Өлең, жыр, ақындар

«Шолпан» журналы

«Шолпан» журналы Түркістан Орталық партия комитетінің органы болып Ташкентте шығарылды. Қазақ тілінде айына бір рет шығатын саясат, шаруашылық, білім, әдебиет журналы деп аталады. Ол 1922 жылдың қазанынан 1923 жылдың мамыр айына дейін шығарылып тұрды.

Журналдың алғашқы бетінде «Бүкіл жер жүзінің еңбекшілері, бірігіңдер!» – деген ұран жазылған.

Журналдың өнер – білім, шаруашылық бөлімдерінде көптеген танымдық материалдар жарияланды. Мәселен, «Қазақ тіліндегі сингармонизм заңы», «Орхон жазуы туралы бірнеше сөз», «Жер сілкіну», «Ғылым не береді», т.б. мақалалардың ғылымдық, тәрбиелік, үгіт – насихаттық мәні зор болды. Журнал жұмысына О. Жандосов, Ә. Диваев қатысты.

Журналда әдеби, шаруашылық, ағарту жайындағы мақалалармен қоса ғылыми мақалалар да жарияланды. Журналдың жабылу себептері ретінде мынандай пікір бар: «Жеке мақалаларында буржуазиялық – ұлтшылдық қате тұжырымдарға жол берілген. Сол себепті де журнал 8-саны шыққаннан кейін 1923 жылдың мамыр айында жабылды».

Жиырмасыншы жылдары ұлт зиялылары Ташкентте шоғырланып, баспасөз, оқу-ағартушылық жұмыстармен қызу айналысады. Осы себептерге байланысты, «Шолпан» Ташкентте жарыққа шығып отырды. «Шолпанның» ғұмыры қысқа болса да, ұлт руханиятының өркенденуіне ықпал етті.

«Шолпан» журналы Халық Ағарту комиссариаты жанындағы Білім комиссиясы атынан шыққан. «1921 жылдың бас кезінде Ташкентте құрылған бұл ұйым жергілікті халықтың оқу-ағарту ісімен шұғылданған. 1922 жылдың күз айынан бастап Халел Досмұхамедұлы төрағалық еткен».

Журналдың бірінші санының соңғы бетінде «Шолпан» журналына сөз жазушы азаматтар, мақала авторларының аты-жөндері жазылған. Олар: «Нәзір Төреқұлұлы, С. Қожанов, Санжар Асфендияров, Тұрар Рысқұлов, Мұхтар Әуезов, Ораз Жандосов, Халел Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Аққағаз Досжанова, этнограф Әбубәкір Диваев, Мырзағазы Есболов, Кәрім Жәленов, Сегізбай Айзунов, Жаһанша Досмұхамедов, Ә. Сыддықов, А. Арабаев, Олегов, Искалов, Әбдірахман Оразаев, Сара Есова тағы басқалар», - деп басылған.

«Шолпан» журналының шығарушы-редакторы Иса Тоқтыбаев. Ол – 1904-1917 жылдары Перовскідегі орыс-қазақ мектебінде, бастауыш орыс училищесінде орталау білім алып, Ташкенттегі мұғалімдер семинариясын бітірген. 1922 жылға дейін Қазақ ғылымын дамыту, көшпенділер арасында білім тарату комиссиясының төрағасы, мемлекеттік баспа бастығының орынбасары, республика оқу-ағарту комиссариатының коллегия мүшесі қызметтерін атқарады. 1922-1925 жылдары «Шолпан» журналының, «Ақ жол» газетінің редакторы, Ақтөбедегі жер басқармасының бастығы, Семейдегі «Қазақ тілі» газетінің редакторы қызметтерін атқарады.

«Шолпан» журналында әдебиет, мәдениет, өнер мәселелеріне арналған М. Жұмабаевтың «Қорқыт», «Батыр Баян» поэмаларын, М. Әуезовтің «Оқыған азамат» әңгімесі мен «Заман еркесі» романын, Б. Серкебаевтың «Қонай құлаған тас» және Ш. Құдайбердиевтің «Ләйлі – Мәжнүн» поэмалары шығып тұрды.

«Шолпанның» басқа журналдардан өзгешелігі онда «Саясат бөлімі» болды. Бұл бөлімнің жұмысы кезінде жақсы жолға қойылғандығы байқалады. Мысалы, онда «Саясат дүниесінде», «Жалпы Россия кеңестерінің бірінші съезі», «Еуропаның саяси халі» сияқты мақалалар жарияланып, оқырмандарын таныстырып отырған. Осы мақалалардың бірі «Орта Азия бірлігі» деп аталады.

«Шолпан» журналында тоғыз айдың ішінде жарияланған материалдардың мән-мазмұны, сын-сипаты негізінен өте өзекті болды. Журнал халықтың тұрмысы мен оқу-ағарту мәселесіне ерекше ықыласпен қарады.

Төлеуханова Айша Журналистика факультетінің 1-курс студенті

 Жетекшісі: фил.ғ.к., доцент Р. С. Жақсылықбаева


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар