Бүркіт аңшылығының суреттері — Мұхтар Әуезовтың әңгімесі. Алғаш рет 1925 жылы «Таң» журналының үшінші нөмірінде (Басылмаған романнан) деп, қосымша атаумен жарық көреді. Кейін 12 томдық (1967) және 20 томдық (1979) шығармалар жинақтарының бірінші томдарында жарияланады.
Бұл шағын әңгімені Әуезов Семейде, ленинградтық оқудан соң жазғы демалысында, «Таң» журналында техникалық редактор қызметін атқарған тұста жазады. Осы және «Қанды түн», «Қаралы сұлу», «Қайғылы жетім», «Қазақ қызы», «Ескілік көлеңкесі» атты әңгімелері журналда «Мұхтар» деген бүркеншік атпен басылды. [1]
«Аңшылықтың үміт қуанышы көп. Ыстық оттай қызулы минуты көп, мағыналы өмір. Аңшылықта кісіні ақын күйіне жеткізетін сезім күйі көп. Бұл салқындап кеткен кәрі ақылдың өмірі емес, сүйген ғашығыңды сағынып келіп, күліп-ойнап өткізген күндіз: түніндей ыстық сезім өмірі. Өйткені бір минуттің ішінде қуантатын да, жүдететін де күйлер кешеді. Соның бәрін айтып жүргендіктен аңшының тілі шешен, қиялы жүйрік. Бүркіттің ұшқанына, түлкінің құтылмақ болған айласына, құсшының ебіне арналған талай шешен сөздері бар. Аңшылық өмірінен ілгері-соңғыдан қалған талай қызықты, жанды, сұлу әңгімелері бар. Тауда жүрген аңшыда амалсыздан екі түрлі мінез болады. Бұлар ішкі сезімінде құбылу көп болғандықтан сахнаның артистеріне ұқсайды. Көргенінің бәрін не шапшаң сөйлеп қуанып, не күйініп жіберетін күйгелектік, сөйлегіштік, қызулық болады. Бұндай аңшы азын-аулақ өтіріктен де аман болмайды. Бұл болмаса екінші бір түрлі аңшыда көргені тіпті көп болып, бәрін әңгіме қыла беруді лайықсыз көрген, сезімінің бәрін ішіне жиған, қуаныш-күйінішін сыртына шығармайтын тастай салқын сабырлылық болады.»
Осы сияқты жалпы сипаттаудан басталған әңгімеде бір топ аңшының арасында жүрген құсбегі Сыздықтың тас жырық қорымға тығылған түлкіге өз бүркітін Ақшегірді салғаны баяндалып көрсетіледі.
Жазушы бүркіттің ұшқанына, түлкінің құтылмақ болған айласына, құсшының ебіне арналған талай тамаша көріністер жасаған. Қыранның түлкіні көргенде аспандап шығып, қағынып келіп түскені бір аңшыға биіктен сорғалағандай көрініпті, екіншісіне шаншылғандай, тағы біріне боздағандай, кейбіреулеріне ағылып еңірегендей көрініпті деп суреттейді. [2]
Дереккөздер:
1. Н.Санақбекқызы. Мұхтар Әуезов және Семейдегі жылдар — «Ана тілі», 29.09.2016
2. А.А.Ақажанова. М.Әуезов — халықтық спорт ойындарының жанашыры
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі