Өлең, жыр, ақындар

Халал той (комедиялық қойылым) бастауыш сыныптарға арналған

"Халал той - Ақиқа"  (комедиялық қойылым)

(Сахнада үлкендеу ойыншық бесікке, қуыршақты бөлеп, бесік тербете әндетіп жас келіншектің киімін киген қыз отырады.)

Т. Әсия:

Блогер болып тудың ба?
Логист болар ұлсың ба?
Бизнес жолын таңдайтын,
Инфо-кәсіпкерсің ба?
Бұл дүниеге келген соң,
Білім ізден бір тынба!

Қуанышым арай күн,
Мәз боп саған қараймын!
Мен өзіңді болашақ,
Миллиардер деп санаймын!

(Осы кезде сахнаға келіншектің қайын әпкесі жүгіріп  шығады)

К. Мариям:

- Ойбу, Әсия! Неғып отырсың балаңды тербетіп?! Құдашалар келді!  Тез алдарынан шығайық?!

(Бесікті алып Әсия сахнадан жүгіріп шығып кетеді. "Құдалар" әні қосылып, екі асаба қыз сахнаға шығады.  Артынан топырлап құдаша, құдағилар шығады. Екі асаба барлығын құрметтеп, арнаулы орындарына отырғызады. )

1. Сафия:
- Ассалаумағалейкум тойға келген жамағат,
Аман-есен бармысыз, барлығың сау-саламат?!
Хадишаның тойына шақырылып тек қыздар,
Халал тойда отырмыз, ниетімізді жаңалап.
Мұндай  той бұрын болмаған,
Көріңіздер бағалап,
Асаба қажет  болса егер?
Алдыңда тұрмын номер ап.
Хабарласыңыздар уатсапқа:
Басқарайын шетінен,
Әр сенбі сайын жағалап..!

Құрметті тойшыл қауым,
Рұқсат етсеңіздер тойымызды бастасақ?!

2. Әсия Ш:
- Бүгін ақ түйенің қарны жарылып,
Көптен күткен сағынып,
Ақбәтес әженің немересі өмірге келіп,
Ақиқа тойы болып жатыр екен?!
Тойды мен де жүргізем,
Әзіл сөзіммен күлдірем!
Есімім менің - Әсия.
Үстімде модная платья!
Прическам "стильный",   ТуфлиІм "Джимми",     Духиім "Gucci",
Көйлегім  "Фенди".  Сумкам от "Прада",     Часы от "Зара",
Ойбуй, өзім жайлы айтып кетіппін ғой?
Ладно!
Сөз кезегін берейін, Жанымдағы құрбыма! Жалға Сафия!

3. Сафия:
Есімім менің - Сафия,
Әріптесім - Әсия.
Қыздар тойын жүргізетін,
Компаниямыздың аты "Хадия".
Балық жеген ет сұрамайды.
Кәмпит жеген торт сұрамайды.
Екі асаба жүргізсе, қонақтардан сөз сұрамайды - деген.
Сөзімді азайтайын...
Астан ала отырыңыздар,
Салатқа қосып, самса мен тіскебасардан
ерінге жаға отырыңыздар.
Келмей қалған сыйлы жегжаттардың,
Сыбағасын пакетке сала отырыңыздар!

4. Әсия Ш:
- Шай ішіп үйренген, "қымыз бер" деп қыстамайды.
Айфон ұстап үйренген, жәй телефон ұстамайды, - деген. Қымыз болмаса  да, шайдан алыңыздар,
Ет, бауырсақтан, асқазанға салыңыздар!
Қарын тойып, көңілдеріңіз жайланса,
Тауық мүжіп, саусақтарыңыз майланса.
Сөз кезегін берейін, бас құдағи анаға,
Ақ тілегін ағытып, батасын берсін балаға!

5. Қыздың анасы:
- Құрметті қонақтар! Қош келіпсіздер бүгінгі жиенімнің  ақиқасына! Ееее, екі дүниеде бақытты бала болсын!
Ғұмырлы, үбірлі-шүбірлі болсын! Өзім армандап жүргем, арғы атам Қожагелді батырдың есімін қоюды. Батыр атасы секілді болсын деп, есімін "Қожагелді" - деп атап отырмын! 

6. Жігіттің анасы (көзін алартып, микрофонды құдағидың қолынан жұлып алып, тапсынып сөйлейді):
- Құдағи, жақсы дұға-тілегіңізге рақмет!  Десе де мына есім жаңа заманның баласына жараса қояр ма екен? Жастар келіспейді-ау?! Оның үстіне атасы немересінің есімін "Абдуллаһ" деп атағысы келіп жүрген...

7. Қыздың анасы:
- Құдағи,  Қожагелдінің несі жаман? Өскенде қожа-молда болып, бала оқытатын ұстаз болатын шығар бәлкім..?! (Қабағын шытып, тырысып сөйлейді)

8. Қызы (анасының жанына жүгіріп келіп, микрофонды жұлып алып, шырқыраған дауыспен):
- Анашым,  мұндай есім қазір не в моде! Мектепте достары мазақтаса ше? Біз "Алан" деп атағымыз келіп отыр.

9. Жігіттің анасы (көзін алартып,  даусын қатайтып):
- Аланы несі тағы? Қайдағы бір жыртқыш аңның атын қойып. Ой-тоба?!

10. Мариям Т:
- За то, модно! (Шекесін тырыстырып, аузын бұртитып,  басын бұрып  кетеді. "Ұрыс шығып кете ме?"- деп қорыққан қонақ құдаша, сөзді басқа жаққа аударады.)

11. Мариям К:
Ал құрметті той иелері,
Есім жағын кейін тағы ақылдаса жатарсыздар?!
Кім болса да, бала бақытты болсын,
Ғұмыры нұрға толсын!

12. Анниса:
"Қожагелді" болса, Кубик атанар,
"Абдуллаһ" болса, Әбеке атанар.
Сол да сөз болып па?  Кім болса да аман болсын!

13. Зайнаб:
Алан болса, Арыстандай алғыр болар?!
"Алан, сен де бір кірпіш дүниенің, кетігін тап та бар қалан!" - деп достары әзілдер... (е-хе-хе, ыңғайсыз күледі)

14. Айша:
Бастысы тәрбиесі мықты болсын!
Әйтпесе бізде темекі шегетін Тәңірбергендер мен арақ ішетін Аллабергендер, лудоман Құдайберген, алаяқ Абдрахмандар көбейіп барады... АстағфируЛлаһ!

15. Әмина Е:
- Бәрекелді, дұрыс айтасыз!   Жөн сөз! Есімге сай болу да ақылды адамның ісі.

 16. Асия М:
- Шындықты айтып отырсыз!  Атымызға затымыз сай, дұрыс адам болайық ылайым! 

17. Аружан:
Ас ішпей тұрып селфи жаса,
Дастарханды обзорға ала, - деген.
Түрлерін көрсетпей селфи жасайтындар жасап алсын,
Уатсапқа статус,  инстаграмға контент салсын.

18. Айша К:
Қыздың анасы әкелген бесікке,
Көп жасаған қария, он баланың анасы, қырық немеренің әжесі, Ақлима апамыз нәрестені салсын!

19. Сафия:
Бірақ "Бесікке салу рәсімі" сәл кейінірек болады.
Ал қазір біз сіздермен көңілді ойын ойнасақ?
Той жиналысқа айналып барады,
Қызықты сұрақ қоймасақ!

20. Әсия:
- Бірінші сұрақ, қырқынан шықпаған баланың арқасын уқалағанда шығатын нәрсені не деп атайды?

21. Айша С:
 - Рұқсат болса мен айтайын! "Қара тікен" деп атайды. Қазіргі жастар біле бермейді. Арқасын майлап, абайлап сипаласа,  қап-қара, тікен секілді нәрсе шығады.

22. Сафия:
-  Дұрыс айтасыз ханым! Екінші сұрақ, бесікте жатқан баланың қолы мен аяғын бастырып байлайтын таңғыштың атауы?

23. Айша Ы:
- Мен айтайын! Баланың қолы ербеңдеп, ұйқыда жатқанда шошып оянбауы үшін, қолын бастырып байлап қоятын таңғышты - "қол бау" деп атайды. Ал аяғын байлайтыны «тізе бау» аталады!

24. Әсия Ш:
- Бәрекелді! Қонақтарымыз не деген ақылды, алғыр! "Түбек" пен "шүмектің" қызметі қандай?

25. Қыздың анасы:
- Әй, асаба! Бұл сұраққа өзім жауап беремін! Үндемей отырсам, сыйлықсыз қалар түрім бар! Баланың дәреті көрпеге жайылмай, құрғақ, таза ұйықтауы үшін ойлап табылған сүйектен жасалған  «шүмек» - дәрет өткізетін қуыс, «түбек» - дәрет жиналатын ыдыс.

26. Сафия:
- Керемет,  тамаша жауап! 

Қонақтар:
- Сөзге шешен,  тапқыр екен құдағи! 
- Керемет!
- Жарайсыз!

27. Әсия Ш:
-Жейтін ауызды, жемес ауыз байлайды.
Кешігіп келген қонаққа, деликатес қалмайды.
Аш қонақ тоқ қонақтың қасында, асқа дұрыс тоймайды, - деген. 
 Ішіп-жеп, астан алып отырыңыздар!

28. Сафия:
Сен де іштің коладан,
Мен де іштім коладан.
Тілеймін мен баршаңызға,
Ақша толы чемодан.

29. Аиша Р:
Мейкап жасап келген қыздар,
Келіңіздер ортаға!
Кіл сұлулар жиналып ап,
Түсейікші фотоға!

30. Мариям Т:

Құрметті қонақтар!  Бір-бір ауыз тілек айтып, естелікке сақина алыңыздар! Суретке сосын түсерсіздер! (Футлярмен екі құдаша қонақтарға әдемі сақиналар таратады. Қонақтар " бала бақытты болсын!", "екі дүниеде бай болсын!", "абыройлы болсын!", "білімді болсын!", "ғалым болсын!" деп, т.т. тілектерін айтып, сақиналарын алады. Қолдарын көтеріп, саусақтарын созып, елге жарқ-жұрқ еткізіп сақиналарын көрсетеді. Микрофонды асаба алады.)

31. Сафия:
Жұлдыздармен суретке түс,
Танысы деп ойласын!
Асабаны  жарнамала,
Тойға клиент жинасын!-деген.
Құрметті қонақтар, 
Бірінші тост осыменен аяқталды,
Уақытымыз үзіліске таяп қалды.

32. Әсия Ш:
"Бесікке салар" рәсіміне жүріңіздер,
Шақырып сыртта жүрген қонақтарды!
Құдағи, құдашалар бәрі келсін,
Алтын-күміс әшекей таратады.
"Бесік той" - "сүннет тойға" ұлассын деп,
Тілейік нәрестеге дұғаларды.
Ел-аман, жұрт тыныш боп, келер апта,
Жүздесейік бұйыртса тойда тағы!

(Барлығы "Құдалар"  әніне билеп шығып кетеді.  Ақлима әже таяғын таппай қалады. Ары-бері іздеп, столдың астына қарайды.)
33. Ақлима әже:
- Әәә, мұнда жатыр екен ғой.  (Еңкейіп,  столдың астына кіріп кетеді. Дәл осы кезде екі келіншек сахнаға қайта шығады.)
34. Т. Мариям:
- Қайсы, саған қандай сақина түсті?
35. К. Мариям:
- Енді сондай керемет емес! Болады ауыл арасына таққанға! 
36. Т. Мариям:
- Жарайды, келесі тойда әдемісін аларсың... Ренжіме!

Келіннің шешесін айтам да... Бесікпен бірге киіт ала келмеуші ме еді? Дым әкелмепті ғой? Сыйтабақ, қоржын, шашу, нәрестенің киімі, көрімдік дегеннен жұрдай. Бір ағаш бесікті көтеріп,  он әйел жетіп келіпті...
37. К. Мариям:
- Ой, айтпа! Ауылында жөн-жосықты біліп, жол көрсететін ешкім қалмаған-ау деймін! Әңірейіп, тойға келгендеріне мәз, топырлап құр келіпті ғой барлығы..?!
(Столдың астынан таяғын тапқан әже, ақырын шығып, жандарына келіп)

38. Ақлима әже:
- Әй, өсекшілер!
(Екі қыз шошып, айқайлап жібереді. )
39. Т. Мариям:
- Түу, апа! Шошыттыңыз ғой? Қайдан шықтыңыз?
40. К. Мариям:
- Жанды алдыңыз ғой, жаным апа?! Бұлай ойнамаңызшы..?!
41. Ақлима әже:
- Әй, екі сыпсыңдақ! Құдағиымды өсектемей ары жүріңдер! Алтындай қыз өсіріп берді. Бір ауыз артық сөзі жоқ! Енді  не керек сендерге? Айналайын келін де өте тамаша бала. Тойды - "баю" үшін емес, "шашу" үшін жасайды қазақ! Тойдан сарқытты пайда үшін емес "берекесі жұқсын", "естелік болсын" - деп қана алады. 

Қашан көрдің той жасап байыған адамды? Тойдан алған сарқытқа, қарын тойдырған кімді көрдіңдер? Өй, ақымақтар! Жүр, түсіңдер алдыға! Қонақтар кетсін,  ісім екеуіңмен болады!

(Екі келіншек жүгіріп шығып кетеді.  Ақлима әже таяғын тақылдатып соңдарынан кетеді. Сосын барлығы қайта шығып, сәл бастарын изейді.)

Гүлмекен Қасенбай
22.03.2024


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер