Өлең, жыр, ақындар

Жаман адамды...

Бұрынғы өткен заманда бір патша болыпты. Патша ерігіп отырып өзінің бас уәзірін шақырып алып:

— Саған бес күн сүрек берем, менің мына сұрағымды тауып кел. Әуелі, адамды жаман туған жақсы ететін кім? Онан соң, адамды жақсы туған жаман ететін кім? осы екі сұрағымды тауып кел, егер таппасаң басыңды аламын, — депті.

Сонымен уәзір үйіне келіп, күнде ойланады, күнде қайғырады. Қалай ойласа да таба алмады. Сүрегіне екі күн қалғанда өте қайғырып, ақыр өлдім деп үйінде ішқайда шықбай төсек тартып жатып алды. Бір күні патшаның Гүлжаһар деген жалғыз қызы бар еді. Бұл Гүлжаһарды бас уәзірде қызым деп асырап күніне барып Гүлжаһардың бетінен бір иіскеп қайтады екен. Бір күні Гүлжаһар ойлайды, бұл менің екінші әкем қайда, күні бір келіп бетімді иіскеп қайтушы еді. Үш төрт күн келмей қалды жоқ болмаса ауырып қалды ма, — деп үйіне іздеп келсе, асырап алған әкесі халі нашар, өлуге таяп төсекте есі шығып жатыр еді. Гүлжаһар әкесінің қасына келіп қалін сұрады. Сонда бас уәзір айтты:

— Әй қарағым, несін айтасың әкең патшамыз маған бес күн сүрек беріп, маған екі сұрақ қойып, тап, таппасаң басыңды аламын дейді. Ол сұрағын мен таба алмадым, бүгін ақырғы күн, ертең патшаның менің басымды алатын күні, — деді бас уәзір Гүлжаһарға.

Сонда Гүлжаһар:

— Әке сізге қандай сұрақ берді, маған айтыңызшы сұрағыңызды, — деді.

Сонда бас уәзір айтты:

— Әй балам-ай, ол қиын сұрақ, табу қиын оны қайтесің, сұрағы жаман туған адамды жақсы ететін кім, жақсы туған адамды жаман ететін кім дейді, — деді. Сонда Гүлжаһар айтты:

— Ой әке-ай, ол оңай, — деді, мен айтайын, бірақ кім айтты десе сіз айтпаңыз, «өзім ойлап таптым де» деді. Егер сізге сенбей шыныңды айт деп өлтіретін болса ғана айтарсыз «өз қызың Гүлжаһар айтты» деп деді. Сонымен өлгелі жатқан бас уәзір қуанғаннан жазылып, төсектен атып тұрып, Гүлжаһарды айтшы деп, құшақтай алды. Сонда Гүлжаһар айтты:

— Жаман туған ерді жақсы ететін әйел, жақсы туған жаман ететін де әйел деңіз, — деді.

Сонымен бас уәзір ертеңінде патшаға келді. Патша бас уәзірге:

— Ал, менің сұрағымды таптың ба, айта баста, — депті.

Бас уәзір айтты:

— Жаман ерді жақсы ететін әйел, жақсы ерді жаман ететін де әйел ғой, — деді. Сонда патша қылышын жұлып алып:

— Айт шапшаң, басыңды алам, неше күндей таба алмай жатып, бүгін тауып келдің, кім саған айтты дереу айт, — деді.

Бас уәзір:

— Тақсыр, іш кімде маған айтқан жоқ, өзім таптым.

Патша дереу бір уәзірін шақырып алып:

— Дереу мынаны апарып дарға асып өлтір, — деді. Патшаның бұйрығын екі қылсын ба, уәзір дереу дедектетіп бас уәзірді дараға ала жөнелді. Сонда бас уәзір патшаға «дат» деді. Патша «айт, датыңды» деді. Сонда бас уәзір айтты: «Мен сіздің сұрағыңызды таба алмай сандалып жатыр едім, өзіңіздің қызыңыз Гүлжаһар келіп, сұрап, соған сіздің сұрағыңызды айтып ем, осы сұрақты Гүлжаһар айтып шешті», — деді уәзір. Сонымен патша ашуланып, дереу қызын шақырып алып, қызынан:

— Сен айттың ба, — деп сұрады патша.

Қызы Гүлжаһар патшаға:

— Я, мен айттым, — деді.

Патша ашуланып, барлық уәзірін жинап алып, бұйырық берді: «Барлығың көше көше жүріп, кім қайыршы, кім түрі жоқ есуас адам болса маған алып кел», — деп уәзірлерін жібереді. Уәзірлер көше көшені кезіп жаман адамды деп іздеп келе жатып бір уәзір таңға жуық қарап отырса көшемен аяғын алып жүре алмай келе жатқан адамды уәзір ұстай алды. Үсті басы жұлма жұлма бет ауызы сатбақ сатбақ бірнеше күн жуылмаған, өзі аш қалі нашарлаған адамды сүйреп патшаға алып келді. Патша көрді де қызы Гүлжаһарға айтты: «Сені осы жаманға қостым, осыны адам қатарына қосқаныңды көрейін», — деп екеуін қол ұстастырып қоя береді. Қызы Гүлжаһар да әкесінен тайынбай «жарайды» деп үйінен түк алмай, жалғыз-ақ үйінде нан илейтін ағаш шелек бар екен, соны шешесінен сұрап алып, онан кейін өзінің неше түрлі бұлдық қиығын жинап жүреді екен соны алып, шелекті әкесі қосқан жарына көтертіп, әке шешесіне қош айтысып Гүлжаһар қыз жүріп кетті. Сонымен бір неше күн жүріп, бір шаһардың шетіне келіп жетті. Келсе шаһардың бергі шетінде ағып жатқан үлкен өзен, өзеннің жағасында үлкен иен тұрған ақ үй, сол үйге келіп, орналасып тұра берді. Жаманын жақсылап шомылдырып, тазалап киіндіріп, шелектің түбін қырып сумен илесе нан болып шығып, отқа бастырып жеті тамақ қылып жүрді. Сөйтіп өзінің түрлі құрақ бұлынан неше түрлі құбылтып, әдиял жасап жаманын базарға бар деп, мынандай ақылын айтады: «Мына әдиялды, — деді, базарға апарып бес матаға сай будан артық бергенге де берме және көп бергенге де берме, төлке бес матаға сатып жақсы-жақсы тамақ сатып алып кел, — деді. Сонымен жаман базарға келіп әдиялды ұстап жүріп, бағасын сұрағандарға бес мата деп жүр еді, бір жігіт келіп әдиялды көріп таңданып тұрып «бағасы әдиялдың қанша» деп сұрап еді, жаман бағасы бес мата деді. Әдиялды көріп тұрған жігіт:

— Бағасы бес мата болса, мен бес жарым мата берем бер деді. Және екіншіде осындай әдиял әкелсең осы бес жарым матадан ала берем және сенімен жолдас боламын, — деп еді жаман:

— Жоқ бермеймін, артық бағаға сатпаймын, кем бағаға да сатпаймын, төлке бағасы бес мата, — деп бермеп еді, базарда жүрген көпшілік «сен жындымысың, базарға сатқалы әкеп бағасынан артық баға бергенге бермеймін дейсің» деп көпшілік зорлық қылғандай әлгі жігітке берді. Жаман әдиялды бес жарым матаға сатып, өзіне киім, тамақ алып үйіне барды. Әйелі Гүлжаһар «өз бағасына саттың ба» деп сұрап еді, «я, өз бағасына саттым» деп жауап берді. Ертеңіне әдиял тігіп жаманды тағы жіберді базарға, «осының ақшасына үлкен сандық сатып ал да, қалғанына көрпе тігетін қиық ал», — деді. Сөйтіп жаман екінші рет базарға келіп, тағы әдиялын ұстап жүреді. Кешегі әдиялын бес жарым матаға алған жігіт келіп, тағы бес жарым мата беріп сатып алды. Ол сатқан ақшаға жаман үлкен бір кісі сиып кететін сандық алып, артығына көрпе жасайтын қиық сатып алып, үйіне келді. Сонымен жаман дәндеп, күнде базарға әдиял әкеліп, сөйлеспей бес жарым мата беретін жігітке әкеп беріп тұратын болды. Екеуі саудалас болып алды. Бұдан бұрын Гүлжаһар бұған тапсырған еді, базардағы адамдар үйіңді сұраса айтушы болма, іш кімді үйге ертіп келме және мені кетерде сандыққа салып кет те, келгеніңде сандықты ашып тұр деп тапсырған еді. Сонымен жаман күнде базарға барып әдиялын саудаласына әкеліп беріп жүрді. Бір күні саудаласы айтты:

— Сенің әдиялыңды ылғи мен артық бағамен аламын, басқа ішкім алмайды. Сен маған үйіңді көрсетіп қой, сенің әдиялың керек болса мен сені қайдан іздеймін және әдиялды күнде базарға тасып не қыласың, мен үйіңді көрген соң өзім барып алып тұрамын, — деді. Оған жаман иланып:

— Жарайды, жүр үйімді көр, — деп, жігітті үйіне ертіп келді де, сен үйде отыра тұр мен су алып келейін, үйден дәм тат, — деп жігітті үйіне отырғызып, суға кетісімен жігіт «мұның әйелі қайда» деп үйдің ішінің бәрін қарап жүріп таба алмай төрде тұрған үлкен сандықты көріп, «әйел осында екен» деп жігіт сандықты арқалап жүрді де кетті. Жаман суын алып үйіне келсе жігітте, сандық та жоқ. Жаман жылап-жылап әйелін іздеп қаңғып кетті. Сол жүргеннен жүре жүре арып-шаршап бір шаһарға келіп, бір кемпірдің үйіне сұрана кіріп, сол үйде пәтер тұрды. Бұдан кемпір сұрады:

— Балам неғып арып шаршап жүрген баласың, — деді. Бала басынан өткен оқиғаның бәрін кемпірге айтты.

Содан кейін кемпір айтты:

— Мен білем біздің патшамыз бір қыз әкепті, ол бір ай ұлықсат сұрап бөлек үйде ауырдым деп қаралып отыр. Сенің әйелің сол», — деді.

Жаман кемпірге:

— Мен сіздің еңбегіңізді ақтаймын, мені сол әйелге жолықтыр, — деді.

Кемпір жаманға:

— Ертең базарға барып, ұсақ меліш и бас тарақ сатып алып, көшеде қыдырып жүріп сол патшаның әйелі тұратын көшемен жүріп, кім меліш алады, кім тарақ алады деп айғайлап өт, сонда сенің әйелің биік үйде сені көріп, егер сенде көңілі болса сенің тарағыңды сатып алып бір белгі береді, — деді.

Жаман кемпірдің айтқанын істеп сауда істеген боп өз әйелі тұрған көшемен жүріп, «кім айна, тарақ алады» деп дауыстай жүріп келе жатыр еді, биік үйде тұрған өз әйелі көріп, жаманын танып дереу асбашшы қызын жіберіп «мына түйген орамалды анау сауда істеп жүрген жігітке бер де, бір тарағын алып кел» депті. Асбашшы қыз барып, түйген орамалды жігітке беріп, бір тарағын алып патшаның ханымына әкеп берді. Сонымен жаман үйге келді. Кемпір:

— Е, балам не бітірдің, — деп сұрапты.

Жаман айтты:

— Білмеймін, бір тарақ алып бір қыз мына түйген орамалды берді, бірақ ол өз әйелім емес, — деп түйген орамалды кемпірдің қолына беріпті.

Кемпір орамалды шешіп қараса бір алтын сақина және бір бунақ алтын бар екен. Кемпір айтты жаманға:

— Балам, — деді, мына сақинаны маған бер деген екен, ана алтынға екі арғымақты ер тоқымымен сатып алып, бүрсігүні түнде осы қақпаға ел ұйықтаған кезде келіп, мені күт деген екен, — деп, дереу Жаманды «тез екі арғымақ сатып әкел» деп базарға жібереді. Жаман базарға барып ер тоқымымен барлық алтынды беріп, екі арғымақ сатып әкелді. Кемпір «жарайды, бүгін екі атпен қақпаның алдына барып екі атпен ұйықтамай күтіп отыр» деп жаманды жібереді. Сонымен жаман келіп, қақпаның алдында екі атты ұстап қарап отырып, түн ортасында ұйықтап қалыпты. Түн ортасы болғанда әйелі Гүлжаһар келіп «келдің бе» деп екі-үш рет дыбыстап еді үн жоқ, сонымен Жаманның қойнына қойдың екі шикі асығын салып кетіпті. Бір уақытта жаман шошып атып тұрып қараса, таң атып кетіпті. Жаман сасып атқа міне сала шауып екі атпен үйге келді. Кемпір:

— Е, балам не көрдің, — деді.

Жаман:

— Ойбай апа, қара басып, ұйықтап қалыппын, — деді.

Кемпір:

— Жаман болған екен, егер әйелің келсе, бір белгісі бар шығар, әкелдің бе? — депті.

Жаман:

— Жоқ ондай белгі жоқ, — деп шешініп қараса, қойнынан екі шикі асық түсіпті. Кемпір айтты:

— Я, балам сен әлі шикі екенсің, — деген екен, екі күннен кейін патша мені неке қидырып алады, онан кейін мен саған жоқпын деген екен, сен бүгін не ғылсаңда ұйықтамай отыр, бүгіннен қалсаң саған әйел жоқ, — деп кемпір Жаманды шыңдап жібереді.

Жаман «көрген жерде ауыл бар» деп тағы да қақпаның алдына келіп ұйықтамай, ширақсып Гүлжаһар қашан келеді деп отырып түн ортасы болғанда тағы ұйықтап кетіпті. Түн ортасы болғанда Гүлжаһар тағы келіп «келдің бе» деп екі-үш рет дыбыстап еді, Жаманда үн жоқ, қатты ұйықтап қалыпты. Гүлжаһар қойнына тас салып кетіп қалыпты. Жаман тағы да шошып оянып қараса, таң атыпты. Түрегеліп тағы кемпірге келіпті. Кемпір тағы сұрап еді, Жаман:

— Ой шешей, жаман болды, бүгін де қара басып ұйықтап қалыппын. Қойыныма тас салып кетіпті, — деді.

Кемпір айтты:

— Бүгін ақырғы күн, сенен көңілім қара тастай болып қалды, бүгін келмесең, енді қайтып келме деген екен, бүгін қайтсеңде ұйықтамайтын бол, — деп қатты пысықтап жіберіпті.

Сонымен Жаман көрген қақпасына тығы келіп, тағы сақсынып отырып, түн ортасы болғанда тағы ұйықтап қалыпты. Түн ортасы болған кезде Гүлжаһар келіп «келдің бе» деп дыбыстап тұрған кезде, түнде бір жерден келе жатқан бір жігіт Гүлжаһардың дауысын ести қойып, аттың қасына жүгіріп келіп «я, келдім, келдім» деп еді Гүлжаһар екі дәу қоржынды жігітке алып беріп «сал екі аттың үстіне» депті. Жігіт жалма жан қоржынды екі аттың үсітне салып, ұйықтап жатқан Жаманның қолындағы екі аттың шылбырын кесіп жіберіп, екі атты өзі жетектеп алды. Заполоттың ар жағынан Гүлжаһар жігітке «қолымнан тарт» деп еді, жігіт қолынан тартып алды. Сонымен екеуі екі атқа мініп, қаладан қырға шығып жүріп кетті. Ауылдан былай ұзап шыққанан соң Гүлжаһар Жаманды сөзге таратайын деп қасына қатарласып келіп байқаса, өзінің Жаманы емес, бөтен бір жігіт екенін қыз сезіп, үндемей қалыпты. Жігіт те үндемей келеді. Сөйтіп таң атты, күн шықты. Екеуі бір-бірінің түсін көріп, жігіт қыздың қасына қатарласып келіп, сөз қатысып:

— Сен менің әйелім болдың, енді осы жерде екеуіміз қосылалық, — депті.

Қыз айтты:

— Жарайды, бұйрықтан асып қайда барам, бірақ сен мына суға жуынып, тазаланып, содан соң мына қоржындағы таза киімді ки, мен сендікпін, содан кейін қосылалық, — депті.

Жігіт:

— Жарайды, — деп шешініп, суға түсіп шомылып жатыр еді, Гүлжаһар екі атпен қашты да жөнелді. Жігіт «қап алдадың-ау» деп киініп, соңынан жаяу қуып жөнеле бергенде, жалбаңдап Жаман да келіп жолықты.

Жігіт Жаманға:

— Қайдан келесің, — деп сұрады.

Жаман:

— Әйел жоғалтып, соны іздеп келемін, — деді.

Жігіт те:

— Ой менде әйел жоғалтып жүрмін, енді екеуіміз бірігіп іздейік, — деді. Сонымен бұлар жүре бергенде тағы бір жаяу келіп бұларға қосылды. Екеуі келген жігіттен сұрады, ол да өздері сияқты әйел жоғалтып жүр екен, енді үшеуі жолдас болып, әйелдерін бірге іздеп жөнелді. Гүлжаһар қашып отырып, бір биік ақ күмбезді үйге келді. Келсе өтетін қақпаның жанында әдемі бақша тұр екен, Гүлжаһар бақшаға қызығып кетіп, бір жемісті ала берген кезде, еркекше киініп алған тымағы түсіп кетіпті. Онан кейін Гүлжаһар күзетші шалға:

— Ата, мына тымағымды алып беріңізші, — деді. Шал келіп, қыздың тымағын алып беріп жатып қызды көріп қалып, қызға ғашық болып қалып, қызды босатпай, «мен сені аламын», — деп атының шылбырынан алып жібермей қойды. Қанша жалынғанмен жібермейтінін білгеннен кейін қыз, «мені алатын болсаң, барып моллаңнан ұлықсат сұрап некеңді қиғыз, сонан кейін тиемін», — депті. Шал «жарайды» деп молладан ұлықсат алуға кеткенде, қыз тағы қашып кетіпті. Одан құтылып иен далаға шығып кетіпті. Шал молладан неке қиюға ұлықсат алып, қызды ертіп келейін деп жүгіріп келсе қыз жоқ, қашып кетіпті. Сөйтіп шал қызды іздеуге дайындалып жатқанда, шалға үш жігіт келіп шалдан жөн сұрады. Шал айтты «әйелім қашып кетіп, соны іздеуге шыққалы тұрмын» дейді. Үш жігіт «жарайды, бізді әйел іздеп келеміз, бізге қосылыңыз» депті. Шалды қосып алып бұлар іздей берсін, иен даламен келе жатқан Гүлжаһар қырық қарақшыға кез болып қалады. Қызды ұстап алғын қарақшылардың қырқы да қызға ғашық болып, «мен алам, мен алам», — деп өзара таласа бастапты. Қыз айтты:

— Мен сендердің бәріңе тимеймін, жеке біреуіңе тиемін. Сондықтан мен сендерге бір сөз айтамын, егер ықтияр болсаңдар, — деп еді, қарақшылар «жарайды, ықтиярмыз» деп шулады. Гүлжаһар айтты:
 
— Мен осылай тұрамын, сендер қырық аттарыңды осы жерге байлап, он шақырым жерге жаяу барып, маған қарай жарысасыңдар. Сонда мен қай озып келгеніңе тиемін, — дейді. Бұған қырқы мақұлдап, аттарын бір біріне байластырып, қырқы жаяу жарысуға кеткенде, Гүлжаһар қырық аттың барлығының артқы аяқтарын балтамен шауып сындырып, қырқынан тағы қашып құтылыпты. Сонымен Гүлжаһар қыз бір шаһарға келіп, кете берген кезде, шаһарда жиналған бір топ кісі бір құсты ұшырып жүр екен. Ұшқан құс Гүлжаһарға қарай ұшып келеді, артынан төрт-бес кісі шауып келеді. Құс ұшып келіп сразы Гүлжаһардың басына қонды. Қуған кісілер де келіп, құсты Гүлжаһаржың басынан алып, Гүлжаһарды жиналып тұрған көп халыққа алып келді. «Құс мына жігіттің басына қонды» деп Гүлжаһар еркекше киінген, ішкім айырмайды. Сонан кейін халық «жарайды, патшамыз өліп қалды, патша сайламасқа бола ма, жұл жігіттің басына бақыт құсы қонса патша болсын» деп халық патша сайлайды. Сонымен Гүлжаһар патша сайланып, халыққа үкім айта бастайды. өзіне арнап көз ұшындағы жерді көріп болжайтын қылып, биік зауалмен үй салдырады. Сонда отырып уәзірлеріне бұйырық берді, көше-көшенің шетіне қарауыл қойдырып, «сырттан қалаға кім келсе маған алып кел» деді. Бұлар қарауылдай берсін, қырық қарақшыға келелік, бұл қырқы айтқан он шақырым жерге барып, барлығы жаяу жарысып, титықтап, дымы құрып келсе қыз жоқ, аттарына мініп қуайын десе барлық аттардың артқы аяғы сынған жүруге жарамайды «қап бізге істеген екен» деп қырқы іздеп келе жатып, төрт жаяуға кез болыпты. Қырқы:

— Ее, қайда бара жатырсыңдар, — деп сұрапты.

Сонда төрт жаяу:

— Біз әйел жоғалтып, іздеп жүрміз, — деген екен, сонда қырық қарақшы «ее, онда бірге іздеп, жодас болайық» деп қырық төрт болып, әйел іздеп жөнеле беріпті. Сөйтіп бұлар Гүлжаһар тұрған қалаға келіп көшеге кіре бергенде күзетші тұрған қарауылдар ұстай алып, патшасына алып келеді. Бұлардан патша біртіндеп жауап алды. Ең алдымен өзін сандығымен алып қашқан патшаны дарға астырып өлтірді. Екінші болып, қырық қарақшыны и өзін түнде атпен алып қашқан жігітке түгел дүре салдырып, енді мұнан былай адамға қиянат жасамасқа арыздарын алып қоя берді. Содан кейін өзін аламын деп қақпадан босатпаған шалға астына ат, үстіне киім кигізіп қайтарды. Өзінің Жаманын таза шомылдырып, киіндіріп, барлық халқына айтып, сол жерде Жаманға некесін қиғызып, өз орнына патша қойып, халқынан ұлықсат сұрап, ырзалығын алып, сөйтіп Жаманын тәрбиелеп өзі ақылшы болып жүре берді. Гүлжаһар күншілік жердегі жанды заттарды көріп, болжап отырады екен. Өзінің салдырған биік үйінде төңірекке көз жіберіп отыр еді, түстік жерде бір кедей нашар шалдың өзі арық тұлпарымен бір бірешке жүкпен батбаққа түсіп кетіп, шыға алмай жатқанын көріп, екі семіз арғымақ беріп, кісі жіберіп айтты «осы екі арғымақты қиянат қылмай, шалға апарып беріп, берсе тұлпарын алып кел» деді. Оның тұлпар екенін Гүлжаһар біліп тұр. Жіберген кісі дереу екі арғымақпен шалдың арбасына жегіп, тез арбаны жұлып алып шалға айтты «мына арық атыңды екі арғымаққа айырбастайсың ба» деп еді, шал қуанып «айырбастаймын, бірақ мені мазақ қылып жүрмесеңдер» депті. Жігіт екі арғымақты беріп, арық атты алып, патшаға алып келді. Сонымен Гүлжаһар тұлпарды бөлек сарайға сақтап, әбден бабына келгенше бір кісіге күттіріп, өзі екі үші күнде бір қарап қойып жүрді. Тұлпар әбден бабына келген соң Гүлжаһар күншілік жерге көз жіберіп, болжап қараса баяғы өзінің әкесі бірнеше кісімен аңға шығып жүргенін көріп, тезірек өзінің жаманын тұлпарға мінгізіп, айтты: «Қазір пәлен жерде менің әкем аң қарап жүр, соған барып жет, сен барған кезде менің әкем барлық жолдасымен бір киікті қуып келе жатады, соны барысымен сен қоса қуып жетіп, құрықтап ұстап алып, әкеме сыйла да, жауап қатпай жүріп кет», — дейді. Сонымен Жаман тұлпарымен соқтырып кетіп, айтқанындай қуып келеді екен, Жаман қуып жетіп, киікті құрықпен ұстап тірідей Гүлжаһардың айтқанын істеп, сыйлауға беріп, ұстауға беріп жүріп кетіпті. Ертеңіне Гүлжаһар тағы айтты «менің әкем сол жерге тағы келді, тұлпарға мініп тез жет. Қазір әкемнің алдынан алтын киік қашады, бірақ олар жете алмайды, сен бар да алдымен киікті алып қуып жет те тағы құрықпен ұстап тірідей сыйла да, жүріп кет» деді. Тағы айтқанындай келсе алтын киікті қуып жете алмай келеді екен, алдымен киікті құрықпен ұстап тағы патшаға сыйлау деп үн қатпай жүріп кетіпті. Сонан кейін патша жолдастарына айтты:

— Япыр-ау, кеше менің тұлпарым жете алмай қойған киікті осы жігіт ұстап сыйлау деп беріп кетті. Бүгін міне алтын киікті сыйлау деп беріп кетті. Бұған қалай дейсіңдер, — деп уәзірлерімен кеңесті. Бұлардың бірі о деді, бірі бұ деді, сөйтіп еш нәрсеге ұйғарып шеше алмады. Сонымен Жаман үйіне келді, Гүлжаһарға айтқаныңды орындадым деп хабарлады. Бұдан кейін Гүлжаһар аңда жүрген әкесіне кісі жіберіп «пәлен жерде аң аулап пәлен шаһардың патшасы жүр. Соны қасындағы нөкерлерімен біздің патшамыз қонаққа шақырады деп ертіп кел», — деп кісі жібереді. Сонымен жіберген кісісі барып, патшаға «сіздерді нөкерлеріңізбен біздің патшамыз бүгін келіп қонақ болсын деп бізді жіберді», — деді.

Бұл патша атказ еткен жоқ, «жарайды қонаққа шақырса барамыз» деп нөкерлерімен жіберген кісісімен бірге жүрді. Бұлардың келе жатқанын біліп Гүлжаһар да алдымен күтіп тұрып қонақтарды түсіріп алып қонақ үйлеріне әкеп күтіп өзінің патша Жаманын әңгімелесіп отыр деп бірге отырғызды. Гүлжаһар өзі қонақ басқарам деп шығып кетіп, әкесін жақсылап күтіп жатыр. Тамағын әбден жөндеп бергеннен соң, екі патшаның қасына әңгімелесуге келіп отырып:

— Я, тақсыр патша, қалай біздің патша жақында сайланған, сіз сияқты ескіден істеген патша емес, патша болуға, сізбен әңгімелесуге жарай ма екен, — деп сұрады Гүлжаһар. Әкесі патша:

— Ой, ханым бәйбіше-ай, ұнады ма дейсіз, бұл жақында патша болса да, келешегі бар, сөзі орнықты патша көрінеді, сіз қалай мені сынап отырсыз ба? Сонда да сіз сияқты жас ханымдарға көз салып жүруге жараймын, — деп күлді.

Сонда Гүлжаһар басындағы пердесін ашып «мені танисың ба» деп әкесінің бетіне қарай үңіліп еді, Гүлжаһардың әкесі патша қызын танып, көзі алайып, есінен танып құлады. Аздан соң патша есін жинап қызын бас салып жылады. Сонда Гүлжаһар айтты:

— Ее әке, жақсыны жаман ететін кім екеніне көзің жетті ме? «Міне осыны адам қыл» деп берген жаманың осы бүгін сізбен бірге тізелесіп тамақ ішіп отырған патшаң сіздің алдыңыздан қашқан екі киікті де ұстап сізге сыйлады, жаманды жақсы ететін әйел екеніне көзің жетті ме, — деді қызы.

Сонда әкесі патша:

— Менен қателік кетті, мен ақылсыз екенмін, — деп қызымен жылап көрісіп, сенің ақылдылығыңды білмедім, — деп сол жерде патшалағын қызының күйеуіне беріп, өзі орнынан түсіп, Жаман Гүлжаһардың арқасында екі шаһарға патша болып билеп тұрыпты.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз