Өлең, жыр, ақындар

Күнге ең жақын планета: Меркурий

Меркурий туралы негізгі деректер

Планета типі: жер тобының планетасы
Радиусы: 2440 км
Массасы: 3,3011×10^23 кг
Афелиі: 69,8 млн км
Перигелиі: 46 млн км
Жерден орташа қашықтығы: 77 млн км
Бетінің температурасы: −173 °C ... 427 °C
Күн тәулігі: 176 жер тәулігі
Жұлдыздық тәулік: 59 жер тәулігі
Жыл: 88 жер тәулігі
Жасы: 4,503 миллиард жыл
Кімнің құрметіне аталған: Рим нанымындағы сауда құдайы

Ең кішкентай планета

Меркурий — Күн жүйесіндегі ең кішкентай планета. Ол Жерден 18 есе жеңіл, ал диаметрі Жердікінің бестен екісіне әзер жетеді. Меркурий бетінің ауданы 74,8 млн км2, экватор ұзындығы 15 329 км. Меркурийдің өлшемін жақсырақ елестету үшін, оны Аймен салыстырайық — бұл планета біздің табиғи серігімізден небәрі 30%-ке ғана үлкен.

Меркурий ең ыстық планета ма?

Күн жүйесінің еш жерінде температура Меркурий бетіндегідей қатты құбылмайды: түндегі –173 °C-тан күндізгі 427 °C-қа дейін. Өйткені кішкене планетада жылуды сақтайтын атмосфера болмағандықтан, Күннен алынған энергия тез жоғалады. Алайда Меркурий планеталардың Күнге ең жақыны болғанымен, ең ыстығы емес. Шолпандағы температура одан да жоғары.

Меркурий тәулігі қанша?

Меркурийдегі күн тәулігі — Күннің шығып, батып және дәл сол орыннан қайта шығуына дейінгі уақыт — шамамен 176 жер тәулігіндей. Ал бұл ғаламшардағы бір жыл 88 жер тәулігіне созылады, яғни Меркурий тәулігінен тура екі есе қысқа. Бұған не себеп?

Кішкентай планета өз білігінен өте баяу үйіріледі: бір үйірілуге 58,65 жер тәулігі қажет. Бірақ ғаламшар орбитасы өте созылыңқы болғандықтан, Күн Меркурийде екі рет шығып, екі рет батады. Сөйтіп, Күнге сол орыннан қайта көріну үшін көбірек уақыт керек, және күн тәулігі екі жылға тең.

Басқаша түсіндірсек, Меркурийдегі жұлдыздық тәулік 2/3 жылға тең. Бір жылда Меркурий өз білігінен 1,5 рет үйіріледі. Демек планета перигелийден өткенде, Меркурий бетіндегі бір нүкте Күнге қарап тұрса, келесі перигелийде Күнге оған қарама-қарсы нүкте қарайды, ал тағы бір жылдан соң Күн бірінші нүктенің төбесіне оралады. Бұл екі жылда бір күн тәулігі өтеді деген сөз.

Есесіне Меркурий Күнді ең тез, 47 км/с жылдамдықпен айналады. Екінші орындағы планета Шолпанның Күнді айналатын жылдамдығы 35 км/с.

Меркурий неден тұрады?

Меркурий жер тобына жататындықтан, ол негізінен темір, никель және силикаттардан құралған. Планета көлемінің 61%-ін біздің Айдай алып темір ядро алып жатыр. Ядроны қалыңдығы 400 километрдей мантия қоршап жатыр. Меркурийдің сансыз кратерлер ойған қатты, тастақ беті де Айдікіне ұқсайды. Кратер астероид соғылуынан қалады: планета ұзақ өмір сүрген сайын, соқтығысулар да көп. Кратерлердің көптігі Меркурийдің кәрілігін куәландырады.

Меркурийге қанша уақытта жетеді?

Меркурийге ғарыш аппаратын жіберу өте қиын. Алдымен жоғары эллипс орбитаға шығару үшін оны қатты тежеу, ал Меркурийге жақындасымен — планета маңындағы орбитаға шығуға жететін импульс беру қажет. Меркурийдің тарту күші әлсіз болғандықтан, екінші маневрге көп отын жұмсалады. НАСА-ның Мессенджер ғарыш аппараты Меркурий орбитасына 6 жыл 7,5 айдан соң шыға алды.

Меркурий миссиялары

Меркурийді алғаш зерттеген НАСА-ның Маринер-10 зонды оның тұсынан үш рет: 1974 жылы 29 наурызда (703 км қашықтықта), 21 қыркүйекте (48 069 км) және 1975 жылы 16 наурызда (327 км) ұшып өтті. Планета бетінің 40-45%-нің картасы жасалып, атмосфераның жоқтығы мен магнит өрісі бары анықталды.

НАСА-ның MESSENGER аппараты 2004 жылы 2 тамызда ұшырылып, Жер тұсынан бір, Шолпан тұсынан екі және Меркурий тұсынан үш рет ұшып өткен соң, 2011 жылы 18 наурызда Күнге ең жақын планета маңындағы поляр орбитаға шықты. Сөйтіп ол Меркурийдің алғашқы жасанды серігіне айналды. Меркурий бетінің топографиялық картасын жасап, оның беткі қабаттарын, атмосферасы мен магнитосферасын зерттеген аппарат отыны таусылған соң, 2015 жылы 30 көкекте планета бетіне құлап түсті.

Қазір Меркурийге үшінші миссия бара жатыр. 2018 жылы 20 қазанда ұшырылған BepiColombo миссиясы Жер тұсында бір, Шолпан тұсында екі, Меркурийдің өз тұсында алты гравитациялық маневр жасаған соң, 2025 жылы 5 желтоқсанда ең кішкентай ғаламшар маңындағы орбитаға шығады. BepiColombo еуропалық Mercury Planetary Orbiter (MPO) және жапондық Mercury Magnetospheric Orbiter (MMO) аппараттарынан тұрады. MPO бортында 11, ал MMO бортында 5 ғылыми аспап бар. Аппараттар планета бетін, ішкі құрылысын, химиялық құрамы мен магнитосферасын бір жыл зерттейді.

Жиі қойылатын сұрақтар

— Меркурийдің түсі қандай?

Меркурий негізінен күңгірт-сұр. Планетаның түсі оның бетінің реңкі мен шағылдыру қабілетіне байланысты. Меркурийдің шаң басқан тас беті түрлі түстермен құлпырмайтыны анық.

— Меркурийдің қанша серігі бар?

Бірінші планетаның табиғи серігі жоқ. Меркурий кішкентай, тарту күші аз және Күнге тым жақын болғандықтан, табиғи серігін ұстап тұра алмас еді.

— Меркурий Күннен қандай қашықтықта?

Орташа қашықтық 58 миллион километр. Сөйтіп, Меркурий Күн жүйесі ғаламшарларының орталық жұлдызға ең жақыны.

— Меркурий неге ең ыстық планета емес?

Меркурий Күнге ең жақын болғанымен, оның өте сирек атмосферасы жылуды ұстай алмайды. Сондықтан Күн жүйесіндегі ең ыстық планета — тығыз қалың атмосфераға ие Шолпан.

— Күн Меркурийден қандай болып көрінеді?

Меркурий Күннен барынша қашықтаған (афелий) сәтте, Күн оның бетінен жер көгіндегіден екі есе үлкен болып көрінеді. Ал перигелийде (орбитаның Күнге ең жақын нүктесі) Күн біздегіден үш есе үлкен болар еді.

Қызықты деректер

— Меркурий білігі тік орналасқандықтан, онда жыл мезгілдері ауыспайды.
— Көне жұлдызшылар кешке батыстан, ал таңда шығыстан көрінетін Меркурийді екі бөлек аспан денесі санаған. Шолпан жайлы да сондай түсінік болған.
— Қазақ жұлдызшылары да Кіші Шолпанды, яғни Меркурийді таңда шығыстан көрінген кезде Таңшолпан, ал кешке батыстан көрінгенде — Болпан деп атаған екен.
— Шолпан мен Ай сияқты, Меркурийдің фазалары бар, бірақ олар телескоппен ғана бақыланады.
— Меркурийде тіршілік жоқ шығар. Қатал температуралық жағдай мен Күннің жақындығы тіршілік дамуына еш мүмкіндік қалдырмаған сияқты.

Ретроград Меркурий деген не?

Планетаның аспанда кері шегіне қозғалуы ретроград қозғалыс деп аталады. Іс жүзінде планета жолынан таймайды, тек Жерден қарағанда шығыстан батысқа қозғалғандай көрінеді. Меркурий жылына төрт рет үш аптадан кері шегіне қозғалады.

Меркурийді бақылау

Меркурий Күнге тым жақын болғандықтан, оны бақылау әдетте тым қиын. Жылына бірнеше рет, планетаның элонгациясы (Күннен бұрыштық ара қашықтығы) артқан кездерде ғана бақылауға қолайлы кезең туады. Меркурийдің шығыс элонгациясы үлкен болғанда оны Күн батқан соң бір сағаттай батыс көкжиек үстінен, ал батыс элонгациясы үлкен болғанда Күн шықпай тұрып, бір сағаттай шығыс көкжиек үстінен көруге болады. Сондықтан шығыс элонгация кешкі, батыс элонгация таңғы деп те аталады.

Оқуға кеңес береміз:

Меркурий жайлы мәлімет


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар