Кенесары әм Наурызбай қырғызға қолға түсіп қалған соң Ағыбай Сарыарқаға Қарқаралы уезіне қарай көшті. Мұны Бөлтірік естіп, бес жүздей кісімен қуды: «Ағыбайдан кегімді аламын — деп, — жесір-жебір, жетім қыламын», — деп. Мұны Ағыбай білмейді. Ағыбай өзіне белгілі Бетпақ шөліндегі Шумен көшті. Көшіп келсе, қонарлық жердегі суға бір қара нар, бір ат, итарқа қос көрінді. Сол қостан бір жуан, зор еңгезердей біреу шығып:
— Иә, Ағыке! Аман-есенсіз бе? Сізді күтіп жатқаныма екі күн болды. Менің затым — қуандық, жасымнан үйсінге сіңіп кеткен ем, атым — Балабақсы деген, қара қобыз — биыл өлесің, — деді — әулие болып аспанға ұшпайсың, пенде болып жерге көмілмейсің» деген соң келе жатырмын, қасымда үйсіннен алған қатыным бар. Ағыбай айтты:
— Олай болса қара қобызды тарт, кейін мені қуған адам бар ма екен? — дегенде, Балабақсы қара қобызды тартып отырып:
— Ойпырым-ай, Ағыке! Көп кісі Шудан өтіп қуып келеді, бір бүрлі сақал адам шарт жүгініп отыр, соны «Бөке, Бөке» деп елдің бәрі батпайды, тағызымменен тұрады. Ағыбай «Бөке-Бөке» деген сөзіне түсіне алмай: «Ей, Балабақсы! Анықтап қарастыр, кім екен? Бала бақсы қобызын сарнап-сарнап: «Ой, шіркін-ай! Бөлтірік» деген. Ағыбай көк бестіге, найза-қылыш, наркескенге алды-артына қарап үндемеді. Осы суға қонды. Осы суға екі қос сарттар келіп қонды. Сарттар Ағыбай деген соң қорқып не қыларын біле алмады.
Керуенбасшы сарт «Ағыбайға сәлем беремін» деп, Ағыбайдың қосына келді. Ағыбай сарттарға тигізбеді. «Ешкім сендерге тимейді», — деген соң сарттардың қорқыныштан көңілі басылды. Таң атқан соң сарттардың керуен басшысы бірнеше тоғанақ нәрселерімен тарту-таралғы берді. Керуенбасшыға Ағыбай хат берді: «Мына мені қуып келе жатқан үйсін Бөлтірік батырға бер, бұрын өзіне айтқан уәдем бар еді, «ер кезегі үшке дейін» деп, екі рет ажалдан қалдырып ем, енді қазірден бастап мал-мүлік, қатын-балаларды Сарыарқаға үдіре көшіремін, сендердің көзіне өзім алпыс екі туысқаныммен осы арада үш күн күтемін, шөл Бетбақтың даласында емін-еркін қимылдап, шер құмардан шығайын, дүние екі келмес, Бөлтіріктің иә менің ажалым хатта да әм ауызда айтыңдар?» — деп тапсырды. Және осы хатты беруші сарттарға «тигізбе, бұрынғы талап алғанымызда жетер», — деп оны да тапсырды.
Сарттар қуана-қуана риза болып жөнелді. Сапталып алпыс екі кісімен сол арада қалды, көштерін үдіре көшіріп жіберіп. Екінші күні Бөлтірік батыр сарттарға кез болды. Бұлардан сұрады: «Көшіп бара жатқан ел көрдіңдер ме?» — деп. Бұлар: «Көрдік, Ағыбай батыр көшіп барады, екінші суда сіздерді күтіп қалды, көштерін үдіре көшіріп жіберіп», — деп хатын берді. Сарттар айтты: «Иә, үке батыр! Біз көрдік Ағыбайды, өзін адамға ұқсата алмадық, атын бұ дүнияның малы дей алмадық, «шер, құмардан шығайын» деп күтіп жатыр, әгарда тіл алсаңыз, қайтыңыз?» — деп сарттар айтты. Бөлтірік батыр ойланып-ойланып отырып: «Хатта да осы, ауызша да осы мұнысының бәрі рас, Кенесары сықылды ханынан айырылып, Наурызбайдай солқылдағынан айырылып күйінді болып, ашу-ызамен көзіне қан толып барады, алдымен мені мерт қылады, кел, енді қайтайық», — деп қайтып кетті.
Үш күн жатып, төртінші күні Балабақсы қобызын тартып: «Ей, Ағыке! Бөлтірік қайтып кетті Шудан өтіп. Ағыбай аман-есен көшіне келді. Балабақсыны еліне аман-есен жеткізіп салды, екі құлынды бие, бір сауулы іңген түйе беріп.
Сол жылы қатты жұт болып, Балабақсы өлді. Қоюға ешбір мүмкіншілігі болмағандықтан, сөрелеп қой қораға май айына дейін қойды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі