Бір атақты бай қайтыс болып артында аса көрікті, ақылды жалғыз қызы мен мыңғырған малы қалады. Қыздың сұлулығы мен бай жасауына қызыққан небір бай-манап пен би, болыстар өзара таласып, қыз аулына құдалыққа келіп, апталап, айлап жатып алады. Иттей ырылдасқан қызыл көз пәлелерден мезі болып құтылғысы келғен қыз еліне қадірлі бар қазылар мен ақсақалдарды жинап ақылдасады да, былай деп жар салады:
— Сендер көпсіңдер, мен жалғызбын. Мен екі жұмбақ айтамын. Сол жұмбақтың шешуін тапқан жігіт маған да, анау өріс толы малға да ие болады. Менің ордама тек жұмбақты шешемін дегендер ғана кіреді. Жұмбақты шеше алмағандар киімін шешіп, үстіне бал жағып, тауықтың жүніне аунайды. Сол бетімен атын осында тастап, еліне жаяу қайтады.
Сөйтіп кеудесін қағып, күпсінген атқамінерлердің тапқырлығы безбенге түседі. «Данышпан ойдың ордасы — мен» деп ордаға кіріп, жұмбақты шеше алмаған көп мырзалар әлгіндей масқара халде жаяу қайтады. Мұны көріп тауы шағылған өзге жүрт тарай бастайды. Әлі де қыздан дәмесі бар шағын топ қана қалады. Олар да ордаға кіруге бата алмайды. Желінбей ет, ішілмей қымыз қалады. Сөйтіп отырғанда ақ боз ат мінген жүпыны киімді бейтаныс жігіт келеді.
— Уа, халайық кедей-кепшіктің жүзі жадырап, бай-мырзалардың қабағы қатып қапаланғанын көргенім осы. Не болып жатыр бұл ауылда? — деп сұрайды. Ел мән-жайды түсіндіреді.
— Пәлі, — дейді бейтаныс жігіт, қыз жұмбағын шеше алмасам жігіт болып жер басып жүрдім не, жүрмедім не, тәуекел — кіремін.
— Ессіз болмасаң еліңді тап. Сен түгіл ел билеген болыс-билер де қыз жұмбағын шеше алмай тауықтың жүнінен тон киіп, масқараға ұшыраған, — дейді есік алдында тұрған көп мырзаның бірі. Жігіт олардың айтқанын тыңдамай ордаға кіріп барып, төрде отырған қазылардың алдына қамшысын көлденең тастайды.
— Құрбымның барлық шартын естіп келдім. Жалғыз атты кедей едім. Осы жолы мыңғырған мал айдап, айдай сұлу құшып, мерейім тасып елге қайтармын. Айтсын жүмбағын!
Қыз тәкаппар жігітке былай деп жүмбақ айтады:
— Ертеде екі батыр жігіт аңылымен ел аузына іліккен бір кедейдің қызына бір мезгілде құда түсе келеді. Қызды қайсысына берерін білмей ауыл ақсақалдары қатты сасады. Біріне берсе екіншісі ерегісіп, екі ел арасында дау-жанжал туады. Ақыры қыздың өзі ақыл табады.
Қыз екі жігітке:
— Екеуің де екі елдің бетке ұстар азаматысыңдар, біріңнен-біріңді кем көрмеймін, бірің боз ат, бірің торы ат мініп келген екенсіңдер, қайсың болсаң да бақтарыңнан көр. Сонау көрінген қарауыл төбеге барыңдар да осы жерге дейін жарысыңдар. Осы жарыста кімнің аты қалып келсе, мен соның етегінен ұстаймын, — дейді, Екі жігіт қыздың қулығын қарауыл төбеге барғанда бір-ақ біледі. «Ал жібердік, ал кеттік», — дескенмен екеуі де тұрған орыңдарынан қозғалмайды. Қыз уәдесі бойынша кімнің аты қалып келсе, соның етегінен ұстамақ. Екеуінің де қалып барғысы келеді. Бұлар: «Ал кеттік, ал кеттікпен» әбден шаршап:
— Қой, қыз бізді мазақ еткен екен, аяңдап барып айыбымызды тартайық, — деп тұрғанда қасына желмая мінген бір қарт кісі келеді. Жөн сұрасып, мән-жайға қаныққан қарт екеуіне бір ақыл айтады. Жігіттер қарттың айтқан ақылын орындап, ауылға қарай жарыса жөнеледі. Бірінен-бірі озуға тырысады.
Дана қарт қыздан дәмелі екі жігіттің бірінен-бірі озуға жан салып, жарыса жөнелетіндей қандай ақыл айтты екен. Осыны таба ғой, жақсы жігіт.
— Ойлануға бие сауым уақыт, — дейді қазылардың бірі.
Жігіт аз-кем ойланып отырады да, былай деп жауап береді.
— Екеуі де ақымақ екен. Дана қарт оларға аттарыңды ауыстырып мін деп ақыл айтты. Қыз басында қайсысыңның атың қалып келсе, соған тиемін деді ғой. Ендеше қайсысы болса да бақталасының астындағы өз атын қалдыру үшін ананың атын оздыруға күш салатыны белгілі.
— Дұрыс, дәл таптың! — дейді қазылар.
Жігіттің шапшаңдығы мен тапқырлығына сәл таңданған қыз екінші жұмбағын айтады:
— Ертеде бір өлкені жайлаған қырық байдың ғажайып сұлу қырық қызы болыпты. Олардың әрқайсысы іштей: «Мен бәрінен де сұлумын, ақылдымын, аруға тән нәзіктік менің ғана бойымнан табылады», — деп ойлайды екен. Біріне біреу құда түскелі жатыр дегенді естісе, қалғандары бір түнде барып, күйеу жігітті өлтіріп кетеді екен. Күндердің күнінде сол қырық қыз өзара келісіп, «Барса келмес» деген аралға барып, құлан аулап, көңіл көтермекші болады. Олар «Аралға келген мейлі жас, мейлі кәрі болсын еркек кіндік өлтіріледі», — деп жариялайды. Қанша уақыт өткенін кім білсін, бір күні бір балықшы жігіт қайығымен дауылдан ығып, аралдың жағалауына шығып қалады. Бақытсыз бейбақты аң аулап жүрген қыздар ұстап алады.
— Өлер алдындағы соңғы тілегіңді айт!? — дейді қыздар. Қазір біреуіміздің қылышымызбен басың алынады.
Сонда жігіт соңғы жалғыз тілегін айтқан екен. Қанішер қырық қыздың біреуі де оған қару көтермей босатып қоя беріпті. «Аралға келсе өз әкемізді де өлтіреміз», — деп серттескен қыздарға тоқтау салған кандай тілек екен? Жауабын тап та маған және мына мал-мүлікке иелік ете бер. Таппасаң бал салған күбі босағада тұр, тауықтың жүні тулақта ораулы. Бірінші жұмбақты шешкенің есепке алынбайды.
— Ойлануға бие сауым уақыт, — дейді қазылардың бірі.
Жігіт аз-кем ойланып отырады да, былай деп жауап береді.
— Ақыл ажалды да жеңеді, ақылды жігіт қылышын жалаңдатқан қырық қызға: «Менің басымды осы тұрған қырңыңның ішіндегі ең ажарсызбын, ең ақылсыз сорлымын, күнәға батқан көргенсізбін дегенің кес», — дейді. Әрине, бұдан кейін іштей бақталасып, бірін-бірі атарға оғы болмай жүрген қыздардың ешқайсысының да алға шыға қоймағаны белгілі.
— Дұрыс, дәл таптың, — деседі қазылар. Ақылды қыз тапқыр жігіттің алдына келіп, басын иіп, тәжім етіпті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі