Өлең, жыр, ақындар

Шотландия овчаркасы (Колли)

Коллидың отаны Шотландияның таулы өлкесі. Сол жерден бақташы ит есебінде жер-жерге таралған. Ірі, қоңыр қызғылт, сарғыш, қара ала, кеудесі, мойны және тұмсығы ақ келеді. Біздің еліміздің ірі қалаларында ғана таралған. Коллиді тек мал бағу үшін қолдануға болады.

Итті күту

Жақсы бақташының итке жақсы жағдай жасай білуі керек. Отарды ит-құстан алған дұрыс. Күшік таңдағанда мынадай ерекшеліктеріне назар аудару керек. Біріншіден, күшіктің өз тұқымына сәйкес келетін дене бітімі болуы қажет. Екіншіден, еркек күшіктер ұрғашыларынан үлкен болуға тиіс. Үшіншіден, күшіктің қимылы жылдам, ойыншыл және жүні жылтыр болуы қажет. Сонымен қатар аяқтарының түзу болғаны жөн.

Бақташы итті үйрету

Ит үйрету дегеніміз иттің адамға пайдалы қасиеттерін дамыту. Итті қанша жақсылап бағып күткенімен үйретпегеннен кейін оның пайдасынан зияны көп болады. Ит үйретуге жақсылап тәрбиелеу немесе күшік кезінен адамға пайдалы қасиеттерін қалыптастыру үйретудің ең басты шарты.

Жақында ғана енесінен айырылған бір айлық күшік өте әлсіз, сондықтан оған күтім керек. Күшікті алғаннан кейін оны сипап, құрғақ та жұмсақ жерден орын беріп, тамақ берсе, сол мезгілден бастап тамақ берген егесінің соңынан қалмайды. Егесі итті айналадағы заттармен және жануарлармен таныстыруы қажет. Олардың кейбірінен күшік қорқады. Мұндай жағдайда күшікті сипап жігерлендіру керек. Ал кей жағдайда, әсіресе, үй құстарын көргенде күшік қуа жөнеледі. Мұндай кезде жекіріп, тоқтату, қапқызбау керек. Күшік өскен сайын егесі оны ұзағырақ жерге апарып әр түрлі жануармен таныстыру керек. Егесі күшікті күніге бірнеше рет ойнатып, оны өзіне үйретуі керек. Күшікке әр түрлі ойнайтын заттар доп, сүйек, шүберек, ағаш кесінділерін берген жөн. Өйткені күшік осы заттармен ойнап бұлшық еттері толығады. Күшікті әр уақытта бір адам тамақтандырып, соның өзі ойнату қажет. Басқа адамның күшікке тамақ беруіне немесе сипалануына тиым салған жөн. Ит тек бір адамға үйреніп соны ие тұтуы, оның үйренуін жеңілдетеді.

Иттің басқа адамға үргенін әр уақытта қолдап, үрген кезде жігерлендіріп, сипалап қою қажет. Итті қойды қасқырдан қорғауға үйрету үшін қасқырдың бөлтірігін талатқан өте пайдалы. Келешекте мұндай ит қасқырдан қорықпай алыса кететін болады. Итті ұру, орынсыз жеку, аш ұстау олардың, қорқақ, әлсіз болып өсуіне әкеліп соқтырады. Қандай бұйрық берсең де айтқаныңды орындағанда сыйлап, орындамаса айыптау керек. Сыйлыққа бір түйір ет беріңіз немесе сыйпаңыз. Айыптағанда батпайтын жеріне ұрыңыз немесе мойын жібін тартып қалыңыз. Содан соң қаттырақ жекіңіз. Мысалы иттің жағымсыз қылықтарын қойдыруға үйрету («фу» командасы). Мысалы ит қойға ұмтылды делік, сол кезде итке «фу» деп бұйрық бересіз де 2-3 секундтан кейін қарғысын қатты тартып қаласыз. Ит әрі қарай қойға ұмтылмаса «фу» «жақсы» «жақсы» деп итке бір түйір ет бересіз. Сонда иттің ойында егер ұмтылса мойынының ауыратыны, ал ұмтылмаса ет жейтіні қалады. Итті әрбір бұйрыққа қалыптастыру үшін күніне 2-3 рет үйретсе болғаны. Бастапқы кезде итті бірнеше минут қана үйрету керек. Өйткені ұзақ үйретсе күшік жалығып кетеді. Сондықтан бұйрықты нашар орындайды. Кейіннен уақытты бірте-бірте ұзартуға болады.

Үйрету жалпы үйрету және арнайы үйрету болып екіге бөлінеді. Жалпы үйретуге итті қарғыға, бас жіпке, «кел», «қасыма кел», «отыр», «тұр», «жат», «орныңа бар», «апар», «үр», «алға», «мылтыққа», басқа адамнан тамақ әкелуге, рұқсатсыз тамақ ішпеуге үйрету жатады. Ал арнайы үйрету дегеніміз итті қызмет істейтін бағытқа сай үйрету. Аңшы иттерді із кесуге, бақташы итті арнайы «айда», «алға», «солға», «оңға», «қоры», «үйір» бұйрықтарына міндетті түрде үйрету керек.

Оқуға кеңес береміз:

Кавказ овчаркасы

Ит туралы мақал-мәтелдер

Колли (Шотланд овчаркасы)


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер