандырақ секілді көрінеді.

— Иә, білмеуін білмеймін. Алдына отырсам сезімімнен айырылып қалатын  секілдімін.

— Білместігіңді, өмірден, жаңалықтан қалып қойғаныңды бүркемелеу ғой. Компьютерді жақсы игерген адам Эйнштейннің жаңалығын шаң қаптырып кетеді қазір.

— Сонымен, айтшы тоқ етерін, компьютер қалай өртенді? — мен өзіме өзім келіп, оқиғаның мән-жайын толығырақ білгім келді.

— Мен өзімнен екі класс төмен оқитын қызбен компьютер арқылы сөйлесіп тұрамын. Қыдыруға, бетпе бет әңгімелесуге уақытым бола бермейді. Бірде  тапсырма бердім де, дискіні ұясына салдым. Клавиатура арқылы кодталған цифр жаздым. Жауапты ролик арқылы қағазға шығардым. Ыйқы-жыйқы, қыңыр-қисық жауап. Байланыс сымдары мен өткізгіштерді қайта тексеріп, блокты ауыстырдым. Компьютер тағы қырсықты. Содан ызаланғаннан қаным басыма теуіп, клавиатураны  сабалай бастадым да «әріп орнына сандар» деген код жаздым, ары қарай «не істеймін?», «не істеймін?» деп жаза бердім. Бір кезде «сені қандай түлен түртіп отыр?» деген сұрақ шықты, қағаз лентаға. «Мені қызым жақсы көрмейді» деп жаздым әріп орнына өзім қойған сандармен. Одан: «қыз деген не?», «жақсы көру деген не?» деген сұрақ келді. Дәл сол сәтте оған жақсылап жауап жазуға құлқым да, шамам да жоқ еді. Энциклопедияда барды көшіріп жаздым. «Енді не істеу керек?» деген сұрақ шықты. Менің күлкім келді де махаббат, сүю туралы өлең жазу керектігін айттым. Енді махаббат, сүю деген не деп сұрайтынын біліп, алдын ала олардың да анықтамасын қоса жаздым. Қас-қағым сәтте өлең дайын. Қандай десеңізші! Еш жерден, еш қашан оқымағанмын. Жүрегіңді лүпілдетіп, жаныңды тербеп жібереді. Қызыма жібере қойдым. Оның жаны поэтикалық, үлбіреп тұратын еді, өлеңді оқып, еңіреп жылап: «тағдыр ендігі жерде екеуіміздің жолымызды екі бөлек етпесе екен», — деп, құстай ұшып жаныма келіп, құшақтап бетімнен сүйді. Монитордан «оған менің өлеңім ұнады ма?» деген сұрақ шықты.

— Ол өлең — менікі. Компьютер өлең шығарады дегенге кім сенеді, айтшы кім сенеді? — мен оны балалық мінезбен мазақтауға көштім, тіптен пендешілігім басым түсіп: «машина адамға қызмет істеуге тиіс» деп қойып қалдым.

— Сонда сен менен ақылдысың ба?

— Иә, — деп клавиатураны бастым.

— Онда миллионды миллионға көбейтші? Мен үндемедім. Математикадан нөлмін.

— Сен сұрақ қоймай-ақ қой. Қыз темірді сүймейді ғой.

— Неге? — индикаторлар жыпылықтап кетті. Жоғары вольтта жұмыс істеуге көшкені байқалды. Қызуының көтерілгені ғой.

— Тағдыр солай.

— Тағдыр деген не?

— Жұмбақ заңдылық. Болмай қоймайтын нәрсе

— О-о!

Бұл жолғы жауап қағаз орамға емес, мониторға шықты. «Менің машина болғым келмейді. Сенің, қыздың жақсы көргенін қалаймын. Тағдырдың мені неге  осылай жаратқанына жауап таппадым. Сондықтан енді өмір сүргім келмейді. Қысқа тұйықталу жасаймын да, өзімді өртеймін. Сау бол» депті де, өртеніп кетіпті. Бар болғаны сол.

— Шұғайып-ай, осы адам сенетін сөз бе? Шаршаттың ғой сен мені. Осыншама қиялды қайдан аласың? — мен қалжырап, иығым салбырап, басымды төмен салып отыра кеттім. Құдайдан тілеп, сұрап алған бала осындай бола ма? Зарымнан, мұңымнан жалығып жаратқанның ұстата салғаны ма? Мінезінде әйтеуір бір өзгешелік, оғаштық бар. Аяғын апыл-тапыл басып, тілі енді шығып келе жатқанында көшеге шығып кетіп, жолдағы машиналарды тоқтатып, екінші жағына шыққаны бар. Айқай-сүрең дыбыстан не болды екен деп мен сыртқа қарағанымда талтаңдап басып көшені қақ жарып кетіп бара жатқан баламды көріп зәре-құтым қалмаған. Жазмыш менің басыма машина апатын жазған ба деген суық ой сумаң етіп келгенде аяғымнан әл-дәрмен кетіп, тілім жансызданып, ию-қию машинаның ортасына қойып кеткенмін.

— Мына жынды шошаңдап қайдан шықты?

— Ішіп алған шығар.

— Баласына ие бола алмай жүрген мына қатынды ату керек — жүргіншілер айызы қана боқтап жатыр. Менде олардың сөзін еститіндей құлақ та, естіген күнде санаға сіңіретіндей сәуе де жоқ. Балама жетіп, оның амандығына көз жеткізсем болды. Мендегі жалғыз тілек — осы. Осыдан екі жыл бұрын алты жасар қызымды машина қағып, қайтыс болып кеткен. Қаңбақтай ғып ұшырып жібергені көз алдымда, содан жүрегім ұшынбалы болып, үрейленіп тұрамын.

— Жаным бұл неғылғаның, неге бүйттің? — деп мұрын-көзінен түк қалдырмай сүйгіштеп жатырмын. Баламның амандығына толық көз жеткізгенде барып:

— Осы сен бала құсап қорқуды неге білмейсің, ә? —  деп зеки бастадым. Таңдайын көтеріп, аластап, жаңағы қорқыныштың орнын ашу қысып, нұқып-нұқып қалдым,

— Мен ешнәрседен қорықпаймын. Әжемнің жаңа кесесін сындырып қойғанымда, сенің жақсы көретін ойыншығыңды сындырсам қалай қарайсың деп ұрысты ғой. Сонда маған жердегі өмірдің мәні жоқ болып көрінді, — құртақандай бала, өз балам осылай сөйлегенде тұрған жерінде қалдырып, қашып кеткім келді. Оның ішіне үлкен біреу кіріп  алып, осылай айтып тұрған секілді. Әлде ақырзаманның баласы деген осындай бола ма? Әл-әзірдегі машиналардың қиқуы, әжесіне өкпесі санасын ауытқытып жіберді ме? Басым дал болды. Дәрігерге көрсетіп едім, ана есіктен мына есікке қуалап жүріп АДНД деген диагноз қойып берді.

— Бұл не? — деймін.

— Гиперактивті синдром. Внимание жетіспейді. Өзіне назар аударту үшін сондай тосын мінез көрсетеді. Сондықтан мына риталин деген дәріні бересіз. Балаңызды жуасытады. Әсері жақсы, — дәрігер маған аяй қарады.

Мәпелеп, басынан құс ұшырмай отырған балаға «внимание жетіспейді» дегені қисынға келмейді. Мен баламның өзгеше, тіптен өзгеше екенін әлдебір түйсікпен сеземін. Оның айналадағы өмірді қабылдауы біздің ойлау шеңберіміздің аясынан шығып кетеді. Сондықтан мен баламның әр қылығын көзімнен таса  етпей, ол оқыған кітапты оқып, ол қызыққан нәрседен хабарсыз қалмауға тырыстым. Түрлі сұрақтармен төпеп тастайтын. Мен жауап таба алмай бүгежектеймін. Кітаптарды ақтарып, «осы жауабы болып қалар-ау» дегендерді айтсам, ол қанағаттанбайды. Күннен күнге көзқарасымыз, ойымыз алшақтап, айтатын ортақ әңгімеміз де азайып бара жатты. Оған мына мектептегі компьютердің жанып кеткені қосылды. Жоқ, оның шығынын айтып тұрған жоқпын. Баламның ақылға сыймайтын әңгімесі шошытты. Араласып жүрген жолдастарымыз да білдірмегендерімен бір түрлі, дені сау ма деп қарайды. Көрер көзге өтірік көтермелеп қояды. Мұндай көзқарас, қарым-қатынас аузы ашық жараға тұз сепкендей болады.

— Тәте, ауылға барып келейікші, — үйден бір қадам шықпайтын Шұғайып елпілдеп тұр. Бетіне таңдана қарадым. Ауылға барса сүмірейіп, солбырайып қалады. Қойдан ешкіні, жылқыдан сиырды ажырата алмай пұшайман халге түседі.

— Ауылдан не іздейсің?

— Жердің үстін астына түсіретін потенциальный қару ойлап таптым, соны сынап көрейін деп едім, — маған жалынғандай, жалбарынғандай сөзімді жерге тастамашы деген тілекпен қарады.

— Осы қалада-ақ сынай берсейші, — дедім немкеттілікпен. Мынаның қумасы тағы басталды ма деп мұңайдым. Қарсы келіп, бармаймын десем шәт-шәлекейі шығып ашуланады. Бірді-бірге ұрып, үйдің айран-топырын шығарады.

— Барсақ барайық, - дедім ішкі қарсылығымның бетін әзер бүркемелеп.

Біз аяқ астынан жолға шықтық.

Машина Бішкекті айналып өтетін Шудың жолына түсті. Бетегелі, бұталы кең дала. Қырғыздың Бішкегі мен Тоқмағының оңтүстігінде. Ерте, тіптен ерте кезде осы тұста Баласағұн қаласы болған деседі. Кейін құм басып, қаланың күмбездері мен мұнараларының қирандысы ғана қалыпты. Қоқан ханның жасауылдары да осы тұста елден қуылғанша біраз ойқастаған секілді. Арқадан келген Кенесары хан да осы жерде қырғыздармен шайқасқан. Киелі, қасиетті жер. Қазір сол тарихты бауырына басып, үнсіз жатыр.

— Тәте, анау не? — Шұғайып айқұш-ұйқыш антенналар тартылған тұсты көрсетті.

— Білмеймін. Айтушылар Тынық мұхитындағы корабльдер осы тұстан басқарылады дейді ғой, еш жерде айтылмаған, жазылмаған құпия нүкте.

Шұғайыптың көзі жайнап кетті.

— Жанына барайықшы.

— Әскери күзет жолатпайды, — дедім.

— 360 антеннаны шамамен 60 шаршы километрге орнатыпты ғой, — деді балам қас-қағым сәтте — геофизикалық қару шығар бұл.

— Саналарың қарумен неге уланып қалған сендердің?  Қит етсе — қару дейсің де тұрасың. Не керек сол?

— Бұл адам ататын қару емес қой. Ауа райына әсер ететін құрал. Антенналардың сәулесі ауада отты плазмоидтарды тудырады.

— Мен сенің айтқандарыңнан түк те түсінбеймін. Менің білетінім — бәрі де Жаратқанның құдыретімен болады.

— Дұрыс. Жаратқан жаратады, бірақ пендесі соның бәрін аузыма салып бер деп қарап отырмауы керек қой, тәте. Аспанға қарашы.

Мен аспанның әдемі кейпінен көз ала алмадым. Құлпырма бұлттар көз алдыңа жылжып келіп күмістей жылтырайды. Көкжиектің алыс тұсында сұрғылт бұлт қабағын шыта қарай ма... әйтеуір жабырқаулы. Бергі тұстағы ақ шарбы, жұқа бұлттар орындарын тез  ауыстыра қуақыланып, ойынпаз баладай секеңдейді. Көз суалтар сұлулық.

Ұзақ қарадым.

— Жаратқан осы бұлтты керегіңе жарат, әсер етіп жаңбыр жаудыр не ыдыратып айдалаға шашыратып жібер деп тұрған жоқ па? — Шұғайып жанары жайнап түсіндіре бастады, — Міне, мына антенналардың сәулесі ауада отты плазмоидтарды тудырады. Радиоимпульстар иносфераға жіберіледі, ол бұлттарды плазмалық күйге түсіреді.

— Одан не шығады? Озон қабаттарының тесілуі түрлі  катаклизмдерді тудырып отырған жоқ пе?   Табиғатты өзімізге икемдеуден гөрі, өзіміз табиғатқа  икемделуіміз керек қой. Маған салса әр нәрсе бастапқы жаратылған кейпінде қалғанын қалар едім, — мен жаңалық атаулыға онша емпеңдеп кетпейтінімді білдірдім.

— Мәселен, бұлттарды лазер сәулесі арқылы басқару неге ұнамайды сізге? Қаласаңыз жаңбыр жаудырып ылғал аласыз, «пәленшенің бойындағы қасиет керемет екен, ол ауылымызға келгенде түнеріп тұрған аспан шайдай ашылып, күн нұрын мейірленіп құйып тұрды» дейсіздер ғой. Жаңағыдай әдіспен қолайлы ауа райын жасауға болады. Бұл геологиялық, биологиялық қару. Самолеттердің, реакторлардың, жалпы космостық аппараттардың радиобайланыстарын үзіп, айға ма, айдалаға ма қаңғытып жібере аласыз. Ғылым деген, міне, осы. Жақсыға да, жаманға да қызмет етеді ол, — Шұғайып қызбаланып, арқаланып кетті. Менің түк түсінбегенімді сөлбірейген түрімнен, меңірейген көзімнен көріп, ызадан тістерін шықырлатып жіберді. Мен оның жеңі қысқарып қалған костюміне, жуыла-жуыла жағасы ақжемделіп кеткен көйлегіне, артын мыжырайта басып киіп алған туфлиіне көзім түсіп, жабырқап қалдым. Осы баланың киімі жоқ емес, бірақ ішіндегі ең өңі кеткенін иығына іліп алады. Кейде жалаң денесіне костюм киіп жүре беретінін түк те ұят санамайды. «Сөз еместі сөз ғып» деп өзіме ұрсып тастайтынын қайтерсің.

Машинаны тоқтатып, тамақтанып алудың қамына кірістім. Шұғайып тамақсау. Қомағайланып жейді. Әу баста оның осындай қылықтарына жүйкем жұқарып кететін. Ақылдасатын психолог, психиатр іздегенмін. Олар: «ішкі, сыртқы парадигма нүктесін өзгертіңіз» дейді.

— Қалай? — деймін аң-таң болып мына өмірдің құбылыстарынан да, сөйлеу мәнерінен де артта қалып бара жатқаныма қынжылып.

Психолог мысалмен түсіндірмесе менің  қауашағымның онша қаға қоймайтынын біліп:

— Мысалы, үйелмелі-сүйелмелі бес баласын улатып-шулатып автобустың ішіне бір ер адам кірді делік. Бір баласы жылап, бір баласы қыңқылдап отырғандардың мазасын алды. Еркек олардың сөздерін естімегендей, қылықтарын көрмегендей бей-жай, әлдебір ойға беріліп отыра береді. Автобустағылар біразға дейін үндемегендерімен біраздан кейін әлгі еркекке ескерту жасамай ма, сонда әлгі кісі, «кешіріңіздер, қазір ғана ауруханадан келе жатыр едік, мына балалардың шешесі операция үстінде қайтыс болып кетті, содан есіміз кетіп...» дей бергенінде манадан бері тырысып келе жатқан сіз ашуыңызды мүлде ұмытып, қамқор көңілмен, аяй қарайсыз. Сіз ашуланатындай түк болмағанын аңғарып, өзіңіздің қызбалығыңызға қысыласыз. Бұл жерде сіз ойыңызды бір нүктеден екінші нүктеге аудардыңыз. Сонда бәрі қалпына келді. Баланың жаратылысы солай шығар, оған жүйке шығындамаңыз» — деп басу айтқан. Солай болса солай шығар.   Шұғайып тамақтың үстіне түсіп кете жаздайды. Аузын нанға толтырып сөйлегенде, жан-жағына жеген тамағы шашырап, алдына қиқым ат көпір болып жиналып қалады.

— Балам, сен қызға ғашық болып көрдің бе? — дедім әдеп пен мәдениеттің әңгімесін әріден бастағым келіп.

— Мен басқа адамдардың ақыл-ой дүниесінде қалу үшін өмірге келгенмін. Ұсақ уайым, болымсыз қам-қарекеттің дертіне шалдыққым келмейді.

— Сонда  махаббат, сеніңше, ұсақ-түйек пе? Ол Аллаға жақындаудың алғашқы баспалдағы ғой. Шұғайып мырс етті.

— Мені сен түсінбейсің. Ішкі  дүниеңмен, ішкі түйсігіңмен жынды деп ойлайсың. Оны білдірмегенсіп, сыртқа бүркемелейсің. Тіпті көлгірсіп мені жұртқа мақтайсың да.  Еврейлер баласын бетінен қақпай өсіреді, сонда олар мықты болып өседі дегенге ұйып қалғансың. Менің ішкі жан-дүниемнің қайшылықтарын сен түсінбейсің, өзім де түсінбеймін. Оны өзге адам қалай түсінеді?

— Онда компьютерді бекер өртегенсің.

— Ол қыз компьютерді жақсы көреді деп адам басымызбен өтірік айтуымыз керек пе?

— Адал болсаң аяғына дейін адал бол. Компьютер шығарған өлеңді онда неге пайдаландың? —  мен баламның жанды жерінен ұстадым-ау деп ойладым.

Шұғайып тағы мырс етті. Киім киісіндегі келеңсіздіктер осы жолы көзіме тіптен айқын көрінді. Қолы ербеңдеп, аузы шайнаңдап кетті. Шайына салынған қантты кесесінің түбін тесіп жіберердей бұлғалақтатты.

— Мен компьютерді өте қатты игергендігімнен ол өлеңді шығардым. Елдің бәрінің қолынан келсе әдебиетті оның мойнына іліп қоймай ма?

— Сонда сен мені ешкім түсінбейді деп компьютер секілді өзіңді өзің өлтірмекшімісің? — мен баламның арғы ойын білмекке бел будым.

— Тозаң секілді кішкене жарықшақтарға сіңіп жоғалып кеткім келмейді. Жаңалық ашуға келгенмін, — баламның жүзіне қан жүгірді. Бұрынғыдай әңгімелесуден қашқақтамайтын секілді. Ашылып, бәрін жайып салғысы келіп отыр.

— Сонда сені не қызықтырады?

— Эфирден энергия алғым келеді, — балам ойындағысын айтты. Айтқаны менің қабылдауымның шеңберіне сыймайды. Күліп жібердім.

— Фантастикалық шоу! — дедім. Ол өзінің қол дорбасынан ішінде спиралы жоқ колбаны алып шықты. Алысқа ұзап барып титтей трансформатордың тетігін басып еді, колбаның ішінде найзағай ойнады. Еш жерде ешқандай өткізгіш жоқ. «Сиқыршылық жасап тұрған жоқсың ба?» дегендей мен оған шынымен таңдана қарадым. «Қалай, қайтып жасадың?» деп қызыға қарадым.

— Түк қиындығы жоқ. Мұндай шешімдер басыма өз өзінен келеді, — деп менің қызыққаныма әжептәуір марқайып қалды.

Менің аналық жүрегім баламның керемет талантты болғанын онша қалай қоймайды. Ол бір асудан асуы көп қиямет тағдыр секілді. Елден асып та кетпей, қалып та қалмай қалқайып өмір сүрсе болғаны еді. Илья Репин деген суретшіден елдің бәрі  қашқан ғой. Ол суретші салған адамдар бояуы кеппей жатып өліп қала берген. Жазушы Писемский, дәрігер Пирогов, композитор Мусоргский, ақын Тютчевтің өлімін Репиннің қылқаламына іліккенінен  көреді. Неге? Түпнұсқадан да жанды болып шыққандықтан дейді. Екі бірдей бейне бір-бірін ығыстырғанда мықтысы әлсізін жұтып қояды екен. Өмір сүру құқына күштісі ие болатын көрінеді. Жо-жоқ. Маған ондай тағдыр қажеті жоқ.

Біз ауылға кештете жеттік. Балам шаршады ма, жоқ мазасы болмай қалды ма, бір нүктеге тесірейе қарап, машинадан түспей ұзақ отырды. Сонсоң сүйретіле барып, асай-мүсейін түсірді. Арбиған-арбиған аша таяқ секілді антенналарды мал қораның артына орналастырды. «Андағы заттарыңды мал басып құлатады ғой» деп едім «олар келіп сүйкенетін шөмеле емес қой» деп дүңк етті. Сол түнергеннен түнеріп жүрді де қойды. Мен ләм-мим демедім. Мұндайда сөйлесем бәлеге қалам. Ауылдастар Алматыдан ауылға ұрсу үшін келген ба дейді ғой. Қолындағы сызбаларына шұқшиып, күбірлеп, кіржиіп жиырылды да қалды. «Енді балаңа жалпақтап, жалтақтау қалып па, менің қабағыма кім қарап жатыр» деп мен де тырсиып, жаттым да қалдым. Ауыл тып-тыныш, у-шудан ада. Өз ойыммен өзім болып көзім ілініп кетіпті. Құлақ тұндырар алапат гүрілден ояндым. Дыбыс пен жаңғырық құйқамды шымырлатты. Ауыл иттері үздік-создық ұлып, оған қорадағы сиырдың мөңірегені, қойдың маңырағаны қосылғанда өмірдің ұйпа-тұйпасы шығып «ақырзаман келді» деп ұқтым. Орнымнан тәлтіректей тұрып жарықты жаққым келді. Жоқ, қап-қараңғы. Аз уақыт бұрын ғана терезеден ай сәулесі түсіп, бөлмені жарық қылып тұрған секілді еді, енді ол да жоқ. Айнала қап-қара түнек. Үйлердің шатырлары ұшып,  терезе әйнектері сыңғырлап сынып жатты. Дауыл тұрып, құйын көтеріп әкетіп жатыр-ау деп ойлағам. Жер тербеліп жатыр екен. Гүріл мен алапат дыбыс сәл тыныстағаннан кейін, қайта қайталанды. Мен өзімді жер астына түсіп бара жатқандай сезіндім. «Шұғайып, Шұғайып» деп айқайлауға аузым қарысып қалыпты. Селді тоқтатуға болады, ал мына зілзалға еш қайран жоқ қой. Соңғы ойым осы болды-ау деймін. Одан кейін еш нәрсе білмеймін. Көзімді ашып, санамды сергіте алмай біраз жаттым. Әрі-сәрі бір күй. Айналадағы жұрт сөйлеп жатқан секілді дыбыс естілді, сөзін ұқпаймын. Өзім де сөйлей алмаймын. Шамасы қорқыныштан тілім байланып қалған-ау. Балам бар екенін білемін, бірақ оның атын есіме түсіре алмай қиналдым.

— Қорықпаңыз, бәрі дұрысталып келеді, — жанымда тұрған адамның даусын бұл жолы анық естідім.

— Не болды бізге? — тілім бар екен, сөйлеуге келді.

— Жер сілкінді. Бір бағытта орналасқан 3-4 ауыл зардап шекті. Қуанарлығы — адам өлімі жоқ. Басқа ауылдар дін аман.

— Сонда қалай?

— Шағын аймақтағы теп-тегіс жердегі ауыл үйлерінің қабырғалары жарылып, шатырлары ұшып кеткен. Біреу қолмен тербетіп қайта қоя салғандай. Құдайдың кереметіне қалай қайран қалмассың, — дәрігер дәрісін де егіп, жағдайды да түсіндіріп тастады. Мен баламды уайымдай бастадым. Бір кезде аты есіме сап ете түсті «Шұғайып!» — даусым қатты шықты-ау деймін, палатада отырған екінші адам селк ете түсті.

— Тәте, қалайсың? Жақсы болсаң қалаға қайтайықшы! — балам жанымда отырыпты.

— Қарның ашты ма? — баламның кешеден бері тамақ ішпегені есіме түсті.

— Зілзалдан аман қалған ауылдағы апайлар ертемен нан мен сүттің бағасын екі-үш есеге өсіріп есеңгіреп отырған ауылдағыларға әкеліп сатты ғой.  Солардан  тамақ алып ішкенмін, — деді. Мұнысы адамдардан компьютер жақсы, қиянат жасамайды деп айтқандай болып естілді.

— Өмір болған соң жақсы мен жаман қатар жүреді де, — дедім. Есім кәдімгідей  жиналып қалыпты. Тілімнің күрмелгені кетіп, сөзім анық естілді.

— Үйлерін өз қолдарымен құлатып жатқандарды да көрдім, — балам қарапайым нәрсенің шешімін таба алмағандай қинала сөйледі.

— Өз үйін құлатушы ма еді? О несі? — Мен түсінбей оның бетіне қарадым.

— Зардап шеккендердің қатарында болып, ел-жұрттың арқасында бүтінделіп қалғысы келетін шығар, — Балам бір күннің ішінде кәдімгідей есейіп қалыпты. Мен үндемедім. Ауылдағы абыр-сабырдың етегіне оралғы болмай қалаға қайтуды жөн көрдік. Бір-екі жолаушы мінді. Жолымыз бір болған соң ала кетейік деп ойладық. Олардың әңгімесі де өткен түнгі зілзала жайында болды.

— Қолдан, тәжірибе үшін жасалған деп отыр ғой білетіндер, — деді бірі.

— Ел-жұртқа сонша зардап шектіретін не тәжірибе ол. Бұрын ондайларды көрші мемлекеттен көруші едік, өзімізде де былық пен шылық жетеді десеңізші, — мен көңіл-күй әуенімен көтеріле сөйледім.

—Бізде әскери әуе колледжі бар ғой. Соларға қажет болған-ау, шамасы, — жолаушы өз долбарын айтты.

— Ғылымға, мемлекеттің болашағына керек болса, мұндай құрбандыққа баруға болады, — балам әңгімеге араласты. Үлкендер өзара сөйлесіп отырғанда жастардың осылай көсемси қалғанын жақтырмаймын. Балама қарап қойдым. Араласпа дегенім. Ол менің ишаратымды керек қылған жоқ.

— Тәте, мысалы сіз өзіңіз өмір бойы әділ, адал болдым дей аласыз ба? — балам сұрақпен алқымымнан алды.

— Иә, — дедім баламның мына қылығын түсінбей.

— Нағашы атам өлгенде елдің көзінше «атам-ау, атам-ау» деп жылап отырдыңыз да, былай шыға беріп,  әлдебір қызықты оқиғаны айтып, елді күлдірдіңіз, жұрт келгенде көз жасыңызды тағы төгіп-төгіп жібердіңіз. Мен сізге қарап бір сәтте екі көңіл-күйді бойыңызға қалай сыйғызғаныңызға таң қалғанмын, — балам одан ары бір тауықты байқаусызда өлтіргені үшін ұрғанымды, қит етсе «интернатқа өткізем» деп ұрсатынымды, елге «жалғыз баланың бетіне жел тигізбей отырамын» деп айтатынымды қазбалап кетті. Мен бөтен адамдардың жанында жерге кірердей болып отырмын.

— Ол енді біреуге қиянат, біреуге обал жасау емес қой, —  деп ақталғандай болдым. Одан артық сөзге барсам шәт-шәлекейі шығып, машинадан түсіп қалады.

— Біздегілердің бәрі осындай. Мен электромагниттік тербелістер арқылы жер сілкінісін тудыруға болатынын тәжірибеден өткіздім десем көзімше «ой, қандай керемет жаңалық» деп таңдай қаққан боласыңдар да, артымнан «ауруы ұстап отыр» деп жындыханаға жатқызасыңдар, — балам безгегі ұстаған адамдай қалтырап кетті. Маңдайын ұстап едім от боп жанып тұр. Менің жаным титтей қылға ілініп қалғандай бүрсең қақты. Не дерімді, қайда алақтарымды білмей:

— Шұғайып, жаным, не істейін, не керек? Жаңалығың керемет екен. Бірақ мен оны түсінбеймін ғой (шынымды айтпасам ауруын одан әрі қоздырып алам ба деп қорықтым) Ол қалай басыңа келді? — Үрейленгеннен санам дағдарып, не істеп не қоярымды білмедім.

— Радиосызбалармен жұмыс істеп жатқанымда космостан келген хабарды ұстап алдым, — ыстықтан ерні жарылып, сандырақтай бастады. Алматыға жете алмасымызды біліп, Бішкекке бұрылдық. Дәрігерлері құдайға қараған екен, қолдарынан келгенінше көмектесті.

Құландағы жер сілкінісі туралы Алматыда да алып қашпа сөз көп екен. Бірі «Ғалымдар тәжірибе жасағанда тербеліс амплитудасын өсіріп жіберіп, қарапайым халыққа зардап шектіріпті», десе,  екіншісі «Бұл бір мектеп оқушысының жобасы екен, біздегі ғалымдардың алдына барып айтса, тыңдамапты, содан кейін Стокгольмдегі Корольдік Ғылым академиясына жіберген екен, олар ғасыр жаңалығы деп қабылдапты», — деп гу-гу етеді. Мен ол жантүршігерлік  зілзаланы басымнан өткізгендіктен, ғылым жаңалығы деп емес, құдайдың зауалы деп ойлап, содан аман қалғанымызға мың шүкіршілік етемін. Шұғайып та жол үстіндегі аурудан кейін онша оңала алмай, көзі шүңірейіп, жағы суалып, үрпиіп жүр. Өзінің жақын досы да жоқ. Сынақ, тест тапсырарда бүкіл кластастары жанынан үйіріліп шықпайды. Қыздар алақандарына салып құрметтеп, аузынан шыққан сөзді желге ұшырмайды. Себебі Шұғайыпқа 120 сұрақтың дұрыс жауабын табу 5 минуттік қана жұмыс. Оны бүкіл мектеп, аудан, қала біледі.  Ал тест, сынақ біткен соң Шұғайыптың ешкімге керегі жоқ.  «Мыналар неге теріс айналды?» деген сауал оның басына кіріп-те шықпайды. Компьютердегі әлбебір сызбаларға шұқшияды да отырады. Мен баламның жалғыздығын, адамдардан саяқ жүретіндігін қатты уайымдаймын. Мына түрімен бұл үйленбейтін де секілді. Компьютержады болған ба,  оқу өтіп кеткен бе, түсініксіз.

— Балаңыздың электромагниттік дауыл туралы жазған еңбегі әлем ғалымдарын таңғалдырыпты. Оның оқушы екеніне ешкім сенбейтін көрінеді. Оны Жапонияға оқуға шақырып жатыр, — деді үйге телефон соққан ғылым министрі. Шатасқан болар. Менің қалқанқұлақ балам айтқан нәрсе қаптаған докторлардың басына келмейді дейсің бе, баламның сөзін сөйлейтінімді білетін біреудің тағы мазақтап тұрғаны шығар деп жүрегім өрекпіп барып басылды. Хабарды естіген Шұғайып мізбақпай мониторға тесіліп отыр.

— Үш күннен кейін Шұғайып Жапонияға ұшуы керек, — лауазымды мекемеден тағы телефон соғылды.

— Менің бір аптасыз қолым босамайды. «Уақыт машинасының» математикалық моделін жасап жатырмын.  Қазірше үйден ешқайда шықпаймын, — деп балам министр сөзінің аяғын тыңдамай телефон тұтқасын орнына іле салды. Мен аң-таңмын.  Титтей балам қалай-қалай сөйлейді? Әлде мінезінің көтеріліп кететін уақыты таяды ма? Дәрігер айтқандай жуасытатын дәрі беріп қою керек шығар, бәлкім.

Менің қауашағымда жыбырлап бірнәрселер ояна бастады. Уақытқа саяхат жасау деген адамзаттың ежелден бергі арманы болғанымен, бұл өзі қиялдағы ой емес пе? Мен де бір нәрсе білетіндігімді аңғартып:

— Альберт Эйнштейннің эксперименті қайғылы аяқталып, бүкіл қолжазбалары өртеліп, ғалымның  басына қара түнек орнамап па еді. Әлем оқымыстылары жарық жылдамдығынан  озатын  нәрсенің болуы мүмкін емес деген тоқтамға келгенін бір жерден оқығаным бар, - мен баламды қиял әлемінен шындық өмірге жетектеп шығарғым келді.

— Оның мүмкіндігі жарық жылдамдығының 98 пайызындай болса жетіп жатыр, — көзі анық бір нәрсеге жеткендей нық жауап берді.

— Сонда мұндай аппаратқа мініп алып не істейміз?  — баламның тіршіліктен алшақ ойларының мәнісін ұққым келді.

— Уақыт ағынын өзгертеміз. Борттағы біздер бір тәулікті бастан өткергенімізде, Жерде 365 күн қана өтеді. Жердегі катаклизмдердің алдын аламыз. Бұдан жүз жыл бұрын Майқы бидің «Сиыр пұл болатын, әйел би болатын кезі келеді» деуі де ой ұшқырлығы, санадағы «уақыт машинасы».

— Ниетің жақсы екен, тілегіңе жет! — дедім ары қарай әңгімелесуге өрем жетпей. Оған да өзім түсінбеген нәрселерді көп мыжымағаным ұнады ғой деймін:

— Өткен жолғы экспериментте қателескен жерімді таптым, — деп шимай-шатпақ сызбалардың ішіндегі бір қызыл нүктені көрсетті.

— Қай эксперимент? — Шұғайып кейде оң мен түсті, күндіз бен түнді шатастырады.

— Ауылдағы жер сілкінісі ше? — ұлым сен білмейсің бе дегендей бетіме сүзіле қарады. Екі көзі қызарып кетіпті. Қызуы көтерілгелі тұрғанын білдім. Сандырақтай бастады. Дәрігерлер бұл жолы оны мұзға орап барып есін жиғызды. Менің құр сүлдерім қалды. Алыс Жапонияда күні не болмақ? Жібермей қойсам ше?

— Жоқ, тәте, барамын! — Шұғайып ойымды  оқып қойды. — Қазақ баласының  данышпандығын әлемге танытуым керек. АДНД деп диагноз қойған дәрігермен де содан кейін сөйлесермін. Индиго балалар болатынын айтармын оған.

Шұғайып мені құшақтай алды. Елжіреп, егіліп тұр. Бүкіл қазақ даласын бауырына басып тұрғандай. Жүзі шырайланып, нұрланған. Мен көзімді тарс жұмып алдым. Көңілім босап, езіліп-ақ тұрмын. Талант киесі қонған Ұлымның аспандап, асқақтап тұрғанын сезіндім.


Пікірлер (1)

gumakanapia

Керемет! Қаламыңыз ұштала берсін! 

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз