Кенесары ханның баласы Сыздық төре кейін арада талай жыл өткен соң, Алатауға Сарыбайды іздеп келеді. «Сарыеке, қасыңызға бірер адамды ертіп, мені қырғыздарға апарыңыз, әкемнің өлген жеріне құран оқиын, бір бас құрбандық шалайын», — деп қолқа салады.
Сыздық сұлтанды Сарыбай би ерекше сыйлап күтеді де, қырғыздарға хабар береді. Қырғыз манаптары қатты әбіржіп, бұл жайға ерекше сасады. «Сұлтан келіп хан атасының ескі кегін аламын деп жаугершіліктен әбден қажыған елді дүрліктіре ме?» — деп бар жақсылары кеңес құрады. Алыстан шолғыншы қойып, «қанша қолмен, қалай келе жатыр?» — деп іштей білдірмей әзірленеді. Сөйтсе, Сыздық сұлтан қасына Сарыбай биді, Жамбыл ақынды ертіп, өзінің ат ұстайтын екі сарбазымен күнгей асып, Шу өрлеп, Тоқпақтың жанында ақ шағаладай киіз үйлер тігіп күтіп отырған қырғыз айылдарына барады. Кекілікті сайы он бір жыра екен. Сол жерге барып жетектеп келген ақ боз биені шалып, құран оқиды. Бүкіл қырғыз біткен тік тұрып ыммен ғана қызмет көрсетіп, бәйек болады. Атасының қаны тамған жерге бір түнеп, ертеңіне қайтпақ болғанда, қырғыз манабы сөз бастайды:
— Сыздық төре, алты атаңнан бері хан тұқымысың, қырғыз-қазақ бір туған емес пе еді. Айтуға тіл кесіліп тұр, мына бір керуен түйелерді ал, үстіндегі жүгімен саған тартқан тартуымыз, оған қоса мың сәйгүлік және бір қызымызды жасауымен бермекшіміз. Бұл берер сыйымыздың басы ғана деп білерсің, — деп кешірім сұрауға батпай, астындағы арғымағын ортаға тартыпты. Сонда Сыздық сұлтан:
— Мен сендерден ештеңке сұрап келгенім жоқ, әкемнің көзі боларлық ер-тоқымын беріңдер. Ал, мына арғымағыңды бауыздап, елге таратып жібер, — депті қабағын ашпай.
Кенесарының ер-тоқымы рабайсыз үлкен әрі ауыр екен, ерттеген жылқының үстін алып түсетіндіктен бір сиыршы өгізге ерттеп жүр екен, соны әкеп беріпті. Баяғы күміс үзеңгі, сыртқы ашамай өрнектерін жұлып тастапты. Әбден тозған ерді құшақтап артына өңгеріп Сыздық сұлтан жөнеп беріпті.
Алатаудың теріскейіне ауып, бір бұлақтың басына келгенде, аттан түсіп, сыздап түнеріп келген сұлтан қасындағы серікте-рін ұзатып жіберіп, ақын мен биді қасына алып қалып, қалмақ бас ерді құшақтап өкіріп жылаған екен. «Мынау найзаның басын тіреп қоятын қасы, мұны төріме іліп қоямын, ұрпағымнан ұрпағыма қалсын», — деп қасын шауып алып қоржынына салады да, ерді жармалап бөлсе, ағашының ішіне құйма алтынды толтырып тастаған екен. Соны алып:
— Мә, қанша аласыңдар, берейін? — дегенде Сарыекең:
— Сыздық, айналайын, сен алтынның сынығысың, пейіліңе рахмет! Сендердің еліңде біраз екей бар, әсіресе батырлықпен барып қалып қойған Әлти, Қосай, Жолашарларды еліне қайтар. Қайтарында Түркістанда өлгендерге арнап мал сойып, құран оқытсын, осы саған аманат! — депті.
Сыздық сұлтан екейлерді іздестіріп, өзбек, қоқан, түркімен жерлерінен кері қайтарыпты, қастарына адам қосып, жеткізіп тастапты. Төрт құбыласына түгел сөзін өткізетін дәрежеге келген Сарыбай би тоз-тоз болып кеткен елін жинаған жұртының басын қосқан көсем.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі