Қоңырқұлжаның ауылы Бұғылыға Кенесары келеді. Қоңыр Кенесарымен қанша қырғиқабақ болса да, сыр білдірмей меймандостық көрсетіп қабылдайды, төрден орын береді. Осыдан екі-үш жыл бұрын Қоңыр ат сұрай келген Кененің бетін қайтарса керек. Кенесары да «берсе — қолынан, бермесе — жолынан» дегендей Қоңырдың біраз малын айдап әкетеді. Онымен қоймай, менің қолыма қосыл деген тілек білдіреді. Орыс патшасының офицері Кенесарының бұл ұсынысына үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Екі төренің арасындағы кикілжің осылай басталса керек.
Бұл жолы Кенесары алдыңғы ісіне кешірім сұрап, енді жүз шақты сойыс малы мен мінер ат алмаққа келген екен. Үлкен әңгіме үстінде отырған екі төренің үстіне Бекалы мен Ботантай кіріп келеді. Ботантай төрде отырған аты аңызға айналған Кенесарыны көріп сәлем беріп, қос қолын ұсынады. Өмірінде мұндай алып жанды көрмеген төре, таңданғанын жасыра алмай екі қолын өзі де ұсынып, сәлемін ілтипатпен қабыл алады. он алты-он жетіге жаңа толған балаң жігіттің қолына сұлтанның қолы көміліп кетеді.
— Балам, бойыңды жазшы, жөндеп бір көрейін? Бірнеше батырлар мен сарбаздарым бар, бірақ дәл сендей алыбы болған емес. Нөкерім де сенің қасыңда түйенің тайлағындай ма деймін. Шіркін, екеуің екі жағымда жүрсеңдер, адам түгілі табиғаттың да жел-суынан пана болар едіңдер, — дейді ағынынан жарылып.
— Ау, Кенесары, көлденеңді көк аттыға өңгертіп жіберетін тоқтым жоқ. Бұл жігіт аға-інідей болып кеткен Алтай ақсақалдың баласы Ботантай, менің ұлым Бекалы екеуі құрдас, бір жүреді. Ағасы Тұрсынбай, інісі Алдамжар үшеуі атқа қатар қонса, елімнің дауыл тосар терегі, сүйеніші, — дейді Қоңырқұлжа төре.
— Қоңыреке, олай болса, өзім үшін емес, халқымыздың біраз қалаулы азаматтары үшін маған қосыңыз. Іштегі орыстың қолында біраз жігіттер тұтқында отыр. Арасында жиенім Төрехан, Сәмекен, оның төлеңгіті Сәрсенбай, немерелес інісі Иса, Қошқарбай, осы отырған жұрттың жақындары бар. Соларды қолымдағы тұтқындарға айырбастап алмақпын, — деп Кенесары жұртқа қарап еді, туыстары тұтқында жүрген біраз ағайындары көздері жасаурап Қоңырқұлжаға қарады.
— Сен генерал-майор генсті білесің, — деді біраз ойланып отырған Қоңыр.
— Білемін. Ол көшпенді қазақтарға ілтипатпен қарайтын офицер емес, бірақ Николай патшаға аты таныс. Лобанов деген офицерді ала барсам көнеді, — деді нық сеніммен.
— Жақсы, қасыңа біраз жігіттерді қосып, балам Бекалыны басшы қылып жіберейін. Тек қолға түсіп қалса, бар кінәні өз мойныңа аласың. Басқаша жағдайда арамызда қырғын болады, менің орыс офицері екенімді білесің, — деді түсін суытып Қоңыр.
Кенесары риза болып қол алысады да, тағы бір істің шетін шығарып:
— Жарайды, мырза, сіз қосқан жігіттерді көріп, сынақтан өткізсем қайтеді? — деп қулана жымиды. Қоңыр тілге келмей орнынан қозғалды. Далаға шыққан соң Кенесары Қараүлекті шақырып алып ымдап түсіндіреді.
Орыс қаласында жұдырықтасу деген сайыс болады, сол сайысқа Ботантай мен Қараүлекті шығарсақ қайтеді? — дейді.
Екі жігіт белуарына дейін шешініп ортаға шығады. Қараүлек те осал емес екен, аюдай алып денесін түк басып кеткен, бұлшық еттері қатпарланып ойнап тұр. Ботантай болса әлі жас. Бұлшық еттері білеуленіп біліне қоймаған. Әйтсе де ол Кенесарыға атан түйедей көрінеді. Көзім тиеді деді ме, кім білсін, ішінен күбірлеп жерге үш түкірінді.
Сарбаздар мен ел екі жігітті алқа қотан айнала қоршап тұр. Ботантай Қараүлек мылқауға жақындай бергені сол еді, анау иектің астын ала соғып жіберді. Соққының қаттылығы сонша — шалқалап барып, созыла құлады. Кенесарының жігіттері айғайлап жатыр. Жас батыр орнынан ұшып тұрып, енді кезек менікі шығар деген оймен алға қарай адымдап келе жатқанын көрген Кенесары таң-тамаша болып қайран қалды. Қараүлектің мұндай соққысына іліккен адам орнынан тұрмаушы еді. Тұрса да бие сауым уақыттан соң есін зорға жиятын. Ал мынау болса, шыбын шыққандай көрмей алаңсыз тұр.
Ендігі кезек менікі шығар деп жақындап, ыңғайлана бергені сол еді, Қараүлектің қолы тағы да маңдайынан сарт етті. Ол тағы да мұрттай ұшты.
— Бота, Бота, неге ұрғызасың, сен де ұр? Бұл төбелесте кезек жоқ, — деп шу ете қалды жиналғандар. Қараүлекті қолдаушылар Ботантай енді тұрмас деді ме үнсіз қалды. Осы сәтте Қарпықұлы Бекназар Ботантайды қолтығынан демеп жатып:
— Қарағым-ау, не болды? Мынау тұрған халыққа алтай-қарпықтың басын төмен игізіп, Тоғызбай атаңның сағын сындырып! Неге жуытасың жұдырығын? Темештің көкдолы бұқасын бір ұрғанда, миын ағызған жұдырығың қайда? — деді қатты күйініп.
Намыстанған Ботантай бар күшін жинап алып, Қараүлектің оң қолын сол қолымен қағып жіберіп, оң қолымен қазық ұрғандай төбеден соққанда, мылқау дәу екі тізесін бүгіп, жас батырдың аяғын құша құлады. Ботантай дәудің басын көтеріп қараса, аузынан қаны ағып жатыр екен. Сол кезде тамашалап қарап тұрған Бекмұрзаның Тоқашы, Бөрішінің Құдыманы, Темештің Алақайы, Рақымжанның Жиенбайы бар біраз ауыл жігіттері Ботантайды тік көтеріп әруақтап алып кетеді.
Жас батырдың күш-қуатына разы болған Кенесары Ботантайдың иығына шапан жауып, Қараүлектің төртбақ Қаракер атын алдына көлденең тартады.
... Кенесары Қасымұлы Бұғылыға келіп, Қоңырқұлжадан мінер ат, біраз адам сұрайды. Қоңыр сұраған жүз атын беріп: «Сарбаздыққа берер адамым жоқ, егер ел ішінде өз еркімен барамын дейтіндер болса, жолын бөгемеймін», — дейді.
Кенесары осынысына да рахмет айтып, жиырма-отыз адамды ертіп кетеді. Еріктілер ішінде Қоңырдың Бекалысы, Ботантай, Арыс, Кенжеғұл, Ержан, Әбілғазы және төрелердің төлеңгіті аталып кеткен үйсін тайпасының сіргелі руының ұрпақтары Тұрлыбек, Кенжебек Шобанұлдары, Асылбек Атым- тайұлы бастаған біраз сарбаздар болды.
Осы жолы Ағыбай батырдың мың жарым сарбазымен Ботантай қыркүйек айында созақты жаудан босатады. Осы сапарда болу керек Жанғожа Жармұхамедов жас Ботантайды сынағаны. Бес-алты іріктелген жігіттерін алдына шығарып:
— Ботантай батыр бар болса, осы жігіттердің екеуін қол-аяғын байлап, Жанғожаның алдына алып барсын, — дейді.
Ботантай аттан түсе салып, жігіттерге ұмтылғанда, айбарынан сескенген әлгі мықтылар тарыдай шашылып, шегіне береді. Ботантай қолына түскен екі жігітті күректей алақанымен желкесінен бүре ұстап, екі жаққа атып жібереді. Естерінен тана қалған екеуін аттарына таңа байлап, Жанғожаға алып келеді. Ырза болған Жанғожа астына ат мінгізіп, иығына шапан жауып, беліне Тәшкент ұстасы соққан қынды қылышты сыйға тартады.
Сол кезде жаппас руының бір ауылында Наурызбай батыр тынығып жатса керек. Қасында жүз шақты сарбазы ғана болса керек. Сондағы жансыздар Атығай мен Жанғабыл Наурызбайдың жігіттерін қымыз бен етке тойдырып ұйықтатып, орыс салдаттарын алып келіп қойдай қырғызған екен. Наурызбай бес-алты нөкерімен зорға қашып құтылып, Ағыбай, Ботантай, Саржан, Жанғожа тобына қосылады.
Наурызбай келген бетте Ботантайды көріп қайран қалып:
— Омбыға баратын бурасан батыр сен екенсің ғой, қырғыздар Манасты айтқанда сенбеуші едім, енді көзім жетті, нағыз Манас өзімізде бар екен, — деп қолын ұсынады. Екі батыр осылай табысқан екен.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі