Өлең, жыр, ақындар

Қымбатшылық жаулаған заман

Қымбатшылық қысып барады. Қазақстан халқы үшін баға тұрақсыздығы бұл күнделікті көріп, құлағымыз естіп жүрген әңгімелердің бірі. Тұрғындардың еті үйренісіп, құлағы шалып та ол әңгімені тыңдап жатпайды. Айта айта шаршаған халық қалайда күн көру керек. Сол үшін де ешкім бұл мәселеге бас ауыртып қарамайтын болды. Министрлер мен депутаттар да күнде құрғақ уәде беріп,  үйреніп алған. Айтайын десең өзің ұяласың, айтпайын десең бұл қымбатшылық жан-жақтан талап барады.

Деректерге сүйенсек, бұл қымбатшылық инфляциядан туындады. Яғни, Қазақстан дамыған әлем елдерімен терезесі тең болуды талап етіп отыр. Алайда еліміз Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Норвегия және тағы да басқа елдермен қалай теңеседі? Әлем елдері бойынша 9 орында тұрған Қазақстан өзін алдыңғы қатарлы мемлекеттермен бәсекеге түсуді қалай қабылдайды? Аталған елдерде демократиялық билік және де әлеуметтің тыныс-тіршілігі дамыған, билік халықтың жағдайын жасаған. Ал біздегі мәселеге келетін болсақ, мамандардың, сарапшылардың пікірлеріне тоқталсақ, Jusan Analytics зерттеу орталығының талдаушысы Айжан Әлибекова бұл жөнінде былай дейді: ⸺  «Геосаяси шиеленістер, Ресейге қарсы жарияланған санкциялар, халықаралық тауар жеткізу жолдарының мәжбүрлі түрде өзгеруі, логистиканың қиындауы, Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінде инфляцияның өршуі, теңгенің әлсіреуі халықтың тұтыну қоржынына енетін тауарлардың барлығының қымбаттауына әкеп соқты. Әлемдік экономиканың ғаламдық сипатта құлдырайтыны туралы болжамдар мұнай бағасының түсуіне де әсер етті. Brent маркалы мұнай бағасы соңғы бір ай ішінде бір баррель үшін 5.7%-ға, яғни 109.0 долларға дейін төмендеп кетті».

Осы тұста Ресейден келетін тауарлардың тоқтатылуы, Қазақстанға тікелей әсер етіп, өзіміздің қолымыздағы бар материал мен шикізаттарды қымбат бағаға беру арқылы оларды үнемдей аламыз. Инфляцияның күрт өзгеруі еліміздегі барлық салаға тікелей әсер етті. Мұнай бағасының қымбаттауынан күнделікті жанармай бағасы өсті. Азық-түлік бағасы да тұрақты емес, қарапайым халық тұтынып жүрген наны да қымбаттап кетті. Бұған бидайды өндірудің және одан алынатын ұнның да қымбаттауы тікелей әсер етті. Оның себебі ретінде біздегі қолданылатын технологиялардың Ресейден тікелей алынатындығын ескерген жөн.

Осы орайда, Еуропалық Одақ Қазақстанның бірінші сауда әріптесі болғандықтан сыртқы сауда айналымының 40% үлесін иеленеді. 2018 жылы ЕО-ның тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы ағымындағы үлесі 48% және жалпы көлемі шамамен 60% құрады.   

2023 жылдың мамыр айында Еуропалық Комиссия Еуропалық Кеңестен ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік өнімдері, шараптар мен спирттік ішімдіктер үшін географиялық көрсеткіштерді (ГИ) қорғауға қатысты КӘЫК қосымша хаттамасы бойынша Қазақстанмен келіссөздер жүргізуге мандат алды.

2022 жылғы 7 қарашада Еуропалық Комиссияның Президенті Урсула фон дер Ляйен мен Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов тұрақты шикізат, батареялар және «жасыл» сутек құны тізбегі саласындағы стратегиялық әріптестік бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Қазақстанмен маңызды шикізат саласындағы стратегиялық серіктестік сенімді, әртараптандырылған, қолжетімді және тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған ЕО саясатының бір бөлігі болып табылады.

Экономист, профессор Жақсыбек Күлекеевтің айтуынша, Украинадағы жағдайдың әсерінен азық-түлік, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құны артты. Сонымен профессор: «Пандемия кезінде тауарларды Қытайдан импорттай алмадық, себебі Қытайдың оңтүстігінен Қазақстан мен Ресей, одан әрі Еуропа бағытындағы магистральдық жол тұрақсыз жұмыс істеді. Бұрын тауарды Қытайдың оңтүстігінен Қазақстанға екі аптада әкелсек, пандемияға байланысты бұл процесс жарты жылға жуық уақыт алды. Әдетте екі аптаға жалға алып, тауарды қойып жүрген вагонды жарты жылға жалдау қажет болды. Әрине, бұл шығындар тауарларды жеткізу құнын 2–3 есе арттырып, көптеген тұтыну тауарының бағасына әсер етті», - деді.

Сонымен қатар пандемия кезінде әлемнің көптеген елі жұмыссыз қалған халықты қолдау үшін қыруар қаражат бөлді. Қазақстанда да 4,5 миллионға жуық адамға ең төменгі жалақы деңгейінде көмек көрсетілді. Бұл тауар массасы мен ақша массасы арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуына әкелетін факторлардың бір. Пандемиядан кейін инфляциялық процестердің өсетінін, көптеген тауар, ең алдымен, халық тұтынатын өнімдер бағасының қымбаттайтыны белгілі болды. Энергия ресурстарына бағаның 35% өсуі және жеткізілетін энергия көлемінің қысқаруы Еуропа елдеріндегі инфляцияның өсуіне айтарлықтай әсер етті. Ұлыбританияда инфляцияның жылдық деңгейі соңғы қырық жылдағы максимумды жаңартты.

Осы тұста біздегі қымбатшылықтың белең алуын доллар бағасының күрт өсуімен де теңестіріп жатыр. Экономист Мақсат Халықтың пікірлеріне сүйенсек, АҚШ-тың қазыналық құнды қағаздарының пайызы артып, соның есебінен түсетін кірістің артуы доллар бағасының қымбаттауына әсер етті. Кейінгі кезде доллардың тек теңгеге қатысты бағамы қымбаттап отырған жоқ. Әлемнің негізгі валюталарына қатысты құны артқан.

Экономист Бауыржан Ысқақов: ⸺ «Теңгенің құнсыздануына Қазақстанда шығарылатын өнімнің аз болуы әсер етті. Доллардың теңгеге шаққандағы бағасы қымбаттауда. Оған әртүрлі фактор әсер етіп жатыр. Қазақстан – экспорттаушы мемлекет. Ең алдымен бағаға Қазақстанда шығарылатын өнімнің аз болуы да тікелей ықпал етеді.  Екіншіден, осы уақытқа дейін жұмыс істеген кәсіпорындар қызметінің уақытша не мүлде тоқтауы да әсер етті. Осының бәрі теңгенің өтімділігін төмендетіп отыр», - дейді.       

Қазақстанда соңғы кезде азық-түліктің күрт қымбаттап жатқаны халықтың наразылығын күшейтіп отыр. Тұрғындар табысының жартысынан көбін тамаққа жұмсайтын ел кедейшілік алдында тұр деп azattyq.org сайты келтіріп өткен.

Қорытындыласақ, елдегі қымбатшылық саяси-әлеуметтік, экономикалық және психологиялық мәселелерді туғызып, бір-бірімен тығыз байланыста болып, бір жіпке тізілгендей алшақтамайды. Саяси және экономикалық байланыс салдарынан әлеуметтің күн көрісі қиындай түседі және де адамдардың психологиясына әсер етеді, жүйкесі шаршайды, тез ашуланып, тез шешім қабылдауға тырысады. Ендігі халықтың соңғы үміті несие алуға жүгіну болғандықтан оның көлемі артып отыр. Осындай көрініс елімізде жалғаса беретін болса, болашақ ағымын  басқаша елестете беруімізге болады.

Оның нақты шешімі, елімізге зауыт-фабрикалар санын көбейту, шикізатты өзіміз өндіретіндей зауыттардың ашылуы, жақсы мамандарды жинау, инвесторлар яғни, отандық бизнесмендерді осы салаға инвестиция құюға шақыру, олар келісу үшін салықты бес жыл көлемінде алып тастау, сол аралықта өнеркәсіпті нық тұрғызып алу. Бос жатқан жер телімдерін де пайдаға асырып, агроөнеркәсіпті дамытуға бағыттау. Қалаға емес, облыстардағы адам санын көбейту, қаланың сырт жағына өнеркәсіпті салу арқылы жұмыссыздықтың да алдын алуға болады. Шетелге қымбат бағамен беру, бидай, мұнай сынды шикізатты өзімізде өңдеуге жағдай жасау. Сол кезде дүниежүзілік нарықтағы теңге айналымы өседі. Егер шетелден келетін тауарлар саны азайса, отандық материалды тұтынуға мүмкіндік ашылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің 2 курс студенті НУРАДИН Ұлдана


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар