Өлең, жыр, ақындар

Есер мен есті

Бұрынғы уақытта бір хан болған, оның бір ақылды уәзірі болған. Ханның да және уәзірдің де бір күнде әйелі жүкті болып, бір күнде босаныпты. Хан мен уәзір баласы дүниеге келген соң, дос болу үшін: «Емшектес, қарындас болсын!» — деген оймен, ханның баласын уәзірдің әйеліне еміздіріп, уәзірдің баласын ханның әйеліне еміздіріпті.

Ханның баласы өскеннен кейін, анасы дүниеден өтіпті, хан екінші әйел алыпты. Ол екінші әйелі ханды қарт көріп, көңілі толықпай, ханның үлкен әйелінен қалаған балаға ғашық болып жүреді екен. Алайда өзінің ғашықтығын білдіруге ылажын таба алмайды, бір күні ханның баласы мен уәзірдің баласы екеуі саржа атып ойнап жүргенде, хан баласының атқан оғы ханның екінші әйелінің отыратын ордасының ішіне барып түсіпті. Шаһзада уәзірдің баласына:

— Барып түскен оғымды алып келіп белріңіз, — дейді.

Уәзірді баласы алып келіп беруді лайық көрмей:

— Оғыңды өзің барып алып кел, мен бармаймын. Бұл күнде сен де бірдей, мен де бірдей. Хан болып, таққа мінсең, сонда ғана жұмсағаныңа барамын, ол уақытта жазалауға да, өлтіруге де ықтиярың бар, — дейді.

Уәзірдің баласының сөзінен, бармайтынын біліп, ханзада оғына өзі барыпты. Барса, екінші анасы баласының оғын қолына ұстап отыр екен.

Бұл барған соң, баланың қолынан ұстап алып:

— Атаң, хан қарт, мен жаспын, мен атаңа лайық емеспін, саған лайықпын. Сенің қасіретіңнен ішер астан, ұйқы-күлкіден қалып барамын. Сол сырымды қайтып айтамын деп ретін таба алмай жүр едім, енді мені өзің ал. Мен атаңды ылаждап өлтіремін, орнына өзің хан боласың! — деп, көп аптығып, жалынса да, ханзада оған көнбейді.

Бұлқынып ханымның қолынан шығып кетеді. Ханым ханзаданың көнбейтіндігін біледі де: «Ендеше мұны ханға шағып, өлтірейін!» — деп, өз қолымен өзін мұрнына ұрып, қызылала қан қылады, сосын ойбайлап, хан тақта отырғанда, үстіне кіріп барып:

— Арам балаң: «Әкемді өлтіріп, сені өзім аламын!» — деп, оңаша отырған жерімде келіп, мені әуіре қылды, мен көнбедім. Айтқан ақылымды тыңдамай, мені зорламақ болды, мен болмадым. Сонан соң ол мені ұрып-соғып, мұрнымды қанатып, қашып кетті, — дейді.
Хан бұған қатты ашуланып, баласын дарға асуға бұйырады.

Жендеттер баланы іздеп таба алмай, қайтып келеді. Ханзада уәзірдің баласымен уәзірдің үйіне тығылып қалып еді. Бір уақытта уәзір ойланды: «Бұл әйелдің қулығы болмасын? Ханзаданы іздеп тауып, ақиқатын білейін» — деп, үйіне келсе, үйінде өзінің баласымен бірге отырған ханзаданы көреді. Олардан істің жайын сұрап еді, бұл іс әйелдің қулығынан болғанын түсінеді. Бұл күнде, хан ашу үстінде отырғанда айтып, сендіре алмаспыз. Не де болса, өлмей қалудың қамын қылыңдар, — деп, ханзаданың қасына уәзір өз баласын қосып, екеуін екі атқа мінгізіп, қолдарына бір-бір қаршыға береді. Оған қоса екі қоржын алтын-күміс беріп, екеуін жасырын шығарады да, уәзір былай дейді: «Ханның ашуы қырық күнде қайтады» деген. Тірі болсаңдар осы қырық күн өткеннен кейін хабар аларсыңдар, — деп, қоштасып қала береді.

Екі бала ұзақ жол жүрді, олар бет алған жағына жүріп бара жатып, ішерге су жоқ, шөлдейді, әсіресе ханның баласы қатты қалжырайды. Сусыздықтан жүдеген соң, уәзірдің баласы бір таудың кенересіне екі қаршыға құсты қондырып, өзі су іздеп кетеді. Ханның баласы әлгі таудың етегінде жатса, таудың басынан бір тамшы тамып тұрғанын көреді де қоржыннан алтын кесені алып, тамшының астына қояды. Кесе суға толған соң ішуге ыңғайлана бергенде, қаршыға құстың біреуі келіп, аяғымен қағып суды төгіп жібереді. Ханзада сонда:

— Суды менен неге қызғандың? — деп, құсты қамшымен бір салып өлтіреді.

Кесені тамшының астына тағы қойып, толтырып алып, ішейін деп жатқанда, екінші қаршыға кесені тағы теуіп жіберіп, суын төгіп тастайды. Ханзада мұны да ұрып өлтіреді. Кесені тамшының астына қойып, толған соң, енді ішейін деп қолына алып жатқанда уәзірдің баласы ханзадаға:

— Кесеңдегі суды ішпе, мен таза су алып келдім, — дейді.

Ол уәзірдің баласының сөзін естіп, кеседен қолын тартып алады. Уәзірдің баласы ханзадаға алып келген суынан беріп, ханның баласын суға қандырып алып қайтты:

— Осы таудың басында айдаһар өлген екен, сол айдаһар шіріпті. Бұл соның су болып тамып тұрған заһары еді. Қаршығалар аса жақсылық қылыпты. Егер ішсеңіз, өлер едіңіз. Енді жүрелік. Мен бір дария көріп келдім, соның жан-жағында ел бар шығар, малдардың ізі көрінеді, — дейді.

Ол жерден екеуі аттанып кетіп, дарияның жағасына барып, аттан түсіп сусындап, тамақтанып отырған уақытта, жез қайыққа мінген бір топ қыз судың ортасымен сырнайлатып өте береді. Тамам қыздың ортасында, қапастағы тотыдай, бір қыз бұларды көріп, бір алтын кесені алады да ішін суға толтырып, алтын кесенің екі шетіне екі шыбық шаншады. Онан кейін қойнынан алтын тарағын алады да шашын үш рет тарап, өтіп жүре береді. Бұл уақиғаны ханзада мен уәзірдің баласы көріп қала берді. Қыздар кеткеннен соң уәзірдің баласы ханзададан:

— Бұл қыздар кім, не білдің? — дейді.

— Қолына кесе алып, оған су толтырып, екі шыбық шаншып, тарақпен шашын үш мәрте тарап, бір іске мысал қылып кетті. Мен құр ғана көргенім болмаса, не іс екенін түсінбедім, — дейді ханзада.

Уәзірдің баласы:

— Мен білдім және түсіндім. Бұл ханның қызы. Қасындағылары қызметшілері. Хан қызы сіздің ханзада екеніңізді біліп, таныды және көңіл берді. Кесеге су толтырып алғаны: хан қызының хауызы бар екен. Кесенің екі жағына екі шыбық шаншығаны: ол хауыздың екі жағында ағашы бар екен. Тарақпен шашын үш тарағаны: үш күнге шейін сізді сол хауыздың жағасынан күтетін болып, ишарат қылып кеткені. Сол жаққа қарай жүрелік, барып, бұйырса, ханның қызын сізге алып беремін, — деп, аттанып жүріп кетеді.

Ұзамай-ақ шаһараға келеді. Шаһардың ішін аралап келіп, бір кемпірің үйіне түседі. Кемпірге бұлар бала болмақшы болып, кемпірден:

— Шеше, хан қызының хауызы қай жерде? — дейді.

Сонда кемпір:

— Балаларым, хан қызының хауызы анау тұрған екі көк ағаштың аралығында, әр жеті сайын қырық қызымен сейілге шығып, екі теректің аралығында арқан байлап, әткеншек теуіп, ойнап қайтады, — дейді.

Күн кеш болған соң, уәзірдің баласы ханзаданы хан қызының хауызының басына апарып, төсек салып беріп:

— Ұйықтамаңыз! Бүгін түн осында сол қыз келеді, — деп тастап, өзі баяғы өздері келіп түскен кемпірдің үйіне қайтып келеді.

Ханның баласы көптен шаршап жүрген еді. Қалай уәзірдің баласы кетті, солай ұйықтап қалыпты. Хан қызы түн ортасы болмай-ақ хауызының жанындағы ханзадаға келеді. Ханның баласы ұйықтап жатыр. Қыз оның бас жағында біраз отырады. Ханзада ұйқысынан оянатын емес. Әрі-бері отырып, ханзаданы оятуға өзіне лайық көрмей, оның қойнына бір алманы тығып, қыз үйіне қайтып кетті. Таң атқан соң ханзада ұйқыдан оянып қараса, қыз жоқ. Ханзаданың қайғы тартып отырғанның үстіне уәзірдің баласы келеді. Ханзада уәзірдің баласына өкпелеп:

— Досым, менен кемпірдің үйін қызғанып «ханның қызы келеді» деп, алдап-алдап далаға жатқызғаның не? Кәне ханның қызы? Достың арасына жалғыз өтірік сөз кіруге жарай ма? — деп көп сөз айтады.

Сонда жолдасы:

— Ханның қызы өтірік айтпаса керек, сіз ұйқыда жатқанда келіп кеткен шығар, — дейді.

Сонан соң ханзада алманы көріп, қыздың келіп кеткенін біледі.

Тағы сол түні хауыздың бойына төсек салып, ханзаданы жатқызады да уәзір баласы кемпірдің үйіне қайтады. Ханзада бұрынғы қалпынша ұйықтап қалады, қыз тағы келеді де ханзаданың қойнына алма салып кетеді. Таң атқан соң уәзірдің баласы келеді. Ханзада және оған суық назармен қарайды. Уәзірдің баласы не болғанын біліп, тағы ханзаданың белбеуін шештірсе, тағы да бір алма түседі. Үшінші күн кеш болған соң және төсек салып, уәзірдің баласы ханзадаға:

— Енді бүгін тағы ұйықтап қалма! Бүгін ақырғы күні, бүгіннен соң қайтып келмейді. Сондықтан сіз тағы ұйықтап қаларсыз, ұйқының лажын қылайдың, — деп, ханның баласының шынашақ саусағының басын өткір пышақпен шертіп қояды.

Ханзада ұйықтамақ түгіл, басымен қайғы болады.

Уәзірдің баласы тағы да:

— Бүгін ұйықтай алмайсыз. Ханның қызы келіп, бұрынғыша аяқ жағыңа шығып отырып және қойныңа алма салып, қашар, сол кезде етегінен ұстап алып айт: «Біздің елден шығып, көптен арып-ашып жүргенімізді анық біліп, бір алма қорек беріп кеткеніңізге алла разы болсын!» де, хан баласы ғой, өзі біліп ишарат берсін деп, «Етегіңізден ұстап жібермеске лайық емес қой, деп жұр едім. Қайтейін. Бүгінгі ақырғы күн болған соң, етегіңізден ұстап тартқанға айыпқа бұйырмаңыз» деңіз. Сонда хан қызының өзі-ақ күліп, қасыңызға тұрақтар, — деп, уәзір баласы қайтып кетеді.

Ханның баласы ұйықтай алмай отырғанда, қыздың келе жатқанын біліп, өтірік ұйықтап жатса, хан қызы келіп отырып, қайтар кезінде, қыздың етегінен ұстап, уәзірдің баласының айтқан сөзін қызға айтып еді, қыз назбенен күліп, ханның баласының қойнына алма тыққанына ханша ұялып, кешірім сұрап өтінді. Ханзада мен ханшаның әзілі келісіп, таң мезгілі болғанда ханзадалар ұйықтап қалыпты.

Ертеңіне ханның ақтаяқтары бұлардың үстінен шығып, ұстап алып қыз бен жігітті ханға мәлім қылыпты. Хан ашуланып:

— Түсте жұрт жиналғаннан кейін дарға тартыңдар! — деп, жендеттеріне бұйрық қылып, қаматып қояды.

Уәзірдің баласы көрмекке келсе, ханзада жоқ. Жан-жағына қарап, аттардың ізін көреді де «бұларды біреу ұстап алып кеткен болар» деген ойға келеді. Сонсоң уәзір баласы шаһарға кіреді, шаһардың ішін түгел біліп қойған екен, бәрі де: «Хан қызы мен бір жігіт хауыз бойында жатқанын тауып алып, ақтаяқтар ханға айдап келіпті. Хан оларды қаматыпты» деген сөзді айтады. Бұлардың түсте дарға тартылатынын біліп, уәзірдің баласы сол қаладан әйелдің киімін және жалған шаш сатып алып, оны басына жапсырып, әйел киімін киіп алып, он төрт жасар қыз болып, ұйқышыларды қамаған үйге келіп көрсе, сол үйдің есігінде бірнеше ақтаяқтар күзетте тұр екен. Байқайды, жіберетұғын түрі жоқ. Уәзірдің баласы ақтаяқтарға арыз қылады:

— Ханның қызында аманатқа қойған алтын жүзігім бар еді; бүгін есіттім, ол дарға асылады деп. Қиямет қарызы болып кетпесін, ішке кіріп алтын жүзігімді алып шығайын, маған рұқсат етіңіз! — деп, ақтаяқтарға алтын беріп, рұқсат алады.

Ішке ханзадалардың үстіне кіреді. Ол кірді де ханның қызына:

— Отырма, тұр! Бүркеніңіз де сол қолыңызды жалаңаштап алып, жүзіңізді ақтаяқтарға көрсетіп жүре беріңіз. Ақтаяқтар: «аманатыңызды алдың ба?» десе, «алдым» деңіз. Олар қолыңызды көріп, сенер. Үйіңізге барып, рахаттанып жата беріңіз, — деп, хан қызын далаға шығарып жібереді.

Уәзірдің баласы хан қызының киіп келген киімін ханның баласына кигізіп еді, ол ханның қызынан айырғысыз қыз болды. Сол уақытта нөкерлер келіп, ханзадаларды ханның бұйрығы бойынша дарға тартпақ болып, ішке кіріп еді, уәзірдің баласы:

— Біздердің ханға айтатын арызымыз бар, біздерді ханға апарыңдар, — дейді.

Уәзірлер ханға барып:

— Қызыңыз бен жігіттің айтатын арызы бар, — деп мәлім қылады.

Хан бұларды қасына шақырып алып:

— Арыздарыңды айтыңдар, — дейді.

Уәзірдің баласы:

— Мен пәлен ханның баласы едім. Бір күні түнде елімізге жау тиіп, қырғын қылды. Біздер қашып шықтық. Мына қыз менің бірге туған қарындасым. «Түнде қорқамын» деген соң, қойныма алып жатамын. Сіздің шаһарыңызға паналауға келіп, жатып едік. Сіздің ақтаяқтарыңыз келіп, ықтиярымызға қоймай, мұнда айдап келді. Арызымыз осы, — деген соң хан қасындағы қарындасына назар салып қараса, өзінің қызы секілді емес.

Дереу өз қызына біреуді жіберіп, артынан хан өзі барса қызы алтын тақтың үстінде ұйықтап жатыр. Сол уақытта хан ашуланып, өзінің баяғы қыз бен жігітті ұстап әкелген ақтаяқтарын: «Халыққа қызымды масқара қылдыңдар!» — деп, дарға тарттырып жібереді.

Хан уәзірдің баласын өзіне қызметке алып, «қарындасың менің қызымның қасында тұрсын» деп, қызының қасына жібереді. Уәзірдің баласының аз күнде ханға қызметі жағып, оны өзіне уәзір қылып қояды. Ханның мұнан артық көретін адамы болмайды.

Бір күні уәзірдің баласы астыртын кісі жіберіп, ханның қызының қасындағы қарындасын шақырып алып:

— Ертең хан екеуіміз аңға шығамыз. Пәлен жерге еркек киімін даярлап қояйын, атты мініп, киімді киіп, пәлен жерден тосып тұрып, менің үстімнен ханға арыз қылып: «Мұнда ақым бар, ақымды алмай жібермеймін» де. Сонда хан: «Ақыңды айтып ала бер, мен берейін» дер. Сонда да сен ықтияр берме. Мұнан соң хан: «Мұның қарындасын ал» дер. Сонда да ықтияр берме. «Және үстіне қызымды берейін» дер. Тек сонда ғана ерік бересің, — дейді.

Таң атқан соң уәзірдің баласы мен хан аңға шығып бара жатқанда, ханзада уәзірдің баласының айтқан жерінде тосып тұрады да, оның үстінен ханға арыз қылады. Уәзірдің баласының үйреткен сөздерінің бәрін де айтады. Сонда хан:

— Ақыңды менен ал, мен берейін, — дейді.

Оған ханзада болмайды.

— Мұның қарындасын ал, — дейді хан.

Ханзада оны да қабыл алмайды. Онан соң хан:

— Менің қызымды ал, берейін, — дейді.

Ханзада қабыл алады. Хан аңнан қайтып келіп, қырық күн той қылады. Той өткен соң хан күйеу жігітті — ханзаданы шақырып алып, уәзірдің баласына айтыпты:

— Алып келіп, қарындасыңды бұл жігітке некеле, онан кейін мен қызымды некелеп қосамын, — деді.

Уәзірдің баласы ханға:

— Тақсыр! Әуелі сіз қызыңызды қосыңыз, ол бәйбіше болсын, мен қарындасымды соңынан қосайын, — тоқал болсын, — дейді.
«Бәйбіше сіздің қызыңызға лайық», — деген сөзді хан мақұл көріп, әуелі хан қызын некелеп, ханзадаға қосты. Онан соң хан уәзір баласына:

— Енді сен қарындасыңды некелеп қос, — дейді.

— Арызым бар, — дейді.

Хан:

— Арызыңды айт, — дейді.

Сонда уәзір:

— Бір қасық қанымды кешсеңіз, айтамын! — дейді.

Хан мақұл көреді. Сонда уәзірдің баласы бастан аяқ болған уақиғаның бәрін ханға айтып өтеді.

Хан мұның орындаған істерін және ақылдылығын естіп, разы болып, уәзірдің баласына көп дүние беріп, қызын көп дүниелермен ханзаданың еліне ұзатыпты. Барса, ханзаданың әкесі әйелінің қулығынан көп қайғырып: «А… балам!» — деп, отыр екен.

Баласы барған соң хан қатты қуанып, өзінің әйелін дарға тарттырып, той жасап, тамаша қылыпты. Уәзірдің баласының ақылдылығы көп жұртқа тарапты.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз