Өлең, жыр, ақындар

Бастауышпен қоштасу (Сценарий)

(Сценарий)

(Сахнаға екі жүргізуші шығады)

1-жүргізуші:

Кеше ғана қолымызға гүл алып, 

Шаттанып-ек оқушы боп қуанып.

Төрт жыл лезде төрт күндей боп өтті де, 

Тұрмыз міне, бастауышпен қоштасып!

2-жүргізуші:

Бұл қоштасу – сәбилікпен қоштасу,

Негізгі орта бала кезбен достасу.

Түрлі ұстаздар сабақ берер кезеңде,

Озат, үздік атануға жол табу!  

Құрметті ұстаздар, аяулы аналар!

1-жүргізуші:

Қадірменді көрермендер!

«Бастауышпен қоштасу» кешімізді «Ашық» деп жариялаймыз!

Құрметті кеш қонақтары, оқушылар! Біздің «АйСаф» секілді мектепте білім алып, алаңсыз тек қыздармен ғана оқуымызға жағдай жасаған мектебіміздің құрылтайшысы, бас директор  Ахметова Айша Сауланқызын ортаға шақырамыз!

2- жүргізуші:          

Шақырамыз келіңіз,

Аяулы ұстаз ортаға!

Ал, қанеки, достарым,

Құрметтейік қол соға!

Бізге ашқан мектебі, 

«Үздік мектеп» атансын!

Шәкірттері маман боп, 

Айға жетсін атағы!

Сансыз сауап жазылып, 

Абыройы артсын өмірде.

Айша апай мың алғыс,

Ризамыз бұл мектепке!     

1-жүргізуші:

Әділдікпен, даналықпен басқарып, 

Ең білімді, шебер директор атанған.

Абдрахимова Маржан апайдан үнемі,

Шәкірттері өнеге мен үлгі алған!

Қоштасатын бастауышпен қыздары, 

Құттықтайды бүгін озат ұстазды.

Табысты боп, жемісті боп еңбегі,

Абыройын арттырсын оқушылары! 

2-жүргізуші:

Олар бізді түгендейтін күніге,

Қадағалап тәртіп пенен киімді.

Асымызды асханаға жайдырып, 

Ақшасын да жинаушы еді өздері. 

1-жүргізуші:

Еркелейтін едік біздер оларға,

Анамыздай сырымызды айтушы-ек!

Қиындықтар кездессе де мойымай, 

Бар үмітті тьюторларға артушы-ек!

2-жүргізуші:

Түрлі сайыс, жарыстарға дайындап, 

Біздер үшін аямайтын өздерін.

Тентек болсақ, біздер үшін сөз естіп,

Жақсы ат алсақ, күндей күлген көздері!

Төртінші сынып тьюторларын өз сыныптарымен бірге ортаға шақырамыз! Қошемет көрсетіп, қол соғып қарсы алайық!

1-жүргізуші:

Төртінші «а» және «б» сыныптары, жетекшісі – Джанжолова Раиса апай!

Төртінші «ә» сыныбы, жетекшісі – Сейтова  Инабат апай!

Төртінші «в» сыныбы, жетекшісі – Имандосова Арайлым  апай!

 2-жүргізуші:

Ұстаз бізге - үйретті әрбір әріпті,

Біздер үшін ағартты көп шаштарын.

Қалам ұстап, қосу менен алуды,

Есептеуді, грамматика заңдарын.

1-жүргізуші:

Ұстаз бізді көп оқуға үйретті,

Минут санап оқыдық біз қаншама!

Олай болса шақырайық қол соғып,

Шықсын қане, мұғалімдер ортаға!

Құрметті Ғалия апай, Айнұр апай, Құралай апай, Инабат апай! 

Зор қошеметпен ортаға келіңіздер!

(Барлығы қол соғып, «Үйретеді» әнінің әуенімен ұстаздар ортаға шығады.)  

2-жүргізуші:

Әр сабағы қызықты,

Біздің Гүлзия апайдың. 

Тәжірибелі ұстазды,

Шәкірттері ұмытпайды!

1-жүргізуші:

Ағылшынша үйретіп,

Шет тілінде сөйлеткен.

Перизаттай апайды,

Еске аламыз құрметпен!

2-жүргізуші:

«Музыка» деген сабақтан,

Біздерге нота танытқан.

Арунадай апайды

Ұмытпаймыз ешқашан!

1-жүргізуші:

Түрлі қойылым жазады,

Кейіпкерін дәл табады.

Гүлмекен апайдың есімі,

Ұмытылмай есте қалады!

2-жүргізуші:

Үйреткен біздерді билеуге,

Жаттығу жасауға, секіруге.

Диля мен Бағдат апайлар,

Мың алғыс айтамыз сіздерге!

1-жүргізуші:

Әсем апай үйретті ине ұстауды,

Ою ойып, кесте тігу, тоқыманы.

Болдықыз апай  компьютерді танытып,

Цифрлық сауаттылығымызды шыңдады!

Барша апайға көп рақмет айтамыз,

Төрт жыл бойы тәрбиелеген қыздарды!

2-жүргізуші:

Төрт жыл демекші...   қыздар! Мектептегі ең алғашқы сабақтарыңыз естеріңізде ме?

1-жүргізуші:

Әлбетте есімде! Ешқашан ұмытпаспын!

2-жүргізуші:

Олай болса, 4-ші «А» сыныбы «Алғашқы сабақ» қойылымын көрсетсін! Барлығымыз өткен шаққа саяхат жасап қайтайық?!

1-жүргізуші:

Рақмет қыздар! Ары қарайғы концерттік номерді 4-ші «ә» сыныбы қыздары «Қамажай» биімен жалғасын!

2-жүргізуші:

Мың бұралған бишілерге рақмет! Ары қарай 4-ші  «в» сынып оқушылары мектеп пен мұғалімдерге арналған тақпақтарын айтсын!

1-жүргізуші:

Қыздар, ең алғашқы сабақты көрініс арқылы еске түсірдік. Ал содан кейін әріптер шығарған дауды кім есінде сақтай алды? Меніңше әріптердің бізге берген сабағын ұмытуға болмайды!

2-жүргізуші:

Дұрыс айтасың құрбым!  Сахнаға тағы да 4-ші «ә» сынып оқушыларын шақырайық! «Әріптер дауы» көрінісін жадымызда тағы да бір жаңғыртсын!

1-жүргізуші:

Ұстаз – Ана, ұстаз – дана қашан да,

Ұстаздарсыз ұқсамаймыз адамға.

Тәлім беріп, білім беріп, өсірген, 

Алғыс айтам, отырған бар ұстазға! - дей келе, төртінші сыныптардың жүрекжарды тілектерін тыңдай отырыңыздар. 

4 "а"
1) Бастауышым, бал балалық көктемім,
Төрт жыл бойы білім алып, көктедім.
Оқи жүріп, ойынменен білмеппіз -
Бойымыз бен ойымыздың өскенін!

2) АйСаф бізге - нәрін берді білімнің,
АйСаф бізге - үйретті өмір сырын мың.
Мектебімнің мақтанышы боламын,
Жеңіп алып сайыстардың сан түрін!

3) Достар таптым көптеген,
Бастауышқа келдім де.
Оқу қандай керемет?
Жалықпаймыз біз мүлде!

4 "б"
4) Әріптерді танытқан,
Қош бол, енді, бастауыш!
Зуылдатып оқитын,
Енді ересек жастамыз!

5) Бауыр басқан ұстаздар,
Енді сабақ бермейді.
Апайлармен мұндағы,
Қоштасқымыз келмейді!

6) Қосу менен алуды,
Көбейту мен бөлуді.
Үйрендік біз өзіңнен,
Бастауышым көңілді.

4 "ә"
7) Минутқа оқып кітапты,
Жақсы оқудан жарысқан.
Тек өзіңнен бастаған,
Оқуды бар данышпан.

8) Енді есейіп бәріміз,
Қыз боламыз салмақты.
Жарыстарға қатысып,
Танытамыз АйСаф-ты!

9) Жақсы оқып қалайда,
Үздік болу - мақсатым.
Жақсы көрем өзіңді,
Сүйікті менің АйСаф-ым!

2-жүргізуші:

Ендеше осынау ұстаздарымыздың құрметіне 4-ші «б» сынып оқушылары «Әндіжан» биін билесін! Қабыл алыңыздар!

1-жүргізуші:

Құрметті көрермендер! Ары қарай концертімізді 4-ші «в» сынып оқушылары «БЖБ» шағын қойылымымен жалғастырсын! Төртінші сынып оқушыларының күнделікті сабақтағы мінез-құлқын да көрсете кетейік!

2-жүргізуші:

Ортада 4-ші «Б»  сыныбы оқушылары «Бастауышпен қоштасу» әнімен. Қабыл алыңыздар!

(Ары қарай сахнаға Әріптер костьюміндегі жүргізушілер шығады.)

А:

- Құрметті әріптер! Кеше ғана өзіміз тәртіпке салған, дұрыс жазып-сызуды, қатесіз есептеуді үйреткен тәтті бүлдіршіндер, бастауышты аяқтап, орта буынға көшіп жатыр! Үздік оқушыларды марапаттасақ қайтеді?

Т:

- Табылған ақыл! Тек... төрт сыныпты өз ерекшеліктеріне сай, бөліп-жармай түгел

құттықтасақ қайтеді? 

Д:

- Д-д-д-дұрыс айттыңыз Тәке! Тамаша!

А:

- Онда мен «А» сыныбын құттықтайын! Менің сыныбымның қыздары басында қазақша сөйлеуге қатты қиналатын. Ал, қазір ше? Жаңылтпаш айтса жаңылдыратын, қойылым қойса қорықпай сөйлейтін, қазақ тілі мен әдебиетінен тақпақтарын тақылдап айтатын жағдайға жетті емес пе? Ендеше «А» сыныбының мұғалімі Аубакирова Айнұр апайға осы сыныпқа сіңірген ерен еңбегі үшін алғыс айтайық!

Ж:

- Жетекшісі Джанжолова Раиса апайға ше? Алғыс айтпаймыз ба?

Р:

- Раиса апайға да алғысымыз шексіз!

Т:

- Түгелдей тәрбие жұмыстары мен оқушылардың тамақтарына, сабақтары мен көңіл-күйлеріне жауапты болған сынып жетекшісі Джанжолова Раиса апайға «А» сыныбының айтар алғысы шексіз!

Ә:

- Әп-бәрекелді Әріптер! Әдемі тілектеріңіз бен құттықтауларыңызға қосыла отырып, «Ә» сыныбы да өз мұғалімін құттықтайды! Сейтова Инабат апайды өнегелі тәрбиесі мен оқушыларға берген шексіз білімі үшін марапаттайық!

Б:

- Бәрекелді! Біздің де мұғалімдер қалыс қалып қоймасын?! Тәжірибелі ұстаз Чуабаева Ғалия апайдың да «Б» сыныбына сіңірген еңбегі аз емес! Бар білімі мен біліктілігін паш етіп, қатаң талап ете отырып сыныптың дамуына өз үлесін аямай қосқан Ғалия апай мен жетекшісі Джанжолова Раиса апайды да, 4-ші «б» сыныбына қосқан ерен еңбектерімен шын жүректен құттықтаймыз!

 В:                                          

- Вау! Велики әріптер! Вообще та «В» сыныбы да құрметке лайық! «Ертегілер әлеміне саяхат» сайысынан бас жүлде алған, талантты да дарынды қыздардың сыныбы бұл! Мұғалімі – Огизбаева  Құралай апай жылы жүзді, талапшыл, тәжірибелі маман болса,  жетекшісі – Имандосова Арайлым апай өте сабырлы, көркем мінезді жан! «В» сыныбын жанталаса даярлап, бар білген білімдері мен өнеге-тәлімдерін үйреткен қос апайға шын жүректен алғыс айтамыз! 

(Мұғалімдерге гүлдері мен сыйлықтары табыс етіледі. Осы кезде 4-ші «А» сыныбы «Ұстаз – Ана» әнін орындайды.)

1-жүргізуші:

Осымен іс-шарамыз аяқталды,

Құттықтаймыз да тағы да қонақтарды.

Шәкірттер озат болып шеттерінен,

Қуанта берсін ылғи ұстаздарды! 

2-жүргізуші:

Құрметті ұстаздар қауымы! Уақыт бөліп келгендеріңізге көп рақмет! Келесі кездескенше қош-сау болыңыздар! 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер