Өлең, жыр, ақындар

Асабаның «әлегі»

— Мына той басқаратын асабаларға тыйым салатын құзырлы орындар бар ма, жоқ па? Той десе көзі жайнап шығатын, микропонын жанына байлап шығатын, «жыны» бетіне «қайнап» шығатын асабалар көбейіп кет­ті, көбейіп кет­ті, — дейді тойдан қайтқан, қаны төбесіне шапшып шыққан Жылқыбек қария жол салуға пайдалануға қой тастарды өңешіне салып жіберіп, қышырлатып майдалап жатқан қытай компанияларының тракторларындай тісін шықыр-шықыр «қайрап».

— Қойсаңшы ақыра бермей, — дейді кемпірі асабаға жынданған шалының шапанының шалғайына жармасып. — Бетімен кеткен той басқарғыштарды жөнге саламын деп ширатылма. Жасың жетпістің алтауына келді, өзің «ширатылып» қаларсың. Ол не «бүлдіріп» еді? — деді кемпірі қамшысын жоғары көтерген «жынды» шалынан қорғанып, жалтара қашып.

— Залдың жарығын өшіріп тастап, қаракөлеңкеде, отшашудың астында қалыңдыққа асаба сұрақ қойды…

— Не деп?

— Күйеуіңнің көзіне шөп салмайсың ба?.. — деп.

— О, тұқымы толыққыр, — дейді кемпірі шалының басынан сипап, иегі кемсеңдей күліп. — Бәсе, шалым бекер күйінбесе керек. Қазағымның салт-дәстүрлеріне дақ түсірмеймін деп жүріп, өзің «шалынып» қалмасаң болар. Мұндайдың бәріне жүрегіңді ауырта берме.

— Жо-жоқ! — деді шалы. — Күйеу балаға «Той өткен соң сразы тоқал аласың ба?» — дейді.

— Ол жауап берді ме?

— Байғұс жігіт: «жоқ, «мүйіздісі» де жетер, тоқалдан аулақ», — деп жауап берді.

— Бір жағынан күйеу баланың «тоқалдан» дәметпеуін талап еткен шығар.

— Сен асабаның жетесіз сұрақтарын қостап тұрсың ба?

— Қостағаны несі, ұялғанымнан далбасалағаным ғой. Тағы не деді?

— Түнде шаршап ұйықтап қалып, келіншегіңді ренжітпейсің бе? — дейді бетсіз.

— Расында ақымақ асаба екен. Қазіргі жастар ақы берсең де ұйықтамайды ғой. Күйеу бала не деді?

— «Әр шаруадан» соң тып-тыныш ұйықтау керек. Ата-бабаларымыз күндіз де ұйықтай берген. Соған шыдамаған бір ақын: «Оян, қазақ!» деп ұран тастаған!» — деді.

— Жау іргеге келгенде ғана атойлайтын халықпыз ғой! «Шаруасын» тындырса, ұйықтай берсін, — дейді кемпірі кеңкілдеп күліп.

— Тыңда сен. Енді қалыңдықты мазалады ғой. Күйеуің вахтаға жұмысқа кеткенде, кешке қарай қыдырып кетпейсің бе? — дейді. Қалыңдық түгілі мен ұялып кет­тім.

— Қалыңдық не деді?

— Қыдыру дегенді білмеймін, — деді беті қызарақтап.

— Қалыңдықтың шешесі болды ма, ол үндемеді ме?

— Болды, отырды қызының жауабына риза болып, қол шапалақтап.

— Ары қарай не болды? — дейді кемпірі қызықтай сұрап.

Осы кезде шалдың бет-ауызы күңгірт­тене қалды. Төмен қарап біраз отырды да:

— Масқара болды. Күйеу баладан: «Мына қалыңдығың алғашқы махаббатың ба, әлде бұрын басқа қызбен жүріп пе едің?» — деді.

— О, жүгенсіз! — деді кемпірі шалының шалғайынан қысымдап ұстап. — Қандай жауап алды?

— «Жұмысқа» бармын, «жүріске» жоқпын, — деді.

— Дұрыс болған…

— Асаба қалыңдыққа тағы да: «Сенің алғашқы махаббатың ба?» — деді.

— Жас келінді әбден «жұлмалаған» екен, — деп кемпірі отыра кет­ті.

— Осы жерден трагедия басталды! Дәл осы кезде қалыңдықтың шешесі орнынан атып тұрды! Келін: «Бірінші махаббатымнан ажырасқамын, бұл — екінші махаббатым» — деді, төмен қарап.

— Ой-бу-у-у-у-уу! Қап, әт­теген-ай!.. Күйеу бала онысын біле ме екен?

— Білмейді екен! Менің «трагедия» деп тұрғаным осы ғой! Күйеу баланың дос-жарандары отырған оң жағымдағы үстелге қарасам, бәрі у-шу болып айқайласып, ысқырысып, қол соғып жатыр. Келінге қарасам, екі көзінен аққан мөп-мөлдір жасы электр шамымен шағылысып, моншақтап тұр екен…

— О, желім құрт, асаба! — деп күйінді кемпірі.

Енді Жылқыбек шал ішек-сілесі қатып күле жөнелді.

— Неменеңе мәз бола қалдың? — деді кемпірі.

— Асаба екі жігіт­ті ортаға шақырды. «Он секөнт уақыт беремін. Екеуің де шалбарларыңды шешіп, қайта киесіңдер» деді.Асабаның берген белгісімен екі бала шалбарларын шешіп, киюге кірісті. Біреуінің шалбарының ішінде іш киімі жоқ екен, жарқ ете қалды!

— Не жарқ ете қалды? — дейді кемпірі аңқаусып.

— Түрсиі жоқ шалбар шешілгенде не жарқ ете қалушы еді?! — деп шал жерге жатып алып күлді.

— Ой-бу-у-у-у-у…— деді кемпірі бетін басып. — Қызықтың бәрі тойда екен ғой. Келесі тойға мен де барамын.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз