Ертеде бір қарт аңшы мен мейірбан әже өмір сүріпті. Олардың ай десе аузы, күн десе көзі бар Ақторғын атты қызы бар екен. Табиғат аясында өскен қыз бойына тазалықты, сұлулықты сіңіріпті. Қарт мерген жалғыз қызын батырлыққа, мергендікке үйретеді. Күндердің бірінде аңшы қызын ертіп аңға шығады. Бір жерге келгенде алтын мүйізі нұр шашқан бұғыны көреді. Бұғы қаша жөнеледі. Тәжірибелі қарт садақпен атып қалады. Жебе оң жамбасына тиіп, бұғы құлайды. Қасына жеткенде жанары жәудіреген бұғыны көрген Ақторғынның жаны ашып, әкесінен оған тиіспеуін сұрайды. Қызының тілегін жерге тастай алмаған әке жаралы бұғыны үйіне әкеліп, жарасын таңып, күтімге алады. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде бұғыға тіл бітеді.
— Ақторғын, сен мені құтқардың. Бұл жақсылығыңды ешқашан ұмытпаймын. Менің жүнімнен бірнеше тал жұлып ал. Басыңа қиындық түссе, сол қылшықты қолыңа ал да, «Алтын мүйізді бұғы» деп шақыр, мен лезде жетіп келемін, — дейді.
Соны айтады да бұғы ғайып болады. Бір күні Ақторғын су алып келе жатып, жол шетінде жатқан кішкентай жәндікті көреді. Қатты таңғалады. Себебі, ол мұны бірінші рет көріп тұр еді. Аңтарылған қыз одан жөн сұрайды.
— Мен — құмырсқамын, — дейді әлгі жәндік. — Жер астынан шықтым. Біз жер астында жасаймыз. Соғыста жараландым. Бір үңгірді қуа-қуа осы араға жеттім. Әл-дәрменім қалмады. Ақторғын оған аяушылық жасап, үйіне әкеледі. Одан жер асты жайлы, ондағы ел туралы сұрайды. — Біз ежелден жер астын мекендейміз. Еліміз тыныш, берекелі еді. Қанатты құмырсқалар келіп, жер даулап, соғыс бастады. Содан береке кетті. Таласқа түскен жер алтынның ордасы болатын, — дейді құмырсқа. Жер асты елінің берекесіздігі Ақторғынды ұйқыдан айырады. Ақыры екі елді татуластыру мақсатында, ата-анасынан бата алып, құмырсқаны ертіп, жер асты еліне сапар шегеді. Ұзақ жол жүреді. Жол бойы екеуі көп әңгімелеседі. Сөйтіп жүріп бір күні жер үсті мен жер асты әлемінің тұтасатын тұсына, үлкен үңгірге жетеді. Жер астына түскен құмырсқа Ақторғынды өз еліне ертіп келеді. Патшақызды ордасына шақырады. Салтанатты хан ордасы Ақторғынды қайран қалдырады.
— Қош келдің, жер бетінің батыр қызы! Төрлет! — дейді патша. Кездесу соңында Ақторғын достық пейілі үшін патшаға ризашылық білдіреді. Әрі мұнда келгендегі мақсаты — араздасқан екі елді татуластыру екенін жеткізеді. Жауласудың себебін сұрайды.
— О, адамзат, сіз білесіз бе, оған себеп — жер үстінен түскен алтын діңгек,— дейді құмырсқалар патшасы. Ақторғын патшадан екі елді таласқа түсірген алтын діңгекті көрсетуді сұрайды.
Патша ертіп барып көрсетеді. Ақторғын жер астына түскен алтын діңгектің өз үйінің ат байлар ағашы — мамағаш екенін аңғарады. Іле құмырсқалар еліне қош айтып, жер үстіне қайтады. Үйіне оралған соң қыз әкесінен алтын мамағаш туралы сұрайды.
— Бұл алтын мамағаш жас шағымдағы бір ерлігімді есіме салады. Бір кезде ел басына күн туған заман болған. Ерлер қолына қару алып, жауға шапты. Солардың қатарында мен де болдым. Артынан ерлігім үшін хан маған осы алтын мамағашты орнатып берді, — дейді қарт. Әңгімені мұқият тыңдаған Ақторғын артынан әкесіне жер асты елінің тыныштығын осы алтын мамағаштың бұзып жатқанын айтады. Оны басқа жаққа ауыстыруды өтінеді. Әкесі құмырсқа елінің тыныштығын ойлап, келіседі. Ақторғын қайта жер асты еліне сапар шекпек болады. Аттанарда әкесіне:
— Әкетай, алтын мүйізді бұғыны шақырып, алтын мамағашты екінші орынға көшіріңіз, — деп тапсырады. Құмырсқалар еліне жеткен Ақ торғын орамалына түюлі бұғының қылшығын қолына алып, «Алтын мүйізді бұғы» деп шақырады. Сол сәтті алтын мүйізді бұғы жетіп келеді. Қыз оған көрген-білгенін, алдағы жоспарын айтады.
— Сен қанатты құмырсқалар елінің төбесінен екі рет айналып өт те, орманға қарай зымыра. Әкем сені көретін болсын. Сосын соңыңнан ерген қанатты құмырсқаларды бастап, ең құнарлы өлкеге қарай тарт. Бұғы Ақторғынның айтқанын орындайды. Қанатты құмырсқалар елін бір айналып өткенде олар қайран қалады. Екінші рет айналғанда оның соңына түседі. Ал орманға қарай зымырағанда ханы бастап, түгел ереді.
Алтын мүйізді бұғы Ақторғынның әкесіне бір көрініп, құнарлы өлкеге қарай тартады. Осы сәтті күтіп тұрған аңшы аңдарды бастап алтын мамағашты екінші орынға жылжытады. Сол сәт қара құмырсқалар да, ханы бастап, жоғары көтеріледі. Алтын діңгектің орнымен жер бетіне шығады. Орман тұрғындары оларды қуана қарсы алады. Қара құмырсқалар ханы уәзірлерімен ақылдаса келе, тынысы кең, табиғаты көркем жер үстінде қалуды шешеді. Жер астындағы хан сарайы мен тұрар жайларын азық қамбасы етуді ұйғарады. Осыдан бастап құмырсқалар жер бетінде өмір сүре бастайды. Маңайларынан дос тауып, оларға еңбекшілдігімен ұнайды. Қанатты құмырсқалар да орман арасынан илеу салып, өз күшіне сүйеніп тіршілік етеді. Көбелек, инелік, ара сияқты ұша алатын достармен араласып, өрісін кеңейтеді. Содан бері олар аспан әлемін шарлап, алтын мүйізді бұғыны іздейтін көрінеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі