Өлең, жыр, ақындар

Жас баланың сапары

Әңгіменің басы баяғыда бай бопты дейді. Сол байдың жалғыз баласы болыпты, бір қызы болыпты. Сол бай соншалық бай бола тұрса да шығынсынып бірде-бір қолына жұмысшы ұстамайды. Бар малды сол жалғыз баласы бағады екен. Басқа байдың баласы мінгені жорға, кигені торқа, көргені ойын-сауық серуендеп жүреді екен. Соларды көріп іші күйген бай баласы ашуланып бір күиі өріске бір қойдың аяғын байлап тастап кетіпті. Кешіне қойды айдап келгеннен кейін барлық қойды бай екі бұтының арасынан санап өткізіпті. Содан бір қойы кем болған бай ашуланып, баласын түні бойы ұрыпты. Ертесіне малға барғанда екі қойдың аяғын буып тастап кетіпті. Кешіне бай малын санаса, тағы екі қой жоқ болып шығады. Содан бай ашуланып баласын қуып жіберіпті, Қойдан кұтылған баласы қуана-қуана кете береді. Бала осы бетінде келе жатса, жолда керуендер кездесіп, керуен басшысы баланы «бізге жұмысшы бол», — деп азғырады. Оған бала:

— Ағатайлар, маған жандарың ашыса, жол көрсетіңдер. Мен өзім де құлдықтан қашып келемін, — деді.

Сонда керуендер:

— Мына жолмсн жүрсең елді-күнді жерге барасың, — деп оң жолды көрсетеді. Ал мына жолмен жүрсең, елсіз-күнсіз жерге кетесің, — деп ортаңғы жолды көрсетеді. Ал, — дейді керуен, енді мына жолмен жүрсең ит тұмсығы батпайтын қалың орман тоғайға барасың, — деп сол жолды көрсетті.

Міне бала енді қалың ойға түсті, «Елді-күнді жерге барғандағы көргенім құлдық па», — деді. «Ал елсіз-күнсіз жерге барсам кұр босқа өліп қалармын», — деп, қалың орман жағымен жүріп кетеді. Сөйтіп жүре-жүре бұл бала орманға да жетті. Қабырғасы қатпаған жас бала орманды аралап көп уақыт жүрді. Бір күні қалың ағаш ішінде тұрған үлкен сарайды көреді. Аяңдап осы сарайға келсе, бір сарайда арғымақ аттарды көреді, байлаулы тұрған, оны ұстауға алдына барса тістеп, артына барса теуіп маңайына жуытпайды. Екінші бір үйіне кірсе, бір қазан аң еті асулы тұр екен. Төрде семсер ілулі тұр екен және киім-кешек ілулі тұр екен. Міне, бұл бала етке тойды. Сөйтіп отырғанда даладан дүбір дауыс естіледі де бір-біріне: «Кірші үйге, адамзат иісі шығып барады», — дейді. Бала төрдегі семсерді жазып алып бұлар кіретін босағаға тығылып тұра қалды. Сөйтсе бұл келгендер жезтырнақ деген жалмауыз екен. Сөйтіп жезтырнақтың біреуі кіре бергенде оны семсермен бала басын шауып тастайды. Біраз кідірген соң екіншісі кіреді. Бала көп ойланбастан оның да басын алып тастайды. Сөйтіп бір уақытта бір дәу жерді дірілдетіп, «әлгілер өздері жеп қарық болып жатыр-ау, а» деп, аттан түсіп есіктен кіре бергенде бала да түрінен қорқып жүрексініп, семсерді сілтеп қалғанда, семсер тура тимей бір шекесін ғана алып түсіпті. Сөйтіп қайта оралып балаға тап бергенде бала семсермен тағы бір ұрып жығып, шала өлтіріп, бір кілеттің ішінде зындан бар екен, сол зынданға бәрін тастап төбесін жауып тастайды. Сөйтіп, бала жезтырнақтың тұқымын құртып, енді өзі емін-еркін жезтырнақтың киімін киіп, семсерін алып арғымақтардың қасына келсе, еш арғымақ тимейді. Міне, сөйтіп осы жерде бірнеше жылдар аң аулап тұрады. Бұл сарайдың төңірегіне аңның етіп толтырады. Енді баланың өзі жалғыз жүріп жалығады да оған бір ой түседІ. Ол еліне барып қайтпақшы болып бір арғымақты ерттеп, бір қоржынға етті толтырып еліне қарай жүріп кетеді. Сөйтіп бұл бала еліне жақындаған сайын еш адам немесе мал көзіне түспейді. Ол әкесінін жеріне келгенде үйілген ақ сүйектен басқа еш нәрсе көзіне түспейді. Өзінің қыстауына келсе, қыстауын сүйек басып жатыр екен. Еш адам көзге түспепті. Сөйтіп дел-дал болып тұрғанда қасындағы өзеннен бір-екі әйелдің шаңқылдап ұрысқан дауысын естіп сол өзенге қарай арғымағын жетелеп келсе, шөптен жасаған жаман күркенің ішінде шешесі мен қарындасы бір кішкене ішекке таласып отыр екен. Қастарына келгенде шешесі танып баласын құшақтап:

— Құлыным, сен жүрген құт екенсің, сен кеттің, басымыздағы құт кетті. Ашаршылық туды. Малдың бәрін бітірдік. Енді түк таба алмай сасқан соң, ішекке таласып отырмыз, — деді. Сол жерде бала етке тойғызып, арғымаққа мінгізіп орман ішіне алып кетті. Орманда өзі мекендеп жүрген жерге келіп ғұмыр сүріп тұра береді. Күндерде бір күні бала бар сарайдың кілтін беріп:

— Мына сарайдың бәріп ашып көре беріңдер, біраң мына сарайды ашпа, — деп жезтырнақ жатқан сарайды көрсетті. Жарайды, ашпаймыз, — деп, қарындасы мен шешесі қала береді. Баласы аң аулауға кетті. Сөйтіп кемпір қызымен екеуі бар сарайды аралап көреді. Неше түрлі қызықты заттар, алтын, ділдә көп екен. Соның бәрін көріп болған соң бір күндері ерігіп отырып бір-біріне «бұл бізге мына сарайды неге ашпа деп кетті, кел осыны ашып ішінде не бар көрейік» — деп, ақыл қорытып алды да, келіп ашса, сарайдың ішінде зындан бар екен. Сол зынданнан бір ыңырсыған дауыс шығады. Тыңдап тұрса «баласы жоққа бала болам» — деді. Сол арада кемпір:

— Аулақ әрі, өзімнің де балам бар, — деді.

— Ендеше, байы жоққа бай болам, — деді. Сол кезде кемпір арқан тастап жезтырнақты суырып алады, төбесінде жалғыз көзі бар екен. Міне, осыны үлкен кебеже сандық бар екен, соған салып асырады. Жезтырнақ семірді. Кемпір жезтырнақтан екіқабат болып бала көтерді.

Күндердің бір күні кемпір ішін білдірмей жүріп босанатыи күні жақындап қалды. Енді кемпір жезтырнақпен ақылдасты. Жезтырнақ оған мынандай ақыл береді:

— Сен босанғаннан кейін апарып балаңның келетін жолына таста. Ол саған әкеп асыратады, — деді. Сөйтіп бір күндер өткенде кемпір босанып ұл тауыпты. Оны бір нәрсеге орап баланың келетін жолына апарып тастапты. Сөйтіп бала аңнан қайтса, жолда жатқан баланы көреді. Қасына атымен жақындап келіп, «шайтан ба, алдене» деп күдіктеніп келсе, адамзаттың баласы екен. Және өзі еркек бала екен. Сол арада бала ол жатқан кішкене баланы аттан түсіп, көтеріп алдына алып үйіне әкеп, есік алдында тұрып айқайлайды:

— Апа, апа, бері келші. Мен өзіме бір іні тауып әкелдім, — дейді. Сол кезде шешесі:

— Тарт ары, айдаладағы не еткен бала, шайтан шығар әкеп тұрғаның, — депті.

Баласы:

— Жоқ, апатай, адамзаттың баласы, өзіңіз шығыңызшы, көріңізші, — деді. Сол кезде шешесі шығып көріп, түк білмеген кісідей:

— Япырай, шын адамзаттың баласы екен, — деп қолына алып үйге кіріп жуындырып, сол баланы асырай береді. Міне осымен талай жылдар өтті. Жас бала ер жетті. Бұл бала екі-екі жарым жасқа келгенде, жөнді сөйлей алмай жүрген кезінде, ағасы аңға кеткенде жезтырнақ шығады екен. Бір күні соны көріп қалыпты. Ағасы аңнан келген кезде, ағасының алдында отырып:

— Аға, ай-ой, деп төбесін көрсетті. Оны ағасы елеп ескермейді. Ал баланың төбесін көрсету себебі, жезтырнақтың төбесінде жалғыз көзі бар екен, міне, бала «ай» деп төбесін көрсету себебі осы екен. Баланың ол айтып отырғанын залым кемпір бәрін түсініп отырыпты. Міне бұл жолы баласы аңға кеткенде кемпір жезтырнақты шығарып алып, жас бала қасында отырғанда жезтырнаққа:

— Мына балаң бәрін білетін болды. Енді біраз уақытта ана қуға бәрін айтатын түрі бар», — депті. Сол кезде жезтырнақ ол кемпірге ақыл айтыпты:

— Сен, бала аңнан келерде сусын орнына у езіп бер. Содан ол улап өледі. Сонан кейін өзіміз емін-еркін өмір сүреміз, — депті. Міне осы айтқан ақыл кемпірге едәуір жігер береді. Ол баласының келуіне қарсы у езіп дайындап отырады. Ал енді бұл баланың әдеті аңнан келгеннен кейін інісін алдына алып бетінен сүйіп, төсіне шығарып, сонан кейін барып сусын ішеді. Міне сүйтіп күтініп отырған жерге қарсы бала да аңнан келіп жетеді. Атын байлап жайланып, үйге кіріп, шешініп отырып, інісін шақырып алдына алып, бетінен сүйіп төсіне шығарып отырып:

— Апа, сусын берші, — депті. Сол арада шешесі езіп қойған уды әкеп береді. Алдында отырған жас бала быж-быж етіп бірдеңе-бірдеңе дейді. Оның сөзіне түсінбеген ағасы оның не деп отырғанын елемей қолына тиген уды сусын деп ауызға жақындата бергенде алдында отырған інісі у құйған аяқты қағып жіберіп, төгіп тастайды. Сол арада шешесі:

— Ей, антұрған, шөлдеп келген ағаңның сусынын ішкізбей неғып құтырып отырсың? — деп, қалған уды езіп, жуып-шәйіп қайтадан әкеп беріпті. Жас бала мұны да ішкізбепті. Сөйтіп үшке дейін ішкізбей төртінші рет ішкізіпті. Міне, сүйтіп ағасын бір ажалдан алып қалыпты. Сөйтіп аңшы бала ертесіне аңға кетіп, сары уайымға түсіп, ой ойлайды. Өйткені сарай төңірегі толған аң еті азайып қалды. Бір жезтырнақ бір жегенде қырық аңның етін бір-ақ жейді екен. Баланың күні-түні ойлайтыны «жалғыз шешем мен қарындасым мұншалық ет жеуге мүмкін емес, бұл ет қайда кетіп жатыр» деген уайым, оны жүдетіп барады.

Сөйтіп енді үйде қалғандарға келейін. Бала аңға кетті. Шешесі жезтырнақты шығарып алды да:

— Мына бала бәрін білді. Уды ішкізбей қойды. Енді не істейміз, — дейді. Сонда жезтырнақ:

— Ендеше, мен тығылмай-ақ қояйын. Өзім онымен айқасып көрейін, — деп баланың келуін күтіп отырды.

Сөйтін бір уақытта аңшы бала да аңнан келіп жетеді. Байқаусызда дайындалып отырған жауыз бала кірген жерден-ақ айқаса түседі. Сөйтсе де баланың да күші басым екен, еркіне көнбей жүр, аңшы бала жаумен алыса жүріп шешесіне өтініш айтады:

— Ардақты ана, — деді ол, он ай омыртқаңды үзіп тапқан балаң едім ғой, не көмегің бар көрсететін дегенде, шешесі:

— Бірің өл де, бірің қал, жұмысым аз, — деп жауап беріпті.

Содан бала қарындасына арыз айтады:

— Затың әйел болса да бір анадан туған туыс емес пе едің. Не жәрдемің бар көрсететін? — дегенде, қарындасы:

— Бірің өл де, бірің қал, жұмысым аз, — деп жауап беріпті. Ал ендігі қалған жас інісі шырылдап жылап аяғына оралып жүр. Қолынан келер қайрат жоқ. Ол кезде аңшы ағасы:

— Көкешім, менің қалтамда алтып кездік бар. Соны ал да аяғын ұр, — дейді. Сонда інісі қалтасындағы алтын кездікті алып, жезтырнақтың тірсегін тапса, екі аяғын қиын түсіпті. Міне, осы інісінің арқасында жезтырнақты өлтіріп, шешесі мен қарындасын екі көзін ойып алып орманға тірідей қаңғыртып жіберіп, інісімен екеуі ғұмыр сүріп тұра беріпті. Бірақ та інісінің түбі жезтырнақтың тұқымы екенін сезді. Бірақ сыр бермей інісін асырап жүре береді. Сөйтіп бірнеше жыл өтіпті. Жас інісі де ер жетіп күндердің бір күні ағасы күдіктеніп, ойына қорқыныш кіріп, інісінің күшін сынамақ болады. Сөйтіп бір күндер өткенде ағасы тұрып інісіне:

— Көкешім, айдалада қалың орман арасында екеуміз ғана, әбден ішіміз пысты ғой. Келіп екеуміз атысып ат үстінен тартысып ойнайық, — деді.

Інісі:

— Ұят болады, аға, сізбен алысып ойнағаным, — депті.

Сол кезде ағасы:

— Еш нәрсе етпейді. Ұят болатын бұл арада ешкім жоқ екеуміз-ақ қой. Кел! — деп болмапты. Ағасы болмаған соң інісі өзіне арналған киімді киіп, өзіне арналған арғымақты мініп, ағасымен екеуі тартыса түседі. Міне, сол-ақ екен көпке жібермей-ақ ағасын көтеріп алып өз артына мінгізіп алыпты. Сөйтіп ағасы інісінің күшінің асқанын білді. Міне, осы уақыттан бастап бала да ағасына еріп аң аулай бастады. Әрине, аңнан келген кезде аулаған аңдарды қарасаң бала ағасынан екі есе көп аулап әкелетін болды. Сөйтіп әр уақытта ағасы бұл бала жезтыриақтың тұқымы. Менен мұның күші асып түсті. Бұл мені бір күні бір қатерге ұшыратар. Онан да мен осындайда бұл пәледен құтылайын» деп, қалың ойға түсті. Сөйтіп бір күні інісін шақырын алды да оған былай деді:

— Қарағым, айдалада екеуден-екеу болып босқа өмір өткізгенше мен ел жаққа барайын, сөйтіп саған жеңге тауып келейін, — депті.

— Оның жақсы, аға, жеңге әкелсең жаман болмас. Аға, қарсылығым жоқ, әкеліңіз, — депті інісі. Міне. сөйтіп ағасы дайындалып азық-түлігін алып, атқа мініп інісімен қоштасып жүріп кетті. Ағасы анадай жерге кеткенде інісі айқайлап ағасын шақырады. Міне, сол кезде ағасы өте қатты қорықты «қатерге ұшыратайын деп шақырды-ау» деп, — аяндап қасына келгенде інісі:

— Аға, сен болсаң кетіп барасың, мен болсам қалып барам, ал сен онда барып бір қатерге ұшырасаң мен қайдан білем. Мен мұнда бір қатерге ұшырасам сен қайдан білесің, ол үшін келіңіз, семсер айырбастаймыз. Онда барып сіз бір қатерге ұшырасаңыз менің колымдағы сіздің семсеріңізді тат басады. Сіздің бір қатерге ұшырағаныңызды мен содан білем. Ал мұнда қалып мен бір қатерге ұшырасам сіздің қолыңыздағы менің семсерімді тат басады. Менің бір қатерге ұшырағанымды сіз содан біліңіз, — деп, екеуі семсер айырбастап жүріп кетті. Ал енді бұл екеуі бір-біріне өте ұқсас екен, екеуінің бойы да, киімі де, аты да, сөйлеген сөзі де бірдей екен.

Міне, сонымен ағасы ұзақ сапарда келе жатыр. Арғымағының ізі жер ошақтай болып ойылып қалады екен. Сөйтіп ол келе жатып айдалада бір ақ отауды көреді. «Бұл неткен отау айдалада тұрған» деп, оған бұрылып келіп аттан түсіп, атты белдеуге байлап үйге кірсе, үй ішінде ай мен күндей болып бір қыз отыр екен. Онымеи амандасып, жөн сұрасып болғаннан кейін тамақтанып, сусындап жайланып отырғаннан кейін ол жігітке:

— Ой, сорлы, сен мұнда неге келдің? — десе, жігіт:

— Несі бар, — депті.

Сол кезде қыз:

— Менің ағайым бар, ол келіп қалып сені көрсе, тірі тастамас, — депті.

Жігіт маңғазданған пішінмен:

— Е, не де болса уақытында көрерміз, — деп отыра беріпті. Әрине, бұл екеуі бір-біріне өте ғашық болып қалды. Жігіт әлгідей дегеннен кейін қыз тұрып:

— Ал тәуекел, олай болса менің бауырым келген кезде сен далаға шықпа. Сен үшін өзім шығып жазасын берейін, — депті.

— Жарайды, — деп жігіт жата береді. Әрине, бұлар бауыры келгенше жайласып, сөйлесіп, сөздің түйінін әбден пісіріп алады. Бұрынғыдай емес ғашықтық оты қосылып та қалды, сөйтіп отырғанда үйдің төңірегі сілкінгендей болды.

Жігіт:

— Бұл не? — дегенде, қыз:

— Бұл менің бауырым келе жатыр, — депті. Өйтіп-бүйткенше бауыры да келіп жетті. Үйдің сыртына келіп:

— Мұнда кім бар, шық! — деп айқай салғанда, үйдегі жігіт дауысына шыдай алмай орнынан көтеріліп түсті.

Сол арада қыз өзі шығып:

— Өзіңізге серік бар, — депті.

Сонда бауыры:

— Шын серік болса шықсын, — депті. Жігіт сол кезде жүгіріп шығыпты. Міне осы арада екеуі танысып, құшақтасып амандасып жайбарақат үшеуі тұра береді. Бір күні таңертең ерте тұрса, үйдің ішіндс бір айдың сәулесі түсіп тұр екен, жігіт қызды оятып:

— Мынау айдың сәулесі не? — деп сұраса қыз оған:

— Бұл осы арадан бірсыпыра жерде тұрады. Жалмауыз кемпір бар, оның бір қызы бар, ол екеуміз доспыз. Сондықтан менің сәулем оған, оның сәулесі маған түсіп тұрады, — депті. Міне, сонан кейін ол жігіт тұрып атын ерттеп сол жалмауызды іздеп жүріп кетеді. Ол жалмауыздың мекеніне жақындаған кезде жалмауыздың қызы ағаш басында қарауылдап тұрады екен. Келе жатқан кісіні көріп:

— Апа! Апа! — деп айқай сапты.

Сонда кемпір:

— Әй не, неге айқайлайсың? — десе, қыз:

— Қара бөрікті, қара арғымақты бір кісі келеді. Қайтсе де сені өлтіреді. Мені алады, — депті. Сонда кемпір:

— Сандалма, тыныш отыр. Мені жезтырнақгың тұқымы болмаса ешкім ала алмайды, — депті. Сөйтіп арғымақты кісі жетіп келген жерден сиқырмен оқып, қол-аяғын байлап көгенге көгендеп тастапты. Мыңдаған адам жатыр бәрі бір соның қызы үшін. Ал енді бұл осы көгенде жата тұрсын, енді орманда қалған інісіне келейік. Ағасының семсерін інісінің қолында қалған тат басыпты. Міне осы кезден-ақ ағасының бір қатерге ұшырағатнын білді де, інісінің ұйқысы қашып, асы бойына тарамайды. Сөйтіп ол дайындалып ағасын іздеп жолға шықты. Әрине ол іздегенде тура арғымақтың ізіне түсті. Сол арғымақтың ізі алған күйінде алып баяғы ақ отауға әкелді. Ақ отауға жетіп келсе, ай мен күндей сұлу қыз бауырымен екеуі аттан көтеріп үйге кіргізіпті. Әрине, бұл қыз баланың ағасын да өстіп сыйлаушы еді. Енді бұл баланы сол өзім тиген күйеуім деп ойласа керек. Ал бала еш сыр бермей отыра береді. Бірақ бұның ойы «менің ағайымды осылар бір қатерге ұшыратса керек» деп отырады. Сөйтіп отырғанда қыз тұрып:

— Сен бұл жолы неге сонша кешіктің? — депті. Сол кезде сыр бермеген бала:

— Көп жер араладым, — деп жауап берді де, ішінен: «Менің ағайым басқа жаққа барып бір мәлеге ұшыраған екен», — деп ойлады. Сөйтіп кеш болды, төсек салып жатуға келгенде екеуіне бір-ақ төсек салды. Сонда да бала сыр бермей жата берді. Таң ата бала оянса бір айдың сәулесін көреді. Сонда бала тұрып:

— Мына сәуле не? — десе, қыз:

— Әнеугүні айтып едім ғой, — депті. Сонда бала:

— Ой, онда бір ой ойлап отырып түсінбеппін, — депті.

— Ендеше, осы арадан бірсыпыра жерде жалмауыз кемпір бар. Оның жалғыз қызы бар. Ол екеуміз доспыз. Оның сәулесі маған, менің сәулем оған түсіп тұрады, — депті қыз. Сол кезде бала ішінен:

— Иә, менің ағайым сонда болып бір қатерге ұшыраған екен, — деп, атын ерттеп мініп, арғымақтың ізімен тағы жүріп кетеді. Сөйтіп жалмауыздың мекеніне жете бергенде қыз тағы да:

— Апа, апа! — деп айқай салады.

— О не? — депті шешесі. Қызы сонда:

— Қара бөрікті, қара арғымағы бар біреу келеді. Арыны нашар, кайтсе де сені өлтіреді. Мен алады, — депті.

Сонда кемпір:

— Сандалма, мені жезтырнақтың тұқымынан басқа адам ала алмайды! — депті. Сөйтіп бала да жетті. Кемпір де сиқырын оқып тұра жүгіреді. Бірақ та сиқыры бұл баланы алмайды. Сөйтіп бала келіп төбе шашынан ұстап алып, ұрып-соғып ағасын таптырып, ол ағасын қалпына түсіртіп, көгенде жатқан елдің бәрін босатып, кемпірді өлтіріп, дүниесі мен қызды алып ағасы екеуі қайтыпты. Міне содан кейін баяғы ақ отауға келеді. Ағасы мен екеуі қатар келіп тұра қалса, баяғы қыз бен ағасы екеуі шығып қайсысын түсіріп аларын білмей аң-таң болып тұрады. Сонан соң екі жігіт күліп өздері түседі. Сөйтіп жайланып отырғаннан кейін баяғы ағалы жігіттің інісі, кішкене шынтақ саусағын шүберекпен түбінен байлап ағасына:

— Аға, мына шынтағымды шауып тасташы, — дейді.

Сонда ағасы:

— Қой әке, жазым болады, — депті.

Сонда інісі:

— Осыны шаппасаң сізге риза емеспін, — дейді. Тіпті болмаған соң ағасы шынтағын шауып тастапты.

Сонда інісі:

— Міне, енді мен күнәдан бек болдым, ана кезде мен келіп қонғанда, мені сіз екен деп жеңгем қасына алып еді. Сонда осы шынтағыммен ғана тіреп жатып едім, денем тиген жоқ еді. Міне, кінәлі осы шынтақ еді. Енді күнәдан аулақ болдым, — депті. Сөйтіп жалмауыз кемпірдің қызын өзі алып, ағасы ана қызды алып неше күн ойын, неше күн тойын жасап жақсы өмір сүріп тұра беріпті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз